Саясат

Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минмен кездесті

Чжан Мин Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлеуетін арттыруға Қазақстан елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

Боао Азия форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минмен кездесу өткізді, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында ШЫҰ жұмысын дамыту және оны одан әрі жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Президент Ұйымның «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты Астанада өтетін алдағы саммитіне Қазақстан тарапы ерекше мән беретінін жеткізді.

Өз кезегінде Чжан Мин Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлеуетін арттыруға Қазақстан елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ШЫҰ-ны өңірлік қауіпсіздік, сауда-экономикалық ықпалдастық және мәдени-гуманитарлық байланыс процестерін ынталандырудың пәрменді тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев саммиттің қорытынды құжаттарының мазмұны бойынша егжей-тегжейлі жұмыс жүргізу маңызды екеніне назар аударды. Онда Ұйымға мүше барлық мемлекеттің көзқарасы мен ұстанымдары ескерілгені жөн.