T-Newspaper

Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу

Біздегі кітап шығару ісі ақырындап қар­қын ала бастағанымен, қоғамның сұра­ны­сына толық жауап беруге қауқарлы деуге кел­мей тұр. Соның ішінде, шалғай елдімекендерге жаңа­дан шығып жатқан кітаптардың жетуі де үлкен мәселе болып отыр. Ал баспаның өз мә­селесі де шаш етектен. Не десек те, осы ай­тыл­ған мәселелерді шешетін үлкен бір қадам немесе бастама қажет-ақ.

Статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, қазір елі­мізде 11 мыңға жуық кітапхана бар, олардағы кітап­тар мен құжаттар­дың жалпы қоры 328 млн-нан асады екен. 
Бір айта кетерлігі, бұл кітап­ха­на­лар­дың 79 пайызы ауылдық жер­лерде ор­­наласқан. 3 кітап­ха­на республи­ка­лық мәртебеге ие. 
Қай уақытта болмасын, өр­ке­ниет кін­дігі, мәдениет бастауы са­­налатын ел­дер, қалалар бай кітап­ханасымен, еш жерде жоқ көл-көсір кітап қоры­мен ерек­ше­ленгені белгілі. Кімде бай кітап­хана болса, сол елде білім де, ғы­­лым да, өнер де, мәдениет те, әде­­биет те өркен жайған. Бір өкі­ніштісі, біз­де мұндай бірнеше ға­сырлық тари­хы бар кітапхана жоқ. Әупірімдеп ол­қылықтың ор­нын толтыруға кіріс­ке­німіз­бен, кітапхана саласын әлі де бол­­са жолға қоя алмай келеміз. Кі­тап оқу мәдениетінен де ал­шақ­тап бара жат­қанымыз қын­жыл­тады.

Бұл мәселе осы уақытқа дейін де бір­неше рет биік мін­бер­лер­де көтеріл­ді. Өткенде Прези­дент те Атырауда жиыл­ған құ­рыл­тайда кітапхана ісін да­мыту керек екеніне ерекше тоқ­та­лып, өз ұсынысын айтқан еді.
Биылғы құрылтайда Мем­лекет бас­шысы еліміздегі кітап­ха­на санын көбейту мәселесіне тоқ­талып, тұралап тұр­ған сала­ны тік тұрғызудың маңы­зы тура­лы айтты. 
– Тек ақпараттық техноло­гия­ның пай­далы жа­ғын алып, зиян­ды жағы­нан сақ болған жөн. Ашы­ғын айтсақ, интернетті тал­ғамсыз пай­да­лану бала тәр­бие­сі­не теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар тү­гілі, ата-аналар да әлеуметтік же­­лі­дегі мағынасыз кон­тентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жас­тар­ды кі­тап оқуға бау­луымыз ке­рек. Сонда жаппай кі­тап оқи­тын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік ке­­­­зеңінде елімізде кітапхана ісі кен­же­леп қал­ды. Тоқсаныншы жыл­дарда­ғы аласапыран уа­қыт­та мыңдаған кі­тапхана жабылды. Мил­­лиондаған кі­тап қорынан айырылдық. Соңғы жыл­­дары жағ­дайды түзеу үшін әрекет жа­са­лып жатыр. Кітапхана – мемле­кет­­тің, ұлттың не­гізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи де­рек­тер мен ма­те­риал­дардың дені кітапханада сақ­­талады. Сон­дықтан кітапхана ісін дамытуға бей­­жай қарауға бол­майды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент кітап оқырманға қолжетімді болуы керек екеніне де тоқталды. Сондай-ақ жақында Астанада және Алматыда тәу­лік бойы жұмыс істейтін кітапханалар бой көтеретіні туралы ақжолтай хабарды жеткізді. 
– Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түр­кі­стан­да өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұ­мыс істейтін заманауи кітапхана салу ту­ра­лы айттым. Ондай кітапханалар көптеген ел­де бар. Менің тапсырмаммен Алматыда жә­не Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғи­мараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы же­тілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қол­ға алу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Со­нымен қатар Ұлттық кітап күнін белгілеу тура­лы ұсынысты қолдайтынын айтты. 
– Алматыда кейбір кітапханалар заман та­­лабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұш­тауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек.
Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көп­­теген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өте­­ді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Да­­нияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осын­­дай бастама көтерді. Мен олардың Ұлт­тық кі­тап күнін белгілеу туралы ұсынысын қол­­дай­мын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қа­­жет. Мы­салы, түрлі іс-шаралар ұйымдас­ты­рып, ар­найы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мә­нінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда ба­рынша орнықтыруымыз керек, – деді Мем­лекет басшысы.
Кітап күні көптеген елде тойланады, одан бө­лек 28 cәуірге белгіленген дүниежүзілік кі­тап күні де бар. 

Жұмыс тым баяу жүріп жатыр

Кейінгі кезде кітапхана ісін дамыту, кі­тап­­ханашыларға жағдай жасау сияқты мәселелер бойынша жиі бастама көтеріліп жүр. Өткен аптада Мәжіліс депутаты Айдос Са­рым Мәжіліс отырысында кітап оқитын ел­ге айналу Президент айқындаған күн тәр­ті­біндегі басымдықтардың бірі екенін айтып, осы мақсатқа жету үшін бірнеше ұсынысын Пре­мьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүй­сеноваға жолдаған болатын.
– Биыл Құрылтайда Президент мемлекеттік бас­қарудың барлық деңгейінде кешенді шара­лар қабылдау қажеттігін атап көрсетіп, кітап оқи­тын ел жобасына қайта тоқталды. Мем­ле­кет басшысының осы мәселеге ерекше назар ау­даруының себебі – кітап оқу ұлттың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі шарты еке­ніне байланысты. Бұл ретте, отандық ав­торлар мен баспагерлерді мемлекеттік қол­дау­да басымдықтың оқулықтар мен әдебиеттерді ба­сып шығаруға тапсырыс берумен ғана шек­теліп отырғаны алаңдатады. Бүгінде дүкен­дер­де, кітап сөрелерінде ұлттық әдебиет пен кітап­тар саны артқанымен, бұл жұмыс тым баяу жүргізілуде, – деген еді депутат. 
Ең алдымен ол отандық кітап басып шы­ғару ісін субсидиялау форматын өзгерту керек еке­ніне тоқталды. Оның пікірінше, қол­да­ныс­тағы форматтың әлсіз жақтары – субъек­тив­тілік, формальдылық, ал кейбір тұстары сы­байлас жемқорлықтың бар екенін көрсетеді. Жағдайды өзгерту үшін мемлекеттік тап­сы­рыс­ты Президент айтқан нақты құндылықтар бойынша шығармалар әзірлеуге бағыттаған жөн. Сапасы жоғары, сұранысқа ие контент жа­сай алатын авторлармен ұзақмерзімді келі­сім­шарттар қажет екенін де қосып өтті.
– Екіншіден, кітап индустриясы мен кітап­құмарлар қоғамының инфрақұрылымын қай­та құру қажет, – деді ол. Бұл ретте, кітап ин­дустриясының тиісті тізбектерін құрған жөн екенін назарға салды. Ересектерге ар­нал­ған мұндай тізбек, депутаттың пайымынша, мы­на­дай буыннан тұруға тиіс: оқырман – сын­шы – маркетолог – баспа – кітап дүкендері мен дүңгіршектер – оқырман.
– Үшіншіден, қалалар мен ауылдардың әлеу­меттік-мәдени стандарттарын өзгертіп, оқыр­мандар мен тұрғындардың санына шақ­қан­дағы кітап дүкендері мен дүңгіршектердің қа­жетті көлемін анықтаудың маңызы зор. Өкінішке қарай, қалаларда кітап дүкендері мен газет дүңгіршектері ғайып болып кетті, – дейді депутат өз сауалында. Сондықтан ол баспа өнім­дерін, газет-журналдар сататын бірыңғай үлгі­дегі туристік дүңгіршектер желісін құру ке­рек екенін баса айтты. Мысалы, Еуропада, Әзер­байжанда, Ресейде және басқа да елдерде осын­дай желілер жұмыс істейді.
Одан бөлек, қарапайым қағаздан бастап по­лиграфиялық жабдыққа дейін импортқа жүз пайыз тәуелді кітап индустриясы саласына эко­номикалық тұрғыдан ынталандыру жүйе­лері қажет екеніне де тоқталды. 
Салық реформасы аясында кітап шыға­ру­шы­ларды 10 жыл мерзімге салықтан босату ке­рек деген де ұсынысын жеткізді. Мәселен, кі­тап шығаруды қолдау шарасы ретінде 39 ел­де – Ұлыбританияда, Үндістанда, Бразилия­да, Мексикада және басқа да елдерде қосылған құн салығы салынбайды екен. 
– Авторлық сыйақы төлеу қағидаларын, оның мөлшері мен төлеу тәртібін әзірлеу және бе­кіту қажет. Лайықты сыйақы алу үшін жағ­дай жасау отандық авторлардың шығар­ма­шы­лық белсенділігін арттырып, оларды баспаға тәуел­діліктен құтқарады. Сонымен қатар кі­тап-баспа инфрақұрылымының өкілдерімен бір­лесіп, авторлық және сабақтас құқықтар ту­ра­лы заңнаманы ретке келтіру керек, – деді ол.
Сонымен қатар кітапқа деген қызығу­шы­лық отбасында қалыптасуға тиіс екенін, бұл ретте, баласына ата-анасы үлгі көрсетіп, кітап оқу әдетін мектеп қабырғасынан бастап да­мыту керек екенін де айтты. Бұл ретте мектеп кі­тапханасының маңызын да ұмытпады.
– Қазақ жазушыларының туындылары жүз­деген мың тиражбен, ал ең танымал қазақ га­зет-журналдары 500-600 мың тиражбен та­райтын кезеңді де көрдік. Еліміз Тәуелсіздігін алып, халық саны еселеп артқан заманда мұн­дай жағдай қайталанбайды дегеннің өзі – ас­қан қателік. Бұған тек жүйелі, табанды жұмыс атқаруымыз шарт, – деді Айдос Сарым.
Яғни, біздегі кітап шығару ісі ақырындап қар­қын ала бастағанымен, қоғамның сұра­ны­сына толық жауап беруге қауқарлы деуге кел­мей тұр. Соның ішінде, шалғай елдімекендерге жаңа­дан шығып жатқан кітаптардың жетуі де үлкен мәселе болып отыр. Ал баспаның өз мә­селесі де шаш етектен. Не десек те, осы ай­тыл­ған мәселелерді шешетін үлкен бір қадам немесе бастама қажет-ақ.

