Жаңалықтар

РУХ МЫҚТЫЛЫҒЫ МЕН ЖАН ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ МАЙДАНЫНДА

ашық дереккөзі

РУХ МЫҚТЫЛЫҒЫ МЕН ЖАН ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ МАЙДАНЫНДА

Қазақстан Жазушылар одағына – 75 жыл! Жетпiс бес жыл аз уақыт емес. Осы жылдар iшiнде қаламгерлердiң киелi одағы талай-талай қиын қыстау кезеңдердi де бастан кештi. Тоқырауға да ұшырады, қайта көтерiлдi, биiкке ұмтылды, төменге құлдилады… Бiрде биiкте, бiрде төменде жүрсе де, қаламгер бiткендi қанатына астына жинаған аталмыш ұйым ыдырап кеткен жоқ. Өзiн өзi сақтап қалды.

Әдеби өмiр шежiресiнен

1934 жылдың 12-18 маусымында, Алматы қаласында Қазақстан жазушыларының 1 съезi өттi. Съезде ақын Iлияс Жансүгiров "Қазақ кеңес әдебиетiнiң бүгiнгi күйi, келешектегi мiндеттерi" тақырыбында баяндама жасады. Ол баяндамасында "Одағымыздың уставы, ұйымға мүше алу туралы" өзектi мәселенi қозғады.

"Осы күнде бiзде үлкен қуанатын нәрсе – жазушыларда жазсам деген ұғым туды. Бұған шейiн бiздiң жазушылардың көбi "Мен осы жазушымын ба?" деп өзiне-өзi сенбейтiн едi. Қазiр бiзден жазушыларымыздың тәжiрибесiне қарағанда да, әдебиетiмiздiң өскендiгiне қарағанда да өзiмiз қатарлы ұлт аудандарымен ұялмай жарысқа түсемiз, Мирзоян жолдастың "Қазақта Кеңес одағына белгiлi болуға тиiстi жазушылар бар" дегенi бiз өзiмiздi бағаламайтынымыз. Мақтанбаған жақсы нәрсе, бiз жазушы болсақ жұрт жазуымыздан танысын.Жақсы жазу керек, жазушыны ұйымға алу үшiн ешкiмнiң ешқандай рекомендациясы керек болмайды. Жазушының өзiн танытатын кiтабы, қаламы.

Екiншiсi – бiзде кiм жазушы дегенге келсек – бiз бүгiнге шейiн попалам келдiк. Бiзде жазушы болам деген тiптен көп. Санағанда Қазақстанда жүзден аса жазушы саны саналады. Бiрақ бiз оның бәрi жазушы десек, асыра сiлтеген болар едiк. Жазушыны ешкiм тiзiммен, таныстықпен жаза алмайды. Жазушыны жазу танытады. Сондықтан ұйымның жарияланған соңғы уставы кiмнiң жазушы, кiмнiң ұйымға мүше болатындығын ашып айтқан. Әр жазушы жеке бағаланады. Ұйымға мүшелiкке бүгiн жарамаған кiсi ертең жарауы мүмкiн, бiз бұл съезде өлкемiздегi устав шартына келген жазушыны алып, азды-көптi өз кiсiмiздi анықтап ашуымыз керек. Бiз осы сьезде заңды ұйым боламыз. Бiзде белгiлi тәртiп болады. Жас қалам бiздiң қалың әскерiмiз. Бiз заңды ұйым болған соң өз өндiрiсiмiз әдебиетпен, кадрымыз – жазушылармен көрнектi әдебиет жасаудың үлкен жұмысына кiрiсемiз".

Iлияс Жансүгiровтың бұл сөзi күнi бүгiнге дейiн өз мәнiн жойған жоқ.

Съезде Қазақстан Жазушылар одағы құрылып, басқарма Төрағасы болып ақын Iлияс Жансүгiров сайланды.

Әдеби өмiр шежiресiнен

Алматы, 21 қыркүйек 2010 жыл.

