Жаңалықтар

СОЦИАЛИЗМДI САҒЫНЫП ЖҮРМIН

ашық дереккөзі

СОЦИАЛИЗМДI САҒЫНЫП ЖҮРМIН

Редакциядан:

Қоғамдық құрылыстар күтпеген тұста өзгерген шақта көптеген адамдардың жаңаны қабылдай алмайтыны, бүгiнгiге көңiлi толмай, бұрынғыны үнемi аңсаумен болатыны қалыпты жағдай. Тiптi, заңдылық десе де орынды. Әсiресе, тумысынан сезiмге елiткiш, консерваторлау келетiн қазақ жұрты өткендi жадынан тез өшiруге бейiм емес. Ол-ол ма, "Өткенге топырақ шашсаң, болашақ сенi таспен атады" деп үрейлендiрiп қоятыны да бар. "Түркiстан" газетiнiң жанашыры, белгiлi қаламгер Жұма-Назар Сомжүрек мырзаның келмеске кеткен социализмге деген сағыныштан туған көлемдi мақаласын оқырмандарымыздың назарына ұсына отырып, социализм жер бетiндегi жұмақ болды деушiлердiң әлi күнге арамызда бар екенiн жоққа шығармаймыз. Ал шын мәнiнде Кеңес одағындағы социализм соншалықты ғажайып құрылыс па едi? Әлем халықтарының баршасы дерлiк сол мақтаулы социализмнен неге бас тартты? Көптеген кемшiлiктерiне қарамастан капиталистiк құрылыс неге нық тұр, ал социалистiк құрылыс нелiктен күйреп қалды? Социализм шын мәнiнде бiржола тарих қойнауына кеттi ме, әлде уақыт өте келе қайтып айналып соға ма?

Мiне, осы және басқа да сауалдың төңiрегiнде газет оқырмандары ой толғайды деп сенемiз.

1. ОРНАТҚАНЫМЫЗ ҚАЙ ҚОҒАМ?

Өткен ғасырда Кеңес өкiметi орнағанға дейiн де, одан кейiн де әлеуметтiк-қоғамдық мәселелер бойынша да, қоғамдық құрылыстар жөнiнде де сан қилы ғылыми-теориялық дискуссиялар өтiп тұрған. Соның бiрi, 1951 жылы қараша айында Саяси экономия оқулығының жобасына байланысты экономикалық дискуссия. Айтысты И.Сталиннiң өзi қорытындылаған. Оның "Экономикалық дискуссияға қатынасушыларға" деген арнау-айдармен "КСР Одағында социализмнiң экономикалық проблемалары" атты 100 беттен тұратын ғылыми-теориялық еңбегi келесi 1952 жылы жарық көрдi.

Сол кiтап, мiне, алдымда жатыр. Сталин дискуссияны тiлге тиек ете отырып, социализмнiң экономикалық проблемаларын тарау-тарауда таратып айтып, талдап берген. Сонымен бiрге айтысқа қатынасушылардың әрқайсысына арнап жауап қайтарған, қателiктерiн өктемдiк көрсетпей, объективтi-мәдениеттi түрде дәлелдеп көрсеткен. Расында саяси-экономикалық дискуссия барысында да артық-ауыз сөздер айтылып, түрлi-түрлi пiкiр тiрестер болып жататыны, сан ойлар ортаға салынатыны заңдылық емес пе?!. Батыл, кейбiреулерге жағымсыз ой айтудан үнемi қашқақтау қоғамдық ойды дағдарысқа тiрейтiнi бесенеден белгiлi.

* * *

М.Горбачевтiң iшкi экономикалық саясаттағы бiлiксiздiгi мен Ельциннiң таққұмарлық авантюризмi ақыры елiмiздегi социалистiк құрылысты күйретiп тынғаны белгiлi. Ельцин президенттiк тақ үшiн, жеке дара билiк үшiн Одақты да ойланбай құрбандыққа шалып жiбердi. Соның арқасында бiз сан ғасырлар бойы армандаған тәуелсiздiкке қол жеткiздiк. Бiрiккен Ұлттар ұйымына мүше болып кiрiп, егемен ел, жеке мемлекет болып, бүркiттi көк байрағымыз желбiредi.

Мiне осы кезде, өз билiгiмiз өзiмiзге тиген кезде қай жолмен жүруiмiз керектiгi жөнiнде ойланып-толғануымыз керек едi, баспасөзде саяси-экономикалық айтыс ұйымдастырылу керек едi, халықпен де ақылдасу керек едi.

Бiрақ ондай айтысқа ортамыздан бiр де бiр академик, саясаттанушы не социолог ғалым суырылып шығып мұрындық болмады; мемлекет басшысы – президентiмiзге келелi кеңес беруге жарамады, сөйтiп жүздеген ғалымдарымыз саяси-экономия ғылымында шала сауатты екендiктерiн көрсеттi. Оның ақыры осы күйге жеткiздi. Керi айналмайды деп жүрген тарих доңғалағын керi айналдырып, капиталистiк қоғам орнаттық.

