Жаңалықтар

ШОҚАНДЫ СҮЙГЕН ҰСТАЗ

ашық дереккөзі

ШОҚАНДЫ СҮЙГЕН ҰСТАЗ

тарихшы, профессор Дина Дулатованың дүниетанымы

Қазақ халқының тарихи санасы – ұлттық сананың iргелi негiзi әрi қайталанбас рухани құбылыс. Сонау Орхон жазбаларынан бастау алатын түркiлердiң алғашқы тарихи ойлары кейiннен қазақтың ауызекi шежiрелiк дәстүрiне айналып, мұсылмандық жазба тарих тәжiрибесiмен байып, ақыры қазiргi заманғы тарихнамаға ұласты. Алайда елiмiзде кәсiби тарих ғылымының қалыптасуында небiр драмалық бетбұрыстар болды. Әсiресе, Кеңес дәуiрiндегi ақты – қара, қараны – ақ етiп өңiн айналдырған өрескел бұрмалаушылық ұлттық тарихи жадымызға аса ауыр зардап әкелдi.

Кеңес дәуiрiнде өмiр сүрiп, қызмет жасаған зерттеушiлерге, яғни кәсiби тарихшылардың аға буынына бүгiнгi жас буын кейде тек сыни тұрғыдан қарап, оларды коммунистiк идеологияны насихаттаушылар деп баға берiп жатады. Негiзiнен, бұл пiкiрде шындық жоқ емес. Бiрақ өмiрдiң өзi диалектикалық сипатта болатыны сияқты, қандай жағдайда да жалпы қағидаға бағынбаған, бойынан адами, ұлттық құндылықтарын жоғалтпаған тұлғалар Кеңес тарихшылары арасында да кездестi. Мен солардың қатарына марқұм ұстазым, профессор Дина Дулатованы жатқызамын.

80-шi жылдары Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң (қазiргi әл-Фараби атындағы КазҰУ) тарих факультетiне бiз оқуға түскен кезде коммунистiк идеология мейлiнше үстемдiк құрып тұрған едi. Тарих факультетi партияның үгiт-насихатын жансала жүзеге асыратын құрылым болып қалыптасқан екен.

Әрине, сондықтан елiмiздiң тарихшылар даярлайтын басты "ұстаханасы" менiң көңiлiмнен шыққан жоқ. Бiрден байқалғаны бәрiнiң айтатыны – "КОКП тарихы", студенттердiң арманы – соның "маманы" болу, карьера жасау, одан қалса шетел тарихын игеру. Бiр ауыз қазақша сөйлемей, ежелгi "Русская Правданы" (ортағасырлық ескерткiш), "Оңтүстiк және батыс славяндар тарихын" жан-тәнiмен оқып, әбiгерге түсiп жүрген ұстаздар мен оларға ерiп жүрген шәкiрттерiн көрiп, ызам келетiн. Ал "Қазақстан тарихы" мен күткендей емес, аса шектеулi көлемде және социализм дәуiрiне басымдықпен оқытылады екен. Сөйтiп, өзiнше "диссиденттiк" көзқарасқа жақын болып жүрген басым бiраздан соң Қазақстан тарихының арнайы мамандары, маған ғылыми бағдар беретiн тұлға бар ма екен деп айналама қарап, iздене бастадым. Сонда менiң бағыма қарай, алдымнан ардақты Дина апай, яғни Дина Исабайқызы Дулатова ол кезде Қазақ КСР тарихы кафедрасының доцентi шықты.

Дина апай туралы алғашқы құлаққа шалынған ақпарат – ол кiсiнiң МГУ-дың түлегi екендiгi. Сосын ол кезде көп насихатталмайтын әйгiлi "ұлтшыл" тарихшы Ермұхан Бекмахановтың шәкiртi болғаны. Ұстазымның әкесi – ертеректе республиканың Халық Ағарту министрлiгiнде жауапты қызметте болған зиялы азамат Исабай Нұрмамбетов, анасы Зейнеп – мәдениет пен дiндi бiрдей бойына сiңiрген татар ұлтының бекзат қызы.

Дина Исабайқызы 1931 жылы 31 қаңтарда бұрынғы Жамбыл (қазiргi Тараз) қаласында дүниеге келген. М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттiк университетiн тәмамдаған қазақ қызы еңбек жолын Алматының орта мектептерiнiң бiрiнде ұстаздықтан бастап, кейiннен ҚазМУ-дың тарих факультетiнде лаборант қызметiн iстеп, сосын оқытушылық, ғылым жолына түскен. 40 жылдай ғылым-бiлiмнiң ордасы болған Қазақ Ұлттық университетiнiң "қазанында" қайнап, ұзақ жылдар бойы осында Қазақстан тарихынан дәрiс берiп келдi, көптеген шәкiрт дайындады. 1972-1977 жж. Дина Дулатова тарих факультетiнiң деканы қызметiн де атқарды. Кезiнде ұстазы Е. Бекмаханов iргесiн қалаған Қазақстан тарихы кафедрасының тiзгiнiн қолға алып, ғалым, профессор ретiнде 100-ден астам еңбектер жазып, тарихнама деген ғылым саласын дамытты.

