Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ТIЛI – ҚАРЖЫНЫҢ ТIЛI ЕМЕС ПЕ?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ТIЛI – ҚАРЖЫНЫҢ ТIЛI ЕМЕС ПЕ?

Ел Үкiметiнiң “2001-2010 жылдарға арналған Тiлдер туралы” бағдарламасы бойынша, биыл облыс, аудан, қала түгелiмен дерлiк мемлекеттiк тiлге көшiп, тiптi, кез келген мекеменiң iс-қағаздары қазақша сайрап тұруы керек едi. Әттең, осыдан он жыл бұрын қабылданған бағдарламаның негiзiнде алға қойған мақсаттың тым құрығанда бiреуi орындалғанда, қазақтiлдi басылымдарының да жарғақ құлағы жастыққа тимей шырылдай бермес пе едi?!

Онжылдық бағдарламаны артқа тастап, жаңасын қабылдауға бел будық. Алайда, 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама қазақ тiлiнiң көсегесiн көгерттi ме? Бұл бағдарлама бойынша не атқарылды, неге басымдық берiлмедi? Мұның көпшiлiгi 2011-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарлама жобасында көрiнiс таба қоймаған сияқты. Керiсiнше, елiмiздегi ересек адамдардың 90 пайызын орыс тiлiн бiлуге мiндеттейдi, сондай-ақ, жырақтан келген қандастарға орыс тiлiн үйретудi жоспарға iлiктiредi. Турасын айтқанда, бұл бағдарлама қазақ тiлiнiң емес, ресми тiл – орыс тiлiнiң болашағына алаңдаушылықтан туған сияқты. Кейбiреулердiң пiкiрi осылай өрбiп отырғаны құпия емес.

Көптеген халыққа қызмет көрсету орталығына барсаңыз, қарсы алдыңыздан орыс тiлi шыға келедi. Құжат толтыру қажет болса, көбiне орыс тiлдi нұсқасын ұсынып жатады. Сол жердегi отырған маманнан "Мұның қазақшасы жоқ па?" деп қиылып сұрай қалсаңыз, пәлеге қалдым дей берiңiз. Қабағын түйiп алып: "Бланкi бiтiп қалды. Осыған толтыра берсеңiзшi, бәрiбiр емес пе?!" деген немкеттi жауап аласыз. Бұл үйреншiктi жағдай.

Нарық заманы қыспаққа алғалы берi қазақ отбасылары несие алуға лажсыз бас қойды. Әрине, ерiккендiктен емес, бiреуi несиемен той жасады, ендiгi бiрi баспана салды дегендей. Сондай несиенi бiр емес, бiрнеше мәрте алуға мәжбүр болған кiсiнiң айтқаны әлi есте. "Өзiмнiң ауылдан келгенiме көп бола қойған жоқ. Орыс тiлiн де керемет бiлмейтiн едiм. Бiрақта, екi рет несие аламын деп амалсыз орысша үйренуге бел будым. Неге дейсiң ғой? Қазақша қағазын алып қарасам, қазақтың сөзi емес. Мүлдем түсiнiксiз. Сосын амал жоқ, орысша нұсқасын толтырдым" деген-дi. Бұл ауылдан қалаға ағылып жатқан қазақтың пiкiрi десек, ал қалалық тұрғындардың көбi iс-қағазды қазақ тiлiнде талап етпейтiнi бесенеден белгiлi. Несiн жасырайық, қазiр мемлекеттiк мекемелердiң бiразы iс-қағаздарын қазақшаға аударатын арнайы мамандар ұстайды. Бiрақ, көптеген мекемелердiң iс-қағаздары көбiнесе орашолақ, бiр-бiрiмен қабыспай жатады. Түсiнсең түсiнiп ал, түсiнбесең, орыс тiлiндегi нұсқасын қоса бередi. Дәл осы үрдiс қазiргi кезде банктерге, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, тiптi, барша мекемелерге де тән нәрсе.

