Жаңалықтар

ТӨРТ КЕҢЕС

ашық дереккөзі

ТӨРТ КЕҢЕС

Тоғыз қабатты баспасөз үйiнiң алтыншы қабатындағы терезесi шығысқа қараған бөлмеден тысқа көз сап отырмын. Жан-жағы сарғыш, орта тұсы жап-жасыл анау биiк төбе-беткей – Кеңсай зираты. Онда халқымыздың нешеме алып, дана ұлдары, қыздары жатыр. Олардың қыршын кеткендерi де, әбден қартайып, арпалыстың ащы дәмiн татып, көз жұмғандары да бар.

Күн қайта күркiредi. Есiме Баукең түстi. Сарыағаш шипажайынан келгелi жолыққан жоқпын. Естуiмше, жазушылар одағы пленумына қатысыпты. Мойнына ұзын қара бантигiн байлап, қолына таяқ ұстап барыпты.

– Екiншi қатарға өңкей ақ бас шалдар жайғасты. Пленум бастала бергенде бiр жас жiгiт бiрiншi қатардағы бос орынның бiрiне барып отыра бермек едi, Баукең қолындағы таяғымен әлгiнi түртiп, “артқа отыр, ақсақалдардың алдына шығушы болма” дегендей белгi бердi. Жiгiт түсiнiп, артқа қарай кеттi,– дедi пленумға қатысқан бiр танысым.

Баукеңе телефон соқтым. Тұтқаны жеңгей көтердi. Амандық-есендiк сұрасқан соң:

– Ағаның денсаулығы қалай? –дедiм.

– Тәуiр, қазiр шақырайын.

Сәл өтпей:

– Ало, амансың ба, қарағым? – деген Баукеңнiң таныс, қоңыр даусы естiлдi. – Жағдайың жақсы ма? Иә… Әй, көп сөйлей бермей, сұрағың бар ма, соны айт!

– Бар.

– Келесiң бе?

– Жұмыс аяғында, сағат алтыда барамын.

– Кел, қарағым, мен ертең, бүрсүгiнi аулыма аттануым мүмкiн. Уақытты пайдаланып қалсайшы.

Тұтқаны орнына қойып, қайта ойға баттым. Кеудемдi қуаныш кернеп, екi қолымды екi жаққа жая керiлiп алдым.

Жаңбыр жауа бастады. Терезеден сыртқа көз сап тұрмын. Көшенiң арғы бетiндегi алып, қайсар терек байсалды, өр қалпынан айныр емес. Асфальт жол әп-сәтте-ақ айнадай жарқырап шыға келдi.

Жаңбыр жуық арада басылатын емес. Сағат тiлi алтыға қарай ауып барады. Тысқа шықтым. Жұрт есiк алдындағы қалқада иiрiлiп тұр. Костюмiмнiң жағасын көтерiп, жаңбыр астымен жүгiре басып, аялдамаға жеткенiм сол едi, автобус келе қалды.

Баукең ұйықтайтын бөлмесiнде аяғын еденге салбыратып, төсегiнен ендi тұрғалы отыр екен. Екi қолымды қатар созып, амандастым.

– Жаңбырдың астында қалатын болды-ау деп ойлап едiм, – деп қолымен костюмiмнiң жеңiн, етегiн ұстап көрдi.

– Ал отыр, пленумға келмедiң ғой?

– Қолым тимедi.

– Пленум бiршама жақсы өттi. Шерхан баяндама жасады. Өзiнiң шешендiк дикциясы жоқ екен. Даусы жұртқа жақсы естiлмедi. Бiр таң қалғаным, дауыс күшейткiштi пайдалана бiлмейтiн көрiндi. Тәжiрибесi жоқ дейтiндей емес, “Социалистiк Қазақстанда“, “Лениншiл жаста“, “Жалында“, “Жұлдызда“ неше жыл жауапты қызмет атқарды. Ел, жер көрдi. Әйтеуiр оқуы нашар болды. Өзi жақсы оқып тұрмын деп ойлаған шығар. Ал баяндамасы мазмұнды шықты.

