Саясат

Президент Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысымен кездесті

Мемлекет басшысы ЭЫДҰ-мен ықпалдастық орнаған уақыттан бері Қазақстан бірқатар маңызды құжатқа қол қойғанын айтты.

Боао Азия форумының аясында Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бас хатшысы Матиас Корманмен кездесу өткізді, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Бас хатшыға ілтипат білдіре отырып, оның Боао форумына қатысуы ЭЫДҰ-ның Азияға айрықша назар аударатынын дәлелдейді деп атап өтті.

Мемлекет басшысы ЭЫДҰ-мен ықпалдастық орнаған уақыттан бері Қазақстан бірқатар маңызды құжатқа қол қойғанын айтты. Бұдан бөлек, ЭЫДҰ-ның басқа да міндетті құқықтық институттарына қосылу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өз кезегінде Матиас Корман ұйымның Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға бейілді екенін растады.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Ұйымның өңірлік кеңсесін ашу жұмыстарын жалғастыру маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ЭЫДҰ өкілдерін алдағы Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.