Ғылыми әдебиеттерді сақтауда да мәселе көп

Одан бөлек, ғылыми басылымдар жайы да алаң­датады. Жақында депутат Ардақ Назаров ғылыми кітапханалардың мүшкіл халі туралы баян­дап, Тамара Дүйсеноваға бірқатар мәсе­ле­ні жеткізген болатын. Кітапхана ісін дамы­туға бейжай қарауға болмайтынын айтты, әсі­ресе, бір ғасыр бұрын ашылған тарихи кі­тап­ханалардың маңызы ерекше екеніне тоқ­талды. 
– Бұл ретте, Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ор­талық ғылыми кітапханасының жағдайына тоқ­талғым келіп отыр, – деді депутат.
Оның айтуынша, 1932 жылы ашылып, 1945 жылы Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен жеке «Орталық ғылыми кітапхана» статусын ал­ған кітапханада қазір 6 миллионға жуық ба­сылым сақтаулы. Бұл – еліміздегі ең бай ғы­лыми қор. Мұнда қазақ тарихы мен мә­де­ниетіне қатысты ең үлкен қолжазбалар қоры ж­ә­не 130 тілдегі ғылыми басылымдар сақ­­тау­лы. Өкінішке қарай, мекеме атауы «Орталық ғы­лыми кітапхана» деп аталғанымен, кітап­хана статусы жоқ екен. 
– Яғни, «Ғылым ордасы» Республикалық Мем­лекеттік Кәсіпорны мекемесінің бір бөлі­мі ғана болып отыр, жеке кітапхана болып са­­налмайды. Содан да болар, ұлт рухания­ты­ның қарашаңырағы аянышты халде, – дейді депутат.
Ардақ Назаровтың айтуынша, құнды қол­жаз­балар жойылу алдында тұр. Кітапхана қо­­рындағы ХІІ-ХVІІІ ғасырлар арасын қам­ти­тын құнды мұралар, әл-Фараби, Әлішер Науаи, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шо­қан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әбубәкір Ди­ваев, Әлкей Марғұлан сынды ірі тұл­ға­лар­дың қолжазбалары, Абылай ханның хаты, 3 метрлік орама матада жазылған «Қазақ хан­да­­­рының шежіресі», XII ғасырда бұзау терісіне жа­зылған 26 метрлік «Тәурат» кітабының қол­­жазбасы сақталған. Одан бөлек, 20 мыңнан аса құнды қолжазба бар. Олардың көбі әлі кі­тап болып басылып шықпаған. Сон­дай-ақ ол кітапханадағы санитар­лық нор­малар сақ­талмағанын атап өтті.
– Екіншіден, кітап қоры­ның сақ­талу мә­се­лесі. Кітап­ха­наның сани­тарлық нор­ма­лары да дұ­рыс сақталмай тұр. Қор­дың тем­пе­ра­тура­сын дұ­рыс­тап тұратын ап­парат­тар істен шық­қан, олар­ды қай­та жабдықтау ке­рек. Қа­зір­дің өзін­де қор­дағы ба­сы­лымдар кеуіп, үгітіліп ба­­ра жатыр. Осылай жал­­ға­са бер­се, 5-10 жыл­да олар­­­­­дың 30 пайызын жоғал­та­­мыз. Сон­дай-ақ реставрация жа­­сай­тын орталық болғаны­мен, он­да басылымдарды өңдей­тін ар­найы ма­териалдар жоқ. Қар­жы бө­лін­бесе, кітап­хана өте қым­бат ба­ға­ға шет­елден ал­дыра алмайды, – дейді ол.
Ал кітапханаға кейінгі 10 жылда ғылыми ба­­с­ы­лымдар жеткізілмеген. Кітапхана қоры то­лық­пай жатыр. Кейінгі 10 жылда кітапхана ғы­­лыми басылымдармен толықпады, шетел­дің үз­дік ғылыми басылымдарын айтпағанда, Қа­зақстандағы басылымдарға да қолы жетпей отыр. Мерзімді басылымдарды да толық алма­ған. 