Жаздың шырайлы бiр күнiнде "БТА банкi" баспасөз мәслихатын өткiзбек болып, тiлшiлердiң басын қосты. Талай дауға қалған банк бұл жолы қандай жаңалықпен бөлiседi екен деп алып-ұшып барғанбыз. "БТА банкi" АҚ-ның басқарма бастығы Әнуар Сәйденов бастаған бiр топ қаржыгерлер жиналыпты. Есiктен iшке ене бергенiмiз сол едi, банктiң БАҚ-пен байланыс бөлiмiнiң маманы: "Қазақтiлдi журналистер, қазақша сұрақ қоймай-ақ қойыңдар! Қазiр жауап беретiн адам жоқ" деп ескерту жасады. Құдды жағамыздан ұстап, жұлқылағандай әсерде қалдық. Бiр-екi журналист қолымызды көтерiп, сауал қоюға талпынып көрiп едiк, онымыздан да түк шықпады. Әлгi кiсi қасымызға тағы да жүгiрiп келiп: "Бүгiнше қазақша сөйлейтiн адам болмай тұр. Ренжiмеңдершi", – деп ақталып жатыр. Бiз де өз кезегiмiзде қазақ елiнде тұрып, қазақша сұрақ қоя алмағанымызға қынжылып, күйiнiшiмiздi жеткiзуге тырыстық. Бiз солай iштей күйзелiске ұшырап отырғанымызда, жанымыздағы орыстiлдi БАҚ-тың тiлшiлерi өздерiн мазалаған сауалдарға емiн-еркiн жауап алып отырды. Ал, қазақтiлдiлерi кiмге өкпе артарын бiлмей, бастарын салбыратып қайтқан едi. Ең сорақысы сол, баспасөз мәслихатын өткiзiп жатқан қаржыгер мамандардың бәрi – қазақ. Бiрақ, олар өз ана тiлiн бiлмейтiн, құрметтемейтiндер сияқты… Айтпақшы, жақында аталмыш банктiң БАҚ-пен байланыс бөлiмiнiң өкiлi хабарласып, "Сiздердiң ұсыныстарыңыздан кейiн қазiр баспасөз мәслихатында қазақ тiлiнде жауап беретiн маман пайда болды" деп жағымды жаңалығымен бөлiскен-дi. Бiр жағынан қуандық, екiншi жағынан ұялдық.

Егер де мұндай жағдай басқа мемлекетте орын алса, жылы жауып қоюы мүмкiн бе? Жоқ. Жақында ғана Грузия Экономика министрiнiң орынбасары Урузмаг Каркусов грузин тiлiн бiлмегенi үшiн қызметiнен босатылды. Экономика министрi Вера Кобалияның айтуынша, ол мемлекетаралық басқосуларда грузин тiлiнде келiссөздер жүргiзе алмаған. Әрине, Каркусовтың лауазымды қызметтен кетуiне басқа да себептер болғанмен, ең негiзгiсi – мемлекеттiк тiлдi бiлмегендiгi. Тағы бiр шынайы мысал ретiнде, Латвияның TV5 телеарнасының орыс тiлiнде шығатын "Без цензуры" бағдарламасының тiкелей эфирiне келген Латвияның Көлiк қатынастар министрi Каспар Герхердстiң әрекетiн айтуға болар. Жүргiзушi министрден әңгiменi орысша айтуын сұрағанда, К.Герхердс эфирдi тастап шығып кетедi. Каспар Герхердстiң көмекшiсi Инга Спринкенiң айтуынша, телеарна басшылығына министрдiң тек латыш тiлiнде сұхбат беретiнi жөнiнде алдын ала ескертiлiптi. Мiне, ерлiк! Бiздiң министрлер тұрмақ, банк басшыларының өзi ана тiлiнде сөйлеуден бас тартса, басқасына не жорық? Тiптен, айтудың өзi ұят.

… Қазiр техниканың дамыған уақытында жұрт жалақысын банкомат деген темiр сандықтан алады. Тиiмдiсi сол, ақшаны кез келген қалада жүрiп-ақ ала беруге болады. Өкiнiштiсi, қазақ тiлi сол банкоматта да ақсап жатыр. "Центркредит банкiнiң" банкоматына карточкаңызды салып, қазақ тiлiн таңдасаңыз, "Отинемiз. Күте тұрыңыз. Сiздiң оперецияңыз онделiп жатыр" деген қазақ тiлiндегi шалажансар сөздердi көресiз де, ерiксiз қарныңыз ашады. Әлгi темiр сандықта да қазақ тiлi мазақ тiлге айналып жүргендей әсер қалдырады екен.

Бiз бұл мәселе бойынша "Центркредит банкiне" хабарласып көрдiк. Аударма басқармасының бастығы Ұлбосын Оспановаға банкоматтағы қазақ тiлiнiң мүшкiл жағдайын айтқанымызда, ол мұндай жағдай барлық банктiң басында бар деуден бастады әңгiмесiн. "Бiздiң банк басқа банктерге қарағанда, қазақ тiлiн қолдануда бiрiншi орында келедi. Арыз, хаттама, басқа да құжаттың бәрi қазақша аударылады. Екi тiлде. Қазақшасы болмаса, оны қабылдамайды. Егер әрiптердiң орнына сұрақ белгiсi немесе таңбалар шығып жатса, ол қазақ тiлiнiң драйверiне байланысты. Яғни, аудармадан бастап, банкоматқа енгiзетiн адамның компьютерiне дейiн қазақ тiлiнiң драйверi орнатылмаған болса, онда қазақ әрiптерi таңба болып кетуi мүмкiн. Бұл бүкiл ақпараттық жүйенiң мәселесi. Мемлекеттiк тiлдi қолдауға миллиондаған ақша бөлiнсе де, қазақ тiлi драйверiн қолдауға ешқандай көмек көрсетiлiп жатқан жоқ. Яғни, "бәрiңiз мына қазақ тiлiндегi драйвердi пайдаланыңыздар" деп айтып жатқан жоқ. Екiншiден, көбiнесе технологияның меңгерген IТ мамандар қазақ тiлiн бiлмейдi. Аударма басқармалары болса да, тезiрек бiтiру үшiн өздерi жасап жатады. Сөйтiп, қазақ әрiптерiнен қате кетуi мүмкiн. Бiз банкоматты тексерiп тұрамыз, бiрнеше рет хат та жаздық. Шамамыз келгенше, техникалық мүмкiндiктерiн жөндеп жатырмыз", – дейдi ол.

Егер банк қазақ тiлiн үнемi қадағалауда ұстаса, банкоматтағы өкiнiштi қате баяғыда жөнге келер едi. Бiз қаржы саласындағы қазақ тiлiнiң жағдайын осылай таразылап көрдiк. Ал, елiмiзде белсендi түрде жұмыс iстеп келетiн белдi банктердiң өкiлдерi бұл тұрғыда не дейдi? Қазақ тiлiнiң қаржы саласындағы бет-алысы қандай деңгейде?

Әлiмбай Ержан, "БТА банкiнiң" мемлекеттiк тiлдi ендiру жөнiндегi жобалау тобының жетекшiсi:

– Үкiметтiң барлық құжат қазақ және орыс тiлiнде қабылдансын деген қаулысы орындалып келедi. Азаматтың құжаты қай тiлде болса, сол тiлде терiледi. Клиент қай тiлдi таңдаса, солай қызмет көрсетiледi. Көбiнесе олар орыс тiлiн таңдайды. Бәлкiм, бұған аударманың осал болып жататындығы керi әсерiн тигiзетiн шығар. Ал, оралмандар қазақ тiлiнде толтырады. Ақшаны жiберу, алу бәрi қазақша. Алайда, қазақ тiлiн қаржы саласына толықтай ендi деуге болмас. Бәрi екi тiлде. Бiзде мұнымен айналысатын аударма бөлiмi бар. Ұлттық банктiң шығарған сөздiгiмен, Тiл комитетiнiң оқу бағдарламасымен, сөздiктерiмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстеймiз. 9 адамнан тұратын арнайы орталық жұмыс тобы бар. Банктер қандай жұмыс атқарып жатыр, не iстеуi керек деген сұраққа жауап iздейдi. Банкоматтарды тексерiп, қазақ тiлiнде қатесi бар ма, қазақ тiлi орыс тiлiнен бұрын тұр ма, жоқ па, бәрi қадағаланады. Мысалы, құжаттарының қазақ тiлiндегi сапасы қандай? Бұл туралы арнайы статистика жасалады. Не десек те, орыс тiлiнiң басымдығы байқалады. Басты мәселе – қаржы саласына байланысты қазақ тiлiн үйрететiн мамандар жеткiлiксiз. Бiзге келетiн жас мамандар жоғары оқу орындарында орысша оқып келедi.

Салтанат Әскербекқызы, "Kaspi Bank" АҚ БАҚ-пен жұмыс басқармасының бас маманы:

– Мемлекеттiк тiлдiң қолданысы жылдан-жылға кеңейiп келе жатқаны сөзсiз. Нақты "Kaspi bankiн" алсақ, бiзде клиенттерге ақпарат қазақ тiлiнде толыққанды берiледi. Бiздiң кез келген филиал немесе бөлiмшемiзге бара қалсаңыз, банк өнiмдерi жайлы ақпарат қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Клиент бiзде депозит ашып, несие алса, келiсiм де екi тiлде жүредi, яғни бiр бетте ақпарат бiрден екi тiлде жазылады. Бәрi түсiнiктi. Iшкi құжаттандыру да үкiмет талабы бойынша 60 пайыз мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуде. Жарнамаларымызды алсаңыз да, өнiмдер жайлы ақпарат екi тiлде. Тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру әрi банк өнiмдерi жайлы қарапайым тiлмен түсiндiру үшiн арнайы "Просто о финансах" атты журналын шығарғанымызға екiншi жыл болды. Таралымы тегiн. Атауы орысша болғанмен, басылым қазақ тiлiнде де шығады. Клиенттер сұрағына жауап беретiн тегiн қоңырау соғу орталығында да мемлекеттiк тiлдi меңгерген мамандар жауап бередi. Мысалы, өзiм БАҚ-пен жұмыс басқармасында тiкелей қазақтiлдi ақпарат құралдарымен жұмыс жасаймын, бұл да көрсеткiш. Менiңше, қазақ тiлi аясының кеңею үшiн сұраныс мемлекеттiк тiлде болуы керек. Неге десеңiз, сұрағы бар адам қоңырау шалғанда, банкке депозит немесе несие алуға, ақша аударуға келгенде ресми тiлде сөйлеп тұрса, жауап та сол тiлде берiледi. Ал егер мемлекеттiк тiлде сөйлесе, қызмет те сол тiлде көрсетiледi. Бұл өмiр шындығы. Мысалы, клиенттерге арналған журналды таратқанда қазақ тiлiндегi журналды кейбiр қаракөздерiмiз онша түсiнбеймiз деп алмай жатады. Яғни, бұл жерде басылымды шығарған компания емес, тұтынушының өзi тiлдi жетiк меңгермегенi немесе мемлекеттiк тiлге немқұрайлы қарағанымен оның қолданыс аясын тарылтады.

Әсел Ахметова, "Альянс Банкi" АҚ Баспасөз қызметiнiң бас менеджерi:

– "Альянс Банкi" ҚР Үкiметi жүргiзiп отырған мемлекеттiк тiлдiк саясатты толықтай қолдайды. 2005 жылдан берi Банктiң барлық сыртқы және iшкi құжаттары мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жүргiзiле бастады. Бүгiнде бiздiң клиенттерiмiз, серiктестерiмiз бен қызметкерлерiмiз банк қызметтерi жайлы ақпаратты қазақ және орыс тiлдерiнде ала алады, сонымен бiрге банк қызметтерi туралы келiсiм-шарттар да қос тiлде құрастырылады. Банктiң барлық жарнамасы да екi тiлде дайындалып, шығарылады. Электронды ресурстарымыз да – www.alb.kz сайты, АЛБ24 интернет-банкинг қызметi – қазақ-орыс-ағылшын тiлдерiнде ұсынылады. Банк өз қызметi жайлы ресми ақпаратты қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде жарыққа шығарады.

Өкiнiшке қарай, қазақ тiлi қаржы саласына толық ендi деп әзiрше айту қиын. Бұл жерде мемлекеттiк тiлдегi терминология мен сала мамандарының тiлдi жетiк бiлу мәселелерi алдыңғы орынға шығады. Жаңадан шығарылатын орыс-қазақ тiлдi аударма сөздiктерi негiзiнен терминдердiң бiркелкiлiгiн қалыптастыру үшiн құрастырылады. Алайда, көптеген жаңадан аударылған терминдер қолданысқа енбей сөздiк бетiнде қала бередi. Мамандар көбiне шетел тiлдерiнен енген әрi қазақ және орыс тiлдерiнде бiрдей айтуға келетiн кредит, депозит, инвестиция т.с.с. сөздердi қолданады.

Ал iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзу үшiн мамандар, ең алдымен, қазақ тiлiн жетiк меңгерулерi қажет. Тiлдi бiлетiн маманды iздегеннен гөрi, кәсiпқой адамға қазақ тiлiн үйрету жеңiлдеу әрi тиiмдiрек екенi баршамызға белгiлi. Сол себептi, "Альянс Банкiнiң" барлық қызметкерлерi iшкi порталда орналасқан қазақ тiлiн оқытудың арнайы бағдарламасын пайдаланады. Осылайша олар мемлекеттiк тiлдi жұмыстан тыс уақытта әрi тегiн үйрене алады.

Жалпы, бүгiнде мемлекеттiк тiлдi меңгерiп, оны қолдану заман талабы болып келедi. Сондықтан кәсiби бiлiктiлiктi арттырумен қатар қазақ тiлiн бiлу мәселесi де маман қажеттiлiгiне айналып отыр. Осы қажеттiлiктi арттырып, әрi iскерлiк қазақ тiлiн үйрету әдiстемелерiн жетiлдiру арқылы мемлекеттiк тiлдiң қолданысын кеңейтуге тағы бiр жол ашылады.

P.S. Қаржы саласындағы қазақ тiлiнiң жағдайы мәз емес. Мұнда мемлекеттiк тiлдi қажеттiлiкке айналдыруға пейiлдi орта жоқтың қасы. Керiсiнше, өз ана тiлiн шетке ысырып қойып, өзге тiлдi қолданатындар белсендiлiк танытуда. Бәлкiм, тiлi мен дiлiн аса қадiрлейтiн Латвия билiгi сияқты мемлекеттiк қызметкерлерге "өз тiлiңдi бiлмесең, тiрлiк ете алмайсың!" деген ұран тастау керек шығар. Мемлекет олардың кейбiрiне латыш тiлiн үйренуге уақыт берсе, тiл сындырғысы келмегендерiн жұмыстан босатты да. Дәл солардың iзiмен мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн шенеунiктерден бастап, қаржыгерлерге дейiн тек қазақша сөйлеудi мiндеттейтiн күн қашан туар екен?! Айта кету керек, бар-жоғы 7,5 млн. халқы бар Тәжiкстан да "Мемлекеттiк тiл туралы" жаңа Заң қабылдап, "орыс тiлi – ұлтаралық қатынас тiлi" деген ұғымды толық алып тастады. Бұл Заң "ең алдымен адамдардың, заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етуге, елдегi экономикалық және әлеуметтiк жағдайды жақсартуға, қолданыстағы заңнаманы жетiлдiруге және мемлекеттiк органдардың қызметiн күшейтуге, сондай-ақ қоғамдық қатынастар мен құқықтық нормаларды реттеуге және нығайтуға қолдау болады", – дейдi олар. Шiркiн, өз Отанымызда жүрiп, қазақ қаржыгерлерiне қазақ тiлiнде бiр сауал қоя алмаған бiздiң құқымыз қашан реттеледi? Тағы да өзiмiздi жұбатып, "Үмiтсiз шайтан" деймiз бе?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