Рас, нарық атандырылған саудалы экономикаға көштiк, өтпелi кезеңдерден ауыр шығындармен әупiрiмдеп өттiк. Экономикалық қиын дағдарыстарды да бастан кешiрдiк. Бүгiн өзiмiз ғана емес, әлем тамсанған ғажап сәулеттi жаңа Астана салдық. Ақындар оны жырлаудай-ақ жырлап жатыр. Ел тұрмысы оңалып келедi, санай бастасақ, басқа да жетiстiктерiмiз баршылық. Ол жетiстiктердi басылымдар күн сайын жаппай жамырай жазып жатыр. Оларды қуана оқып жатамыз.

Алайда бөркiмiздi аспанға ата бермей, барымызды айтумен бiрге жоғымыз бен жоғалтқан асылдарымызды да айтуға, салыстырмалы сараптау жасауға да тиiспiз. Атап айтар болсақ, экономика жағынан табыстарға жеткенiмiзбен, әлеуметтiк салаларда жоғалтқанымыз санап тауысқысыз. Әсiресе, адамгершiлiк, әлеуметтiк әдiлдiк атты асылдарымызды ақшаға айырбастағанымыз өзегiмiздi өртейдi. Қылмыс дегенiңiз жүген-құрық тимеген шу асаудай ауыздығымен алысып, бой бермей басқа шауып,төске өрлеп кеттi. Оны ауыздықтау мүмкiн болмай отыр. Ересек адамдардың қылмыстары аз болғандай, оған әлi кәмiлетке толмаған жасөспiрiмдер қылмысы қосылды. Оқушылардың басбұзар төбелестерiнiң көбейiп асқынғаны сонша, қазiр мектептерге полицияның күзет қызметi енгiзiлдi. Баспасөз беттерiнен оқушылардың жақ-жақ төбелестерiнде мерт болғандар туралы оқу үйреншiктi жайтқа айналды.

Әлеуметтiк теңсiздiк шектен шықты. Бай мен кедейдiң арасы алшақтағаны соншалық, санаға сиғысыз деңгейге жеттi. Байлығы миллиардтап саналатын олигархтар мен латифундистер атты үстем тап пайда болды. Оларды үстем тап демегенде не демекпiз?!

Көпшiлiк шет елдерде, АҚШ пен батыс мемлекеттерiнде банктер несиенi 3-4 пайыз көлемiнде ғана берсе, бiздiң банкир одан 4-5 есе артық мөлшерде берiп, қарапайым халықты теспей сорып, аяусыз қанауда. Сол қанаудың есебiнен банкирлердiң бәрi – миллиардерлер. Қазiр ипотекамен пәтер алғандар зар илеп отыр. 15-20 жыл бойы банктер берген несиесiн үш есе етiп қайтарып алады екен. Банктер 200 пайыз пайда табады. Мысалы, 10 мың долларды 30 мың етiп қайтарып алады. Банктерге тоқтам салып, елге жаны ашып отыратын билiк те, үкiмет те, парламент те жоқ.

Жасыратыны жоқ, үкiметiмiз жаппай қанауға жол берiп отыр. Астана, Алматы қалаларында орталықтан 2 бөлмелi пәтер жалдағандар үй иесiне айына 70-75 мың теңге төлейдi. Тапқан ақшаларының көбiн пәтерге төлеп, өздерi қалт-құлт етiп күн көрiп жатады.

Қазақстан жыл сайын егiннен миллиард пұт астық өндiрiп, қамбаларға сиғыза алмай жатса да нан бағасы 50-65 теңгеден төмен түспейдi. Автобустарда жол ақшасы – 60 теңге (Астанада). Мiне, бұлар қанаудың нағыз асқынған үлгiсi. Адамды адамның аяусыз қанауының мұндай мысалдарын санап тауыса алмайсыз. Қайда барсаң да бетiмен кеткен бетсiз бағаға тап боласыз. Дәрi-дәрмектердiң бағасын көрiп жағаңызды ұстайсыз. Қазiр қалаларда дәрiхана дегендер аттап басқан сайын алдыңнан шығады. Мысалы, Астанада "Абылайхан" даңғылы бойында Встреча аталатын жерде айналасы 100-150 метр ғана болатын аумақта 7-8 дәрiхана бар. Орталық дәрi-дәрмек қоймасынан әкеледi де өз бағаларын қосып сатып, жатыпiшерлiк табыс көзiне айналдырған. Жаның үшiн қымбат болса да аласыз. Ал тiс дәрiгерлерi тiсiңе қоса өзiңдi де қан қақсатады. Халықты қанауда нотариустар да алдына жан салмайды. Бәрi де өз бағаларын қойып алған, өз ерiктерi өздерiнде. "Әй дейтiн ажа, қой дейтiн қожа" болмаған соң, әрi елдi тонауға солай ерiк берiп қойғаннан кейiн, баға бетiмен кетпегенде қайтедi. "Қазаннан қақпақ кеткен соң, иттен ұят кетпегенде" қайтедi. Ал үкiмет басшылары мен министрлердiң қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Айлық жалақылары 5-6 мың доллар болған соң, оларды бағаның қымбаттығы онша ойландыра қоймаса керек. Қазақстанның Қаржы министрi Болат Жәмiшевтiң 2009 жылғы табысы 10863976 теңге (73 мың АҚШ доллары) болған. Сонда ай сайын 900 мың теңге көлемiнде жалақы алып отырған. "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының төрағасы Қайрат Келiмбетовтың өткен жылғы жылдық табысы 185 мың долларды құраған.

