Жаңалықтар

ТҰЛПАР АУНАҒАН ЖЕРДЕ ТҮК ҚАЛАДЫ

ашық дереккөзі

ТҰЛПАР АУНАҒАН ЖЕРДЕ ТҮК ҚАЛАДЫ

Азамат Қуат Есiмханұлы Есiмхановпен сұхбат

Араға он жетi жыл салып, бiз тағы кездестiк. Ол кезде Қуат Есiмханов Қазақ ССР Жоғары Советiнiң депутаты болатын. Ал мен – «Қазақ әдебиетi» газетiнiң тiлшiсi едiм. Кездесуiмiзге себепшi болған оның бұрынғы қызметiндегi игi iстерi. Ол депутаттық қызметке дейiн Павлодар облысындағы Ермак қалалық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болды. Қайта құру мен жариялылық кезiнде ел iшiнде елдi мекендердiң тарихи атауларын қайта қалпына келтiру кезеңi жүрiп жатқан. Бұл iске Қуат Есiмханов облыста алғашқылардың алды болып, батыл кiрiскенiн естiгенбiз. Тек ауданның ғана емес, қаланың да, қиырдағы бiр совхоздың да аттары Ермак деп аталып кеткен. Тұрғындарының тоқсан пайызы келiмсектер. Бiрнеше жылдардан берi орнығып қалған. Аудандық Атқару комитетiне пәрмен берiп, солардың аттарын бiрден байырғы атауларымен өзгерте салуға келiмсектердiң көнбейтiнi, тiптен наразылық бiлдiретiнi анық. Өйткенi, коммунистiк идеологияның Ермакты шаруалар жанашыры етiп дәрiптеп, саналарына барынша сiңiрген. Не iстеу керек? Есiмханов пiкiрлес әрiптестерiмен кеңесе келiп, әуелi жұрттың ол туралы шындыққа көздерiн жеткiзiп, түсiнiктерiн түбiрiнен өзгерту керек екенiн пайымдаған.

Ермак кiм? Тарихтағы оның орны қандай? Осы сауалдар жөнiндегi тарихи шындықты жазу туралы академик Манаш Қозыбаевқа қолқа салғаны бар. Академик ұсынысты қуана қабыл алып, мұрағат деректерiне сүйене отырып, Ермактың шын мәнiнде шаруалардың қамын жеген қамқоршысы емес, нағыз баскесер қарақшы, қанiшер болғанын көрсетiп бердi. Мақала алдымен республикалық баспасөздерде жарияланып, облыстық, аудандық газеттер көшiрiп басқан. 1991 жылы совхоздың аты «Ақсу» деп өзгертiлдi. Қала мен аудан аттарын өзгерту шаралары жүрiп жатқанда, әлдекiмдер түн жамылып, қала көшелерiнiң әр жерiне «Есимханов, вон из Ермака!» деген ұрандар iлiп, жұрт наразылығын, ұлт араздығын тудырмақ болып та баққан. Бiрақ оларды көпшiлiк қолдамады. Супренюк деген бiреу оны «қазақ ұлтшылы» деп сотқа да берген. Шындығында Ермак бүгiнгi қазақ жерiнде болмаған, Омбы маңындағы Тарскi қаласында дүниеден қайтқан. 1902 жылы ағылшындар осы жерден тұз өндiру үшiн Тарскi қаласынан бұрын Ермактың атын естiген 60 үй жұмысшыны жалдап, осында қоныс аудартқан, олар сол тұрған жерiн Ермак деп атап кеткен. Павлодар облысы әкiмi Асхат Жабағин мен қаланың әкiмi Владимир Шокорев те Есiмхановтың ұсынысын қолдады. Алматыдан Жасарал Қуанышәлин бастаған жастар келiп, митингiлер өткiзiп, елдiктерiн танытты. Бiр жағынан Амантай қажы «Аттан!» салып келдi. Майдангер жазушы Қалмұхан Исабаев та жеттi.1992 жылы аудан, 1993 жылы қала аттары “Ақсу” деп өзгертiлiп, Ермактың ескерткiшi алынды. Содан кейiн де Есiмханов қаншама мәдени игi шараларды жүзеге асырудың ұйтқысы болды десеңiзшi. Ол ұлтын базбiреулердей құрғақ сөзбен емес, жан-тәнiмен, шын жүрегiмен сүйетiнiн нақты iсiмен дәлелдеп келе жатқан жан. Осы жолғы кездесуiмiздiң мәнi, әңгiмемiздiң арқауы ұлт үшiн жасаған рухани-мәдени игi шараларынан өрбiдi.