"Империя әдебиет пен өнердi тiзгiндеу арқылы тұтас бiр дәуiрдiң рухани ұстанымын қалыптастыруға күш салды. Өткен ғасырдың басында құрылған империялық идеологияның мақсаты – түптеп келгенде тоталитарлық жүйенiң бейнесiн асқақтату, абырой, беделiн жұрт санасына бекiту болды. Империя жүйелi жұмыс iстедi, әдебиет пен өнердi тiзгiндеу арқылы жүйе тұтас бiр дәуiрдiң рухани ұстанымын қалыптастыруға күш салды. Ол мақсатты жүзеге асыру үшiн коммунистер әдебиет пен өнер иелерiне жағдай жасауды да жан-жақты ойластырды. Жазушылар одағының өмiрге келуi осы бағыттағы қадам едi" – дедi Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин Жазушылар одағының 75-жылдығына орай Абай атындағы Опера және балет театрында өткiзiлген салтанатты жиында.

1934 жылы негiзiн Сәкен Сейфуллин қалаған, қазақ әдебиетiнiң алыптары – Iлияс Жансүгiров, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсiрепов және т.б. қаламгерлерiмiздiң қолтаңбасы қалған одақ талайлардың қазақ әдебиетiндегi тағдырына ортақтасты. Қазақ әдебиетiнiң талай жақсылары мен жайсаңдарын өмiрге әкелдi. Қазақ әдебиетiнiң "алтын ғасыры" саналатын алпысыншы жылдар да осы бiр киелi ғимараттың қабырғасында қаланды. Қолына қалам ұстаған мүйiзгек саусақ иелерiнiң бәрiнiң көзiн көрген, алыптар мен арыстар шыққан киелi шаңырақтың да қара орман қазақ жұрты үшiн алар орны ерекше.

Мiне, биыл сол киелi шаңырақта үлкен той! Бұл той – қолына қалам ұстаған қаламгерлерiмiздiң тойы. Бұл тойға жеткенше, қазақ зиялылары ненi бастан кешпедi десеңшi?! Нарықтың қара бұлты төндiрген қауiп қазақ қаламгерлерiнiң де төбесiнен айналып өтпедi. Жазушы бiткеннiң көбi қаламның емес, қара бастың қамымен тiрлiк кешiп, қара базардың нарқына көнiп кете барды. Қаламынан туған өнiмiнен пайда болмаған соң, қайтсiн?! Сауда жасайтыны саудаға барды, кiтабын сата алатыны кiтабын сатты, кiтабын саудалай алмағаны өзге кәсiптiң дәмiн татып көрдi. Тiршiлiк қамытын мойнына iлгендерге кiм кiнә артсын?! Жазушы дейтiн бiр қауым ел нарықтың арқасында осындай аласапыран күй кештi.

Алғашқы кездегi басталған қиын-қыстау күндер де артқа қалып барады. Ел ес жиып, етегiн жинай бастады. Қазақтың рухани байлығының қажет болар күнi туды. Кiтап атаулыдан алшақтап, жазушының қаламынан туған дүниелерiнен алыстап кеткен оқырманның да өз зиялысын, өз қаламгерiн iздейтiн күндерi туатыны белгiлi едi. Бүкiл оқырман жалпысы бiрдей әдебиеттi iздей қоймаса да, рухани байлыққа деген құмарлық ептеп болса да, жұртшылық арасында оянып келедi. Қазақтың әдебиетiн iздейтiн қазақы оқырман да табылар. Ал, қазақы оқырманға ұсынар өнiм бар ма? Бар, мәселе осында. Тоқыраудың қамытынан босадық десек те, нарық заңының кейбiр заңдылықтарынан айналып өте қойған жоқпыз. Қаламынан туған шығармасын өнiм ретiнде сату заңдылығына, шығармасын кәсiпке айналдыру мәселесiне қазақ қаламгерлерi әлi де бойұсынып кете қойған жоқ. Өнiм бар болғанымен, оны өткiзетiн кiтап саудасы дейтiн нәрсе әлi де дами қойған жоқ. Мыңдаған таралымнан мыңдаған қаржы табу да мұң болып тұрған бүгiнгi заманда жазушының күтетiнi де жылылық. Сол жылылықты мерейтойлық басқосудан да күткен сыңайлы.

