ТӘУЕЛСIЗДIКТI ТҰМШАЛАҒАН ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ОЙНАҒЫ
ТӘУЕЛСIЗДIКТI ТҰМШАЛАҒАН ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ОЙНАҒЫ
Қайсыбiр күнi Мәжiлiс депутаты Жарасбай Сүлейменов жұрттың көкейiнде жүрген орынды мәселенi көтердi. Елбасының "Тәуелсiздiк күнiн атап өту бiзге ең алдымен той тойлау үшiн емес, ой ойлау үшiн керек" деген сөзiн тiлге тиек еткен ол: "Астананың қай бұрышына барсаң да абыр-сабыр, әлем-жәлем жұрт бiрдеңеден құр қалатындай жанталасып, белуардан қар жауып, қаңтар есiп тұрғандай дүрлiгiп жатыр. Қасиеттi мереке саналатын Тәуелсiздiк күнi осы әлем-жәлем дүрлiгудiң көлеңкесiнде қалып тұр. Тәуелсiздiк күнiнен қымбат мереке жоқ. Азаттықтың ақ таңы атқан күн бодандықтың бұғауы быт-шыт болып, халқымыз бостандықтың дәмiн татқан күн. Жаңа жыл мерекесiне дайындықты екi ай бұрын бастау салтымызға сiңiп дәстүрiмiзге енiп кеткендей ме, қалай?! Осыдан кейiн ойланасың, басың қатады, мерекенi ұйымдастыруда жауапты адамдар неге жүрiсiнен жаңылды? Бiзге Тәуелсiздiк қымбат па, Жаңа жыл қымбат па?!" деп, осы жөнiнде Үкiмет жетекшiсi Кәрiм Мәсiмовке арнайы сауал жолдаған болатын.
Расында да Тәуелсiздiк тойы басталмай жатып Шымкенттiң көшелерi де жаңажылдық "көйлегiн" киiп шыға келдi. Қайда барсаң да, жаңажылдық көңiл-күй, жаңажылдық әлем-жәлем, шырша, Аяз ата, Ақша қар. Астананың өзiнде шырша орнату рәсiмi Елбасының қатысуымен өтiп жатқанда шымкенттiк шенеунiктер қарап қалсын ба?! Қаланың бiр емес, екi-үш жерiне желтоқсанның басында-ақ жалт-жұлт еткен жасанды шыршаларды орнатып тастаған. Оған ешкiмнiң шатағы жоқ едi, бiрақ…Былтыр жергiлiктi кәсiпкер, ұлтжанды азамат Әмiрхан Шүменовтың демеушiлiгiмен салынып, Елбасының қатысуымен ашылған "Жер ана" Тәуелсiздiк монументiнiң қасына Тәуелсiздiк тойы басталмай жатып, шырша әкелiп орнатып қоюдың қаншалықты қажетi бар едi? Мемлекеттiк ең ұлық мерекесi – Тәуелсiздiк күнiнде ешқандай iс-шара өтiлмеген монументтiң жанында алдағы Жаңа жыл мерекесi дүркiреп өткiзiлетiн түрi бар. Дәл былтырғыдай. Тәуелсiздiктен гөрi Жаңа жылдың маңыздырақ мереке болғаны ғой?! Мұны – бiр деңiз.
Екiншiден, осы жуырда ғана Шымкенттегi Хаттани атындағы орталық мешiттiң өкiлдерi Шымкент қаласының әкiмi Арман Жетпiсбаевқа хат жолдады. Дiн өкiлдерi мешiтке таяқ тастам жерде тұрған "Жер ана" монументiнiң қасына шыршаның әкелiп орнатылғанына наразылықтарын бiлдiрдi. "Шырша мұсылмандықтың белгiсi емес, дiн өкiлдерiнiң өкпе-ренiшi осыдан туған шығар" деп ойлайтын шығарсыз. Қателесесiз.
Облыс имамының орынбасары Мұхамеджан Естемiров былай дейдi: "Мешiт Алланың жердегi үйi болып саналады. Орталық мешiт облыстағы барлық мешiттерге үлгi болатын ең үлкен имандылық ордасы. Бiле бiлген адамға ол иманымыздың айнасы. Желтоқсанның 10-дарына осы шыршаны әкелiп орнатты. Былтыр да осы араға қойылған. Өткен жылғы келеңсiздiк биыл тағы да қайталанайын деп отыр. Қалалық әкiмдiктiң басшылары бiзбен алдын-ала бiр ауыз ақылдасқан жоқ. Бiздi осы жайт қынжылтады.
Мешiт қауымының шырша әкелiп орнатуға ешқандай қарсылығы жоқ. Бiрақ былтыр Жаңа жылда алаңға халық көп жиналды. Мереке болғаннан кейiн мұнда iшiп алғандар келедi. Алаңда шампан атып, мұсылманшылыққа жат қылықтар жасайды. Осындай оспадарсыздықтың мешiттiң дәл iргесiнде болып жатқаны жанымызға батады. "Жер ана" Тәуелсiздiк монументiнiң айналасында ұят та болса айтайық, дәретхана жоқ. Сондықтан мерекеге жиналған халық мешiттiң дәретханасына кiруге мәжбүр. Олардың арасында iшiп алған мас азаматтар да кездеседi. Осы себептi былтыр Жаңа жыл түнiнде мешiт ауласы ластанып кеттi. Тiптi адам жиiркенедi. Бұл Алла үйiне намаз оқуға келген мұсылмандардың иманына жат емес деп кiм айта алады?!".
Мешiттен шыққаннан кейiн осында намаз оқуға келген бiр азаматпен тiлдескен едiк. Ол да шырша туралы бiраз өкпе-ренiштiң тиегiн ағытып қоя бердi:
– Мен осы мешiтке намаз оқуға жиi бас сұғып тұрамын. Былтыр 1 қаңтарда келiп, аң-таң болдым. Мешiттiң ауласын әбден ластап кетiптi. Түрлi отшашулардан қалған қалдықтар, босаған бөтелкелер… Адам қарағысыз. Имамдар сол түнi iшке адам кiргiзбей, есiктi құлыптап қойған екен. Бiрақ олар есiктi теуiп, жұлқылап "ашыңдар" деген көрiнедi. Мас адам болған соң не дейсiз?
Жаңа жыл қымбат па, Тәуелсiздiк қымбат па? Шымкенттiк шенеунiктерге осы сауалдарды таразылап алатын сын сағат туған тәрiздi. Таразы басының қалай қарай ауарын алдағы уақыт көрсетер. Мешiт қауымы үмiттерiн әлi үзген жоқ.
Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.