Одан кейiн қосымша баяндама жасаған П. Косенконың дикциясы жақсы екен. Маған I. Есенберлиннiң сөзi ұнаған жоқ. Жек көрсең де айтайын, қырық минөт жұрттың уақытын босқа алды. Өзiн өзi мақтап, жақтап сөйледi.

Құдай-ау, жақсы жазушыны бiр-екi сыншы жамандап қаралай, не өзi сөйлеп ақтай алмайды ғой. Жақсы, жаман деген бағаны беретiн әдiл төрешi– оқырман емес пе? Оның үстiне Тәкен Әлiмқұловқа тап бiр әкесiн өлтiргендей ренжiдi. Сынады деп сөйтуге бола ма? Маған, әсiресе, “Тәкеннiң өзi де жетiсiп тұрған жоқ“ деген сөзi ұнамады.

Тәкенге де ашуым келдi. Өзi бiлiмдi, мәдениеттi, талантты жазушы. Сөйте тұра ұсақ нәрселердi терiп кеттi. Мысалы, ол Iлиястың “Ұлытаудың басында кеме қалған“ дегенiн географиялық жағынан дұрыс емес, негiзiнде “Қазығұрттың басында кеме қалған“ деуi керек едi деп сынады. Әртүрлi аңыз барын ол ескермедi. Кавказдың ең биiк шыңының аты не едi? Ұмыттым. Сонда кеме қалған, зерттеймiз деп ана жылы Американың ғалымдары келген болатын. Несi бар, мұндай аңыздар басқа тақырып төңiрегiнде де толып жатыр.

Үстiмiзге жеңгей ендi.

– Шай дайын.

– Рақмет, менiң тамақтанғым келмейдi, – деген маған:

– Қой, қарағым, жүр. Жұмыстан жаңа шықтың. Жеңгеңнiң тiлiн алмауға болмайды. Айтқанын орындамасам, түнде терiс қарап жатып алады, – деп Баукең әзiлдей күлдi.

Залға өтiп, столды төңiректей отырдық.

– Тәкеңе көңлiм толмады дедiм ғой. Оның себебi, ұсақ-түйек, болмашы нәрселердi терiп кеттi. Сынағың келсе, кәдiмгiдей, кiмге де болса ой саларлық етiп сына. Оған оның бiлiмi де, таланты да жетедi. Ал, шындығын айтсам, қарағым, кемшiлiксiз кiтап жоқ…

Маған сөйлегендердiң iшiнде Рахманқұл Бердiбаев қатты ұнады. Ол қағазға қарамай сөйледi. Қолындағы параққа айтайын деген ойларының тезисiн ғана жазып алыпты. Өте мәдениеттi, ойлы, тұжырымды сөйледi. Сын да айтты. Онысы әдiлеттi және ой саларлықтай болды. Көкейiндегiсiн таза тiлмен жұрт санасына салмақты жеткiздi. Өзi қазақ тiлiн жақсы бiледi екен…

Пленумда маған сөз сөйлейсiз бе дегендер де табылды. Керек болып қала ма деп ойларымның тезисiн түртiп алған едiм, бiрақ сөйлегiм келмедi. Жай тыңдаушы болып отырдым.

Президиумда қасы-көзiн боямаған бiр қараторы жас қыз отырды. “Япыр-ай, кiм болды екен? Ақын қыздарымыздың қайсысы болды екен?“ деп ойлап ем, ол қызым Алматы мақта-мата комбинатының жұмысшысы екен. Орыс тiлiнде қағазға қарамай еркiн сөйледi. Ойлары бар. Қуанып қалдым. Егер қамқорлық танытып, тәрбиелесе, Құдай бiледi, бiрдеңе шығатын қыз. Ол маған бүгiнгi салауатты оқырман – жұмысшы жастарды елестеттi.

Сыншы Николай Ровенскийдiң, Галина Черниголованың сөздерi де ұнады…

Тамақтанып болып, Баукеңнiң ұйықтайтын бөлмесiне қайта келдiк.

– Сұрағыңды қой.

– Әдебиеттегi жаңалық деп қандай жаңалықты айтар едiңiз?

– Сұрағың дұрыс.

Баукең ойға енiп, ұзақ үнсiз қалды.