Мерекелiк пленум десек те, қолына қалам ұстаған жазушы бiткеннiң басын қосқан бұл алқалы жиын көптiң көңiлiндегiсiн, көпшiлiктiң көкейiндегiсiн ортаға салар жиын болар деп күттi. Жетпiс бес жылдық мерекенi тойлатуды күткен қаламгер де көп. Бұрынғыдай күн сайын бас қосып жатқан жоқ, анда-санда болса да, бiрiн-бiрi көрiп, бiрiнiң тiршiлiгiне бiрi тәубе ететiн жиын қаламгерлер үшiн қажет-ақ. Күн сайын той тойлатып, күн сайын мерекелетiп жатпаса да, айына бiр рет немесе жылына бiр рет бас қосатын мұндай алқалы жиынның қажет екендiгiне күнi кеше көзiмiз тағы бiр рет жеттi. Жас пен кәрiнiң, құрбы-құрдастың басы қосылып, бiр қауқылдасып қалды.

Той демекшi, мерекелiк жиын қазақ әдебиетiнiң жыр алыбы Абай ескерткiшiне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Әдебиетшi қауымның пiрi саналатын жыр алыбына гүл шоқтарын қойып, бас июдiң өзi адам жанын тебiрентер ерекше шара. Мұнан соң, қаламгер бiткен Ұлттық кiтапханаға келiп, кiтап көрмесiн тамашалады. Одан соң, республиканың түкпiр-түкпiрiнен жиналған қалам иелерi мерекелiк жиында бас қосты.

Салтанатты мереке Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың құттықтау хатымен ашылды. Ел Президентiнiң құттықтауын Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов жеткiздi. Жазушыларымыздың тойына алыс жақын шет елдерден де арнайы қонақтар келiптi. Түбi бiр түркi жұрты саналатын Түркиядан, көршi Ресейден, өзбек пен қырғыз ағайындарымыздан да қаламгерлерiмiз келiп, өздерiнiң жүрекжарды тiлектерiн жолдады.

Жазушылар одағының төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин баяндама жасап, қазақ әдебиетiнiң әрбiр жылдардағы өмiрiн әртүрлi кезеңдерге бөлiп, әр жылдардағы аталмыш ұйымның басынан өткен қиындықтары мен қуаныштарына да арнайы тоқтала кеттi.

Қазақ журналистерiнiң ұстазына айналған, "Шерағаңның шекпенiнен" шыққандарын мақтан тұтатын журналист қауымның ерекше қадiр тұтатын тұлғаларының бiрi – Шерхан Мұртазаның жиындағы мына бiр сөзi көңiлiмiздi жылытты. "1972 жылдың жазы едi. Жазушылар одағының бастығы Әнуар Әлiмжанов еңбек тақырыбына арналған пленумды ашты.

Ол Пленумға еңбек ардагерлерi шақырылды. Кейбiреулер көсiле сөйлеп, көп мылжыңдады. Сонда қалай сөйлеудiң үлгiсiн атақты күрiшшi Ыбырай Жақаев көрсеттi.

– Қойшы таяғына,

Дихан кетпенiне,

Жазушы қаламына

Ықтият болсын! – дедi. Бар айтқаны осы-ақ," – дей келе, Шерағаң өз пiкiрiн келешек жас дарындарға сәттiлiк тiлеумен аяқтады.

Жиын соңында, бiз де қаламгерлерiмiздiң пiкiрiне құлақ түрген едiк.

Қадыр МЫРЗА ӘЛI, Қазақстанның Халық жазушысы:

– Осы пленумның маған немесе кейбiреулерге керек те болмауы мүмкiн. Бiрақ, артымызға тарих керек қой. Анда-санда өткенге оралып отыруымыз үшiн керек. Соны талдап отыру қажет. Бүгiн жап-жақсы баяндама жасалды. Сол баяндамада көптеген дүниелер айтылды.

