Жаңалықтар

Қытайда Қазақстан туризмі жылы ресми түрде ашылды

Форумға қатысушылар үшін бірегей көрме ұйымдастырылды, онда қонақтар Қазақстанның барлық 17 аймағының көрікті жерлерімен таныса алды.

28-29 наурыз күндері ашылу салтанаты аясында Бейжіңде Қазақстан мен Қытай өкілдерінің қатысуымен бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Іс-шараның бірінші күні Қазақстан-Қытай туристік және инвестициялық форумынан басталды. ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ ол Қазақстан – кез келген саяхатшыны өзінің көшпелі мәдениетімен, ғасырларға жалғасқан тарихымен және бірегей табиғатымен қызықтыратынын атап өтті.

Форумға Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ли де қатысты. Құттықтау сөзімен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов та сөз сөйледі. Ол жиналған қауымды «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен таныстырды.

Қазақстандағы әр бағыттың әлеуеті туралы айта келе, Қ.Сәдуақасов форумға қатысушыларды биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында өтетін іс-шараларға қатысуға шақырды. 2024 жылға олардың 35-тен астамы жоспарланған. Туризм және инвестициялық форум екі панельдік сессиядан тұрды:

• «Қытай саяхатшылары үшін Қазақстандағы ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері»

• «Туристік бизнестегі әріптестік: Қазақстан-Қытай арасындағы инвестициялық мүмкіндіктер».

Форумға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев пен «Атамекен» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков модераторлық етті. Кездесуде қытайлық саяхатшылар үшін ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері мен Қазақстан-Қытайдың инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды.

Сондай-ақ форумға қатысушылар үшін бірегей көрме ұйымдастырылды, онда қонақтар Қазақстанның барлық 17 аймағының көрікті жерлерімен таныса алды. Форум соңында қазақстандық және қытайлық тараптар арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Естеріңізге сала кетейік, ертең, 29 наурызда қонақтарды Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу салтанаты, мәдени бағдарламасы бар этноауыл, сондай-ақ көрнекті әртістердің қатысуымен өтетін үлкен гала-концерт күтуде.