Мiне, бiзде орнатылған капитализмнiң келбетi мен сиқы осындай. Адамгершiлiк пен әлеуметтiк әдiлдiк, қанағат атты қасиеттер керексiз болып, олардың орнын тек теңге мен доллар, евролар басты. Бұл орнатқанымыз қоғамдық құрылыстың қандай түрi? Капитализм болса, оның қай сатысы? Осы қалпында тұра бермек пе? Әлде келесi сатысына көшемiз бе? Келесi сатысы болса, ол қандай болу керек? Ендi осы сұрақтарға саясаттанушы ғалымдар, саясаткер-қоғам қайраткерлерi, философтар жауап берулерi керек емес пе! Олардың үнсiз жатқандары қалай? Баспасөз беттерiнде осы мәселелер жөнiнде пiкiр айтыстар өрiстемесе, қоғам өрге баса ала ма?

Елiмiзде бүгiнгi қалыптасқан қоғам – ауызша айтылып жүргендей, жабайы капитализм. Капитализмнiң қазiргi жабайы түрiнен оның өркендеген, адами пiшiндi сатысына қашан көшемiз, оған жетуге неше жыл керек? Әлде оның осы сатысында отыра беремiз бе? Егер оны өркендетер болсақ, қалай өркендетемiз, қалай оңдаймыз? Қандай түзетулер енгiземiз? Қарапайым халықты қанай берудi қалай тоқтатамыз? Оның қандай жолы, мүмкiндiктерi бар? Социалистiк принциптердiң бәрiнен бiрдей бас тартып мансұқтамай, өткеннiң бәрiнен безбей мәңгiлiк құндылықтарын сақтап қалуымыз керек емес пе!?

Мiне, осы сұрақтар мен мәселелер жөнiнде кең көлемде салмақты ғылыми-теориялық дискуссия ашуымыз керек. Соның мезгiлi жеттi. Ашығын айтайық, қазiр ғылымдардың iшiнде саяси-экономия ғылымы мен әлеуметтану, қоғамтану ғылымдары тоқырауға ұшырап тұр деуге болады. Ғалымдардың үндерi шықпайды, ендi олардың өз ойларын ортаға салуларын сұрайық.

2. СОЦИАЛИЗМНЕН БАС ТАРТҚАНЫМЫЗ ЖӨН БЕ ЕДI?

Ендi социолог жазушы ретiнде және әдебиет сыншысы ретiнде (әдебиет сыншысы – қоғам сыншысы да) жоғарыда өзiм көтерiп қозғау салып отырған мәселелер төңiрегiнде өз-пайымдарымды ортаға салайын. Басшыларымыз да, басқаларымыз да ең алдымен басы ашық бiр шындықты мойындауымыз керек. Нарықтық экономикаға барар жолды iздеуде iзденiс танытпай, қиын түйiндi шешуде бас ауыртып жатпай, солтүстiктегi көршiден көзсiз көшiрiп ала салдық. Көшiрудiң де көшiруi бар. Егер есептi дұрыс шешкен адамнан кешiрсек, оқасы жоқ. Бiрақ көршi есебiнiң бiрiнен соң бiрiн қате шығарып, шатысып жатқанын күнде көзбен көрiп отырып көшiрдiк-ау. Қандай өкiнiш, қандай бiлместiк!

Ал iргемiзде нарықтық экономикаға бiзден он жыл бұрын кiрiсiп және сәттi қадам жасап, шаруасын түзеп алған социалистiк ел – ұлы Қытай тұрды. Олар социализмнен бас тартпай, капитализмнiң миллиондары мен миллиардтарына көздерiн сатып қызықпай, қытайлық жол деп аталып, Әлем танып мойындаған сара жол салды. Социализм бесжылдықтарында қол жеткен құндылықтарды, социалистiк сананың аса бағалы байлықтарын батыстың көздi арбаған жылтырақтарына айырбастамады; социализмдi сатпады. Оны бiз сияқты қолдан қиратып талқандамай, жетiлдiрудiң, кемшiлiктерiн түзеудiң, жақсартудың амалын тапты.

Қытайлықтар социализмдi неге сатпады? Оның несiне қызығып қимай, капитализмге айырбастамай отыр? Мәселенiң мәнi осында. Олар социализмнiң несiмен қымбат екенiн бiле бiлдi, айыра бiлдi. Бiр миллиардтан астам халқы бар Қытай үшiн социализм мен капитализмнiң қайсысы тиiмдi екенiн ақылға салып, дұрыс шешiмге келдi.

