Жаңалықтар

Елорда маңындағы Қоянды ауылын су басты

Қазір Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген шаралар жүргізілуде.

Ақмола облысы Қоянды ауылының тұрғындары 26 наурызда биліктің назарын су тасқынына аудару үшін жолды жауып тастады. Бұл туралы аудан әкімдігі хабарлады.

Целиноград ауданы әкімдігінің сайтында хабарланғандай, кеше сағат 20:40 шамасында Қоянданың 50-ге жуық тұрғыны ауыл әкімдігінің маңындағы жолды жауып тастаған.

Сағат 22:00-ге қарай барлық жол ашылып, ауыл тұрғындары тарай бастаған. Әкімдіктің мәліметінше, қазір Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген шаралар жүргізілуде.

Ауыл көшелерінен 150 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Ведомство өкілдері қар шығаруға 10 инженерлік және арнайы техника жұмылдырылғанын қосты. 9,5 мың метр арықтар мен каналдар, 46 су өткізгіш құбырлар тазартылды. 35 мың текше метрден астам еріген су сорылды.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, су тасқынына қарсы жұмыстарға Ақмола облысы мен Астана қаласы ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен техникасы тартылған.