– Бұл жиын жай ғана мерекелiк басқосу болып қалмай ма?

– Жоқ. Түсiнетiн адам оған олай қарамайды. Түсiнбейтiн адамнан ешнәрсе шықпайды. Жаңа Нұрлан өз баяндамасында одақтың тарихын кезең-кезеңге бөлiп қарады, бастан кешкен түрлi қиындықтарды айтты.

– Жазушының бүгiнгi проблемалары шешiледi деп ойлайсыз ба?

– Осы тоқырау жылдарында көп нәрселерiмiз сатылып кеттi. Тiптi, ғимараттың өзi сатылудың аз-ақ алдында қалды. Сондай қиын күндерде ғимараттардағы кейбiр дүниелердi жұртқа жалға берiп қойды. Соның ақшасына, содан түскен қаржыдан жалақысын айырып отырды. Қазiр соның бәрiнен құтылдық. Сонымен бiрге, бiр газет пен екi журнал да жекешелендiруге кетiп қалып едi. Оларды да заңдастырып, қайтадан алдық. Ендi бiзден күтетiнi, тек қана жазу ғана. Ал, ендiгi тағы бiр қиындық, баяғыда кiтап саудасы деген болатын. Кiтап саудасы шын мәнiнде жақсы болатын. Кiтап саудасы бойынша, әр облыстарда дүкендерге шыққан кiтаптарымыз таратылатын едi. Қазiр ол жоқ, оның бәрi жекешеленiп кеттi. Осының бәрiн қайтадан қалыпқа келтiремiз деп жатыр. Онда қаламгерлердiң жағдайы жақсаратын едi.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын:

– Бұл бiздiң көптен сағынған пленумымыз. Жазушыларға жетпiс бес жыл толды деген сөздiң өзi құлағымызды елең еткiзетiн дүние. Әйтеуiр, жазушы дегеннiң қоғамда не iстеп жүргендiгiн бiлгiсi келетiндердi осы оқиға дүр сiлкiндiретiн сияқты. "Жазушымыз бар едi-ау, солар барымызды айтар, жоғымызды жоқтар" деп жүргендер тағы да жазушыға қарайтын болады. Өйткенi, жазушыларымыздың даусы бәсеңдеп қалған кезеңнен өттi ғой. Жазушы қоғамнан тыс, бәрiнен шет қалып қойды. Нарық пен ақша. Ақшасы бардың кiтабының астында талантты шығармалар қалып қойды. Мiне, осының бәрiне үлкен жол ашар бiр қозғалыс болар деген үлкен үмiт күтудемiн өз басым.

– Жиыннан кейiн жазушы қауым үшiн бiр серпiлiс болады деп ойлайсыз ба?

– Мен әлi де үмiтсiз емеспiн. Әлi де қоғамдағы жастарымыз жазушысына, өнерiне, ұлтының тәрбиесiне көңiл бөледi деп ойлаймын. Өйткенi, ұлттың ұрпағының тәрбиесi жазушының сөзiмен, ананың тiлiмен берiледi. Ана тiлiндегi мектептер көбейдi. Бiрақ, сол мектептерге бiр-бiр жазушыны апарып сөйлетiп жатса, бұл да одақ үшiн керек нәрсе. Бұл жазушының өзiне емес, ұрпаққа керек дүниелер. Кiтап жазғандағы мақсат не, ұрпақтың тәрбиелi болуы ғой. Сауатсыз ұрпақ өсiрiп жатырмыз, шала оқушыларды шығарып жатырмыз. "Алтын белгiнi" үлестiрудi шығардық. "Алтын белгiмен" бiтiрiп келген қыздар Абайдың өлеңiн жатқа бiлмесе, Абайдың әкесiнiң Құнанбай екендiгiнен хабарсыз болса, менiң бетiм қызарады. Осындайлардың бәрiне жол бермеу үшiн жазушының сөзi, сауатты кiтап, парасатты тәрбие жұмысы керек.

Несiпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы:

– Пленумнан күткен нәрсе көп қой. Оның бәрiн сыйғызып айта алмайсың. Негiзiнен, басқарманың төрағасы Нұрлан мырза бiрнәрсенi өте дұрыс айтты. Жетпiс бес жылдағы әдеби өркендеу, "тар жол, тайғақ кешкен", қилы жолдардан өткен, бiрақ, бәрiбiр өзiн-өзi сақтап қалғандығын айтты. Екiншiден, тiлiмiздiң жоғалмауын, рухымыздың сол қалпында қалуының өзiн Жазушылар одағы сақтап қалды дегендi айтты. Осының бәрi жиналғандарға кiшкене ой салуға тиiстi. Кез келген нәрсенiң контекстiнде, оның дамығаны, өркендегенi, танымалдық ойлау жүйесi, рухтың мықтылығы мен жанның тазалығы жатады. Сол арқылы әдебиеттi жасау керек. Жетпiс бес жылдықта жиналып алып, берген папкiлердi алып кетудi мақсат тұтар болсақ, онда мен оны түсiнбеймiн. Жетпiс бес жыл деген соншалықты ұзақ мерзiм болмағанымен, оңай нәрсе емес. Жетпiс бес жылда көп нәрсе өзгердi. Тiптi, мемлекеттiк жүйе өзгерiп кеттi ғой. Ендi ескi нәрсенi айнала бермей, ой-жүйенi де өзгертуiмiз керек. "Ауылдың даласы, қорасы" дегеннен шығатын мезгiл жеттi. Кәдiмгi өркениеттi әлемдiк ойлау жүйесiн қалыптастырып, жаңа әдебиеттi алып келуiмiз қажет.

– Ал, сiз жазушы ретiнде жеке өзiңiз нендей өзгерiстi қалар едiңiз?

– Менiң қалайтыным, жазушы өмiрдiң шындығы мен әлеуметтiң шындығын нақты бере алатындай болса деймiн. Екеуiн бiр-бiрiмен жымдастыра алмаса, онда ол одаққа билетiн тапсырып кете беруi қажет. Жазушы көп деп қуанып жүргендер де бар. Халықта жазушы көп болғаннан кейiн, сапалы шығарма да, саналылар да көбейетiн болар. Әдебиет көркем зерттелген, өресi биiк болса деген арман бар бiзде.

Нұртөре ЖҮСIП, "Айқын" газетiнiң Бас редакторы:

– Қазақ әдебиетiнiң өресiн кеңейту мәселесi де айтылу керек сияқты едi деп ойлаймын. Қазақ әдебиетiнiң жауһар дүниелерiн ағылшын тiлiне аудару керек. Әсiресе, ағылшын тiлдi орта, шет елден келiп жатқандардың көбi "қазақтың қандай жазушысы бар?" деп сұрайды. Сондықтан, қысқа дүние болса да, көлемдi шығарма болса да, шет тiлiне аудару деген мәселенi қолға алу керек. Бұл – бiр.

Екiншiден, интернет әдебиетiн дамыту мәселесi. Қазiргi кезде кiтап шығарудың машақаты көп. Ал, интернет әдебиетiн дамыту – таралым мәселесi, қағаз мәселесi дегендердiң бәрiнен құтқаратын дүние. Және тез жететiн, тез таралатын бiрден-бiр әдебиеттiң төте жолдары. Бұған көршi Ресейде жақсы мысалдар бар. Қазiр интернет кеңiстiгi жақсы дамып келе жатыр. Аға буынды айтпасақ та, қазiргi жас буынның өкiлдерi интернет әдебиетiн көп қарайды. Сондықтан, бұған көбiрек атсалысу керек. Бұл жақсы дүниелердiң тууына мұрындық болатын сияқты.

Үшiншi мәселе, мемлекеттiк сыйлық, Алаш сыйлығы және тағы басқа сыйлықтардың орнына Мемлекет тарапынан бола ма, болмаса жекелеген ұйымдардың тарапынан бола ма, арнайы бәйгелер белгiлеу. Мәселен, былтыр Мәдениет министрлiгi драматургияға, яғни жақсы драмаға төрт миллиондай қаржы бөлiп, бәйге жариялады. Қаншама адам қатысты. Көптiң iшiнен жақсы дүниелер шықты. Мәселен, Тәуелсiздiктiң жиырма жылдығына орайластырып, басы елу мың долларды құрайтын, үздiк шығармаларға бәйге жарияланатын болса, онда жазбайтын жазушы болмас едi деген ойым бар. Онда соған бес жүз жазушы қатыса ма, әлде жүз жазушы қатыса ма, бәйгеге лайықты әдебиет сонда туады деп ойлаймын. Сондықтан, сыйлықтарды берудiң тәртiбi мен жүйесiн өзгертiп, белгiлi бiр өзгерiстер жасау керек.

Төртiншiден, жастарға байланысты. Аға буын әдебиет өкiлдерiнiң жағдайы өзiнде, кiтабын шығарғысы келетiндер шығара алады, өткiзгiсi келетiндер өткiзе алады. Жастардың қатарында, әсiресе ақындардың шоғыры бар. Ал, проза жанрында аты шығып тұрған жас дарындардың атын айту қиын. Сондықтан, жастарды да ынталандырудың, көркем сөзге тартудың бiр ықпалы, жаңағыдай сыйлықтарды ұйымдастыру. Сонда жақсы бiр дүниелер туылар едi. Әрине, Пленум мерекелiк болғаннан кейiн, оның мерейтойлық сипаты басымдау болады. Менiң ойым, негiзгi әдебиеттi жасайтын жазушылардың топқа танылуын көбiрек қолға алсақ деймiн. Мәселен, Оралхан Бөкейдiң "Атаукересi", болмаса, разъездегi тағдырды жазатын шығармасы, Шыңғыс Айтматовтың "Боранды бекетiнен" бұрын жазылды, бiрақ Шыңғыс оны iлiп әкеттi де, бұрынырақ танылды. Әбiш Кекiлбайдың мәңгүрттiк философиясы Шыңғыстан бұрын жазылды, қазақ топырағында туды, бiрақ, Шыңғыс иелендi сол идеяны. Бiздiң қазақтың жазушыларында да жақсы идеялар, жақсы суреттер баршылық. Бiрақ, соның әлемдiк әдебиет көшiне iлесуi кемшiн түсiп жатыр. Соны қазақ тiлiнен әлем тiлдерiне аударатын аудармашылар қажет. Ғалымжан Мұқанов марқұм "Абайды" француз тiлiне аударды. Одан өзге аудармашыларымыз саусақпен санарлықтай ғана. Бельгердiң өзi қартайып қалды. Солардың орнын басатын аудармашылар шоғыры жоқтың қасы. Осы мәселелерге келешекте көбiрек назар аудару қажет шығар деп ойлаймын.

P.S. Әдебиетшi қауымның тойы бiткен жоқ. Жалғасып жатыр. Қаламгер барда, көркем дүние барда, әдебиеттiң тойы жалғасатын болады. Қазақ әдебиетi өзiнiң биiгiн де көрдi, биiкшiл азаматтарынан да айрылған зұлматты кезеңдердi де бастан кештi, тоқырады, қиналды. Бiрақ, құрып бiткен жоқ. Қазақ дейтiн халық барда, қазақ әдебиетi өшпек емес, есесiне өркендей түсетiн болады. Қазақ әдебиетiнiң классиктерi дүниеге әкелген көркем әдебиеттiң жалғаспауы мүмкiн емес. Оны жалғастыратын да, келешек ұрпаққа жеткiзетiн де бүгiнгi әдебиеттiң жаңа шоғыры. Жаңа буынның жаңа әдебиеттi қалыптастыруына басты қажеттiлiк – жағдайдың жасалуы. Сонда ғана жалындаған жас өркендер қазақ әдебиетiнiң бүгiнгi жаңа кезеңiн тудыратын болады.

Гүлзина Бектасова