«Егеменнің» Еркіні (Эссе)

«Егеменнің» Еркіні (Эссе)

«Егеменнің» Еркіні (Эссе)
ашық дереккөзі

Жиырмаға жете қоймаған кезінен жақсы біледі екенмін оны. Содан бері қатар өсіп, қанаттас келеміз. Сонымен... Жыры бітпейтін журфакқа оқуға жаңа түскен бетіміз. Алдымызда төрт қабырғадай тұтасып, төрт курс тұр. Осы төрт курста оқитындардың мінез-құлқы мың түрлі. Бесінші курстықтарды көп көре бермейміз. Олар бірінші курспен, яғни, бізбен кездесуге бір келді де, содан төбе көрсетпей кетті. Бәрі дерлік пәтерде тұрады. Жаппай диплом жазып жатқанға ұқсайды. Ал төртінші курстықтар, үнемі жағасы жайлауда, шалқып жүреді. Араларында сырбаз сыршылдары да, сыралғы сырашылдары да жетіп артылады. Бізге жақындауы – екінші курс пен үшінші курс. Бұлар – біздің қатарластарымыз. Сонда да бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Екінші курс – еркелеу, еркіндеу. Үшінші курс – ұстамдылау, ұғымталдау.

Қос министрдің курстасы

Ел үмітпен қарайды, Есті жігіт санайды. Еркін Қыдыр болған соң Еркіндікті қалайды... (Журналистік фольклордан) Сол үлгілі үшінші курстың студенті Нұртөре Жүсіп жатақханадағы біздің бөлмемізде тұратын болды. Бұған біз қуандық. Ол сол кездің өзінде танымал тілші еді. Осыдан бастап 502-бөлмеге оның курстастары жиі келіп тұрды. Бір күні Еркін Қыдырмен таныстық. Оның да «Лениншіл жас» арқылы есімін елге жаттата бастаған тұсы еді. Сымдай тартылған ширақ жігіт. Талғамы биік екені жүріс-тұрысынан байқалып тұрады. Мінезі орнықты. Көзі ойлы, сөзі салмақты. Сол кезде Еркін маған оңы мен солын тез танып, баяғыда ақыл тоқтатқан ересек жігіттей көрінген. Сөйтсем, он тоғыз жастағы өрімдей бозбала екен ғой. Журналистикаға әркім әр түрлі жолмен келеді. Біреулер о бастан қалам ұстауға бейім болады. Әдепкіде ыңғайлы жұмыс табыла қоймай, несібесін баспасөзден тапқан филолог әріптестеріміз де баршылық. Тағы біреулер бұл салаға көлденеңнен кіреді. Бұларды біздің мамандықтың өз өкілдері «журналистиканың жолбикелері» деп атайды. Бірақ мәселе олардың ақпарат құралдарына қалай келгеніне емес, кәсіпті қалай игергеніне байланысты. Кейде БАҚ-тың бақшасында жүргендер батпақтап қалады да, жаңағы жолбикелер журналистиканың жүйрігіне айналады. Ал біздің кейіпкеріміз журналист болуды бала кезінен армандады. Яғни, өз мамандығына дәстүрлі үлгімен келген ұлан. Дәстүрлі үлгі дегеніміздің мәнісі мынадай. Қаламы жүйрік бала әуелі мектепте мойындалады. Шығарманы төгілтіп жазып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің сүйікті оқушысына айналады. Бесіктен белі шықпай жатып, үлкенді-кішілі газеттерге мақала жариялайды. Кітаптан кітап кемірумен күн өткізеді. Бұл да сөйтті. Жата-жастанып, Әзілхан Нұршайықовтың кітаптарын оқыды. Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жаттады. Алғашқы мақаласы 7-класс оқып жүргенде «Қазақстан пионері» газетіне шықты. Әбсаттар Асанов деген өзі құралыптас досы бар еді. Сол Әбсаттар 7-класта жастар арасындағы республикалық жарысқа қатысып, қазақша күрестен Қазақстанның чемпионы атанды. Оның жеңісі Шымкент облысының Қызылқұм ауданындағы Ленин атындағы орта мектептің абырой-беделін асқақтатты. Жалпы, Оңтүстік Қазақстанда қазақша күрестің мектебі айрықша қалыптасқан. Бұл