Жаңалықтар

«АЛТЫН КӨРСЕ...»

ашық дереккөзі

«АЛТЫН КӨРСЕ...»

Заң күшейдi. Ал сыбайлас жемқорлық тыйылар емес

Осыдан он екi жыл бұрын Қазақстан Республикасының "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңы қабылданды. Сол Заңда сыбайлас жемқорлыққа мынандай анықтама берген "…мемлекеттiк мiндеттердi орындайтын адамдар, сондай-ақ соларға теңелген адамдар, тiкелей өзi немесе делдал арқылы өздерiнiң лауазымды құзыреттерiн және онымен байланысты мүмкiншiлiктi немесе өз құзыретiн басқаша пайдаланып, мүлiктiк пайда алу үшiн заңмен қарастырылмаған мүлiктiк жайлылықты және артықшылықты қабылдау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен аталмыш жайлылықты және артықшылықты оларға заңсыз беруге осы адамдарды парамен сатып алу". Осы Заң бойынша барлық мемлекет органдарының қызметкерлерi мен лауазымды тұлғалар өз қызмет шеңберiнде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы керек едi. Оларды аталмыш Заң соған мiндеттеген. Алайда, "Алтын көрсе перiште жолдан таядының" керiмен, Заңды неше түрлi қитұрқы жолдармен айналып өтiп, қызмет орындарын бас пайдасына пайдаланып жүргендер аз емес. Мұндай келеңсiз жайлар күнделiктi ақпарат құралдарында жиi жарияланып жүр. Ең сорақысы, солардың арасынан Заңды қорғайды деп жұрт сенiм артып жүрген құқық қорғау қызметкерлерiнiң де кездесiп жатқаны өкiнiштi. Бұлар қарапайым халықтың билiкке, мемлекеттiк органдарына деген сенiмiне кiрбiң түсiруде. Жемқорлық жайлаған жерде ел экономикасына ғана емес, ел қауiпсiздiгiне де нұқсан келетiнi бесенеден белгiлi жайт.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономика және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментi бастығының орынбасары, қаржы полиция майоры Сабыр-Рахат Мейрамхатұлының құқықтық салалық ақпарат құралдарына берген сұхбатында мынандай мысалдар келтiрген:

"2010 жылдың 8 айы iшiнде атқарылған жұмыстардың нәтижесiне тоқтала келсек, қаржы полициясында осы мерзiм iшiнде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 102 қылмыстың бетi ашылды. Оның iшiнде парақорлық фактiлерi бойынша – 35, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету бойынша – 25, қызметтiк жалғандық жасау бойынша – 31, қызмет өкiлеттiгiн терiс пайдалану бойынша – 6, алаяқтық бойынша – 2 және мемлекеттiк функцияларды орындауға өкiлеттiк берiлген тұлғаның мүлiктi заңсыз иеленуi, лауазымдық өкiлеттiктердi асыра пайдалану, кәсiпкерлiк қызметке заңсыз қатысу деректерi бойынша – 2 қылмыстық iс қозғалды. Қазiр 82 қылмыстық iстiң өндiрiсi аяқталып сотқа жiберiлдi. Жалпы, ашылған қылмыстық iстер бойынша келтiрiлген шығынның көлемi 55 млн. 955 мың теңгенi құрады, оның 55 млн. 137 мың теңгесi қайтарылды".

Ал осы қылмысты жасайтындардың iшiнде кiмдердiң саны басым? Мейрамхатұлы оған мынандай нақты деректер келтiрген:

"Жемқорлық әрекеттерiнiң мемлекеттiк қызметшi немесе мемлекеттiк мекемеде қызмет жасайтын тұлғалар арасында жиi кездесетiнi рас. Сегiз айдың iшiнде қозғалған 102 iстiң 85-сi, өкiнiшке орай, солардың үлесiне тиiп отыр. Соның iшiнде 42 тұлға жауапкершiлiкке тартылып, 26 iс сотқа жiберiлдi.

Бұл күндерi департаменттiң тергеу басқармасы Өскемен медициналық колледжiнiң лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық iстiң тергеуiн аяқтады. Тексеру жүргiзу барысында 2007-2009 жылдар аралығында аталған колледжде басшылық қызмет атқарған бiрқатар тұлғалардың колледжде мүлдем жұмыс iстемеген, штаттан тыс оқытушылар мен қосалқы шаруашылық қызметкерлерiне заңсыз жалақы төлеп, 10 млн. теңгеден артық бюджет қаражатын талан-таражға салғаны анықталды.

Сондай-ақ, Өскемен қаласының мамандандырылған әкiмшiлiк сотының судьясына әкiмшiлiк iстi қысқарту үшiн азамат Руденконы 450 мың теңге көлемiнде пара беруге итермелеген жеке кәсiпкер Е.Паплевкаға қатысты қылмыстық iс қозғалып, сотта қаралды".

Бұл тек бiр ғана облыстан келтiрiлiп отырған мысалдар. Ал басқа облыстарда ше? Сыбайлас жемқорлықтан ада деп айтуға бола ма? Жоқ! Жұрт ондай жағымсыз мысалдарды ақпарат құралдарынан жиi-жиi кездестiрiп отыр. Сыбайлас жемқорлықтың бүкiл республика бойынша келтiрiлген шығындарын есептер болсақ, қомақты қаржыны құрайтыны сөзсiз. Бюджет – халықтың қаражаты. Сондықтан халық игiлiктерiне жұмсалуы керек. Дегенмен, ол қаншалықты Заңмен қорғалды десек те, кейбiр ар-ұятын аяққа таптаған мемлекет қызметкерлерi ебiн тауып екi асап қалуды әдетке айналдырған.

Әлеуметтiк ауруды асқындырып алмау үшiн қазiр жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтiлу үстiнде. Мемлекеттiк қызметкерлердiң өз мiндеттерiн кiршiксiз орындаулары қатаң бақылауға алынған. Бiрақ, соның өзiнде "Ұсталмаған ұры емес" қағидасын ұстанып, айласын асырып жүргендер кездесiп жатыр.

Жемқорлық әлемнiң көптеген елдерiн жайлап алған. «Трансперенси Интернешнл» халықаралық ұйымының мамандарының пайымдауынша, қай мемлекетте кедейшiлiк басым болса, әлеуметтiк ахуал ушығып тұрса, сол мемлекеттi пәлеқорлық, жемқорлық, коррупция жайлайды. Ал Қазақстан былтыр жемқорлық жөнiндегi көрсеткiшi бойынша 180 елдiң iшiнде 145-шi орынды алды. Иә, бұл қуанарлық көрсеткiш емес.

Былтырғы жылдың соңына таман Парламент Сенатының жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi одан әрi күшейту мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасы мақұлданды. Заң жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi агенттiгi төрағасының орынбасары Андрей Лукин баяндама жасады. Ол баяндамасында сыбайласқан жемқорлықтың алдын алып, онымен күрестi барынша күшейту мақсатында айыппұл санкцияларының көлемi ұлғаятынын, Заң жобасының 308-бабы бойынша, ол бұрынғы 800 АЕК-тен яғни 934 мың теңгеден, 4000 АЕК, жалпы көлемi 4 млн. 672 теңгеге өсетiнiн, бұған қоса барлық сыбайласқан қылмыс бойынша мiндеттi түрде мүлiктердi тәркiлеу өлшемi дәйектелiп отырғанын жариялады. Сондай-ақ, ұлттық заңдылықтарымызды БҰҰ-ның "Сыбайласқан жемқорлық туралы" конвенциясына сәйкестендiру мақсатында үшiншi тұлғаның пайдасы үшiн пара алуды жазалау туралы өлшем енгiзiлгенiн, сыбайласқан жемқорлыққа қатысы барлар мемлекеттiк қызметтен аластатылатынын, экономикалық контрабандаға қатысты қылмыстарға қатысқан қызметкерлерге де көп мөлшерде айыппұл салынатынын, қатаң жазаланатынын жеткiзген. Алайда заң жобасын талқылауда сенаторлар Евгений Аман мен Тасбай Симанбаев Заң жобасындағы сыбайласқан жемқорлық ең көп орын алатын мемлекеттiк сатып алу шарасы жөнiнде ешқандай талаптың нақты дәйектелмегенiн ашып айтты. Сенатор Тасбай Қабашұлы бұл саладағы жемқорлыққа қарсы күресте журналистерден, сарапшылардан, экономика, техника мамандарынан құралған тәуелсiз комиссияның аса қажеттiлiгiн алға тартты. Ол өз сөзiнде: "Жемқорлыққа қарсы күрес елiмiзде жылдан жылға күшейiп келедi. Парламентте бiрнеше Заң қабылданды. Оның iшiнде "Сыбайласқан жемқорлық туралы" негiзгi Заң бар. Тек соңғы екi жалпы отырыста екi Заңды мақұлдадық. Қаншама тәртiптiк кеңес, ұйымдар құрылып жатыр. Солай бола тұра, қылмыстың бұл түрi жылдан жылға өршiп келедi. Әсiресе, мемлекеттiк сатып алу шараларының 80 пайызы сыбайласқан қылмыстан тұрады. Нақ осы салада миллиардтаған бюджет қаржысы ұрланып жатыр. Тек соңғы жетi айдың iшiнде қаржы полициясы жемқорлыққа қатысты 256 қылмыстық iс қозғаған. Одан мемлекеттiң шеккен зияны 2 млрд. теңгеден асып кетiптi. Бұл анықталғаны ғана", – дедi. Осындай ескерпелерден соң агенттiк төрағасының орынбасары Андрей Лукин мемлекеттiк сатып алуларға қатысты өз алдына дербес заң жобасы әзiрленiп жатқанынан хабардар еткен болатын. Ал содан берi жылға жуық уақыт өттi. Қоғамда не өзгердi? Аталмыш шаралар оң өзгерiстер жасауға ықпал ете алды ма? Әрине, атқарылған жұмыстар бар. Әйтсе де жемқорлар мен парақорлардың жолы шорт кесiлген жоқ және азаймай да отыр. Олардың әккiленiп алғаны соншалық, аталмыш заңды айналып өтетiн небiр қитұрқы айла-әрекеттердi ойлап табуда. Жуырда ғана Семей қаласында "Грана" ЖШС фирмасының жетекшiсi қолға түстi. Оның есебiнде тоғыз жалған фирма тiркелген. Жартысы өзiнiң атында болса, жартысы басқалардың атында. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментiнiң экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу жөнiндегi басқарма бастығы Бауыржан Мақадиевтiң ақпарат құралдарына берген мәлiметi бойынша "Грана", "Лавэр", "СемЭнжелКомпани", "Орианда", "Семей-Экстейл", Раужан-Семей", "Глория систем", "ТД Роджер", "Razarһ Nravei" фирмаларынан 239 млн. теңгенi құраған салық төлемдерi түспеген. Ал алдын ала болжам бойынша кәсiпкердiң қалтасына түскен пайда 304 млн. теңге. Кәсiпкер әйелдiң үйiн тексеру барысында Қазақстанның басқа қалаларында, сонымен қатар Ресей Федерациясы нотариусының, Семей қаласының банктiк мекемелерiнiң мөрлерi табылған. Сондай-ақ, бiр миллион 300 мың теңге және 22 оқ, төрт РГД-50 әскери гранаталары және қарулар табылған.

Сол жалған кәсiпкердiң мемлекеттiк қызметкерлермен сыбайласқан байланысы жоқ деп кiм айта алады. Қазiр бұл iс бойынша тергеу амалдары жүрiп жатыр. Өйткенi, осындай жалған фирмаларға астыртын сүйенiш көрсеткен лауазымды тұлғалар басқа облыстардан да орын алған. Солардың арасынан мемлекеттiк қызметкерлердiң кездесуi өкiнiштi.

— Астана қаласы бойынша департаментi аға сот орындаушы азамат Ш-ға қатысты ҚР ҚК-нiң 311 бабы 4 бөлiмi "а" тармағы (пара алу) бойынша iс қозғалды. Ол Ә. есiмдi азаматтан ЖШС-тiң тәркiленген мүлкiн саудаға салмау үшiн 4 млн. теңге көлемiнде параны бопсалап, шұғыл iздестiру шараларын жүргiзу барысында 300 мың теңге көлемiндегi параны алу кезiнде ұсталды.

— Қостанай облысы бойынша департаментi ҚР АШМ-нiң агроөнеркәсiп кешенiндегi мемлекеттiк инспекция Комитетiнiң аудандық аумақтық инспекциясының қызметкерi азамат Қ.-ға қатысты ҚР ҚК-нiң 311 бабының 2 бөлiгi (пара алу) бойынша қылмыстық iс қозғалды. Ол Ж. есiмдi азаматтан тракторшы-машинист куәлiгiн емтихансыз беру үшiн 100 мың теңге көлемiнде пара алған.

— Маңғыстау облысы бойынша департаментi азамат Ұ.-ға қатысты ҚР ҚК-нiң 222 бабы 2 бөлiгi (ұйымдарға салынатын салықты төлеуден жалтару) бойынша қылмыстық iс қозғалды. Ол "Айрақты Маңғыстау" жалған кәсiпкерлiгiн құрып, табыс туралы декларацияны көрiнеу мәлiметтермен тапсырып, мемлекетке салық төлемдерiн төлемеу арқылы 425,1 млн. теңгеге залал келтiрген.

— Алматыда жалған кәсiпкерлiкпен айналысқан топ құрықталды. Олар салықтан жалтару мақсатымен бөтен адамдардың құжаттарын сыртынан пайдаланып, банк есепшоттарындағы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Бұл iс бойынша бiр адам тұтқындалған С. есiмдi алматылықтың көлiгiнен дәл сол күнi жалған фирмалардың есеп-шоттарынан алынған 94 млн. теңге табылды. Сезiктiлердiң фирмасы орналасқан кеңседегi тергеу кезiнде заңсыз ұстаған үш мылтық, екi тапанша, бiр қорап оқ-дәрi тәркiлендi.

Көлбай Адырбекұлы