– Бір қызығы, мемлекеттен мерзімді басылымдарды жаздырып алуға ақша бөлінеді. 2022 жылы 30 млн теңге, 2023 жылы 23 млн теңге қаржы бөлінді, бірақ нақты жазылу уақыты келгенде белгісіз себептермен бөлінген қаржы азайып кетеді. Яғни, 2023 жылы 17 млн теңгеге жазылған. Оның себебін кітапхана басшылығы білмейді. Мемлекет бөліп отырған қаржы қайда кеткенінен ұжым бейхабар, – дейді депутат.
Депутат айтқан төртінші мәселе – маман тап­шы, қаржы бөлінбейді. Осыдан 30 жыл бұрын Орталық ғылыми кітапханада 305 қыз­мет­кер жұмыс істеген болса, қазір 32 ма­ман ға­на қызмет етеді. Маман тұрақтамайды, мар­дымсыз жалақыға ешкім келмейді. 30-40 жыл­дан бері қызмет етіп келе жатқан өте тәжіри­белі кітапханашылардың өзі 100 мың теңгенің төңірегінде ғана айлық алады екен. Ал кітапханада атқарылатын жұмыс шаш е­тек­тен. 
– Кезінде 300-ден астам маман істеген жұ­мысты бас-аяғы 30-ға да жетпейтін қыз­мет­кер қалай атқарсын?! Маман тапшылығына бай­ланысты кітапхананың электронды ката­ло­гы толық жасалмай отыр. Қазір 30 пайыз қор электронды каталогқа енді, 70 пайыз қор­ды оқырмандар қағаз жәшіктерден кітап­ханаға келіп қана қарай алады, – дейді Ардақ Назаров.
Яғни, депутат Орталық ғылыми кітап­ха­­наға жеке «кітапхана» статусын беру керек еке­нін, республикалық мемлекеттік кәсіп­орны ме­кемесінің бір бөлімі емес, дербес кітап­ханаға айналуға тиіс екенін айтып отыр. Кө­не кітап­тардан бөлек, кәдімгі кітаптың өзін сақ­тауда түр­лі әдіс-тәсіл қолданылатынын ес­кер­сек, құн­ды жәдігерлерді сақтап қалуға одан үлкен күш керек. Олардың электронды нұс­қасын әзірлеу де аса маңызды болып тұр.
Кітапхана ісіндегі басқа да өзекті мәсе­ле­лерді, тарқатылмай тұрған түйін мен атқары­лып жатқан мәселелер, атқарылуы керек міндеттер туралы Ұлттық кітапхананың ди­рек­торы Бақытжамал Оспанованың пікірін біл­ген едік. 

Бақытжамал Оспанова,
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы:

Кітапхана ісі туралы арнайы заң қажет

Халықаралық Кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері Федерация­сының мәліметі бойынша әлемде 560 мыңға жуық кітапхана бар. Соның ішінде АҚШ Конгресс кітапханасы кітап қоры бойынша алғашқы орында тұр. Одан соң – Британ кітапханасы, үшінші орында – Нью-Йорк қоғамдық кітап­ханасы. Жыл сайын олардың қоры молайып, үлкейіп келеді. Жыл сайын жаңа технологиялар мен жаңа өнертабыстар кітапхана ісін жетілдіруге жұмылдырылады.
Айтпағымыз, кітапханаларды дамыту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін алдымен кітап шығару ісін дамытып, кітап санын көбейтудің маңызы аса зор. Бұл ретте, кітаптың мазмұны мен сапасына да салмақты қарау басты та­лап болуға тиіс. Себебі кітап шығаруға көңіл де, қаражат та бөлінбей жатыр деуге келмейді...