ШЕБЕРЛЕРДІ ШЫҢДАЙТЫН БАЙҚАУ

ШЕБЕРЛЕРДІ ШЫҢДАЙТЫН БАЙҚАУ

ШЕБЕРЛЕРДІ ШЫҢДАЙТЫН БАЙҚАУ
ашық дереккөзі

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатын шеберлер бақ сынасқан байқаудың басты мақсаты – отандық қолөнершілер қауымын әлемдік деңгейге көтеру, бәсекелестікке төтеп беру және жоғалып бара жатқан қолөнер түрлерін сақтап қалу. Қазақстанға танымал шеберлер мен қолөнер әлеміне енді қадам басқан жас мамандардың таланты мен талғамын сынға салатын «Шебер» байқауы өз мәресіне жетті. Туындылардың сапасы мен сынын сараптаған қазылар алқасы биылғы еңбектерге кәдімгідей таңғалыпты. Оған себеп, қолөнерші қауым биыл алғаш рет «Ұлттық кәдесый» категориясы бойынша күш сынасуға мүмкіндік алған. Жеңіске жеткен кедесыйлар Астанада өткізілетін «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне қоюға лайықты дүниелер болмақ.

Қазақстан Қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлованың айтуынша, 2006 жылдан бастап «Қазақстандағы қолөнерді дамыту және халықтық көркемөнер кәсібін жаңғырту» бағдарламасының шеңберінде өткізіліп келе жатқан түрлі шаралар отандық қолөнершілердің кәсіби білігі мен біліктілігін арттыра отырып, әлемдік деңгейге сәйкестендіруді көздейді. «Шеврон» компаниясы, Қазақстан Қолөнершілер одағы, «Our Heritage» Қоғамдық қоры мен Орталық Азиядағы Еуразия қорының ҚР Мәдениет министрлігімен бірігіп ұйымдастыратын осы бағдарлама еліміздің рухани және мәдени дамуына сеп.

Ал 2009 жылдан бастап қолға алынған «Шебер» байқауы Қазақстандағы қолөнер өнеркәсібін демеуді мақсат етеді. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты да шебер қолөнершілерді тауып, оларға бағыт-бағдар сілтеп, қолөнер саласына қатысты мол мағлұмат беретін, кәсіби тұрғыда біліктілікке баулитын, Қазақ қоғамына шеберлер жасаған туындыларды таныстыратын, насихаттайтын да осы шара. 

Жуырда Ұлттық музейде ҚР Мәде­ниет министрлігі мен «Шеврон» компания­сы­ның қолдауымен, елімізде биыл 6-рет өт­кізілген «Шебер – 2014» атауымен Қазақстан қолөнершілері байқауының жеңімпаздарын марапаттады. «Our Heritage» («Біздің мұрамыз») фестивалі аясында жыл сайын ұйымдастырылатын шараның ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай отандық қолөнершілер қауымын құттықтады. Бақ сынасқан әрбір шебердің әр туындысы мақтау мен марапатқа лайық екенін жеткізген ол ұлтымыздың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтінін айтты. 

Салтанатты шара барысында Қазақстан Қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова: «Биылғы байқауға 120 үміткер өтініш білдіріп, оның 32-сі ақтық сынға өтті. Шеберлеріміз «Асыл ұстаз», «Дарынды бастау», «Озат іскер», «Жоғары сапа», «Жаңашылдық», «Төлтумалық», «Жоғары шеберлік», «Ұлттық-мәдени бренд», «Эко-дизайн» категориялары бойынша сынға түсті», – деп мәлімдеді.

 Аты мен атағы елге, әлемге танымал шеберлер жарысында суретші Сәуле Бапанованың киізден жасалған киімдер топтамасы ұсынылып, «Қазақтар XIX-XX ғасырлар аралығында» атты фотосурет және венгриялық суретші Джудит Покс пен ресейлік суретші Яна Волкованың туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Баспасөз өкілдеріне байқау тура­лы мағлұмат берген «Шеврон» компания­сы­ның Үкіметпен және қоғаммен байланыс жө­ніндегі бөлімінің директоры Еркін Зікібаевтың айтуынша, бірнеше жылдан бері Қазақстан қолөнеріне қолдау көрсетіп келе жатқан «Шеврон» компаниясы қолөнершілерге қолдау көрсете отырып, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға сеп болды. Ең бастысы, жоғалып бара жатқан кейбір қолөнер түрлерін сақтап қалуға мүмкіндік туған: «Байқауға ұсынылған қолөнер бұйымдарының деңгейі жыл өткен сайын жақсарып келеді және олардың арасынан ең кереметін таңдап алу да жыл сайын қиындай түсуде».

Сонымен, байқауда марапатқа ие болған қолөнершілер 1000 шебер бас қосатын Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің 50 жылдық алтын мерейтойына қатысатын болды. Ал биылғы сынға түскендер арасында Алматы, Түркістан, Ақтау, Павлодар, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда қалаларының және Шығыс Қазақстан облысы, Шығыс ауылының шеберлері топ жарды. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