өңірдің еті тірі баласы белдесе кетуге бейім тұрады. Әсіресе, дәстүрі бай «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің жүлдесі үшін өтетін турнирдің беделі тым биік-ті. Талай белесті бағындырып келсең де, «Оңтүстіктің» жүлдесіне қолың жетпесе, ешкім мойындамайды. Ал бұл жүлденің бар марапаты – басылым басшысының қолы қойылған диплом. Соған қарамастан осы дипломның беделі бар құжаттан жоғары болатын. Сол өнегені көріп өскен Әбсаттар он төрт жасында жеңімпаз атанып, өзінің де, тілші досының да жұлдызын жандырып еді. Еркіннің алғашқы кейіпкері – Әбсаттар Асанов кейін талай бәйгеде бақ сынап, еліміздің атын шығарды. Еңбек сіңірген жаттықтырушы дәрежесін иеленді. Ұлт күресінің энциклопедиясы – «Қазақ балуан­дары» жинағына енді. Бала тілші бұдан соң құлшынып тағы бір мақаласын бастады. Бұл жолы тақырыбын күрт өзгертті. Спорттан саясатқа бір-ақ секірді. Бейбітшілік туралы ой толғап, «Аспанда – ақ көгершін» деген суреттеме жазды. Осы дүниесі үшін конкурс­тан бірінші жүлде алды. «Қазақстан пионерінің» сол кездегі редакторы Бейбіт Қойшыбаевтың қолы қойылған грамота келді. Сөйтіп, жас өрен біресе өзі, біресе кейіпкері бәйге алып, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына белсене атсалыса берді. Бірақ мақаланы топырлатып жолдап, қадірін кетірген жоқ. Талдап, талғап жазды. Тың тақырыпқа ден қойды. Соған қарамастан үйге хат дегенің ағылып келеді. Алыс ауылдардағы әріптестерінің көңілі қалмасын деп, ара-тұра оларға да жауап­ жолдап қояды. Осы хат жазғыштардың көбісі кейін көрінбей кетті. Тіршіліктің басқа иіріміне түсіп кеткен шығар. Еркін тек қана мақала жазам деп, бүкіл дүниені ұмытатын қиялилықтан аулақ еді. Ең негізгі мәселе сабақты үздік оқу екенін жақсы түсінді. Бұл тұрғыдан өз мақсатына жетті. Мектепті алтын медальмен бітірді. Сосын бірден журфакқа тартты. Ол кезде медалистер бір сабақтан ғана емтихан тапсырады. Содан «бес» алса, оқуға түсуге жетіп жатыр. Шығармадан Брежневтің әйгілі «Тыңы» келді. Тың мен тыңайған жерлер Қазақстанға қанша жерден қатысты болса да, Леонид Ильичтің қаламының қарымы Ерекеңді онша шабыттандыра қоймаса керек, ол бұл сынақтан «төрт» алып қалды. Енді тығырықтан шығатын жол біреу-ақ. Барлық емтиханды тәуір тапсыруға тиіссің. Ол ақыры алтын медальді бекер иеленбегенін дәлелдеп шықты. Бірінші курстан бастап әйгілі бесінші жатақханада тұрды. 312-секцияның екі орындық бөлмесін Шәмші Пәттеев пен Айтмұхамет Есдәулетов, ал үш орындық бөлмені Алтынбек Сәрсенбаев, Дархан Мыңбай, Еркін Қыдыр үшеуі жайлады. Алтынбек пен Дархан үшінші курста Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне ауысып кетті. Осылайша, бір бөлмеден екі министр шықты. Қалғандары да осал емес. Қазір филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтмұхамет Есдәулетов – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі. Шәмші Пәттеев – «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы. Ал Еркін Қыдыр – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының вице-президенті. Ендеше, жақсылар мен жайсаңдардың жас кезіндегі тұрағы – журфактың бесінші жатақханасының 312-бөлмесінен бұқаралық ақпараттың шағын мұражайын жасақтауға болады екен ғой...

Жұмысшы болған журналист

Міне, қызық, міне, сыр, Сен де қайсар ұл өсір! Бес жыл оқып КазГУ-де, Болды сосын... слесарь. (Журналистік фольклордан) Бір күні журфакқа «Лениншіл жас» газеті бас редакторының орынбасары Ержұман Смайыл келеді. Келеді де, екі топқа шығарма жаздырады. Сол шығарма бойынша он студентті таңдап алады. Нұртөре Жүсіп, Бейбіт Сапаралы, Еркін Қыдыр, Баян Бекетова, Үмітхан Алтаева, тағы басқалар... Ерағаңның таңдауы бекер болмапты. Ол кісі жарты жылдай баулыған сол студенттер кейін қаламы жүйрік баспасөз өкілдеріне айналды. Әсіресе, Нұртөре мен Еркін екеуі редакцияны көбірек төңіректеді. Өзге студенттер каникулға шыққан кезде де, бұлар сонда жұмыс істеп жүрді. Сол тұста Нұртөренің «Медеудің мұзы мөп-мөлдір» деген әдемі суреттеме жазғаны есімізде. Еркін болса, сол жылғы «Абитуриент-81» науқанынан материал әзірлемек боп, Алматы медицина институтына барады. Емтихан тапсыруға жанұшырып дайындалып жүрген талапкерлермен тілдеседі. Мұның газеттен келгенін аңғарған бір мойны қылқиған, еті тірі, елгезек бала сөйлесуге айрықша ықылас танытады. Сөйтсе, әлгі абитуриенттің есіл-дерті журфак екен. Дәрігердің оқуына өз ықтиярымен келмепті. Біреулердің айтуымен еріксіз емтихан тапсырып жатқан көрінеді. Ал доғдырлықты көңілі қаламайды-ау, қаламайды. Соның бәрін айтып зарлап қоя береді. Сол жолы студент Еркін Қыдырдың «Ыстық көңілдер неге суынады?» деген мақаласына кейіпкер болған беймаза бозбала мединституттың алғашқы емтиханы – диктанттан елуге жуық елеулі қате жіберіп, оқудан құлап қалады. Бірақ өзі соған қатты қуанады. Араға жылдар салып, өзі армандаған журфакқа түседі. Оқуын бітірген соң қазақ журналистикасы мен қазақ бизнесінің қамын қатар ойлайды. Хабардың да, тауардың да қадірін білетін сол ұлан бүгінгі аузы дуалы, сөзі уәлі, жүйрік журналист, күйлі кәсіпкер Құлтас Достан еді. Оның дүмбілез дәрігер атанып, бүкіл медицина саласын әбден бүлдіруіне жол бермей, өз үйірін қайта табуына Ерекеңнің аталған мақаласы себеп болды десек, онша қателесе қоймаспыз. Университеттің төртінші курсында «Социалистік Қазақстанға» өндірістік тәжірибеден өтуге барды. Сонда жүргенде Ермек Серкебаевтан алған сұхбаты мақтаулы материалдардың тақтасына ілінді. Бұл студент үшін үлкен жетістік еді. Бірінші курстағылар өндірістік тәжірибені аудандық басылымнан бастайды. Еркін осы дәстүрді бұзып, алғашқы жылдарда «Лениншіл жас­та» тәжірибе жинақтады. Үшінші курста Нұртөре екеуі Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне барды. Өндірісі мол қаланы көруге құмартты. Оқуды бітірген соң Орталық Комитеттің жолдамасымен Оңтүстік Қазақстан облысына жіберілді. Барса, облыстық газетте тұмсық тығатын орын жоқ. Обкомның нұсқаушысы, жастардың жанашыры Мархабат Байғұт ағасы: «Фосфор үшін» газетіне барып көрші», – деп жөн сілтеді. Бұл он төрт мың адам жұмыс істейтін Шымкент фосфор зауытының көптиражды басылымы еді. Ерекеңнің фосфорға деген құрметі ерекше болғанымен фосфор үшін журналистік жұмысқа жегілгісі келмеді. Келісе қойған күннің өзінде ол жерде бүгін-ертең босайын деп тұрған орын байқалмайды. Бәрібір бармас еді. Қысқасы, үйренетін ұстаз жоқ, шыңдалатын мектеп жоқ онда... Содан адам айтқысыз тосын әрекетке бел буды. Еліміздің ең беделді жоғары оқу орнын, республикадағы жалғыз журфакты үздік бітірген айтулы маман Шымкент қорғасын зауытына барып, жұмысшы болып орналасты. Кәдімгі қара жұмыс... Негізгі буын – қорғасын балқымасын шығаратын рафинация цехы. Бірер ай істеп, тайып тұрған жоқ. Бір жыл өндірістік еңбек мектебінен өтті. Өзі студент кезінде-ақ жұртқа кең танылған журналист еді. Алматыға қайтып оралса да, әйтеуір бір жерден орын табары анық-ты. Бірақ еліне сыймай, астанаға келуді намыс көрген шығар, әйтеуір Оңтүстіктен тапжылмады. Ауқатты отбасынан шыққан перзент. Әке-шешенің күні бұның қара жұмысына қарап тұрған жоқ. Сонда да ол өндірісті қалады. Есесіне өмірлік сабақ алды. Қорғасын зауытының тамырына қан беретін бүкіл тетігін көзімен көріп, қолымен ұстап, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен түгел танысты. Сырбаз әрі зиялы, білікті әрі білімді, ұқыпты әрі ұғымтал 4-разрядты слесарьға әріптестері үнемі құрметпен қарады. Жоғары білімді жас жұмысшы кәсіптестерінің жазылмаған ішкі заңдарына бағынды. Қасындағылардан бөлініп әрекет етуді білген жоқ. Әсіресе, жалақы алған күні ақша жинап, сыраханаға баратын қатаң «дәстүр» бар екен. Суатқа құлаған үйір сияқты. Қызылжағалылар болса, «шөлдері қансын» деп, оларды аңдып отырады... Жұмысшы тіршілігінің ащысын да, тұщысын да солармен бірге татты. Бірінен пана тапты, біріне қорған болды. Бірте-бірте қолы мүйізгектеніп, өз ісіне әбден төселіп алды. Еркін қорғасын зауытынан көп нәрсені көңілге түйіп шықты. Қазақ журналис­тикасының өндірістен алшақтап кеткенін көрді. Әріптестерінің өнідіріс тақырыбына терең бойламайтынына, тіпті зауытқа кіруге жүрексінетініне көз жеткізді. Олардың біразы басылымда қолынан келетін мәдениет пен өнер тақырыбын жазып жан сақтайтынына қынжылды. Ал мұнда қара жұмыс қайнап жатыр. Өндіріс дегенің өзінше бір әлем. Асық ойнайтын сақаға құятын қорғасынды ғана білетін әріптестері осы қорғасын зауытына келіп, бірер күн араласа, санасына саңылау түсер еді. Ал Еркін өндіріс және экономика тақырыбына о бас­тан үйір болды. Баяғыда Нұртөре Жүсіп екеуінің Керекуді бетке алған себебі де сол еді. Одан олжасыз болған жоқ. Бір жыл бойы жұмысшы табының қатарын толықтырған соң облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне корректор болып қабылданды. Бұл басылымда журналистердің корректорлық бюрода жұмыс істеу тәжірибесі бұрыннан бар. Қазіргі бас редактор Абай Балажанов та үш-төрт жыл корректорлық қызмет атқарған. Еркін бір жылдан соң тілшілікке өтті. Төрт жылдан соң «Егемен Қазақстанның» Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып бекітілді. Оңтүстікте тілші болу оңай емес. Бұл өңірдің өзінің менталитеті бар. Мақтауға да, даттауға да сеніп қалуға болмайды. «Оңтүстікте еңбек еткен бір жылың екі жылға татиды» дейді жұрт. Тек жүрсең, тоқ жүрсең, Оңтүстіктен жақсы жер жоқ. Сөйтіп, Еркін Оңтүстіктің оты мен суына түсіп, әбден шыңдалып шықты.  

Кербұғының келбеті

Өзін-өзі дамытты, Өзге жұртқа танытты. Оңтүстіктің жылуын, Солтүстікке дарытты. (Журналистік фольклордан) Бірде «Әкім болдым-ау қанша күнге?» деген проблемалық мақала жазып, аймақтағы командалық билікті сынады. Соны оқи сала сол кездегі облыс әкімі жатып кеп ренжіпті. «Мен оған не істедім?», – деп ызаланыпты. «Мен – осы облыстағы тілшімін. Басқа облыстардағы әкімдерді жазбаймын ғой. Осы жердегі басшыларды білем. Нақты мысалды қайдан аламын? Ешкімді қаралап отырған жоқпын. Проблеманы ғана айтып отырмын», – дейді Еркін. Шынында да, ол кезде кездейсоқ әкімдер көп болатын. Жергілікті басшылыққа уақытша келгенін білген соң өз мүддесін көбірек ойлайды. Бұл мақала жұртшылық арасында едәуір дүмпу туғызды. Еркіннің Оралхан Бөкей туралы керемет мақаласы бар. Ол Орағаңмен күнбе-күн жүздесіп, әр сөзінен тәлім алған төл шәкірті емес. Қызметтес болып та көрген жоқ. Өз өмірінде Алтайда туып, Алатауды мекендеп, Гималайда көз жұмған теңдессіз тарпаң талантпен бар-жоғы үш-ақ рет жолықты. Алғаш рет оны студент кезінде Жазушылар одағының алдынан ұшырастырды. Асқақ кейіппен басын шалқақ ұстап, зеңгір көкке көз салып тұр екен. Иығына түскен қалың шашын сілкіп жібергенде көсіле шабуға оқталған кербұғыға ұқсап кетеді. Тағы бірде Пушкин атындағы кітапханада Оралхан Бөкеевпен кездесуге барды. Сонда жазып берген автографы да сақталған. Сол кезде телетүсірілім қате болды ма, әйтеуір төрт рет қайтадан басталды. Орағаң төртеуінде төрт түрлі сөйледі. Бір сөзді қайталаған жоқ. Қазына кеудесінен сөз дегенің өріліп шыға береді екен. Бірінен бірі өткен төрт дубль жасалды. Екінші рет сонда көрді. Еркіннің Оралханмен үшінші жүздесуі... Бұл қаламгердің соңғы сапары болып шықты. «Жүзінде бір мұң жататын» – сол шерлі сапардың жемісі. Бұл жолы да Еркін детальға дөп түсетін дағдысынан жаңылмайды. Көкірегінде жатталып қалған жазушының әр сөзін мұрағат дүниесіндей етіп үкілеп ұсынады. Орағаң үшін қайғылы аяқталған осы сапардың әр сәтін жадында жаңғыртады. «Өстіп жабығып, сарылып жүріп, тексеру бекетінен де өттік-ау. Сөйтсек, Орағаң бір түбіртек қағазын түсіріп алыпты. «Жол жүрмей жатып жоқ іздедім, бұл жақсы ырым емес» деп ары-бері сабылып, әлгі қағазды бәрібір таба алмады...». Осылайша алдағы жаманаттың хабаршысындай болған басқа да қолайсыз сәттерді ой елегінен өткізеді. Еркін Қыдыр – Оралхан Бөкеймен бірге Үндістан сапарында бірге болған журналистердің бірі. Орағаңмен жолда жүрген бір ғанибет екен. Жас әріптестеріне қамқорлық танытты. Көп сөйлемейді, шығармашылығы туралы мүлде сөз қозғамайды. Тек анда-санда әзіл айтып қояды. Ертеңіне қазақ журналистері сол елдің Премьер-министрімен кездесуі керек еді. Кешке бәрі бірге дастарқандас болады. Орағаңның мазасы болмады ма, тамақ ішіп жарытпайды. Одан әрі бөлмесіне демалуға кеткен. Таңертеңгілік асқа келмепті... Гималайға шаттанып аттанған қаламгерлер қара жамылып қайтты. Талайдың арман-аңсарына айналған Кербұғы жат елдің төсінде мерт болды. Бұл сапарға ілескен жігіттердің ішінде осалы жоқ-ты. Қыранның қиядағы қазасы бәріне де әсер етті. Қай-қайсысы да қалам тербеді. Әрқайсысы сол сапардағы өз Оралханын танытты. Еркін де өзгеше ой толғады. Ешнәрсені қалт жібермеуге тырысты. Осы мақалада жаныңды жылататын тағы бір деталь бар. Орағаң отырарлық шебер жасаған үскірікті үнділерге тапсырыпты. Табыстап тұрып, «Біздің билік құрған бабаларымыз да осы жерде ғажап ескерткіштер қалдырған» депті. Сондай үнділердің бірі «байқаңыз, сіздің бабаларыңыз бұл жерден қайта алмай қалған» деп оспадарсыз әзіл айтыпты. «Сол кеште Орағаң мазасыздау күй кешті. Тіпті даяшылар алдына алып келген тағамнан да нәр сызбады» деп жазады Ерекең. Сөйтіп, үндінің сөзі жындының сөзі болып шығыпты. Бәлкім, тарпаң мінез Орағаңның жүйкесін жұқартып, жүрегін жұлмалаған нақ осы әзәзіл әзіл шығар. Бұл мақаланы ол Оралханның өз тәсіліне салып, шебер аяқтайды. «Бәлки, Кербұғы жүзінен мұңның ізі жоғалған мұңлықтардан жеріген шығар... Бәлки, Кербұғы күлкітоқтықты ту етер қоғамнан бойын аулақ салды ма? Ол жағы бір Аллаға ғана аян». Қанша жыл өтсе де, Ерекеңнің мақаласында кейіптелген Кербұғының келбеті есімізден кеткен емес. Еркіннің еңбегі қай кезде де еленді. Әсіресе, оның екі ғасырдың тоғысында Президент жанынан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Жоғары тәртіптік кеңестің жұмысына қатысуы беделін биіктетті. «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Еркін Қыдыр «Казахстанская правда» газеті бас редакторының орынбасары Александр Козлов екеуі осы кеңестің мүшесі болып бекітілді. Құқық тақырыбына қалам тартып жүрген журналист кеңінен көсілді. Бұл дербес құрылым өте тегеурінді еді. Оның пәрменімен бірер министр мен облыс әкімі орынтағынан ұшып түсті. Журналистердің абыройы артты. Біздің кейіпкеріміз бұл іске белсене атсалысып, екі жылдай жемісті жұмыс жүргізілді. Өзінің шыққан тегі де осал емес. Әкесі Сағындық – ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған, қара сөздің қадірін білетін кісі. Дегенмен, жазуға құмарлық анасы Тазагүл Танкинаның бауырларынан дарыған тәрізді. Нағашы жұрты – қалың қазаққа танымал қаламгерлер Ғафу Қайырбеков пен Марат Барманқұлов (Танкин). Бірі – өлең сөздің сұлтаны, екіншісі – телевизия өнерінің тұлғасы. Ендеше, баршаға белгілі нақылды сәл-пәл өзгертіп, «Жігіттің журналист болмағы – нағашыдан» дейміз де...