– Қуат Есiмханұлы, Тәуелсiздiкке дейiн Орталық және Солтүстiк Қазақстан облыстарындағы қаракөз қандастарымыздың түгелге жуығы орыс мектептерiнде оқып, орысша тәрбие алғанын бiлемiз. Ал сiз сондай ортадан шықсаңыз да iсiңiзден, болмысыңыздан ұлтжандылығыңыз байқалады. Сондай асыл қасиеттi, тағылымды тәрбиенi кiмнен алдыңыз?

– Мен әкемнен сәби кезiмде жетiм қалдым. Әжем мен анамның тәрбиесiнде өстiм. Әсiресе әжем қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай еркiн өсiрдi. Аты — Кәмаш едi. Ауыл-аймақ сыйлағандықтан Бәйбiше деп атайтын. Тiк жүрiп, тiк сөйлеушi едi, жарықтық. Әлi есiмде. Елге болбырлау бiреу бастық болып келдi. Сонда әжем: «Баяғыда мұның әкесi екi үйiр жылқыға ие бола алмаушы едi. Баласы да ел басқарып оңдыра қоймас» – деген. Аузы дуалы ғой, сол айтқаны келдi. Әжем ауызша тарихты жақсы бiлетiн. Шежiренi бiр кiсiдей тарататын. Ес бiле бастағаннан-ақ соларды құлағыма құйды. Батырлар жырының кей тұстарын жатқа айтып, қайсарлықты, адалдықты, Отанды сүюдi санама сiңiрдi. Өз анам Гүлжаханның да көзi қарақты болатын. Елдегiлер Жәкен деп атап кеттi. Ұлттық тәрбиенi сол екi анамнан алдым.

– Ана бiр жылы Шығыс Қазақстанда облыс әкiмнiң орынбасары болдыңыз. Облыс экономикасын көтеруге белсене кiрiсе отырып, әлеуметтiк-мәдени және рухани iстерге көңiл бөле алдыңыз ба?

– Сол облыста Күршiм атында ауыл, аудан және өзен бар. Күршiм орта мектебiн де көрдiм. Тарихи деректерде оны жоңғардың батыры деп көрсеткен. Күршiмдi жекпе-жек шайқаста Көкжарлы Барақ батыр өлтiрген. Мына әлеуметтiк әдiлетсiздiктi қараңыз. Сол ата жауын жеңген Көкжарлы Барақтың атында ауыл тұрмақ, мектеп те жоқ. Көкжарлының атының шықпай қалғаны – найманның бас батыры Қабанбай болған да, бұл кiсi соның тасасында көрiнбей қалып қойған. Мынау арғында Бөгенбайдан басқа Олжабай, Малайсары, Жақсыбай секiлдi батырлар болған ғой. Бiрақ қай жиында да бас батыр Бөгенбайдың аты көбiрек аталады. Наурызбай жөнiнде де солай деуге болады. Қазақтың мықтылығы үлкендi құрметтеп, қастерлеуiнде. Өзбекәлi Жәнiбековтiң бiр айтқаны бар едi: «Абылайдың ақылдылығы сол бүкiл арқаны Бөгенбай арқылы, бүкiл шығысты Қабанбай арқылы, бүкiл оңтүстiктi шапырашты Наурызбай арқылы, батысты Барақ сұлтан арқылы басқарып, ел тiзгiнiн ұстады» деп. Сол Көкжарлы Барақтың атын елдi мекендерге, мектепке беру iсiн ұйымдастыра бастағанымда менi Алматыға қызметке ауыстырды. Дегенмен қозғау салынды. Жергiлiктi атқа мiнген азаматтар сол бастаманы жалғастырды ма, бiлмеймiн.

– Қызылжар тұнып тұрған тарихи өңiр. Кеңес өкiметi кезiнде ескерусiз, елеусiз қалған көненiң көздерi қаншама. Қала бердi қазақтың қаншама iрi тұлғалары сол облыста өмiрге келдi.

