Жаңалықтар

Пандемия шаруаларды ширатпаса, ісіне бөгет болған жоқ

Пандемия шаруаларды ширатпаса, ісіне бөгет болған жоқ

Елдегі карантин режимі қанша қысса да, ауыл ша­руа­шылығы тауарын өндірушілердің жұмысына бөгет бо­ла алған жоқ. Дәл дихандар егін егетін, мал төлдейтін уақытта төтенше жағдай жарияланғанын жақсы білесіздер. Абы­рой болғанда, көктемгі егін егу науқаны жоспардағыдай ат­қарылып, бүгін міне алтын дәнге орақ түсті.

Еліміздің Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапархан Омаров күні кеше Ақмола облысының Бұлан­ды ауданына жұмыс сапарымен барып, бірнеше нысанның жұмысымен та­ныс­ты. Ең әуелі егіс алқабын аралап, фер­­мерлермен кездесті, дәл сол жерде ақ­парат құралдары өкілдерімен жүз­десті. Журналистер бидай мен ұнды жә­не тірі малды экспорттауға шектеу қою­дың себептерін сұрады. Министр мыр­за астық экспорттауда фермерлермен келісіп, ортақ шешімге келгенін айтты. Ең алдымен ішкі нарықты то­лық қамтамасыз ететіндей қамбамызға ас­тық толтырудың қамын ойлау керегін алға тартты. Ал малды шекарадан шы­ғаруды биылғы қазан айының орта ше­ніне дейін шектеген екен. Оның да се­бебін түсіндіріп, түйінді мәселе тү­бірі­мен шешілетінін айтты. Бұдан бө­лек, министрге биылғы астықтың шы­ғымына, фермерлердің жаңа тех­никаға жеңіл қол жеткізулеріне қа­тыс­ты бірқатар сұрақ қойылды. Ми­нистр­дің айтуынша, биыл орташа өнімділік гек­тарына 13,1 центнерден айналып жа­тыр. Дәл бүгінгі таңда республика бойынша 3,7 млн гектардан астам жер­ден 4,9 млн тонна астық жиналған. Бұл – жалпы жиналуы тиіс өнімнің 23,6 пайызы. Былтыр осы уақытта 3,1 млн гектар жерден өнім жиналған екен. Яғни, биыл егін жинау нау­қа­нының қарқыны былтырғыға қара­ған­да өнімді деген сөз. Елімізде егін жинау жұмыстарын жүргізетін 145 мың трак­тор, 75 мың трактор тіркемесі, 38 мың астық жинайтын комбайн, 15 мың дестелегіш, 39 мың жүк көлігі бар екен. Сондай-ақ егінді уақытында жи­нау үшін фермерлерге 395 мың тонна ар­зандатылған жанар-жағармай бөлі­ніп­ті. Енді тек ауа райы оғаш мінез та­ныт­паса болғаны. Айтпақшы, министр алдымен ат басын тіреген Бұланды ауда­ны­ның ірі аграрлық кәсіпорны – «Жу­рав­левка-1» ЖШС. Серіктестік негізінен дәнді, дәнді-бұршақты, майлы, жем­дік дақылдар мен көкөніс түрлерін өсіру­мен айналысады. Биыл 59 мың гек­тар жерге егін егіпті. Оның  33,5 мың гектарына бидай, 12 мың га астам жерге арпа, 1 362 га сұлы, 1 543 га күн­бағыс, 3 969 га зығыр, 4 879 га рапс, 110 га картоп пен көкөністер, 1 120 га жем-шөп дақылдары егілген. Мұнда 600-ден астам адам жұмыс істейді екен. Ашық күнде астығын орып, қам­ба­сын қампайтып жатқан шаруасы ши­рақ компанияның ісіне береке тіле­ген министр «Макинск құс фабрикасы» ЖШС-не барды. Бұл – құс етін өн­діру саласындағы импортты алмас­тыратын ауқымды жоба. 2018 жылы жал­пы қуаты 25 мың тонна болатын құс шаруашылығы кешенінің бірінші ке­зеңі пайдалануға берілген. Ал биыл жыл соңына дейін инвесторлар екінші кезеңнің құрылысын аяқтауды жос­парлап отыр екен. Енді фабрика өнді­ріс­тік қуатын жылына 25 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін арттырады. Құс фабрикасының құрылыс жұмыс­тары кезінде 100 адам тұрақты жұмыс­пен қамтылыпты, 2-ші кезеңді іске қос­қаннан кейін кәсіпорын 455 тұрақ­ты жұмыс орнын ашпақ. Айта кету керек, импортты ал­мас­­тыру үшін Қазақстанда биыл 8 құс фабрикасы іске қосылады. Жақын уақытта республикада жалпы қуа­ты жылына 175 мың тонна өнім шы­ғаратын жаңа 12 құс фабрикасы жұ­мыс істей бастайды. Бұл құс етіне де­ген импортты алмастыру мәселесін то­лығымен шешуге мүмкіндік береді. Осыдан кейін министр Бұланды ауданының Макинск қала­сын­дағы өсімдік майын өндіретін зауыт құрылысының барысымен танысу үшін арнайы бұрылды. «Бота-2015» деп ата­латын болашақ зауыттың өндірістік қуа­ты тәулігіне 600 тоннаға дейін же­те­ді дейді мамандар. Кәсіпорында өңір­дің 30 тұрғыны еңбек ететін болады. Заманауи зауыт майлы дақылдарды қай­та өңдейді және дайын өнім көрші ел­дер нарығына экспортталмақ. Осындай зауытты Шығыс Қазақстан об­лы­сын­да салу жоспарланып отыр, ал Ал­маты қаласында заманауи зауыт іс­ке қосылған. Мұндай өндіріс орында­рын салу – шикізат экспортына қа­ра­ғанда құны жоғары терең өңделген өнім экспортын өрістетуге жол аша-ды. Сонымен қатар, министр Макинск қаласында жергілікті эле­ватордың биылғы астықты қабыл­дауға дайындығын тексерді. «Арна» астық қабылдау кәсіпорны» аудандағы фермерлерге астықты қабылдау, кептіру, тазалау, сақтау және жөнелту қыз­­меттерін көрсетеді. Кәсіпорынның жал­пы ауданы – 14,7 гектар. Бұл жерде сыйымдылығы 22 мың тонналық ас­тық қоймасы, ауданы 4,5 мың шаршы метр асфальтталған алаң, өнімділігі са­ғатына 110 тонна астық кептіргіші бар. Қазіргі уақытта элеватор астық қа­былдауға толық дайын. Бұл баяндап отырғанымыз бір облыстың бір ауданындағы бір күн­дік сапарымыздан түйгеніміз, көр­геніміз. Әр аймақтағы осындай маңыз­ды жобалар жүйелі жұмыс істесе, ел экономикасы еселеніп, игілігін халық көрері хақ. Алқаптарымызда астық, жы­лыжайларымызда көкөніс пен жеміс жайқалып, төскейіміз малға толса әлем­ді шарпыған дағдарысты шыбын шақ­қан құрлы көрмесіміз анық.

Әділ БАЙБОЛ