Жаңалықтар

АЛТАЙДАН ҰШҚАН АҚИЫҚ

ашық дереккөзі

АЛТАЙДАН ҰШҚАН АҚИЫҚ

(Жазушы, драматург Талаптан Ахметжанның рухына)

Сұрланып бұлттар даланы жабар,

Тағы да суық қаралы хабар.

Ашылып гүлi келе жатқанда

Жабылып достың жанары қалар.

Ойладық па бiз, Сен кетедi, — деп,

Ауыр мұң елдi меңдетедi, — деп.

Ойладық па бiз Одақта сенi

Қаралы әуен тербетедi деп.

Қырқында қамал алған едiң ғой,

Жалындап тұрып жанған едiң ғой,

Алтайдан ұшқан Ақиығым-ай,

Алатауға келiп қонған едiң ғой.

Жазған едiң ғой көсiлiп тұрып,

Жүретiн едiң есiлiп, күлiп,

Сан мәрте төрде салмақты қалпы

Сөйлеген едiң шешiлiп тұрып.

Бағымызды сөзден тауып едiк қой,

Бiрге жүргенде жарық едiк ғой

Семейге күнi кеше ғана бiз,

Сапарға бiрге барып едiк қой.

Жазмыш па, жазмыш мәселесi ме,

Пенденiң жазған пешенесiне,

Тағзым етiп ек, құран бағыштап,

Абай, Шәкәрiм кесенесiне.

Оқырманың боп сендi де халық,

Көрерменiң боп көрдi де халық.

Мұхаң рухына бас иiп едiк,

Арнайы тоқтап Бөрлiге барып.

Ақырын жүрiп, анық басатын,

Құшағын бүгiн халыққа ашатын.

Ертiске барсаң еркелеп кейде

Толқындар сенi алып қашатын.

Өмiрдi баппен сүрушi едiң,

Ақкөйлек қалпы жүрушi едiң.

Сұлулықты көрсең суретшi болып,

Жымиып қана күлушi едiң.

Арманды қуып жетiп қаласың,

Бiзден де дәурен өтiп барасың.

Ақсайда досым тұрушы едiң,

Кеңсайға ендi кетiп барасың.

Соңында мөлдiр жазғаның қалды,

Қаңқылдап ұшқан қаздарың қалды,

Қайталанбайтын саздарың қалды,

Егiлiп жылап жан-жарың қалды,

Әйгерiм, Назым, Бұлбұлың қалды,

Асыл тұяғың — Мағжаның қалды.

Өшпейсiң досым өрлеп тұрасың,

Күршiмде ауылың көлдеттi жасын,

Сен өткен кезде жаңбыр тоқтамай,

Алматы көзден селдеттi жасын.

Жас қабiрiңдi жел өптi жылап,

Орының сенiң бөлек-тi бiрақ.

Өксiдi бүкiл Қазақстаным,

Солқылдағанда Теректiбұлақ.

Талаптаным-ай, Талаптаным-ай!

Жаныңды ерте алды-ау, жаратқаным-ай!

Өзiңсiз күңгiрт кеш батты бүгiн,

Өзiңсiз сұрғылт таң атқанын-ай!

Қаламгер едiң, қайраткер едiң,

Жазғаның сенiң әйбат дер едiм.

Қолымнан менiң не келер дейсiң,

Жырымды ғана байлап беремiн.

Бауыржан ЖАҚЫП