Қазiргi капитализм материалдық байлығымен құнды, ал социализм санадағы байлығымен бағалы. Ол байлық – қауымшылдық, қоғамшылдық, аса баюды мұрат тұтпайтын қанағатшылдық, қарапайымдылық қасиеттер. Социализмде санада ғана емес, материалдық тұрмыста да артықшылық бар. Ол артықшылық – "қоғамдағы барша адам мұқтажсыз өмiр сүру үшiн, ешкiмде де шамадан тыс байлық болмауы керек", деген Жан Жак Руссо теңдiгiнiң тұрмыста жүзеге асуы; ертеңгi күнге алаңдамаушылық; iшер ас, киер киiмнiң арзандығы, жұмыссыздықтың болмауы; байлық пен кедейлiктiң ара қашықтығының тым алшақ еместiгi. Мысалы, бiзде КСРО-да министрлердiң жалақысы 400-450 сом шамасында болса, өзгелердiң орта еңбекақысы 120-160 сом мөлшерiнде болды. Тiптi, тұрмыстың арзандығы сондай, 80-100 сом төмен жалақымен адамдар көштен қалмай, тамағы тоқ, көйлегi көк ғұмыр кештi. Америка және батыс елдерiнде мүлдем баспанасыз, көшеде түнеп жүретiн адамдар болады дегенге сенер-сенбесiмiздi бiлмей күлетiнбiз. Бүгiнде сол бомждар қалаларымыздың бәрiнде қаптап кеттi. Жесiр әйелдер, жалғыз басты аналар балаларын кем қылмай бағып-қағып өсiрiп, оқытып, қатарға қосып жатты. Бұл кешегi күннiң шындығы. Кеше болғанда да күнi кешегi 1970 – 90 жылдардың шындығы.

Қытайлықтардың даналықтары сол – өз бақтарын басқа теппей, бағалай бiлдi. Басқа жолға түссе елде хаос орнайтынын, миллионерлер боламыз деп жүрiп қайыршылыққа ұшырап қалатындықтарын сездi. Ат төбелiндей адамдардың миллионер болғанынан, жалпы халықтың Руссо теңдiгiмен қоңырқай болса да, қамсыз ғұмыр кешкенi әлдеқайда артық деп санады. Тұрмыстағы байлық алдамшы, санадағы байлық нағыз баянды байлық екенiн бiлдi. Сөйтiп дана халық даналығын iстедi. Тәңiр де оларға болысып, Дэн Сяо Пин сияқты дананы Мао тырнағынан аман сақтап, сыйға тартты.

Социализм жүк тиелген состав десек, бiз соған осы уақытқа дейiн паровоз жегiп, жүрiсiн тежеп келдiк, сөйтiп тоқырауға ұшырадық. Паровозымыз – жалақы теңгермешiлiгi мен бастамашыл-жаңашылдарды қолдау орнына қуғын – сүргiнге ұшыратып, қысымшылық көрсету едi. Социализмнiң алға жылжуын осы екi фактор қатты тежедi, аяғын алға бастырмай қойды. Тiптi, "инициатива – наказуема" деген мәтел пайда боды. Сол себептi адамдар жаңашыл болып, суырылып алға түсiп, жанын ортаға салып жұмыс iстеуге ынталы болмады. Еңбеккерлер орташа еңбек етiп, орташа жалақы алып жан қинамай жүргендi жөн көрдi. Жаңашылдар мен өнертапқыштардың бастамалары мен техникалық жаңалықтары еленбегендiктен, технология батыстан көп артта қалды, еңбек өнiмдiлiгi төмен болды.

Бiрақ бұл социализмнiң кемшiлiгi емес, мемлекет пен үкiмет басшыларының бiлместiгi емес пе. Егер бiздегi еңбекақыдағы теңгермешiлдiктi батыстағы капиталистiк қоғамда қолданса, сөз жоқ, олар да көп ұзамай тоқырауға ұшыраған болар едi. Ендеше социализмнiң "Әркiмнiң еңбегiне қарай" деген басты принципiне мүлдем сай келмейтiн, мемлекет басшыларының үкiмет басқарудағы жiберген өрескел теңгермешiлiк қатесi үшiн социализмдi сотқа тартып, дарға асуға бола ма?

Бiздегi социалистiк экономика мен батыстағы капиталистiк экономиканың бейбiт жарысында капиталистер озып кетсе, оның себебi социалистiк жүйенiң жамандығынан, өмiр сүруге қабiлетсiздiгiнен емес-тi. Негiзгi кiнә тоқырау жылдарының тоғышар басшыларында, солардың солақай басқару әдiсiнде едi. Социалистiк жүйенi емес, сол жүйенiң аяғына тежеу-оралғы болған, оның iлгерi басқан аяғын керi тартып жүрген басқару жүйесiн реформалап өзгерту, жетiлдiру керек-тi.

КСРО басшылары алдымен өздерi идеялық және моральдық тоқырауға ұшырады. Астамшылық дертiне шалдықты. Ескi гвардия сол ауруларынан ақыры айыға алмай кеттi. Брежнев пен Черненко елдi алжығанша басқарды. Олар социализмдi iс жүзiнде кемелдендiру орнына сөз жүзiнде ғана "кемелдендiрдi". Шамалары соған ғана жеттi…

Үкiмет басына сексендегi селкiлдегендер орнына ер жасындағы М.Горбачев командасы келдi. Олар социализмдi сөз жүзiнде ғана емес, iс жүзiнде кемелдендiруге шын ниеттерiмен-ақ кiрiстi. Бiрақ Горбачевтiң бар ақыл-ойы, барлық күш-жiгерi сыртқы саясатқа жұмсалды. Онда бүкiл әлем мойындаған тамаша табыстарға жеттi. Атом апатының алдын алып, адамзатқа тыныш ұйқы сыйлады. Осы еңбегi үшiн ғана оның барлық қателiктерiн кешiрiп, көзi тiрiсiнде ескерткiш орнатуға болады.

Алайда, өкiнiшке қарай, Горбачев командасынан елдiң қисайған экономикасын түзеп, жаңа жолға салатын, социализмдi iс жүзiнде жетiлдiрiп, кемелдендiре алатын iрi тұлғалы бiр қайраткер шықпады. Е.Гайдар, А.Явлинский сияқты жас экономист-реформаторлардың бар назары Батыста болды. Кемелденген капитализмнiң сыртқы көрiк-келбетi, iшкi салтанаты, бай тұрмысы олардың ақыл-ойын арбап тастаған едi. Капитализм өзiнiң өмiр жолын бастаған алғашқы жүз жылдық кезеңiнде бүгiнгi бiздiң күйiмiздей күй кешiп, жабайы, тұрпайы түрде болғанын ешкiм ескермедi. Көбiмiз үшiн Батыс капитализмi қазiргi күйiнде дүниеге келгендей болып көрiндi. Егер сол жолға түссек, бiзде де сондай шалқыған тұрмыс орнай қалатын секiлдендi. Капитализмнiң жақсысынан жаманы бұрын келетiнiн болжамдай алмадық.

Африканың саванналарында су iздеп, бiр жерден екiншi жерге көшкен бұғы, марал, елiктер соңынан қалмай арыстан, жолбарыс, гиена сияқты жыртқыштар ередi де отырады. Бiзде тiптi капитализм орнамай жатып, оның алғашқы кооперативтерi пайда болуы мұң екен, "рэкет" деп аталатын сойқан содырлар қаптап, тұс-тұстан, таса-тасадан андыздап шыға келдi. Жұмыссыздық, қымбатшылдық, қайыршылық, қағынған қарақшылық, бетiмен кеткен баға, жең ұшынан жалғасу, заңдастырылған алыпсатарлық, алаяқтық жолмен баю, қорлық, зорлық, халықтың көпшiлiгiнiң күрт кедейленуi, әлеуметтiк теңсiздiк, әдiлетсiздiк… тағысын-тағылар қаптады.

Сөйтiп, бақытсыз кеңес адамдары тағы да тағдыр тәлкегiне түстi. Бiр кезде жаппай коллективтендiру қандай құрбандықтармен жүргiзiлсе, бiздегi қайта жекешелендiру де сондай құрбандықтармен жүзеге асырылды. Онда кулактар мен байлар тап ретiнде жойылып, байлықтары кедейлерге тартып әперiлдi. Ал бұл жолы керiсiнше болды. Ойлап отырсақ, ақылға сыймайтын орашолақ саясат жүргiзiлген екен. Әлемнiң алтыдан бiр бөлiгiн алып жатқан алып елде, оның құрамындағы 15 республикада 70 жыл өмiр сүрген қоғамдық құрылыс бүтiндей 180 градусқа өзгертiлдi. Оны өзгерткендер Явлинский, Гайдар, Чубайс сияқты жас теоретик экономистер. Олардың iстерiне ыза болған сол кездегi парламент спикерi Хасбулатовтың бiр сөзiнде "боқмұрындар" деп сөгiс айтқаны бар.

Сонда социалистiк қоғамымыздың саясатшылары, ғалымдары қайда қалған? Тiптi, жан тәсiлiм алдында тұяқ серпуге де жарамағандары ма? Жариялылық заманы орнап, баспасөз бостандық алған кезде елiмiзде социализмдi жойып, капиталистiк қоғамды қайта орнатудың орынды-орынсыздығы жөнiнде ешкiмнiң жақ ашпай, айтыс-пiкiр болмағаны қалай? Тоқырау жылдарының саяси сананы, ғылыми ақыл-ойды да тұсап, бас көтертпей тұралатып тастағаны ма? Әйтпесе, 70 жыл өзiмiз өмiр сүрген социалистiк қоғам кеңес адамдарына түк бермедi деп, бәрiн жоққа шығарып, аузымызды қу шөппен сүртуiмiз жөн бе, әдiлдiк пе?

Шынында, социалистiк қоғамымыздың айыбы толық дәлелденбедi.

Үкiм әдiлетсiз шығарылды. Социализм орнату барысында оның негiзгi қағидалары сақталды ма?

– Сақталмаса, социализмнiң қандай принциптерi қалай бұзылды? Қай кезде, кiм бұзды?

– Егер социализм принциптерi бiлместiкпен немесе қасақана бұзылса, оған социализм айыпты ма?

– Бiздiң елде демократия болмады. Бiрақ социализм мен демократия сыйыспайды, бiр-бiрiне жат деп кiм айтыпты?

– Социализмде жариялылық, баспасөз бостандығы болмайды деп қай жерде жазылыпты?

– Социализмнен нарыққа апаратын жолды iздеп, талпыныс жасадық па?

– Кооперативтер мен жеке кәсiпорындар иелерiнiң не iстеймiн, қалай iстеймiн десе де өз ерiктерiнде. Ал сондай құқықты мемлекеттiк завод-фабрикалар мен колхоз-совхоздардың директорлары мен басқармаларына берiп көрдiк пе?

Социализмдi соттап, оны өлiм жазасына бұйырмас бұрын, жоғарыдағы сұрақтарға жауап алу керек едi. Жариялылықты жариялай отырып, ондай ашық сот процесi болған жоқ. Және социализмдi сырттай, жасырын соттап үкiм шығарды. Әдетте қоғамға құрылған сотты заңгерлер, саясаттанушылар, саясатшылар жүргiзер едi. Ал бiзде сотты қоғам дамуының заңдылықтарынан хабары жоқ, шала бiлiмдi экономистер жүргiздi.

"Ат шаппайды, бап шабады". Егер дұрыс бапталмай, терi алынбай, жаратылмай қосылған ат бәйгеде озып келмесе, оған ат кiнәлi ме, әлде иесi кiнәлi ме? Бiздiң елiмiздегi социализм де сондай бабы болмаған ат секiлдi. Оны 70 жыл бойы кiм мiнбедi?! Лениннен кейiн оны отыз жыл бойы етiкшi мiнiп, әбден жауыр қылды. Ат емес жер бетiндегi бүкiл адамзаттың зәресiн ұшыратын, ұйқысынан шошытып оятатын құбыжыққа айналдырды. Одан кейiн шахтер мiнiп, бiраз жауырын жазып, жараларын емдеп бәйгеге қайта қоспақшы болды. Қайта бұрынғыдан да бетер сиқын бұзды. Қысқасы, Сәкен сипаттаған "Қызыл атқа" мiнбеген адам қалмады. Өкiнiшке қарай, iштерiнен Ақандай бiр атбегi шықпады. "Ер арыса – аруақ, ат арыса – тулақ". Ақыры, мiне, төрт аяғынан тұралатып, көтерем етiп тастады.

Социализмдi бұлайша жерлеуге моральдық қақымыз жоқ-ты. Халықпен ғана емес, тiптi, адамзатпен ақылдасуымыз, әлемдiк пiкiр-айтыс өткiзуiмiз керек едi. Неге десеңiз, қанша кемшiлiгi, жетiмсiздiгi болғанымен, бiз құрған социализм бүкiл адамзатқа ортақ-ты. Өйткенi, социалистiк қоғам сонау Сократ, Платон заманынан бергi адамзаттың мың-мың жылдық асыл арманы, тарих ананың, уақыттың перзентi болатын. Ол бiр елде ғана емес, жарты әлемге қанат жайды. Социалистiк лагерь елдерi КСРО-дағы 15 республикамен қосып есептегенде отызға жуықтады. Қазiр де Қытай, Куба, Албания, Солтүстiк Корея, Вьетнам бiз сияқты социализмнен мүлдем бас тартқан жоқ. Оны жетiлдiрудiң, дамытудың жолдарын iздестiруде. Қытай ол жолды тапты да.

Социализмнiң ең басты тұрмыстық принциптерiнiң бiрiн Жан Жак Руссо айтып кеткенiн жоғарыда келтiрдiк. Руссоның бұл ойының жүзеге асуы феодалдық қоғамда қандай мүмкiн болмаған болса, капиталистiк қоғамда да соншалықты мүмкiн емес. Бұл тұрмыс принципiнiң тек социалистiк қоғамда ғана мүмкiн болып, бiршама жүзеге асқаны белгiлi. Кеңес халқы, әсiресе, 1960-1990 жылдар аралығында, отыз жыл бойы тұрмыс тауқыметiн тартпай, таршылық көрмей тоқшылықта, баршылықта өмiр сүрдi. Тамақ тоқ, көйлек көк болды. Екi үйдiң бiрiнде автомашина болмаса алуға қаржы таппағандықтан емес, автозаводтар жеткiлiктi етiп шығарып үлгере алмай жатты. Автомашинаға деген кезегiн жұрт жылдар бойы күтетiн. Автомашинадан бұрын бiздегi ең қиын тұрғын үй проблемасы болды. Дегенмен, ол мәселе де кезегiмен шешiлiп жататын-ды. Қысқасы, Жан Жак Руссо айтқандай бiзде қажеттi нәрселер жеткiлiктi едi. Ал автомашиналар мен асыл жиһаздарды сән-салтанатқа жатқызса да болар. Томас Мордың идеалды қоғамында адамдар сән-салтанат, байлық қумайды. Адамның күнделiктi тұрмысына онша қажетi шамалы, оларсыз да уайым-қайғысыз өмiр сүруге болатын мақтаншақтық, салтанаттық қана қызмет атқаратын артық заттар мен бұйымдар шығаруға тырыспайды. Соған кететiн уақытты өнерге, ғылымға, мағыналы демалысқа, жан мен тәндi жетiлдiруге, шынықтыруға жұмсағанды жөн деп бiледi. Олар адамның дүниеге келiп, жаралғандағы негiзгi мақсат-мұраты материалдық игiлiктердi көп өндiрiп, жинап, соларды қызықтап отыру емес деп есептейдi.

