Жаңалықтар

ЕҰУ ғалымдары зиянды заттарды анықтайтын мембраналарды модификациялау әдістерін ойлап тапты

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Инженерлік бейіндегі зертхана ғалымдары әмбебап сүзгілерді жасап шығарды.

ЕҰУ ғалымдары суды тұздардан, пестицидтерден, мұнай өнімдерінен, глюкозадан және ауыр металл иондарынан тазарту үшін елімізде шығарылатын трек мембраналарын модификациялау әдістерін зерттеп жатыр. Оны суды тұздардан тазарту үшін ғана емес, сонымен қатар радиоактивті сұйық қалдықтарды дистилляциялау үшін де пайдалануға болады. Ғалымдар жұқа полимерлі пленкалардан жасалған ауыр ион үдеткішін қолданады. Ғылыми әзірлемелердің арқасында сүзгілер суды тек тұздан ғана емес, сонымен қатар мұнай мен радиоактивті қалдықтар тәрізді әртүрлі майлы сұйықтықтардан да тазартуға мүмкіндік береді.

Фильтр – трек мембраналарының ең қарапайым қолданысы. Ғалымдар бұған дейін суды тазартуға және оны ішуге қауіпсіз етуге мүмкіндік беретін сүзгі құрастырған. Бірақ ол суды тек микроорганизмдер мен бактериялардан ғана тазартты, ал тұздардан, вирустардан, хлордан, темірден тазартпайтын.

ЕҰУ ғалымы Арман Есжанов мембраналық дистилляцияны зерттейді. Ол трек мембранасының өнімділігін және тазалау дәрежесін арттыруға мүмкіндік беретін гидрофобты мембраналарды шығару әдістерін әзірледі.

Қазір ЕҰУ зертханасы бақыланатын гидрофильді және гидрофобты қасиеттерді қалыптастыру және химиялық белсенділікті арттыру үшін трек мембраналарының бетін модификациялау әдістерін жасауда. Наноталшықтары бар гибридті трек мембранасы супергидрофобты қасиеттерді көрсетеді және оны мембраналық дистиляция арқылы суды тұздардан  тазарту үшін пайдалануға болады.