Саясат

Мәжіліске ҚХР Парламенті Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары келді

Хао Минцзинь «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастықты жоғары бағалап, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымы рекордтық мөлшерге жеткенін айтты.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Хао Минцзинмен кездесті. Тараптар елдер арасындағы парламентаралық, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының делегациясымен кездесуде Ерлан Қошанов әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытай сенімді серіктес әрі тату көрші болып қала беретінін атап өтті.

Ерлан Қошанов қытайлық әріптестеріне «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес биліктің барлық тармақтарын жаңартуға жол ашқан елдегі ауқымды реформалар туралы айтып берді. Спикер Палата жұмысының жоспарларымен бөлісіп, алты фракция мен бірмандатты депутаттардың қатысуы заңнамалық талқылаулардың сапасына оң әсер еткеніне назар аударды.

Өз кезегінде Хао Минцзинь Қытай мен Қазақстанның жақын көрші ғана емес, сенімді серіктес әрі шынайы дос екеніне тоқталды.

Хао Минцзинь «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастықты жоғары бағалап, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымы рекордтық мөлшерге жеткенін айтты.

Депутаттар парламентаралық дипломатия желісі бойынша жұмысты күшейту, комитеттер мен достық топтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаласты.