Жаңалықтар

ЛАТЫН ӘЛIПБИI ТАҒЫ ДА ТАРАЗЫҒА ТҮСТI

ашық дереккөзі

ЛАТЫН ӘЛIПБИI ТАҒЫ ДА ТАРАЗЫҒА ТҮСТI

Қазақстан латын әлiпбиiне қашан көшедi? Бұл өзектi мәселе осыдан үш-төрт жыл бұрын қызу талқыға түскен-дi. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХII сессиясында сөйлеген сөзiнде: "Латын әлiпбиiне көшу мәселесiн қарайтын кез келдi. Бұл мәселенi кезiнде кейiнге қалдырған едiк. Қалай болғанда да, латын әлiпбиi бүгiнде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан, бұрынғы кеңестiк елдердiң көпшiлiгiнiң латын әлiпбиiне көшуi де кездейсоқтық емес. Мамандар осы мәселенi зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиiс. Бiздiң балаларымызды ағылшын тiлiне оқытудың өзi латын әлiпбиiмен байланысты. Ал бiз қазiр барлық мектептерде ағылшын тiлiн оқытамыз. Сондықтан мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ" дей келе, бұл iсте асығыстыққа жол беруге болмайтынын да қадап айтқан болатын.

Мiне, содан берi қоғамда латын әлiпбиiне көшудiң тиiмдi және тиiмсiз жолдары таразыға тартыла бастаған. Тiптi, Елбасының "тiл мамандары нақты ұсыныс жасасын" деген емеурiнiнен кейiн А.Байтұрсынов атындағы Тiл бiлiмi институтының ғалымдары жапа-тармағай латын әлiпбиiнiң жаңа жобаларын жасап, талқылауға ұсынып жатты. Оның бiрi кириллица әлiпбиiнде қалып, оны жетiлдiрудi ұсынса, екiншi бiреулер араб әлiпбиi негiзiнде А.Байтұрсынов жасаған төте жазуға оралайық дегендi бiлдiрген. Ал ендiгi бiреулерiнiң пiкiрi, тiптi көне түркi жазуына көшейiк дегенге саяды. Турасын айтқанда, Ахмет Байтұрсыновтың қарапайым мысалындағы аққу, шортан һәм шаянның кебiн киген ғалымдар бiр-бiрiнiң жасаған жобасын жоққа шығарып, әуре-сарсаңға түскен-тұғын. Айналасы, бiр-екi жыл iшiнде баспасөз бетi жоба ұсынушылардың пiкiрталас алаңына айналғанмен, кейiнгi кезде бұл мәселенiң бетiн жылы жауып қойған тiл ғалымдарының үнi бәсеңсiген.

Ал, жақында елiмiздiң Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед bnews.kz. сайтының интернет-конференциясында берген сұхбатында: "Ерте ме, кеш пе, елiмiздiң латын әлiпбиiне көшетiнi анық. Өмiрдiң өзi соған мәжбүр етiп отыр. Егер латыншаға көшкен болсақ, ешқандай проблема болмаған болар едi. Мен кiмнiң қандай пiкiрi бар екенiн бiлмеймiн, бiрақ барлықтарыңыз латынша әрiптердi пайдаланасыздар. Қазiр ұялы телефондарыңызды үстелге қойсаңыздар, жартысы латынша әрiптердi қолданатындығы анықталады. Бiз sмs-хабарды қазақша, орысша жiбергенде латынша әрiптермен жiберемiз. Сөйтiп жүрiп, өзiмiз де латынша әрiптерге көшкенiмiздi байқамай жүрмiз!", – деп латын әлiпбиiне көшудiң қажеттiлiгiне қайта дем бердi. Сондай-ақ министр: "Кез келген әлiпбидiң түрi, сипаты болмайды. Ол – бар болғаны белгiлiк таңбалар. Сондықтан латыншаға көшуде ешқандай саясат болмауы керек" деген пiкiрiн ашық айтып, бұл мәселенi Елбасының өзi мұқият зерттеудi тапсырғанын тiлге тиек еттi. Яғни, әлiпби мәселесiнде асығыстыққа жол бермей, салмақты әрi байыпты түрде талқылап, қабылдау қажет екенiн алға тартқан ол тiл ғалымдарына тағы да құлаққағыс жасағандай болды. Алайда, билiк латын қарпiне көшуге байланысты әңгiменiң шетiн шығарған кезде, әншейiнде ұлттық мәселеге келгенде тiлiн тiстеп қалатын жергiлiктi орыстiлдi ақпарат құралдары iлiп әкеткенiмен қоймай, iштей наразы екендiктерiн жасырмайды да. Мәселен, "REGNUM" ақпарат агенттiгiнде жарияланған "А "фигу" латиницы держим в кармане!? И …никакой политики" атты мақалада аты айтып тұрғандай, автор бұл айтыс-тартыстан ештеңе шықпайды деген тұжырым жасағысы келген cияқты. Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң латын әлiпбиi тұрғысында айтқан ойын нысанаға ала отырып, өзiнiң ұстанымын астарлап жеткiзгiсi келедi. "2007 жылы Қазақстанда қазақ тiлi жылы жарияланған кезде латын әлiпбиiне көшуге байланысты сан алуан пiкiрлер тоғысы өрбiдi. Сол кезде қазақ тiлiн латынға ауыстыруда қазақ тiлiнiң фонетикалық спецификасы құрдымға келiп тiреледi дегендер болды. Яғни, бұл идеяға қарсы топ латын әлiпбиiне көшкен Өзбекстанның тәжiрибесiнде кеткен олқылықтарды айтып, бiраз уақытқа дағдарып қойған едi. Бiрақ та әлi күнге дейiн қазақ әлiпбиiн, тiптi, қазақ тiлiне аударылған әлемдiк әдебиеттi латынға кiм, қалай көшiредi деген мәселе түсiнiксiз күйде қалғанына қарамастан, мемлекеттiк шенеунiктер латын әлiпбиiне көшу мәселесiн ауық-ауық көтере бередi" деп достық рәуiште "жанашырлық" таныта қалыпты.