– Ең алдымен айтарым, жазушылар бiр-бiрiне ұқсамауы керек. Себебi, әрқайсысының қабылдауы әртүрлi. Бiзде мұны түсiнбей бүлдiрiп жүрген нәрсе – елiктеушiлiк деген ауру. Пушкинге, Абайға ұқсаймын деп өздерiн өздерi ақсатып алғандар аз емес. Ақсатып деген сөздiң астарын түсiн. Өзiнше айту – жаңалық екенiн ұқпайтындар бар. Жаңалық деген сөздiң де астарына мән бер. Бұл да түбiрiмен қызық сөз. Саған жай шет жағасын ғана айтайын, балам. Мысалы, мен ешкiмге елiктемеймiн. Неге десең, өз ойым, өз тiлiм бар. Неге десең, олар көргендi мен көрген жоқпын, менiң көргенiмдi олар көрген жоқ.

Алысқа бармай-ақ қоялық, сен менi түсiнбейсiң. Түсiнбейсiң дегеннiң де астарына ой жүгiрт. Ол үшiн мен сенi айыптамаймын. Неге десең, мен бiр заманның адамымын, сен кейiнгi заманның адамысың. Сол себептi “сен маған ұқса, менiңше, ойлан, менiңше түсiн“ деп саған айта алмаймын. Мұны ақымақ жазушы ғана айтады. Әрiберiден кейiн бiз осылай едiк, сен олай емессiң деушiлер де табылады. Бұл– барып тұрған оңбағандық!

Әр уақыттың өзiнiң жағдайы, санасы, сезiмi, тiлi бар. Олар бiрiн бiрi қайталамайды, қайталамауы тиiс. Себебi бәрi өткiншi. Мұны дұрыс ұғын деймiн. Дұрыс ұғынсаң, жаңалық, өсiп-өну сонда. Дұрыс ұғынсаң, сол өсiп-өнудiң, жаңалықтың сырын ашасың.

Консерватизм деген сөз бар. Оған жете мән берiп, терең түсiне алмай жүрмiз. Оны жамандаудың эпитетiне айналдырып жiбердiк. Бұл – дұрыс емес. Консерватизм – тарихи оқиға. Одан құтылу қиын. Оған қарсы шығып жүрген белсендiлердiң өздерi нағыз елiктеушiлер, нағыз кертартпашылар. Олардың өздерiн өздерi ақтайтын “ұлы пәлен бүйдегенде бiз неге сүйдемеймiз“ деген жалған логикасы бар. Бұл – көрсоқыр елiктеушiлiк.

Абайға ұқсаймын деп оттап жүрген ақындарымыз аз емес. Абай қайдағы Абай?! Оның заманы қайдағы заман?! Ей, қарағым, Абайды оқығаныңа, Абайды бiлгенiңе қарсылығым жоқ, ол саған өте керек. Баяғыда былай болған екен, қазiр қалай, Абай қандай мұрагерiмiз, басқалар ше? Ол заман олай болса, бiздiң заман қалай деп терең ойланған нәрсенiң тамыры жер түбiнде. Ол – кен, жай емес, алтын кенi! Алтынның алғаш ұнтақ күйiнде құм арасында болатынын бiлесiң ғой. Оны жалықпай iздеп тауып, жуып, тазалап, ерiтiп, балқытады. Көп азап, машақаттан кейiн ғана әжетке жаратады. Дәл солай бiз де өткен мұрагерлерiмiздiң ой-қиялын сезiп, үн қосып, олардың жақсы үлгiлерiн кәдеге асыруымыз керек. Себебi, iзденусiз жаңалық жоқ.

– Бауке, әуелi тамақтанып алсаңызшы? – деген жеңгейге:

– Бiлсең, мен тамақтанып отырмын. Ойымды бөлме! – деп Баукең шамдана дауыстап, маған қарап:

– Сен жөндеп тыңда,– дедi кеседегi шайдан бiр ұрттап. – Ақыл-ой, шығармашылық, тұрмыстық, өсек-аяң деген төрт түрлi кеңес бар. Бұларға жеңiл-желпi қарауға болмайды.