– Иә, қазақтың небiр марғасқаларының мекенi болған жер. Халқымыз күнi бүгiнге дейiн жатқа айтатын «Елiм-ай» әнiнiң авторы атақты Қожаберген жыраудың елi. Ол 1663 жылы сол жерде туып, 1763 жылы сол жерге жерленген. Бейiтi Гүлтөбе Маманайда жатыр. Маманай қалың қазаққа әйгiлi бай болған кiсi. Неше алуан гүл өсетiн төбе соның қонысында екен. Кейiн Маманай дүниеден өткен соң сол төбеге жерленген. Содан Гүлтөбе Маманай атаныпты. Сол жерде Қожаберген мен Маманайдан басқа қазақтың бiрнеше нар тұлғалы азаматтары да мәңгiлiкке орын тепкен. Табиғатта бiз бiле бермейтiн сыр көп қой. Төбенiң көз жауын алған гүлдерi ашаршылық, зобалаң жылдардың алдында, яғни 1930 жылы шықпай қалса керек. 2002 жылы сол төбеге қайта гүл ектiк. Түгiн тартсаң майы шығып жатқан жер емес пе. Жыл сайын көктемде шешек атып, қалың боп өсiп келедi.

Қожабергеннiң зиратына барсам темiр шарбақпен жәй қоршай салған екен. Облыс бюджетiнде ақша жоқ. Халыққа оның тарихтағы рөлiн таныту үшiн арнайы ғылыми-практикалық конференция өткiздiк. Алматы мен Астанадан ғалымдар келiп, ғылыми баяндамалар жасады. Ақпараттарды баспасөз арқылы жеткiзiп едiк, Қанат Дүйсенбаев деген қалталы азамат басына үлкен мазарын тұрғызды. Асын берiп, аруағына дұға бағыштадық. Екi томдық кiтабы жарық көрдi.

Атақты Батыр Баян да сол облыстан шыққан. Мағжанның «Батыр Баян» жырындағы Жолдыөзек деген жер қазiргi Аққайың ауданы. Обаған өзенi бар. Қызық. Ағып келедi де жер астына кiрiп кетедi. Содан бiрнеше шақырымнан кейiн жер үстiне қайта шығып, Қостанайды маңайлап ағып жатқаны. Батыр Баянның аты орта мектепке берiлдi. Елге кең тараған «Гауһартас» әнiнiң авторы Сегiз Серiнiң де кiтабын шығардық.

Қызылжарда Сәбит пен Ғабиттiң 100 жылдығын ел болып өткiздiк. 2003 жылы Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдығы атап өтiлдi. Академик-жазушылар – Сәбит пен Ғабит және Шухов Жамбыл ауданының тумалары. Сафуан Шаймерденов те сол аудандiкi. Жалпы сол жерден он бiр академик шыққан. Тiптен қарапайым бухгалтер Айтқожиннiң отбасынан төрт ғылым докторы шықты. Соның екеуi ҒА басқарды. Бiрi академик Мұрат Айтқожин, екiншiсi қарындасы академик Нәзира Айтқожина. Ал қалған екеуi қазiр Мәскеуде.

– Қызылжарда ұлттың рухын көтеретiн игi iстерге мұрындық болғаныңыз туралы баспасөз ақпараттарынан көпшiлiк қауым хабардар. Төрт жылдан соң олар қызметiңiзге дән ризалықтарын бiлдiрiп, сiздi Астанаға шығарып салыпты. Көкшетау облысында да негiзгi қызметiңiзден бөлек сол игi iстерiңiздi жалғастырған шығарсыз.

– Иә, «Қазақстан темiр жолы» Ұлттық компаниясы қызметке шақырған соң Астана қаласына қоныс аударуға тура келдi. Қызмет бабымен Көкшетау қаласында болдым. Уақыт тауып, зиратын араладым. Бiр жерде елеусiз жатқан кiшкентай ғана тақта тас жатыр екен. Көзiм сол тастағы жазуға түстi. «Бұл жерде Сәкен Сейфуллиннiң ұлы Аян жерленген». Оқып шықтым да ойға баттым. «Сәкен, Сәкен деймiз, ал ұлының бейiтi неге қараусыз қалған?» Содан соң бұл жөнiнде бiлетiн жандарға сұрау салдым. Сәкен атылған соң жеңгемiз Гүлбаһрам Қызылжардан Көкшетауға пойызбен қайтқан. Қолында науқасқа шалдыққан баласы Аян болған. Жолда бала шетiнейдi. Жолсерiктерге жөнiн айтайын десе «халық жауының» әйелi деп кезектi станса бекетiнде түсiрiп тастары хақ. Қалайда Көкшетауға жету керек. Жансыз баласының аузына емшегiн салып, емiзiп отырғандай кейiп танытып, ет-бауыры езiлiп қайғырса да сыртқа сыр бермей шыдап баққан. Көкшетауға жеткен соң сол зиратқа жерлеп, тас белгi қойыпты. Содан берi ешкiм көңiл аудармаған. Сол жерде бұрын менiмен қызметтес болған, бизнесмен Әдiлбек Ғабдуллин деген iнiшек, аудан әкiмдерi Ағзам мен Қайрат деген жiгiттерге жолығып, мәселенi ақылдастық. Солардың қолдауымен Сәкеннiң ұлының бейiтiне белгi тасын қойып, ретке келтiрдiк. Сол тасқа ақын Несiпбек Айтовтың: «Үзiлген бiр қауырсын жатыр мұнда, Сәкендей ақсұңқардың қанатынан» деген өлең жолдары түстi. Бiраз адам жиналып, ас бердiк. Сол зиратта Ақан Серiнiң бажасы, атақты Науан хазiрет жатыр. Дiн исламды қорғап, патшаның христиандандыру саясатына қарсы шыққанын, сол үшiн Сiбiрге жер аударылғанын, Атығай-қарауылдың байлары өтемақы төлеп, елге қайта алып келгенiн жұрт жақсы бiледi.