Тұлға да, оның қызметi де салыстыру арқылы, өз заманына, нақты тарихи жағдайға сай бағалануы керек. Дина апайдың көпшiлiктен, сол замандағы тарихшылардан көш iлгерi тұруына негiз болған жәйттер, бiрiншiден, Кеңес дәуiрi идеологиясының қыспағына қарамастан "құдыреттi" КОКП партиясы немесе тiптi Кеңестiк Қазақстан тарихын зерттеуден бас тартып, 1963 жылы ғылыми жетекшiсi Ермұхан Бекмахановтың тiкелей кеңесiмен "Шоқан Уәлихановтың тарихи көзқарастары" деген тың тақырыпта кандидаттық диссертация жазып шығуы. Кейiннен Мәскеуде "Қазақстанның революцияға дейiнгi кезеңдегi тарихнамасы" (1861-1917) атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Ол жылдары, яғни Кеңес империясы тұсында "революцияға дейiнгi" деген сөз тiркесiнiң өзi күдiк туғызатын. Партия, колхоз, совхоз, бесжылдықтар тарихы, жұмысшы табы – мiне нағыз "өзектi" тақырыптардың бiрiн таңдаудың орнына қайдағы кезеңдi зерттеуi қалай деп iшiнен де, сыртынан да қайнап жүргендер болған-ды.

Алғаш оқуға түскен жылдың өзiнде, сонау 1983 жылы Дина апай маған студенттiк конференцияға қатысу үшiн ертедегi қыпшақ даласына саяхат құрған Плано Карпини мен Рубруктiң еңбектерiн оқып, талдауды ұсынып едi. Кейiннен тарих ғылымында шеттеп, кенжелеп қалған мәдениет, руханият тақырыбына баулыды.

Озық ғылыми, дүниетанымдық көзқарастарымен қатар профессор Дина Исабайқызы Дулатова өз ортасынан рухани, моральдық тұрғыдан да биiк тұрды. Сол замандағы жоғары оқу орындары ұстаздарына тән "дерт" болған сыбайлас жемқорлық, пара мәселесiн алсақ, Дина апай жайлы "пара алмайтын мұғалiм", "пара алмайтын бiрден бiр ғылыми жетекшi" деген құпия ақпарат-мiнездеме тарап, орныққан болатын. Ол кiсi тiптi шәкiрттерiнiң ұсынған кiшiгiрiм сыйлықтарының өзiн керi қайтарып, тек гүл шоқтарын ғана алып қалатын сүйкiмдi әдетiмен ерекшелендi. Дина апай руханият, дiн сөз болмай тұрған, коммунистiк "мораль" мен кәдiмгi екiжүздiлiк бiрге жүретiн сұм заманның өзiнде имандылық, тазалық үлгiлерiн көрсетiп, тiптi аңыз адамға айналып үлгердi десек артық айтқанымыз емес.

Кейбiреулер нағыз ғалым, зиялы адам ретiнде дүние мүлiкке, материалдық байлыққа ұмтылмаған Дина апайдың әдiлетсiздiкке, өсек-аяңға, арамдыққа шыдамай, ашық жанжалға дейiн баратын турашыл мiнезiн, сол сияқты тұрмыстағы қарапайымдылығын сөз етiп, "еркек сияқты" деп сөгiп те жүретiн. Ал шын мәнiнде, ойланып көрсек, бiздiң түркi-көшпендiлiк дәстүрiмiзде әйел бойынан iрiлiк, ерлiк, ашық мiнез сипаттары байқалса, оны, керiсiнше, жәй "ұрғашылықтан" биiк көтерiлген руханиланған жан деп баға берген. Азамат орнына жүрген әйелдердi, батыр қыздарды халқымыз әрқашан сыйлаған. Мысалы қазақ эпосына мақтау ретiнде "шын мұсылман анасы, әйел де болса ер едi" деген сөз тiркесi кездеседi. Шын мәнiнде, Дина апаймен тығыз араласып, сырласқанда ол кiсiнiң iшкi жан-дүниесi сезiмтал, жүрегi жұмсақ, нағыз мейiрiмдi әйел заты екенiн байқауға болатын.

Өзi оңтүстiк өлкеде туып, бүкiл өмiрiн Алматыда өткiзсе, шәкiрттерi кең байтақ Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен шыққан, әртүрлi географиялық аймақтардың – Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Шымкент, т.б. қаракөз ұл-қыздары болатын.

Ол кiсiнiң өмiрден озғанына, мiне, алты жылдан асыпты. Ойлап отырсам, ұстазымның бүкiл өмiрi, ұстанған қағидалары – ұлағат, нағыз ғибрат екен. Жасы ұлғайған шағында тағдыр қатаң сын көрсетiп, жалғыз ұлы жол апатынан қайтыс болғанда, ана жүрегi қақ жарылып, қабырғасы қайысып қайғырса да, ақыры сабырға келiп, бұл ауыр жүктi де жеңе алды: белiн буып, немерелерiнiң аяғынан тiк тұрып кетуi үшiн күрестi, шәкiрттерiн ойлап, ғылым мен педагогикалық қызметiн жалғастыра беру туралы шешiм қабылдады.

Ғұмырының соңына дейiн профессор Дина Исабайқызы Дулатова әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң тарих факультетiнде дәрiс оқып, студент жастарға бiлiм берiп, жан-тәнiмен тәрбиелеп келдi. Тәуелсiз Отанының тарих ғылымын, тарихнамасын одан әрi жетiлдiруге, кәсiби тарихшылар даярлау жолында Дина апай өзiнiң күш-жiгерiн аямады. Ендеше, өмiрi мен қызметi аса мағыналы өткен, ұлағатты ұстаз, ғалым, адамгершiлiгi мен адалдығы мол нағыз зиялы азамат Дина Исабайқызы Дулатованың ғұмырбаяны – “нағыз мұсылман анасы, әйел де болса ер едi” дегiзетiн сыр.

Назира НҰРТАЗИНА, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi,

тарих факультетiнiң доцентi