Бұдан ненi аңғаруға болады? Бiр анығы, ұлт, тiл мәселесiне келгенде елiмiздегi орыстiлдi ақпарат құралдары мейлiнше бойын аулақ ұстауға тырысып бағады. Бұл – үйреншiктi жағдай. Тiптi, елiмiздiң ақпарат құралдары екiге бөлiнiп, бiрiнiң мұңын екiншiсi керек қылмайтын жағдайға жеткендiгi осындай қарама-қайшы пiкiрден кейiн-ақ аңғарылып жатады.

ТӘЖIКСТАН ОРЫС ӘРIПТЕРIНЕН АРЫЛЫП ЖАТЫР

Айтпақшы, Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед онлайн-конференцияда қазақ тiлiне қатысты өткiр ойларын салмақты түрде жеткiзгенде көңiлiмiз тоқмейiлсiгендей болды. "Конституциясында "Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi" деп көрсетiлген Қазақстан Республикасында тұрып, осы жерде 20 жыл бойы өмiр сүрiп жатқан Қазақстан азаматтарынан "Мемлекеттiк тiлдi бiлесiң бе?" деп сұрайтын уақыт жеттi. Сiз Германияға немесе Израильге барып, "Мен немiс тiлiн оқымаймын, бiрақ маған азаматтық берiңдер" деп шарт қоя алмайсыз ғой. Ол жақта ең әуелi тiлдiк курстан өтiп, немiс не иврит тiлiнде сөйлей алатыныңызды дәлелдеген соң ғана мемлекет сiзге азаматтық бередi. Тәуелсiздiгiмiздi алғаннан берi мемлекеттiк тiлге деген қызығушылығыңызды тудырғанда, тiлдi өте нашар деңгейде болсын меңгерер едiңiз" деп батыл пiкiрiн баршаға қарата айтқан министр мемлекеттiк тiлдi менсiнбейтiндердiң түйсiгiне ой салды. Алайда, бiздiң мемлекеттiк шенеунiктер қоғамның бетiн берi қарату үшiн сұхбат алаңын кәдеге жаратып жатқанда, Тәжiкстан мемлекетi орыс әрiптерiнен түбегейлi арылуға белсене кiрiсiп кеттi. Бұдан бұрын небәрi 7,5 млн. халқы бар Тәжiкстан елi "Мемлекеттiк тiл туралы" жаңа заң қабылдап, одан "орыс тiлi – ұлтаралық қатынас тiлi" деген бапты толығымен алып тастаса, таяуда ғана жергiлiктi тiл бiлiмi ғалымдары тәжiк әлiпбиiндегi орыс тiлiнен енген "е", "ё", "ю" және "я" әрiптерiнен бас тартуды ұсынды. Қашан да жат жұртқа жалпақтамай, өзiнше әрекет етiп, тiлi мен дiлiн сақтауды мұрат тұтқан тәжiк билiгi бұл жолы да үлкен бәйгеге басын тiктi. "REGNUM" агенттiгiнiң хабарлауынша, "е", "ё", "ю" және "я" әрiптерiнен бас тартуды Тәжiкстан Ғылым академиясының тiл және әдебиет институтының директоры Сәйфиддин Назарзода бастаған бiр топ ғалым ұсынған. Олар әзiрлеген әлiпби жобасы қазiргi тәжiк тiлiндегi әрiп санын 35-тен 31-ге қысқартады. С.Назарзоданың айтуынша, аталған әрiптер кеңестiк дәуiрде ұлттық алфавиттi орыстандыру саясатымен енгiзiлген. "Бүгiнде бұл әрiптерден пайда шамалы, керiсiнше бұлар тәжiк тiлiнiң орфографиялық заңдылықтарына қарама-қайшы" дейдi тәжiк ғалымы. Тәжiкстан сонау тәуелсiздiк алған жылдардан кейiн-ақ "ц", "щ", "ы" әрiптерi мен жiңiшкелiк белгiсiн әлiпбиден алып тастаған кезде ұлттық әлiпбиге жат "е", "ё", "ю", "я" әрiптерi бұл "қысқартуға" iлiнбей қалған болатын. Ендi мiне, бұл армандарына да жеткен Тәжiкстан үкiметi жаңа ұлттық әлiпбидiң өмiрге келетiнiне дән риза.

Шынтуайтына келгенде, бiздiң қолданыстағы әлiпбиде де қазақ тiлiне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әрiптер баршылық. Мәселен, 42 әрiптiң iшiндегi орын алып тұрған ъ, ь, ч, ц, ю, я, ё сынды әрiптердiң iске асып жатқаны шамалы. Алайда, оларды дәл бүгiн алып тастаудың ретi келсе де, әлi күнге жасқаншақтық танытып келемiз. Тiптi, әлiпбидi кирилл әрiптерiнен тазарту керектiгiн ашық түрде жариялау былай тұрсын, сөз арасында айтуға қоғамның орыстiлдi бөлiгiнен бұқпантайлап жататынымыз жасырын емес. Сонда бұл не? Жалпақшешейлiк пе, жалған намысқойлық па? Әлде, бұл әрiптердi әлiпбиден сызып тастасақ, басқа ұлт өкiлдерi өре түрегеледi деген үрей ме? Қалай десек те, бұл мәселенi шешу өзiмiзге ғана байланысты. "Өзiңдi өзiң жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн" демекшi, өз қотырымызды өзiмiз қасымасақ, тiл мәселесiне келгенде, бөгде ешкiмнiң де жаны ауыра қоймасы анық.

Филология ғылымдарының кандидаты Кенжехан Матыжанов баспасөзге берген сұхбатында: "Бiрiншiден, қазiргi кириллица негiзiндегi әлiпбимен жүре берсек, орыс тiлiне деген тәуелдiлiгiмiз асқына бередi де, әлiпби тұрғысында әлемдiк қауымдастықтан, түркi тiлдес халықтардан жырақтай түсемiз. Тiл саласындағы жаңа технологиялардың да игiлiгiн көре алмаймыз. Екiншiден, осы әлiпбиде қалсақ, тiлiмiздiң табиғи әуезiнен, сөйлеу мәнерiнен жаңылу, емледегi келеңсiздiктерден құтыла алмаймыз. Өйткенi, кезiнде күшпен енгiзiлген бұл әлiпбиде орыс тiлiнiң таңбалары сол күйiнде тұнып тұр, емiлемiз де соған таңылып жасалған, бiрер таңбаны қысқарту арқылы оны орнына келтiре алмаймыз. Сондықтан да ғалымдар мен мамандар кириллица әлiпбиiн қазақы дыбыс жүйесiне ыңғайлап, оңтайландыруға бара алмай жүр" десе, латын әлiпбиiнiң бiр жобасын ұсынған ғалым Әлiмхан Жүнiсбек: "Латын әлiпбиiне көшудегi ең негiзгi қажеттiлiк ақпарат алмасу. Жұрт бiздiң не оқып, не жазып отырғанымызды бiлмесе, әлеми кеңiстiкке ене алмаймыз. Олардың да ақпараты бiзге жетпейтiн болады. Орыс түркологтары бiздiң қазiргi кириллицамен жазғанымызды оқи алмайды. Мысалы, Қытай мен Жапонияның жазуы иероглиф болса да, бiлiмi мен ғылыми өндiрiсiн өзiнiң иероглифiмен емес, латынмен дамытып келедi" деп мәселенiң мәнiсiн латын әлiпбиi арқылы шешуге болатындығына күмән келтiрмеп едi. Бiрақ қалай және қашан көшемiз? Бұл сұраққа ешкiм дөп басып жауап бере алмайды. Тiптi, Мәдениет, Бiлiм және ғылым министрлiгi де латын әлiпбиiне көшу ретiнiң арнайы бағыт-бағдарын да ұсынған жоқ.

Әрине, Мәдениет министрi латын әлiпбиiне көшу мәселесiн тектен-тек ауызға алған жоқ. Бұл пiкiрдiң астарында келешекте Қазақстан түптiң түбiнде осы жолды таңдайды деген нақты шындық жатыр. Ол үшiн сонау 1993 жылы латынға өтiп кеткен Өзбекстан сияқты кемшiлiктерге бой алдырмай, жобаны "жетi рет өлшеп, бiр рет кесiп" барып ғана қабылдау қажет. Онсыз кириллица әлiпбиiнен қол үзiп, қазақ тiлiне жат әрiптердi алып тастау қиынға соғуы мүмкiн. Бiр айта кетерлiгi, қазiр "ана әлiпбиге көшейiк, мына әлiпбиде қалайық" деп жүрген азаматтардың ешқайсысында сол әлiпбидiң нақты жобасы, емiле ережесi жоқ сияқты. Оны енгiзгенде қаншалықты пайда-зияны болады, бүгiнгi қолданысымызға қаншалықты қолайлы болады деген сауалдарға да нақты жауабы дайын емес. Соған қарағанда, тiл ғалымдары жоба ұсынуға ұмтылудың орнына қоғамдық пiкiрталас деңгейiнен аса алмайтын сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