Шақырып тұратын тақырып

Ерім дейтін елі бар, Елім дейтін ері бар. «Егеменде» Еркіннің, Еңбегі мен тері бар... (Журналистік фольклордан) Өз шығармашылығы туралы мүлде ауыз ашпайтын әріптестеріміз болады. Айтары жоқтығынан емес, қарапайымдылығынан. Еркін де солардың санатынан. Күйбеңі көп күнделікті шаруасын дамылсыз сөз етіп, сенің басыңды ауыртқанды жөн санамайды. Қай мақаласын қалай жазғанын, қай сапарда не тындырғанын ежіктеп еске салып, кәсібін қызықтап, елді әңгімеге тартқанын да көрген емеспін. Бірақ әйтеуір сонысымен де биіктеңкіреп тұрады. Сіз оны сөзге сараң, тілге жұтаң екен деп ойлап қалмаңыз. Сөйлесе, Ерекең сөйлесін. Айналасын үйіріп ала жөнеледі. Қалжыңы қылыштай қиып түседі. Бірде «Егемен Қазақстанның» бөлім меңгерушісі Әділ Дүйсенбек Шымкенттегі Еркінге тапсырма берейін деп іздесе, ол біразға дейін таптыра қоймапты. Ұялы телефонның жоқ кезі. Осының алдында ғана Шерхан Мұртаза қызметкерлерінің тегіндегі «ов» жұрнағын алып тастаған екен. Еркін табылған кезде, Әдекең «Қайда жүрсің-ей?», – десе, «Өздеріңіз ғой, «овымызды» алып тастап, «еркін қыдыр» деп қоя берген», – деп жауап беріпті. Соны естіген Шерағаң да тілшісінің тапқырлығына риза болыпты. Жазған-сызғандары туралы өзі ақыры сөз қозғамайды екен, біз айтайық. Алдымен аңғарылатыны, Еркін мақалаларына тақырыпты әдемі қояды. Мінекей, санамалай беріңіз. «Әкім болдым-ау, қанша күнге», «Баю болды басты арман», «Төртінші билік, төрге шық!», «Қаратай Тұрысов кешірім сұрады, ал Үкіметтің ұяты неге оянбайды?», «Ұлыққа емес, сотқа бар», «Қараулық қақпаны», «Жалсыз жылқының жаласы», «Қазақты «Аврора» емес, нарық оятты», «Отырардың орнын сипап қалмайық», «Отанымыз тек Оңтүстік қана ма?», «Депутат атын жамылып...», «Кабинетшіл реформаторлар», «Билік тасасында байлық бар», «Екі кемемен қатар жүзген ептілер», «Үкімет ұсақтап кетпесе», «Талапайға салды да, тасада қалды», «Қазақты оятқан қоңырау». Жазғандарының жер тарпып тұрған тақырыбына қарап, еріксіз елең ете қаласың. Сосын дереу оқуға кірісесің. Оқисың да, журналистің жазу стилі басқалардан бөлек екенін көресің. Стиль демекші, кейіпкеріміз ағысқа қарсы жүзгенді тәуір көретін секілді. Бірде ол өзгелердің сан рет шарлаған ізіне түспей, мәселеге басқаша қырынан келіп, «Қызмет – қолдың кірі емес» деп тақырып қойып, мақала жазды. Қашаннан дәстүрлі үрдіспен келе жатқан қалыпты қағиданың қалтарыс жақтарына үңілді. Солай, оның мақаласының атауының өзі адамды тартып әкетеді. Ұлықбек ағамызша айтсақ, «Газеттің шетінде, Төртінші бетінде, Осындай тақырып, Тұрады өзіне шақырып...». [caption id="attachment_9304" align="alignnone" width="4256"]020 (1) Еркін Қыдыр, журналист[/caption] Еркін Қыдыр мақалаларына тақырып қана емес, форма табу жағынан да соны соқпақ салды. Тағы бірде ол түнгі қаланың тынысын тыңдау үшін троллейбусқа мінеді. Қатардағы тұрғындар тұтынатын қарапайым көліктің ішіндегі қоғамның бөлшегін бөліп алып қарастырады. Қаланың халқы жалпы мен жалқының ыңғайында нысанаға ілігеді. Сол тозығы жетсе де тоқтамауға тырысатын тегеурінді техниканың терезесінен шырайлы Шымкент шаһарына зер салады. Ал мақаласының соңында түйген түйіні санаңды селт еткізеді. «Неге екенін қайдам, әйтеуір маған біздің қоғам дәл қазір үлкен жолдың бойында тоқ жалғағышынан ажырап, жүрмей қалған троллейбусты