Жаңалықтар

Президент: Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 млрд долларға жетті

Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Боао Азия форумының ХХІІІ сессиясына қатысу үшін Халықаралық конференциялар орталығына келді. Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі. 

Тоқаев бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналатынын атап өтті. Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде еліміздің жаңа экономикалық бағытына айрықша назар аударды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев фискальды және ақша-несие жүйесін жетілдіру, қаржы ағындарын кеңейту, институттардың сапасын арттыру шаралары нарықтық және бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруға ықпал етеді, соның нәтижесінде аталған сала анағұрлым ашық, сенімді әрі қарқынды бола түседі деп санайды.

Президент азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты ахуалға да жеке тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтудың стратегиялық мәні зор екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті жаһандық экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету үшін технологиялық ынтымақтастықты, әсіресе, жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықты нығайту маңызды деп санайды. Бұл орайда Президент Қытайдың "Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық бастамасын" қолдады.

Сондай-ақ Қазақстан бірлескен инновациялық IT-жобаларды жүзеге асыру мақсатында Азияның жетекші технологиялық алпауыттарымен серіктестік орнатуға мүдделі екенін мәлімдеді.

Тоқаев шикізаттың аса маңызды түрлерін өндіру ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты саналатынын айтты.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Азия өзінің экономикалық, технологиялық және мәдени артықшылықтарын пайдалану арқылы әлемнің келешек даму бағытын айқындауда шешуші рөл атқара алатынына сенім білдірді. Бұл ретте Президент Боао Азия форумы және Астана халықаралық форумы (AIF) сияқты маңызды халықаралық диалог алаңдарының практикалық перспективасы зор екенін атап өтті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев БАФ қонақтарын 2024 жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.