Жаңалықтар

Астанада вейп пен насыбай сатушылар жауапкершілікке тартылды

Мысалы, Байқоңыр ауданында 100 келіге жуық насыбай тәркіленді.

Астанада барлық бес ауданда темекі өнімдерін (насыбай, снюс) сату және өткізу фактілерін анықтау, сондай-ақ ашық жарнама арқылы вейптер мен электрондық темекілерді сатудың жолын кесу мақсатында рейдтер жүргізіліп жатыр. Рейд барысында 100-ден астам сауда нысаны тексерілді, деп хабарлайды turkystan.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, темекі өнімдерін сату мен таратудың 50-ге жуық фактісін анықтады. Мысалы, Байқоңыр ауданында 100 келіге жуық насыбай тәркіленді.

Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте шегілмейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу көзделген. Шегілмейтін темекі өнімдері заңсыз сатылғаны үшін 25 АЕК немесе 92 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынады.

Рейдтер барысында қоғамдық орындарда шегілмейтін темекі өнімдерін пайдаланатын адамдарға түсіндіру жүргізіледі.

Жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде шегілмейтін темекі өнімдері және электронды буландырғыштарға арналған сұйықтық (вейп) пен пакеттер, хош иістендіргіштер, химиялық заттар – глицерин, пропиленгликоль тәркіленді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қазақстандықтардың денсаулығына кері әсер ететін есірткі мен басқа да заттардың зияны туралы айтқан болатын.