көз алдыма әкеледі..». Бұл – 1991 жылдың қаңтарында жарық көрген мақала. Былқ-сылқ еткен одақтың әлі тарамаған кезі. Ілгеріде жазған «Тосқауыл немесе 1984-1988 жылдарды қамтитын шытырман оқиғалы екі сериялы деректі фильмнің сценарийі» деген фельетон үлгісіндегі мақаласы да оңтүстіктегі ойлы оқырманның есінде болар. Ол тұста бұл ешкімге жалын ұстата қоймайтын «Оңтүстік Қазақстанның» жас перісі еді. Басы барды идіруге, тізесі барды бүгілтуге бейім тұратын кезі. Жиырма бестің жалынымен жазылған сол дүниелердің қызуы әлі күнге дейін кете қойған жоқ. Еркін мақаланы жазу барысында сәтті детальдарды көбірек іздейді. Оны молынан табады да. Жазғанын сонымен тұздықтайды. Оны туындысының әр тұсына мөр ғып басады. Баяндалатын фактілерді ширықтыра түсу үшін әрқайсысын шегелеп тұрып бекітеді. Мақаланы өте сәтті аяқтау – оның қашаннан қалыптасқан дәстүрлі машығы. «Қазақтың тойы: жиналыс, ысырап және тыраштану» деген әлеуметтік очеркінің соңында америкалық этнограф-ғалым Синти Вернер бикештің зерттеуі туралы айтады. Бұл Ерекең неғып аяқ астынан «синтишілеп» кетті деп соңына жеткенше асығасыз. Сөйтсек, ол АҚШ-тан келген ақ бикештің өзіне немесе көзіне емес, сөзіне қызыққанға ұқсайды. «Жас ғалымның таңдаған тақырыбы – қазақтың салт-дәстүрі. Ол Оңтүстік өңірінде екі жылдай зерттеу жүргізіп, деректер жинап болған соң еліне барып, диссертация қорғапты. Бұл жолы қазақтың той-томалақтағы шығыны жайлы тақырыпты зерттеуге келген екен. Мұхиттың арғы жағындағы америкалықтар қазақтың бір осал тұсын дөп басқанына қайран қалдым. Ұят болды ғой...» деп қорытады. Бәсе... Әріптесіміздің жазған дүниелері топтастырылған «Ұсақтама, Үкімет» атты кітабына алғы сөз жазған әйгілі Шерағаң – Шерхан Мұртазаның өзі «Еңбектерінің қайсысына болмасын, көз жүгіртсеңіз, өз ұлтына деген құрмет пен сүйіспеншілік лебін аңғарасыз» деп баға беріпті. Еңбегі ескерусіз болған жоқ. БАҚ саласындағы Президент сыйлығын иеленді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Әлемнің талай елінің топырағына табаны тиді. Әрқайсысынан өзіндік ой түйді. «Отырар» атты танымдық кітап жазып, ел алдындағы парызын өтеді. Қаламы қарымды, қадамы қадірлі Еркін – еркін ойдың адамы. Ол еріккенше емес, Еркінше жазады. Көп жазып, көбік езеді екен деп қалмаңыз. Кейде айлап-жылдап қалам ұстамай кететіні бар. Ондайда қарап жүрмейді. «Егеменнің» күнделікті қара шаруасы жетіп артылады. Сауытбек ағамыздың сәулеткерлік талғамымен салынған сәнді ғимаратта Ерекеңнің де ерекше қолтаңбасы бар. Журналист болмағанда, сөзсіз экономист болар еді. Оған қабілет-қарымы молынан жетеді. Мұнысы «Егеменнің» ғимараттарын тұрғызу барысында айқын көрінді. Журналистерге арнап бір емес, бірнеше үй, екі жатақхана салынды, редакцияның негізгі қоры ұлғая түсті. Соның нәтижесінде ұжымда баспанасыз бірде-бір қызметкер қалған жоқ. Жарнама тарту, табыс табу жолға қойылды, газет таралымы 200 мың данадан асып жығылды. «Егеменнің» түтінін түзу ұшыруға сол шаңырақта жүргеніне ширек ғасырдан асқан Еркіннің сіңірген еңбегі мол. Ол – қаламын жариялылықтың бұлағына суарған бірбеткей буынның өкілі. Өзінің де, сөзінің де еркін болатыны содан. Жазуды бастаса – қаламын, құрылысты бастаса – қалағын қолға алып, шеберлігін шыңдаудан жалықпайды...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