Санаға салып салмақтап, ақылға салып ойлап отырсақ неткен данышпандық, даналық пiкiрлер. Шынында адамның қамшының сабындай қысқа ғұмырында дүние-мүлiкке қазiргiдей соншама қызығып, құнығып, соларды өндiруге, жасауға, табуға алтын уақыттарды сарп етудiң қажетi бар ма? Өндiрiс тауарлары дүкендерiне кiрсеңiз қаншама өмiрге, тұрмысқа қажетi шамалы заттардың шығарылып сықап тұрғанын көресiз. Оларды өндiруге қаншама шикiзаттар, адамдардың қаншама қымбат уақыты, сатып алуға қаншама қаржы босқа жұмсалып жатады десеңiзшi! Қысқасы, қазiргi адамдар өз өмiрлерiн өздерi күрделендiрiп, өз тұрмыстарын өздерi қиындатып жiберiп отыр. Киiмге де, әшекей-үшекейлерге де тойымымыз жоқ. Сән-салтанатқа, дүниеге тойымсыздық, әсiресе капиталистiк қоғамға тән қасиет. Капитализмнiң өмiрлiк басты принципi – жан таласа баю. Және байыған үстiне байи беру. Капиталистер бүгiн миллионер болса, ертең миллиардер болуды аңсайды. Ал бiр адамға, бiр жанұяға соншама шексiз байлықтың керегi, қажетi қанша? Ертең соның бiрiн де көрiне бiрге әкете алмайды. Жан Жак Руссо сол себептi де қоғамдағы барша адам мұқтажсыз өмiр сүруi үшiн ешкiмде де шамадан тыс байлық болмауы керек дейдi.

Бiздiң елiмiзде орнаған социалистiк қоғамда осы принцип жүзеге асты деп айта алсақ керек. Рас, қарапайым халыққа қарағанда, үкiмет басшылары, министрлер, басқа да бастықтар әлдеқайда жақсы, ауқатты тұрды. Бiрақ капиталистер сияқты ұшақтары, жеке ақжелкен кемелерi, шектен тыс байлықтары, кассаларда миллиондаған сом ақшалары болған жоқ. Кеңес адамдарының бойында қанағатшылдық психология қалыптасты. Қанша дегенмен, коммунистiк тәрбие деп аталған 70 жылдық үгiт-насихат әсер етiп, адамдар баюды мұрат тұтпады. Ұжымшылдық, қоғамшылдық асыл қасиеттер кеңес адамдарының қанына сiңдi.

Мiне, бұларды социализмнiң жемiсi, әлеуметтiк табысы емес деп жоққа шығаруға бола ма? Болмайды.

Капиталистiк сана мен социалистiк сананың айырмашылығы жер мен көктей. Адамзат өзiнiң тарихи дамуында ерте ме, кеш пе, әйтеуiр қауымшылдық сана билейтiн тұрмыста – Руссо теңдiгi, өмiрде – әлеуметтiк әдiлдiк орнайтын қоғам құрады. Ол қоғам қалай аталады, мәселе онда емес. Жер қойнауындағы табиғат байлықтарының шектеулiлiгi, олардың қазiргi рәсуа болып, жылдар өткен сайын азайып жатқаны, тiптi, бара-бара таусылатыны капиталистiк санамен мәңгi өмiр сүруге мүмкiндiк бермейдi. Ал капиталистiк сана азшылықтың миллиардтары мен миллиондарын көпшiлiкпен бейбiтшiлiкпен бөлiсуге жiбермейдi. Сөйтiп бiршама уақыт тыныштықта бейбiт өмiр сүрген екi сана қайтадан ақырғы айқасқа шығады. Адамзат болашағы қауымшылдық сана билейтiн, Руссо теңдiгi орнайтын қоғам десек, оған қазiргi қалыптасқан капиталистiк сана мен социалистiк сананың қайсысынан төте жол шығатыны өзiнен-өзi түсiнiктi. Олай болса, сол қазақтың табиғатында бұрыннан бар қауымшылдық социалистiк сананы жойып, басымызға қайтадан капиталистiк сананы сiңiрiп бұзылуымыздың, орта жолдан керi оралуымыздың жөнi қайсы? Социалистiк сананы өшiруге де, өлтiруге де тиiстi емеспiз. Оған уақытша тыйым салуға болар, бiрақ оны жою, адамзатқа ұмыттыру мүмкiн емес.

