Атажұрт

Отандастар форумы: Қиырдағы қазақты Қазақстанда қауыштырды

Еліміздің атын шығарып жүрген қандастар құрметке лайық.

Елордаға әлемнің 40 мемлекетінен келген 200-ге жуық қандас Отандастар форумында бас қосты, деп хабарлады Turkystan.kz.

Айта кетейік,  форумға шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенділері, жанашырлары, ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат салаларындағы көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері атсалысып жатыр.

Форум шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылауды, еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларын, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтерді таныстыруды, шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясатын насихаттауды, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда білім алуға шақыруды, елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы мәлімет беруді көздейді.

Абзал Сапарбекұлының айтуынша, алқалы жиынның басты мақсаты – отандастарымызға ортақ диалог алаңын ұсыну, іргелі елдік мәселені бірлесіп талқылау. Сырттағы қандастарымыздың әлеуетін ел дамуына пайдалану және тәжірибе алмасу.

Басқосу барысында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» деген тақырыптар аясында сессиялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар қордың жаңа жобаларының тұсауы кесіліп, «Тайқазан» форумының қорытынды сессиясы өтеді.

Форумның бас серіктесі «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығы «Отандастар» форумына арнайы мәдени-спорттық бағдарлама әзірледі.

Атап айтқанда, Ұлттық спорт қауымдастығы мен салалық Спорт федерацияларының мамандары ұлттық ойындарымыздан (тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қыз қуу, аударыспақ, көкпар, құсбегілік) қойылым көрсетті. Қонақтардың назарына  қолөнер шеберлері жасаған ұлттық бұйымдар да ұсынылды.