Ақыл-ой кеңесi дегенде бiз өзара әңгiмелесудi, пiкiр алысуды айтамыз. Оның соңы ұғынысу, ұғыныспауға барып тiреледi. Өзара әңгiмелесу, пiкiр алысудың өзiндiк ерекшелiгi көп. Жақсы айтса, қызығасың, ал жаман айтса, "мылжың бiреу екен, әрең тыңдадым" дейсiң. Бұл екеуi де адам арасындағы қарым-қатынасқа, ақыл мен сезiмге байланысты нәрселер. Екеуiнде де айтушы тыңдаушыны сынап, мынаған не айтсам екен, түсiне ме, жоқ па деп отырады. Тыңдаушы да өзiнше сездiрмегенiмен айтушыны iштей сынап отырып, тыңдайды. Сол себептi айтушы да, тыңдаушы да бiр-бiрiнiң ойына ой қосады.

Бұл сөздердiң екi мағынасы бар. Абайдың "ойыңа ой қосады ақылдассаң" дегенiн кейбiреу бiр жақты түсiнедi. Ол дұрыс емес. Кейбiр айтылған нәрсенi тыңдаушы "е, дұрыс екен" деп мақұлдайды. Ол ойына ой қосу деген нәрсе. Екiншi тыңдаушы "мына мылжың не оттап отыр?" деген қарама-қарсы пiкiрде болады. Ашық, не iштей келiспесiн, бәрiбiр. Соның өзi де тыңдаушының ойына ой қосады. "Мынаның мына жерi дұрыс емес екен, ана жерi дұрыс екен, е, ендi мынаусы артық" – деп ол өзiнше ойланады.

Бұл қасиет, әсiресе, жазушыларға, журналистерге керек. Ол образ сырын ашуы тиiс. Әңгiмелескен адамына "е, былай түсiнiп отыр екен ғой, мұның дүниетанымы былай екен" дейдi. Мұның (жақсы, жаманы бәрi бiр, ол есеп емес) күретамыры қайда жатыр деп отырып тыңдаса, солай отырып сауал берсе, көп сырға қанығады. Горький: "Жазушы үшiн ең басты мәселе– тыңдай бiлу және оқи бiлу"– деген. Сен кiтап оқығанда "ой, мына жерi сәттi, мына жерi үстiрт жазылыпты" деп жақсылығын, кемiстiгiн бағалай бiлуiң керек. Горькийдiң талабы – обьективтi талап.

Кiтап оқи, оны бағалай бiлу де жазушының үлкен мектебi. Себебi, ол "жұрт менiң жазғандарыма қалай қарайды, ойбай-ау, мына жерiн бүйтсем қайтедi, байқа, абайла" , деп өзiн өзi сынап, өзiн өзi бақылап отыруға үйренедi.

Оқи бiлу – шығарма табысынан да, кемшiлiгiнен де сабақ алу. Кино, спектакль көргенде де осы талапты ескерген жөн. Қорыта жинақтағанда, қарағым, көре, әңгiмелесе бiлу, көргеннен, оқығаннан, естiгеннен тоқи бiлу, яғни түсiне, түсiнгенiңдi қорытып, пайымдай бiлу – осының бәрi ақыл-ой кеңесiне жатады. Мұны кейбiреу формальдi түсiнiп, зерттеу жұмысы деп ойлайды. Ал шындығына келгенде мұның зерттеу жұмысы екенi анық.

– Ой, Бауке, шайыңыз суып қалды.

– Ойымды бөле бердiң. Жарайды, әуелi әлденiп алайын, – деп Баукең кесенi қолына алып, үн-түнсiз тамақтана бастады.

– Әй, сен мына тарелкадағы еттен асап-асап же. Жас жiгiтсiң ғой, ұялма, – деп анда-санда маған дем берiп қояды.

Тамақтанып болып, ас үйден залға өтiп, iргедегi диванға қатарласа отырдық.

– Тақырып не жайында едi?

– Төрт кеңес туралы.

– Ә, дұрыс. – Осы кез Күләнда әпке бiр құшақ кiр көтерiп, үстiмiзге ендi.

– Бұл не, әпке?

– Химчисткадан шыққан сенiң киiмдерiң ғой.

– Е, ендi мен сұлу болатын болдым ба? Көшеге шықсам, жұрттың бәрi менен көз айырмай жүрсе, қайтем? – деп Баукең әзiлдей күлдi. Күләнда әпке төр жақтағы бос орындықтың бiрiне әлгi киiмдердi реттеп қойды да, аяғының ұшынан басып, есiкке беттедi.

Ойының бөлiнгенiне қабақ шыта қынжылып, үнсiз қалған Баукең:

– Жүр, балам, өз бөлмемiзге барайық. Жаңа мұнда бекер аялдаған екенбiз, – деп шапанын желең жамылған күйi, iлби басып, алға түстi. Орын орнымызға жайғасқан соң:

– Не жайында айтып отыр едiм?– дедi жөткiрiнiп.

– Ақыл-ой кеңесi туралы.

– Дұрыс. Тыңдаушы айтушыны сөзiнен байқайды ғой. Мынау аталы сөз айтты дейдi. Аталы дегенiнiң астарын түсiн. Қазақ неге аталы дейдi?! Оның мәнiсi бар, балам. "Е, мынаның атасы сөйлей бiледi екен ғой, сөзi мағыналы екен ғой. Атасы болмаса, бұл сөздi қайдан алады?"– дейдi. Көкейге қонымды сөздi сөз қадiрiн түсiнетiн адам ғана айта алады. Сөз қадiрiн түсiну үшiн де тәрбие керек. Ал бiз оған ешқандай көңiл бөлмеймiз. Бұл – зиян!

Түсiн суытып, даусын қатайта сөйледi.

– Сөзден адамның барлық ата-тегi, қауымы, ойы, қылығы, пiкiрi, дүниеге көзқарасы, тәрбиесi түгел көрiнiп тұрады. Мұны сен бiлмейдi деп айтып отырғаным жоқ, шырағым. Мұны кейбiреулерге айтсаң: "Сен бiлгендi мен неге бiлмеймiн?!"– деп шамданады. Ол адамның әлсiздiгi. Ондай әлсiздiк, шүкiр, өзiмiзде де бар. Оны мойындау қажет.

Баукең сөйлей отырып, темекi тұтатып тартты.

– Қазақта "Жақсымен жолдас болсаң – жарым ырыс" деген өте жақсы сөз бар. "Ойпырмай, пәленшенi көрiп, көзайым боп қалдым ғой" дейдi кейбiреулер. Кiсiнiң үйiнде, не топта, не қоғамда отырып, "рахаттана бiр көтерiлiп қалдым" дейтiндер де бар. Оны ешкiм мақтаған жоқ, тiптi оған көңiл де бөлмеуi мүмкiн. Бiрақ ол өзiнше ләззат алады.

Мұның бәрiн, балам, сен түсiнсiн деп айтып отырмын. Әр адам өзiнiң мiнез-құлқына, өзiнiң жаратылысына өзi куә. Сырттан куәсi жоқ. Сөйлессең, өзi туралы өзi айтып отырады. Байқасаң, зер салсаң, "ой, мынаусын жасырды" деп бүркеген, қымтаған жағын тез сезе қоясың. Бiреудi жамандаған өзiн жамандайды. Бiреудi мақтаған өзiн мақтайды. Тек сен оның айтқан сөзiн тыңдай бергiн. Үш том айтқан шығар. Соларды сұрыптап, дәнiн тапсаң, бiр сөйлем, не бiр-ақ сөзбен оның образын беруге болады.

Бұл– кен iздеумен бiрдей. Алтын ба, жез бе, белгiсiз. Бiр қап топырақтың iшiнен iздегенiңдi табасың ба, таппайсың ба, оны да айту қиын.

Кеңес, қарым-қатынас – кен. Жазушының мiндетi осы кеннен бағалы, бағасызды ажыратып, таба бiлуi, қорыта бiлуi керек. Жазушы өнерiнiң мәнi осында.

Қайталап айтайын, халықпен қоян-қолтық қатынас жасасаң, сенен жасырын ештеңе жоқ. Ал бiздiң көп жазушыларымыз кендi де таппайды, оқырмандарға да маза бермейдi. Оларды да, өзiн де азаптайды.

Кеннен бағалы, не бағасызды iздеп тауып, оны анықтау процесi – жазушының творчестволық процесi. Ұлы жазушылардың көп нәрсенi он, жиырма жылдап жазатын себебi де осыған байланысты болса керек. Бүгiнгi жазушыларымыз сарыла iздеуге шыдамсыз ба, жоқ кендi таба алмай ма, әйтеуiр боратып жаза бередi.

Күнгебағар деген өсiмдiк бар. Бұл образды сөз. Күнге қарамаса, ол өсiмдiктiң бойы, дәнi өспейдi. Сол себептi күн шыққаннан батқанға дейiн күнге қарайды. Ол шын мәнiндегi еңбеккер.

Бiз оны жағымсыз мағынада қолданамыз. Шындығына келгенде ол майлы да, дәндi де, өте пайдалы, iзгi өсiмдiк. Әрине, оның жағымсыз қылығы – өзiнше дұрыс ойланбай, күнге баға беруi.

Адам қоғамда өмiр сүредi. Жақсылық жағынан мысал ете айтқанда адамның күнгебағары байқампаз, ол бере де, ала да бiледi, өзiнiң жеке дамуына қоғамдағы мүмкiндiктердi пайдалана бiледi. Мұны бiз бiлiмқұмарлық деймiз. Бұл – iзгi түсiнiк. Өзi бiлiп, өзгелердi байыту– жақсы iс.

Ал ендi бiлiмқұмарлықтың екiншi жағы– әуейiлiк. Ол естiп, тыңдап боп өсек айтады.

Бiлiмқұмарлық пайда үшiн, әуейiлiк "ехе-хе" деп көңiл көтеру үшiн, өсек айту үшiн керек. Әуейiлiктiң осы зиянын кейбiреулер түсiнбейдi.

Жас бала шындықты жасырмайды. Ол қулық-сұмдықтан бейхабар, перiште. Адамдардың бәрi бiрдей жақсы, тәртiптi деп ойлайды. Мұны бала айтты ғой, "балалы үйдiң ұрлығы жатпайды" деймiз. Ал үлкендер бала емес, қу. Дегенмен тыңдай, ұға, сұрыптай, тексере бiлiп, талдау жасаған жазушыға қудың да әңгiмесiнен кiм екенiн тануға болады.

Ол, әрине, түрлi бұлталақ-сұлталаққа салып, сыр бермеуге тырысады. Бiрақ кiлтiн тапсаң, өзiнiң кiм екенiн өзi айтады. Мұны бiз образ сырын ашудағы жинақтау деймiз. Көркем шындыққа жету үшiн осы тайғанақ көк мұздардан құламай аман өту керек.

Үлкен адам балаға ұқсап ойындағысын ақтарып салмайды. Сондықтан онымен ойланып сөйлес, ойланып айт, ойланып тыңдай бiл. Ақыл-ой кеңесiнiң негiзгi құпия сыры, мiне, осында.

Екiншi творчестволық кеңес – өз бiлгенiмдi мынаған жеткiзiп беремiн, мұның бiлгенiнiң керегiн өзiм аламын, яғни бiр-бiрiмiздi өзара байытамыз, бiлiмiмiздi толықтырамыз деген қоғамдық пайданы көздеген мақсаттан туатын кеңес. Ол топ құратын мақсаттан тумауы керек. Онсыз ол творчестволық емес, өзiмшiл, кертартпа кеңес болмақ.

Творчестволық кеңес жазушының iзденуi үшiн өте қажет. Бұл, байқауымша, бiздiң қазақ қаламгерлерi арасында ақсаулы. Оған iштарлық деген дерт кiнәлi.

Үшiншi, тұрмыстық кеңес те күрделi. "Отбасы – шағын мемлекет, отбасы – мемлекеттiң басты ұясы" деген Энгельстiң сөзi бар.

Отбасылар әр түрлi. Ашық, жабық, жартылай жабық отбасылардың ерекшелiгi көп. Әркiм өзiн өзiнше тектi жердiң баласымын деп санайды. Бiздiң қазақта "Ұяда ненi көрсең, ұшқанда соны iлесiң" деп бекер айтылмаған.

Аграном тiлiнде селекция деймiз ғой. Бұл – өсiмдiк, мал тұқымдарын, олардың нәсiл, түр қасиеттерiн өзгерту жолымен асылдандыру деген сөз. Селекциядан жақсы өнiм болатыны секiлдi асылдан асыл туады. Бiрақ әлiне қарамай әркiм-ақ асыл болғысы келедi. Мұндай тыртаңдаудың белгiлi мөлшерде психологиялық тәрбиелiк мәнi де бар. Кiм жақсы болмаймын дейдi. Осыған байланысты: "Сен ондай бола алмассың, бiрақ соған тырыс, мысал, үлгi ал"– деген қазақта жақсы сөз бар. Ал ұлы Абай: "Болмасаң да ұқсап бақ"– демеп пе едi?

Қорытып айтқанда, адамды байқап отырсаң, тыңдап, ой көзiмен қарап отырсаң, өзiн өзi рентгендей көрсетедi. Өз сөзiмен, өз қылығымен, өз ұғымымен әке-шешесiнен бастап бүгiнгi қасында кiм жүргенiне дейiн өзi айтып отырады. "Е, әке-шешең, жора-жолдастарың былай болған екен ғой, өзiң мынандай қоғамда өскен екенсiң ғой" деймiз. Мейлi ол әке-шешесiн мақтасын, бұлталақ-сұлталаққа салсын, бәрi бiр бет пердесiнiң ар жағында не жатқаны көрiнiп тұрады. Бiреудiң қосымша баяндамасының керегi жоқ.

Төртiншi – өсек-аяң кеңесiнiң қалай екенiн, қарағым, өзiң бiлерсiң. Өсек-аяң, анекдот, шағым дегендердi тыңдаған кезде ой елегiнен өткiзiп, сұрыптай бiлсең, олардың өзiнен де көп нәрсе табуға болады. Гогольдiң "Слог характеризует не только человека, но и общество" деген сөзi бар.

Мен кiммен сөйлессем де кеңестiң осы төрт түрiн ескерiп отырамын. "Мынау кiм, қандай адам, ойларының тамыры қайда жатыр?" деп сөйлесем. Осылай еткенде ғана адамдардың психологиясын танып-бiлесiң, кейiпкер образын жасай аласың. Ең бастысы, адамдардың психологиясын танып-бiлмей тұрып, өзiң өмiр сүрiп жүрген қоғам жаңалығына ден қоя алмайсың.

Мұны саған айтудағы себебiм, қарағым, сен де жұртпен сөйлескенде кеңестiң осы төрт түрiн ескерiп отырып сөйлес.

– Қамқор көңлiңiзге рақмет, аға.

ЖАЗУШЫ МЕН ЖУРНАЛИСТ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК?

Менiң бұл сұрағыма Баукең ұзақ ойланып, бiр қауым уақыттан кейiн жауап бердi.

– Әуелi ескерер жай– образ тiлiн жасау мәселесi, – деп бөгелiңкiреп отырды да еркiн, шабыттана сөйледi. – Образ тiлiн стенографистiк дәлдiкпен, өз сөзiмен сөйлеткен жөн. Өңдемеу керек. Өңдесең, образ құриды. Өзi сөйтiп айтты, мен сөйтiп тыңдадым десең, оның кiм екенi көрiнiп тұрады. Оған ешқандай тiлмаштың керегi жоқ.

Образдың өз тiлiн, психологиясын бере бiлсең, оның болмысы да, үғымы да әр түрлi болып шығады. Образ тiлiн оның дүниетанымынсыз беру мүмкiн емес. Ал бiзде қалай? Образдың өз тiлi сақталмайды. Сөйлесе бәрi бiлгiш, шешен. Диқанның, шопанның өздерiне тән тiлi, ойлау ерекшелiгi бар емес пе? Қазақ тiлiн шұбарландырып сөйлейтiн интеллигенттерiмiздiң сол сөйлеген сөздерiн бұлжытпай берсең, образ жасалады. Қысқасы, образ тiлiн сақтау – үлкен жүк. Өйткенi, тiл – образ. Түсiндiң бе?

Ұлы жазушылар мәңгiлiк. Себебi, олар шығармаларын образ тiлiмен жазған. Бұған мысал, Тургеневтiң тiлi. Ол орыс тiлiн, француз тiлiн тамаша бiлген кiсi. "Аңшының жазбалары" мәңгi өлмес дүние, себебi жазушы оны образ тiлiмен жазған.

Француздың бiр әйгiлi жазушысы бар, аты-жөнiн ұмыттым, соңынан есiме саларсың. Сол: "Тургенев француз тiлiн өзiмiзден артық бiлген едi" – деп таң қала жазған екен. Писемскийдiң тiлi де тамаша! Бұларды не үшiн айтып отырмын? Бұларды айтудағы мақсатым – мен сөйлескен адамымның жүзiне қарап, қимыл-қозғалысын бақылап, әңгiмелесетiнiмнiң сырын саған сездiру. Түсiндiң бе?

– Түсiндiм.

Қойын дәптерiмдi ала бермек едiм, Баукең:

– Жоғалт көзiңдi! – деп қатты айқайлап жiбердi. Мен жым болдым. Бөлме iшiн үнсiздiк жайлады. Қанша минөт өткенiн бiлмедiм, бiр кезде:

– Жазушы-стенографист емес!– деп Баукең маған қаһарлана қарады.– Айтқанды айтқандай жазып алу – стенографистердiң жұмысы. Жазушы адамды бақылауы керек, қалай сөйледi, неге ашуланды, неге қуанды? Соның бәрiн процес үстiнде, яғни қимыл-қозғалысымен, ерекшелiгiмен суреттеуi керек. Ал сен көшiрмексiң!

Маған алара қарап, орнынан бiр тұрып, бiр отырды.

– Кольцов деген ұлы журналист болған. Ол кiсiнiң әр сұхбаты бiр-бiр очерк, әңгiме едi. Қызыға, таласа оқитынбыз. Ол кiсi Испаниядағы соғысқа қатысып, мақалалар жазды. Сонда испандықтар неге жеңдi, неге жеңiлдi, соның бәрiне талдау жасайтын. Сендерге ұқсап, көшiре салмайтын.

Илья Эренбург немiс, ағылшын, испан, француз тiлiн жақсы бiлген. Ұлы Отан соғысында тұтқынға түскен немiстер туралы жазған бiр мақаласы тiптi қызық.

– Тұтқын солдаттар сапта тұр. Бiз өтiп бара жатыр едiк, бiр тұтқын көршiсiне:

– Мынау нағыз маймыл. Өзiнiң әскери киiмi де жоқ. Көрмеймiсiң. Тағы үлкен қызметте болуы керек. ССРО-ның адамдарының бәрi осындай,– деп сыбырлады. Мен естiсем де естiмеген болып өтiп кеттiм.

Бiздiң генерал сөйледi, нашар сөйледi. Оны аудармашы аудара бергенде:

– Жолдас генерал, кешiрiңiз, мен аударайын,– деп рұқсат алдым. Генерал айтпаған сөздердi қосып, өңдеп, жақсы сөйлеуге тырыстым. Әлгi екi тұтқын-солдат анандай жерде төмен қарап тұр. Пошымдары:

– Ойбай-ау, маймыл дегенiмiз ұят болды-ау, немiс тiлiн бiзден жақсы бiледi екен ғой,– дегендей.

Сөзiмнiң соңында:

– Жаңа мына солдат қасындағы солдатқа менi маймыл дедi. Немiс тiлiн бiз де бiлемiз. Рас, бәрiмiз бiрдей бiлмеймiз, – дедiм. – Бiздiң генерал айтты ғой, сiздердi бiз ұрып-соқпаймыз, сiздермен сiз деп сөйлесемiз. Тұтқын туралы халықаралық ереженi сақтаймыз. Жұмыс iстетемiз, iстемесеңдер, мәжбүр етемiз. Мәңгiлiк тұтқын боп қалмайсыңдар. Мүмкiн ол жақтағы бiздiң тұтқындармен айырбас жасармыз. Ал ана екi солдатқа бұл жолы жаза берiлмеуiн сұраймын.

Мен кеткен соң солдаттар әлгi екеуiн төмпештеп алыпты,– деп жазады.

Осы шағын эпизодтың өзi-ақ жазушы мен журналистiң қандай болуы керек деген сұраққа толық жауап емес пе?

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы