Саясат

Президент Боао Азия форумының төрағасы Пан Ги Мунмен кездесті

Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын айтты.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы, Боао Азия форумының төрағасы, Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының Президенті Пан Ги Мунмен кездесу өткізді, деп хабаралады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Боао форумына қатысуға шақырғаны үшін Пан Ги Мунға ризашылығын білдіріп, оның БҰҰ Бас хатшысы қызметін атқарған кезде әлемдік қауымдастыққа елеулі еңбек сіңіргенін атап өтті.

Өз кезегінде Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын айтты.

Кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде БҰҰ-ның жаһандық сын-қатерлерді тиімді еңсерудегі рөлі талқыланды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық бастамаларына да тоқталды. Бас Ассамблеяның 79-шы сессиясы аясында Қазақстан Франциямен бірлесіп, One Water саммитін өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Астанада 2026 жылы Өңірлік климаттық саммит ұйымдастырылады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Пан Ги Мунды алдағы Астана халықаралық форумына бас спикерлердің бірі ретінде қатысуға шақырды.