Малайсары батыр – Арғынның Бәсентин руынан. Сол кiсiнiң қайтыс болған жерi Алматы облысында екенiн естiдiм. Мына Талдықорған жақ беттегi тау iргесiне жерленiптi. Кезiнде сол жердегi темiр жол бекетiн Тұрар Рысқұлов пен Мұхаметжан Тынышпаев “Малайсары” атапты. Әлгi ұзынынан созылып жатқан тауды да “Малайсары” дейдi екен. Малайсарының бейiтiн барып көрдiк. Шарбақпен қоршап, басына белгi тас қойдық. Кiтап жаздырып, жұртқа драмалық шығарманың сахналық көрiнiстерiн ұсындық.

Елде Қазанғап атты би болған. Ұлы Бердалы Баянауылдың аға сұлтаны екен. Бiрақ сезiктi өлiммен өмiрден ерте өткен. Бұл жөнiнде ел iшiнде әрқалай әңгiме бар. Содан кейiн әкесi Қазанғап сұлтандыққа сайланады. Елге әдiл қызмет етiптi. Сол кiсiнiң басына да белгi тас қойып, асын бердiк.

Кезектi iс-сапарымда Батыс Қазақстан облыстарын араладым. Негiзгi шаруам бiткен соң, атақты тұлғалар Құрманғазы мен Дәулеткерейдiң мазарларына барып, дұға бағыштадым. Ордадағы Жәңгiр ханның мұражайына да арнайы соқтым. Ол 1801 жылы туып, 1846 жылы қайтыс болған екен. Кенесары хан екеуi бiр мезгiлде өмiр сүрген адам. Бөлмелерiндегi жәдiгерлер халыққа жасаған қызметiнен, әсiресе, ағарту iсiнен жұртты хабардар етедi. Солардың арасында қалпағын қисайта киген жалғыз шағын суретi тұр. Сол жердiң азаматтарымен кеңесiп, суретiн үлкейтiп қайта салдыратын болдық.

Жәңгiр хан бiрнеше тiл бiлген жан. Әсiресе, парсы тiлiне жетiк екен. Санкт-Петербургте Ақ патшаның қабылдауында, Орынбордағы Фукстiң үйiнде қадырмендi қонағы болған. Бұл үйге Италияның атақты жиһангерi Гамилтон да ат шалдырып аялдапты. Жәңгiр ханның төрт әйелiнiң бiрi Фатима патша сарайы ханымдары мен ханшайымдарының сүйiктiсi екен. Содан Астанаға келген соң Бургаев деген атақты суретшiге көлемi 2,20х1,80 метрлiк полотноға «Жәңгiр хан мен Фатима ханым Петербургтегi патша сарайында» деген тақырыпта майлы бояумен сурет салдырып, Ордаға жеткiзiп бердiк.

Былтыр iссапармен Орынборға жолым түстi. Көшенi аралап келе жатсам бiр үйдiң қабырғасында «Пушкиннiң тұрған үйi» деп жазып қойыпты. Тiптi Пушкиннiң атын байлаған сарайға дейiн белгi тақтайшалар iлген. «Бiзге де неге осылай жасамасқа?» деген ой келдi.

СССР Халық әртiсi, композитор Еркеғали Рахмадиевтi көптен берi бiлемiн. Сол кiсi алдыңғы жылы «Абылай хан» операсының музыкасын жазып болған соң Балқаштағы үйiне демалуға кеткен екен. Барып сәлем бердiм. Балқаштың суына шомылдық. Көл жағасында дем басып отырғанымызда ол: «Қуатжан, менiң мойнымда бiр аманат бар. Кезiнде соны орындамақ болып, ана басшыға, мына басшыға қолқа салып көрiп едiм, сөзiмдi тыңдай қоймады. Ендi мiне, бойдан күш-қуат кетiп, отырысым мынау. Сол аманат орындалмай қалып бара жатыр», – дедi. Үнiнде өкiнiш бар. Мен сол аманатының жөнiн сұрадым. Ол: «Өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдарының басында Алматыдағы Өнер институтының ректоры едiм. Бiр күнi Бөрлiдегi әке-шешеме бармақшы болдым. Жолға жиналып жатқанда шал телефон шалды. Шал деп отырғаным Қаныбек Бәйсейiтов. «Еркеш, елге барады деп естiдiм. Менi де ала кетсейшi», – дедi. Қаныбектiң ауылы да сол жақта. Үштөбенiң жанында. Сол ауыл қазiр Қаныбек деп аталады екен. «Жарайды, Қанеке», – дедiм. Әйелiме: «Бiзбен бiрге Қанекең де жүретiн болды. Жолға ас-суыңды әзiрле»,– дедiм. Алматыдан шығып, жүрiп келемiз. Бiраз уақыт жүрдiк. Ұлы сәскеде Малайсары асуынан асып, Арқарлы тауынан өтiп, жазыққа шыққанымызда Қанекең: «Еркеш, машинаңды тоқтат», – дедi. Жол шетiне шығып, тежегiштi бастым. Шал машинадан шығып, жолға жақын жердегi шағын төбе басына шықты. Бiз де артынан бардық. Әйелiм дастарқан жайды. Шал маған қарап: «Әй, Еркеш, мен бұл жерге тамақ iшiп-жеу үшiн келгенiм жоқ. Осы жердi саған әдейi көрсетейiн деп келдiм. 1934 жылы Күләш екеумiз үйлендiк. Жетiсуға бет алғанымызда Күләш үйiнен азық-түлiк салған қоржынын ала шыққан едi. Жетiсуға жеткен соң дәл осы жерге аялдадық. Қасымызда серiктестерiмiз бар. Күләш: «Жетiсуға алғаш келiн болып, жерiн аттап отырмын. Осы жерге дастарқан жаяйын», – деп қоржынын ашты. Ырымдап шәй қайнатып бердi», – дедi. Сондағы Қанекеңнiң Күләшқа деген сағынышы-ай! Айтып жеткiзу мүмкiн емес. – «Сол жер, басында белгi болмаған соң, елеусiз болып барады». Мен күлiп: «Ер-ағау, мұны маған неге бұрын айтпағансыз?!» – дедiм. Ол көзiн адырайтып бiр қарады да: «Сен сонау арқадан келiп, сол жерге бiрдеңе жасайын деп пе едiң?» – дедi қатқыл үнмен. Мен: «Ераға, сол жердi маған көрсетiңiз», – дедiм. Содан көп ұзатқан жоқ әлгi жерге алып барды. Кiсi бойындай тастан белгi қойдық. Қаныбек пен Күләш қазақтың Төлегенi мен Қыз Жiбегi емес пе. Ол кезде жазушы-ғалым Ақселеу Сейдiмбеков тiрi едi. Тасқа жазатын жазуды сонымен ақылдастым. Ақаң ақ қағазға «Қазақтың әйгiлi әншiсi Күләштiң Жетiсу елiне келiн ретiнде алғаш келген сапарында Қаныбек Бәйсейiтұлы екеуiнiң ат шалдырып, дастарқан жайған жерi» – деп сөзiн жазып, астына дастарқан мен ыдыс-аяқтың сурет жобасын сызып көрсеттi. Оның сол идеясы тасқа сол қалпында түстi.

Жас кезiмде ән де салатын едiм. Бертiнде бiр жиында Естай мен Қыз Қорлан туралы әңгiме көтерiлдi. Ана бiр жылдары Естайды еске алу тойында Ерзаковичпен кездескенiм бар. Ерзаковичтiң әбден қартайған кезi. Мен аупарткомда бiрiншi хатшымын. Ол Естайдың таланттығы жөнiнде көп әңгiме айтып, құлақ құрышымды қандырды. Естайдың бейiтi Ертiс өзенi бойындағы Ақтоғай ауданында. Оның басына Әбiлқақ деген азамат белгi қойған. Бiрақ Естайдың туған жерi Екiбастұз ауданының жан-жағын көлдер көмкерген Өлеңтiдегi Қаражар ауылы. Екiбастұздың бiраз азаматтарымен кеңесе келе Қаражарға да белгi қоюды ұйғардық. Баянауылдан үлкен тас алдырдық. Сол тасқа:

«Жүйрiгi ән мен жырдың желдей ескен,

Қорланға қолы жетпей ғұмыр кешкен,

Өшпейтұғын топырағында iзi қалған,

Естайдың ауылы осы кiндiк кескен» – деген Несiпбек Айтовтың бiр шумақ өлеңi жазылды. Тасты қою салтанатына Астанадан Төлен Әбдiков, Әнес Сараев, Естайдың немересi, шөбересi келiп, атасының туып-өскен жерiне тәу еттi. Мен Қорланның немерелерiн де алдырттым. Кезiнде Естайға Қорлан жүзiк сыйлаған ғой. Соған орай Естайдың iнiлерi мен жиендерi Қорланның ұрпағына алтын жүзiк салды. Қорланның ұрпақтарының екеуi Павлодарда, үшеуi Ресейдiң Алтай өлкесiнде тұрады. Қорлан сол Алтайда 1878 жылы туған. Естайдан бес жас кiшi. Қорлан апасы Құснимен Маралдыдағы туыстарына қыдырып келедi. Сол жердегi бiр тойда Естай оны көрiп танысыпты. Сұлу әрi ақылды Қорланға ғашық болып, өлең шығарып, әнге қосып айтқан. Қорлан содан кейiн атақты Қуат деген байдың ұрпағы Нұрмағанбетке тұрмысқа шыққан. Кейiн бес ұл тапқан. Солардың бiреуi он екi жасында дүниеден өткен. Ал қалған төртеуi өсiп жетiлiптi. Тәркiлеу кезiнде байларды қудалап, малын тартып алды емес пе. Күйеуi Нұрмағанбеттi Қиыр Шығысқа жер аударады. Үлкен баласын жиырма бес жылға соттайды. Қорлан сол қорлықты көтере алмай, елу тоғыз жасында, 1937 жылы қайғыдан қайтыс болыпты. Ал Нұрмағанбет көп жылдардан соң жазасын өтеп, елге оралады. Ол Қорланды сүйгенi соншалық, содан кейiн үйленбеген. 1966 жылы өмiрден өттi.

Көп орыстың iшiндегi Қорланды, қазақтың қор қызындай Қорланын Естай ақын былай жырлаған:

“Көзiнiң қаралығы қарақаттай,

Сөзi бар ақ қағазға жазған хаттай,

Көзiндей құралайдың ойнақшытып,

Арманы не соны құшқан адамзаттың-ай?..”

Ал Қорланның қапияда дүниеден өткенiн естiген Естай iшi қан жылап тұрып:

“Айырылдым ғашық жардан Құдай алмай,

Құр iшiм толғай бередi жылай алмай.

Бар едi қимас күндер тату өткен,

Келе ме ендi қайтып, уа, дариға-ай!,” – деп күйiнген.

Естайдың осы өлеңдерiне қарап екеуiнiң бiр-бiрiне шын ғашық болғанына еш күмәнiң қалмайды. Бiрақ олар төсек бұзып, ұлттық әдептен аспаған. Жаманатқа бармаған. Олар анау айтты көрсе қызар жандар емес, таза, шынайы сезiмнiң адамдары. Естайдың Қорлан туралы өлеңдерi кiршiксiз көңiлден туған.

Қорланның үш ұлы кейiн соғысқа кетедi. Екеуi соғыста оққа ұшып, ең кенжесi ғана Алтайға қайтып келген. Естайдың ауылына келгендер сол кенжесiнен тараған немерелерi. Бiр немересi Славогород қаласының имамы, екiншi немересi қазiр зейнеткер, үшiншiсi – сол Алтайдағы Қуат ауылында. Кенжесiнiң әйелi кiшкене кезiнде Қорланды көрген. Қорлан сонда бойжеткен қыз екен. Сол келiнiнiң жасы қазiр сексеннен асыпты. Естайға қойған белгi тасты Қорланның басына да қояйық деп, Ресейдiң Алтай өлкесiнiң Борлы ауданына тарттық. Ескi қорымнан бейiтiн көп iздедiк. Кезiнде жерлегендер өкiметтен жасқанып, басына белгi қоймаса керек. Бiлетiн қарттардан сұрастырып жүрiп, бейiтiн таптық-ау, әйтеуiр. Ендi Ерлан Арынов пен Тiлеубек Сыздықов секiлдi азаматтардың қолдауымен алдағы маусым айында «Бұл қорымда қазақ халқының хас сұлуы Қорлан (Қорлығайын) Сұлтанқызы, Айып келiнi жерленген. Туған жылы 1878, өмiрден өткен жылы 1937. Қыпшақ қызы» деген жазуы бар белгi тасты басына қояйық деп жатырмыз. Тастың астыңғы жағына «Дариға өлмейтұғын әнге айналған, дүниеге қайтып келмес қайран Қорлан» деп жазылған.

Мен Естайдың серiгi болған Байғабыл Жылқыбаевты бiлiп өстiм. Ол Қорланды көрген. Бiздiң Құркөлде туған. Кең құлашты дауыспен ән салатын. Естай мен Қорлан туралы әңгiменiң тағы бiразын содан естiдiм. Бiзге құдалық та жолы бар едi. Өмiрден 1976 жылы озды. «Бiр мысқалды» шығарған Естай, ал оны халыққа кеңiнен таратқан сол Байғабыл. Оның өз дауысымен шырқағаны Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Композитор Ерзакович 1934 жылы халық таланттарын Алматыға жинағанда Естай мен Байғабылды да өзi алып барған. Сол Байғабыл атақты Иман Жүсiппен де бiраз уақыт араласқан. Оның өлеңдерiн ән қылып айтатын. Солардың бiразы құлағымда қалды.

“Атымды әкем қойған Иман Жүсiп,

Отырмын қараңғы үйге жалғыз түсiп.

Қарасар алды-артымда аға iнiм жоқ,

Болады ойпырым Алла, халiм нешiк.

Абылай аспас арқаның сары-ай белi,

Қуандық пен Сүйiндiк жайлайды елi.

Қырық мың жылқы су iшсе лайланбас,

Аюлы мен Нияздың қара көлi.

Мен жiгiттер жасымда топтан астым,

Менменсiнген талайдың көңiлiн бастым,

Қасыма ерген достарға олжа салып,

Бiр түнде сегiз қызды алып қаштым.”

Өзi ақын, өзi әншi, өзi батыр Иман Жүсiп неден тайынсын.

“Қасындағы кедей жiгiттерге дәулеттiлер қыздарын бермеген соң алып қашып, үйлендiрген” деседi жұрт.

Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баянын» бертiнде ақталған соң кiтабынан оқыдым. Бiраз бөлiгi санамда жатталып та қалды. Поэмада қазақ батырларының есiмдерi түгел аталады.

“Жиылды өңшең ноян, ығай-сығай,

Байжiгiт,Тасболат пен би Толыбай,.

Ту баста Абылайды хан көтерген,

Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай.

Ашуы жауған қардай, шөккен нардай,

Қарт қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай,

Бөкеңнiң жас жолбарыс жеткiншегi,

Аузынан жалын шашқан жас Жанатай.

Найзасы найзағайдай ойнататын

Жас барыс Бәсентиiн Сарымалай”

Осылай аттары тiзiлiп кете бередi. Онда Оразымбеттiң де, Елшiбектiң де, Жәнiбектiң де, Жәбектiң де, Бердiқожаның да, Сарымбеттiң де, Қарабұжырдың да аттары аталынған. Қойшы әйтеуiр, үш жүздiң батырларының барлығын түгендеген.

Атақты «Кешубай» деген поэма бар. Бала кезiмде жаттап едiм.Ендi содан екi-үш шумақ айтайын.

“Сын болмас ер жiгiтке болса кедей,

Кейбiреу күнелтедi iшпей-жемей.

Төменгi Сiбiр бойын мекен еткен,

Өтiптi Әйтеке атты бiр бай керей.

Бiтiптi Әйтекеге мың сан қара,

Дәулетiн мол ғып берген Алла-Тағала

Болса да дәулетi мол перзентi кем.

Көрiптi үш қатыннан жалғыз бала.

Жалғыздың Кешубай деп қойған атын,

Кең қылған жалғыздықпен қолғанатын,

Хатына орыс-ноғай бiрдей жүйрiк,

Данышпан, өзi молда болған ақын.”

Поэманың нұсқасын былтыр Әшiрбек Сығай таспаға жазып алды.

Жетiсуда Малайсары батырдың бейтiн iздеп жүрiп, Баян жүрек тауына кезiктiк. Мағжан «Батыр Баян» поэмасында батырды сол жақта бақилық болғанын айтқан ғой. Ал тарихи шындық олай емес. Батыр Баян алпыстан асқан соң Солтүстiк Қазақстанда өмiрден өткен. Омбы мұрағатында ол кiсiнiң старшынға тағайындалғаны жөнiнде деректер бар. Хан Абылай жоңғарлардың бiразына аяушылық жасаған. Соған Батыр Баянның қарсы болғаны тарихи шындық. Батыр бүгiнiн ойласа, хан халықтың ертеңi мен келешегiн ойлаған. Содан да көзқарастары үнемi бiр жерден шыға бермесе керек. Қайрат деген азаматпен ары-берi ойласа келiп, батырдың ескерткiш бюстiн Астанаға қоюды ұйғардық. Астана әкiмiнiң орынбасары Рақымжановқа барып: «Сен жаңа салынған бiр мектепке Батыр Баянның атын берудi ұйымдастыр. Ал бiз сол мектептiң ауласына бюстiн қоямыз», – дедiм. Ол қуана келiстi. Ономастикалық комиссия қаладағы №52 орта мектепке Батыр Баянның атын беру туралы жасаған ұсынысын мәслихат бекiттi. Ендi бiз Үкiметтiң шешiмiн күтiп отырмыз. Батырдың бюстi дайын.

«Мәдени мұра» бағдарламасы – үлкен ауқымды жұмыс. Сол бағдарлама басталысымен-ақ Абылайдың Ақ үйi туралы мәселе қозғалды. Алғашқыда әрқалай пiкiрлер айтылды. Тiптi бiреулер ондай үй болмаған деп те жүрдi. Сол Ақорда бар екен. Бiрақ, көп iздеуiмiзге тура келдi. Омбының мұрағатын ақтардық. Еш дерек таппадық. Санкт-Петеребургтiң мұрағатын түгел қарадық. Дәлелдейтiн құжат шықпады. Тек 2003 жылы ғана нәтижеге қол жеткiздiк. Мәскеудегi Сыртқы iстер министрлiгi үйiнiң астыңғы төлесiнде жасырын мұрағат бар екен. Сонда шет елдерге қатысты аса құпия құжаттар сақталынған дегендi естiп, соған өзiм бардым. Алғашқыда кiргiзбек түгiлi жолатқан жоқ. Сол кезде бiздiң елшiлiкте Қобландин деген азамат iстедi. Сол екеумiз әрекеттенiп жүрiп, мұрағатқа кiрудiң жолын таптық-ау, әйтеуiр. Абылай ханның Ақордасының сметалық-жобасы содан шықты. Алып келiп сол уақыттағы Мемлекеттiк хатшы Иманғали Тасмағамбетовтiң көмекшiсiне тапсырдым. Президент әкiмшiлiгiнде қызмет iстеген жазушы Төлен Әбдiковтiң қолына бердiм. Императрицаның Абылай ханға Ақорда салып беру жөнiндегi 1755-1756 жылдары шығарған жарлықтары, орданың сызықтық бас жобасы, құрылысқа жұмсалатын қаржының мөлшерi бәрi сақталыпты. Шпрейнгел деген генералдың жазған есебi де бар. Онда құрылысқа қанша материалдар жұмсалғаны жазылған. Көлемi 28х8,5 метрлiк төрт бөлмелi дөкей үй – Абылайдың өз үйi. Көлемi 6х6 метрлiк ханның кеңсесi, оның арғы жағында қонақтарды қабылдау үйi, моншасы көрсетiлген. Бiр қызығы Абылайды хан деп жазбаған. Қай құжатқа да «Абылай салтан» деп көрсетiптi. Кейiн сол Абылайдың Ақордасы тұрған Еңгiстау деген жерде үлкен кешендi мұражайы салынып, оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

Мен бизнеспен айналыспаймын. Мемлекеттiк қызметкермiн. Қазақтың қай батыры да – менiң бабам. Өйткенi, олар ұлтты бiрiктiредi, ұрпақтар рухын көтередi. Азаматтарды ұйымдастырып, сол тұлғаларды көпке таныту бiздiң парызымыз деп бiлемiн.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