Қазақстанда бiр мыңнан астам ғылым докторлары бар екен. Олардың iшiнде идеолог саясатшылар, политологтар, социологтар, философтар аз емес екенi анық. Адамзат санасы мен қоғам дамуының заңдылықтары негiзiнде болашақты болжамдауға, мынау аумалы-төкпелi кезеңдегi саясатқа сол ғалымдарымыздан ат салыспай, өз көзқарастарын бiлдiрмей үнсiз жатқан салғырттықтары, принципсiздiктерi түсiнiксiз. Олардың жан дауыстары шығатын кезеңге келдiк, бiрақ жай дауыстары да шықпайды.

Қазақстан тәуелсiздiк алып жеке мемлекет болғанда, қоғамдық ойдың ұйықтап жатқаны қалай? Алдымызда сан тарау жол жатыр. Европалық, қытайлық, түрiктiк, исламдық, тағы басқа тарам-тарам жолдардың қайсысын таңдаймыз? Қайсысына түскенiмiз жөн? Әлде тек бiреуiне ғана түсiп кетпей, әрқайсысының жақсылықтарын iрiктеп, сұрыптап алып қорытып, "Қазақстандық жол" аталатын жаңа жол саламыз ба?

Капитализмдi қазаққа күштеп танып ұлтымызға үлкен орны толмас тарихи зор қиянат жасалды. Капитализм қазақ халқының табиғатымен қабыспайды. Қазақ – табиғатынан көпшiл, қауымшыл халық. Туған халқымыздың құдай берген дархандық қасиетiн қолдан құртып –жойып, табиғатын өзгертiп, оған Батыс психологиясын жапсырып жатырмыз. Соның салдарынан қазақтар өзiмiздi өзiмiз танудан қалып барамыз.

Бұларды былай қойғанда, социализм "Өзiм туғыздым, өзiм өлтiремiн" деп Тарас Бульба айтқандай, бiздiң елдiң ғана меншiгi емес-тi. Социализм – жер үстiндегi барша адамзат меншiгi, тарих перзентi. Социализм идеясының авторы утопист социалистер мен Маркс, Энгельс, Лениндер ғана емес. Социализм идеясы әруақытта әдiлдiк iздеумен, аңсаумен жүретiн адамзаттың өзiмен бiрге мың-мыңдаған жылдар бойы мәңгi бiрге жасасып келедi.

Көз алдымызда тарихи қылмыс жасалды. Аталарымыз бен аналарымыз қандарын төгiп күресiп дүниеге әкелген, аялап, әлпештеп өсiрiп жеткiзген перзентiн бүгiнгi ұрпақ асқан қатыгездiкпен өлiмге қиып отырмыз.

Адамзат тарихы алдында бiздiң бiр ғана, жалғыз ғана құқымыз бар-ды. Ол социализмдi тек жетiлдiру; кемелiне келтiре алмасақ та келесi ұрпаққа жақсартып жеткiзу. Оны соттап құртуға бiздiң еш қақымыз жоқ-ты.

Қытайлықтар Маодан құтылғаннан кейiн социализмдi жетiлдiрудiң тетiктерiн тез тауып, оған не кедергi болып отырғанын сезе қойды. Жердi шаруаларға арендаға үлестiрiп бердi. Өндiрiс салалары мен өнеркәсiпте, саудада инициативаға еркiндiк берiп, жалақы теңгермешiлiгiн жойды. Қалада да, далада да мемлекеттiк бақылауды қолдан шығармай, ешкiмдi ауа жайылтпады; бағаны бетiмен жiбермедi.

Мемлекеттiк бақылау, бағаны бетiмен жiбермеу дегенiмiз – ешкiмге еркiндiк бермеу деген сөз емес, iшкi экономикада өз халқыңды өзiң тонамау, алыпсатар алаяқтарға тонаттырмау деген сөз. Ал Польша мен Ресейдiң, Ельциннiң соңынан елпiлдеп ерген Қазақстандағы ес тандыру терапиясы, жекешелендiру мен бетiмен кеткен баға халықты шын мәнiнде есiнен тандырып есеңгiретiп тастады. Сөйтiп жоғарыда жазғанымыздай, қарапайым халық екi жақты, үш жақты, тiптi жан-жақты қанауға ұшырады. Әлi де ұшырап отыр.

Түйiндей келгенде, жоғарыда көтерiлген мәселелер мен қойылған сауал-сұрақтар бойынша жоғары деңгейде, кең көлемде ғылыми-теориялық дискуссия ашайық; қоғамдық құрылыстардың сатылары, сол қоғамды, мемлекеттi басқарушылардың қоғам мүшелерi алдындағы жауапкершiлiктерi мен мiндеттерi, ғылыми ойдың қазiргi халi жөнiндегi пiкiр-пайымдарымызды ортаға салайық демекпiз.

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi