АУДАНҒА ТОРҒАЙ АТЫ ҚАЙТАРЫЛСА... НЕМЕСЕ ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
АУДАНҒА ТОРҒАЙ АТЫ ҚАЙТАРЫЛСА... НЕМЕСЕ ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
Туған жерден алыста, Алматыдай жұмақты мекенде тұрсам да, кiндiк қаным тамған Торғай жерi есiмнен бiр сәт шықпай, аңсарым ауады да тұрады. Кең даланың ауасын, күн астында айнадай жарқыраған суларын сағынасың. Қыс өтiп, көктем келген тұстағы тiл жетпейтiн жұпар ауасын, көктемгi бусанған жер иiсiн, көгалын сағынасың. Туған жерге деген адам баласының сағынышы шексiз. Қасқыр екеш, қасқыр да өзi мекен еткен орнын қорғап, өзiне күш көрсеткен жауынан бой тасаласа да, айналып, сол мекенiне соқпай ма?! Бабадан мұра болған сол атамекендi аңсамайтын, сағынбайтын адам бұл өмiрде кем де кем шығар-ау!
Торғайға келген кейбiр оңтүстiктiң адамдары көз тоқтамайтын мидай даланы көргенде, “ит байласа тұрмайтын жер екен” деп бас шайқасып қалады. Ал сол “ит байласа тұрғысыз…” мидай даладан талай-талай атақты, дана дарабоздар мен таланттылардың қалай шыққанына таңданып, тағы да таңдай қағысады. Сол Торғайдың тарихи тұлғаларымен мақтанып, ұрпағы болғаныма мен де қуанамын. Қуана отырып, сол тұлғалардың әруағына кiр келтiрмеудi, Торғай жұртының қасиеттi борышы екендiгiн еске салғым келедi. Қазақ халқының ата жауы болған қалмақ, жоңғарлармен жүздеген жылдар бойы “туған жер, атамекен үшiн” айқасқан батыр бабаларымыздың ерен ерлiгiн ұрпақтары ұмытпайды! Атадан балаға мирас болған құт мекенiн көзiнiң қарашығындай сақтары анық.
ХҮIII ғасырда қазақ халқын бастаған Абылай ханның ақылшы-серiгi, жоңғарларға қарсы күресте қол бастаған батыры, қазақ халқынан шыққан тұңғыш тархан — фельдмаршалы Қошқарұлы Шақшақ Жәнiбек, ХIХ ғасырдағы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин, қазақ ұлтының ар-ожданы, рухани көсемi Ахмет Байтұрсынұлы, Алаш ардагерi Мiржақып Дулатов, халық батыры Амангелдi Иманов, революционер Әлiби Жангелдиндей тарихи тұлғалар шықты емес пе! Олардың алдындағы және кейiнгi дарабоздарымыз бен таланттарымыз қаншама! Осындай ұлдарын замана ауанына қарай бiрде қаралап, кейiн ес кiрiп, етек жапқан тұста ұлықтаған ел едiк қой. Ал бүгiн өз алдымызға жеке ел болып, егемендiк алған тұста сол Арқа жерi — Торғай елi неге “адамзат баласының тұрмысын түзеуге жасалып жатқан, барлық жағдайлардан шеттетiлiп” назардан тыс қалдырылуда. Осы бiр мәселе жұрт көңiлiн жаралап, еңсесiн басуда.
Торғай елiнiң негiзгi кәсiбi — мал шаруашылығы. Қазiр ел iшiнде мал да қалған жоқ. Ол малды ұстайтын елдiң халi де, шөбi де жоқ. Ертеректе мал шаруашылығына қолайлы болу үшiн, ел-жұрт жайылымға шашырай қоныстанатын. Және бүкiл ел болып, жазда шөп шауып, қысқы мал азығын дайындайтын. Одақ кезiнде сол ел, замана ағымына қарай, бiр жерге шоғырланып, отырықшылыққа айналғаннан кейiн, бұл күнде ауыл маңайы тақырға айналып, аяқ жетер жерде шөп те қалмаған. Ауыл адамдарының көпшiлiгi қолындағы аз малына жем-шөп таба алмағандықтан, мал ұстаудан қалған. Еңбек етiп жалақы алатын табыс көзi болмағандықтан, шаруашылықпен айналысып, тiптi шөп сатып алуға қаражаттары жоқ. Ел iшiнiң ахуалының төмендегенi соншалық, екi қолға жұмыс таппай сенделуде.
Нарық заманында “тас жол, асфальтты жол” дегендер Торғай жұртының орындалмас, қол жеткiзбес арманына айналған. Солтүстiк елiнде сар даланың кеңдiгi сондай, ауыл мен ауыл арасы алшақ орналасқан. Аралары жүздеген шақырымға жетiп, кейде одан да асады. Кеңестер Одағы тұсында тапталып, тегiстелген көтерме жол салынып, жол қатынасын едәуiр жеңiлдеткен болатын. Және ел бiр-бiрiмен әуе жолы арқылы ұшақпен қатынасып тұрған. Гүрiлдеген жүгерi ұшақтары мен дарылдаған тiкұшақтар қоғамдық көлiк ретiнде елдiң қажетiне жараған. Тiптi, алыстағы мал отарына ұшақпен барып, әуе жолымен малшылардың керегiн жеткiзiп тұрған кездер болған. Ол күндердi көрген Торғай адамдары бұл күнi ел ағасына айналып, тiсi сарғайған кемпiр мен шал болды. Олар бұл туралы “жырдай ғып” айтқанда, бүгiнгi жастар өз құлақтарына өздерi сенбейдi.
Одақ кезiндегi салынған сол көтерме жолдар бұл күнде шұрық тесiк болып, ойдым-ойдым жыраларға, қазан шұңқырларға айналып, көлiк жүре алмайтын халге жеткен. Кеңес үкiметiнiң тұсында ауыл аралық көлiкке айналған ұшақтар “одақпен” бiрге келмеске кеткен.
Оңтүстiк өңiрде халық бiр-бiрiне жақын орналасып, араласып жатады. Бұл аймақта асфальтты жол да, темiр жол да жақсы дамыған. Соның арқасында сауда-саттық жағы жолға қойылып, ауыл адамдарының жұмыс тауып алуына, тамақ асырауына мүмкiншiлiктерi баршылық.
Ал, Торғай елiнде ең жақын орналасқан темiр жол бекетi төрт жүз шақырымдағы Арқалық қаласында. Осы өңiрдiң облыс орталығы Қостанай қаласы мен Торғай елдi мекенiнiң арасы жетi жүз шақырымға жетедi. Адам баласының әлеуметтiк тiрлiгiне қажеттi бiр ғана анықтамалық құжатты алу үшiн облыс орталығына бару керектiгi, оның өзiндiк қиыншылықтары әр аймақтың қазағының басынан өткен шығар. Осыншама қашықтыққа қанша мықты, дүлдүл болсаң да, қоғамдық көлiксiз жете алмасың белгiлi. Қоғамдық көлiк дегенiңiз Торғай елiнiң өңi түгiл, түсiне де кiрмейдi. Осындайда “япырма-ай, ауыл халқы қалай күн көрiп, тiршiлiк жасап отыр” деп, ерiксiз таң қаласың.
Торғай халқының төзiмдiлiгi, көнгiштiгi сондай, олар өзге өңiрдегi жұрттар сияқты үкiметке “бiздiң ахуалымыздан неге хабар алмайсыздар немесе жағдайымызды ойлап, тұрмысымызды неге түземейсiздер” деп зар жылап, көмек те сұрамайды. Өздерiмен өздерi бiр шетте бұйығып жатқан, бас бұзарлығы жоқ жуас ел. Елдiң бүгiнгi халiн ойласаң, жүрегiң езiледi. “Жуас түйенi жүндеуге жақсы” дейдi. Қанша момын болса да, осылай қарапайым халықты қорлауға бола ма?
Торғайдың созылған даласының бiр шетi Қызылордамен шектеседi. Қызылордадағы аты әлемге танылған — Байқоңырдан ұшқан зымырандардың зәрi ауаға жайылып, Торғайдың да тамырына дерт салған. Осылайша бүкiл қазақ жерi улануда. Бұған көршi алпауыт елдiң дегенiнен шыға алмай отырған билiк байқағысы келмей, салғырттық танытуда. Қарапайым халықтың қолынан не келсiн, сынақ өткен сайын аспаннан тонналап темiр-терсек жауып, бейшара халық сорлауда, улануда. Ресейге жалға берiлген Байқоңырдың пайдасынан, зардабы шаш етектен болып, айтуға тiл жетпейдi… Мұның арты, тiптi қазақ халқының тұқымын улап, құртып тына ма деп те қорқасың.
Байлыққа мас болған үкiмет басындағылар, келешек ұрпағына қалдырар жерiнiң сау-тамтығы қалмағанын неге көрмейдi екен? Бәрiмiздiң негiзiмiз, шыққан тегiмiз — ауыл ғой. Ауыл мен қала арасында алшақтық жоқ, бәрi де жер үстiнде отыр. Ауа да ортақ. Тек қаланың адамдары қаладағы тас-бетон үйлер сияқты бәрiн “қолдан жасауға болады” дегендей безбүйректеу де, ауыл адамдары әлi де “табиғат ананың берерiн Тәңiрiм көп көрмесiн” деп шүкiршiлiкпен жүр. Ендеше, сол ауылдың “шүкiршiлiгiне” “күпiршiлiк” жасамай, неге бүгiнгi ауыл адамдарының зарына құлақ салып, табиғат ананы аяламаймыз. Неге халықты ұйымдастырып, басшылық жасамаймыз. “Адамға табын жер ендi” деп ұрандағаннан не таптық?! Тек, жерiмiздi тоз-тоз қылып, ұтылғанымыз болмаса… Адамның тоз-тоз болған жүрегiне ем табылар-ау, ал жер ананы тоздырып алсақ, өзiмiз де құрдымға кетпеймiз бе? “Неге бiз осы…” деп аһ ұрғанша, “судың да сұрауы бар” деген дала философиясын дәлелдеген даналарымыздың қағидасын неге ұстанбаймыз?
Құнарлы, шұрайлы жерлер, жалпы қазақ жерi саудаға түсiп, кiм көрiнгенге, ақшалы келiмсектерге сатылып кеткенi жиi айтылып жүр. Кiм-көрiнгенге сатылып кеткен қазақ жерiн, оның қазба байлығын, қазiргi билiк халқына қайтаруы керек. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан, осы қазақ жерi, тек қазақтың ұлттық мұрасы. Бұл тек қазына игiлiгi, яғни қазыналық дегенiмiз мемлекеттiң қорғауында болу деген сөз. Ал, мемлекеттiң мүддесi сол қазыналы жерiн көзiнiң қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа атамұра жолымен мирас ету. Әйтпесе, келер ұрпақ, бүгiнгi билiк басындағыларға лағынет айтпасына кiм кепiл?!
Ауыл адамдары түгел қалаға босып кеттi деген бос сөз. Туған жерiн ешкiм де тастамайды. “Ат айналып, қазығын табады” демекшi, әйтеуiр соған ораларымыз хақ. Қазiргi адамдар қу тiрлiктiң соңында салпаңдап, жанбағыстың, өлместiң қамын жасауда. Мейлi, туған елден шалғай өмiр сүрсең де, сол “туған жерiм не болды екен?” деп, көңiлiң ата-баба мекенiн аңсап, сағынумен өтедi. Дәм бұйырып жатса, туған жерге жүрегiңдi қолыңа ұстап, алып-ұшып жетесiң…
Бiр өкiнiштiсi сол, Ақкөл бұл күнде адамзат баласының қолдан жасаған қиянаттарынан зардап шегуде. Соның салдарынан, кейiнгi кезде Ақкөлдiң суы тартылып, балықтары қырыла бастады. Оған басты себептердiң бiрi — Ақкөлге құятын жалғыз Жыланшық өзенiн, көлге құятын сағасынан бөгет салып, өзен мен көлдi бөлiп тастауы. Сол бөгеттiң салынғанына да жарты ғасырға жақындапты. Осыншама жыл, бой бермеген Ақкөл, ендi қайраты қайтып, суынан айырыла бастады. Бұл бөгеттiң ауыл аралық қатынасты жақындатқанымен, зияны көл-көсiр. Ұлытаудан бастау алатын Жыланшық өзенi көктемде тасып, арнасы толып ағып келедi де, Ақкөлге жетпей, бөгетке тiрелiп, суы лықсып кейiн шегiнедi де, өзен арнасынан шығып, жағалаудағы ойпаң жазыққа жайылып, айдын шалқар пайдасыз көлге айналады. Сол су тартылып, жер құрғағанша, ел аудан орталығына жетудiң тауқыметiн тартады. Кейiн құрғаған жер тiлiмденiп жарылып, мал жайылатын шөп те шықпайды.
Бөгеттiң салынғанына қаншама жыл уақыт өтсе де, бiр кезде жiберiлген қателiктi жөндеп, өзенге көпiр салу, әлi күнге қолға алынбай отыр. Тез арада бөгеттi бұзып, көпiр салмаса, Жыланшық өзенiнен де, Ақкөлден де айырылып қалуымыз мүмкiн. Үкiмет бұған жеткiзбес деп үмiт етемiн. Өйткенi, көпiр салуға қомақты қаражаттың керегi шамалы. Тек қана iс басында жүргендердiң ықыласы болып, ниет етсе, аз-маз қаржының өз-өзiнен табылары анық.
Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан берi, қала мен даланың, жер мен судың аттары, бұрынғы тарихи көне атауларына қайтарылып жатыр. Кешегi Кеңес кезiнде осындай тарихи атаулар, заман ағымына қарай өзгертiлiп, жеке адам аттарына телiнгенi белгiлi. Солардың арасында қазақ халқының тарихынан, шежiресiнен ажыратып бөлiп алып, өзгертуге болмайтындары да кездеседi. Мәселен, солардың бiрi – Жамбыл қаласының аты, “Жiбек жолы” мұрағаттық шежiреге сәйкес, бұрынғы тарихи көне атауына қайтарылып, “Тараз” болып өзгертiлдi. Бұдан Жамбыл атамыздың атағына, абыройына нұқсан келмегенi, төмендеп қалмағаны белгiлi. Жамбыл атамыздың аты халқына аса қадiрлi болса да, ел адамдары, ұрпақтары түсiнiстiкпен қабылдады.
Сондықтан кешегi Торғай ауданының тарихи көне атын өзiне қайтарсақ, Әлiби атамыздың атына, рухына нұқсан келмейтiнi әрi бұл ұсыныс ауданның жергiлiктi тұрғындарынан қолдау табады деп ойлаймын.
Қазан төңкерiсi кезiнде, жер жүзi еңбекшiлерiнiң көсемi Лениннен мандат алған Әлiби Жангелдин, өз елiне аттанғанда, басқа жаққа тоқтамай, атамекенi Торғайға келiп, сол туған жерiн қызғыштай қорғағаны барша жұртқа аян. Өзi аялаған туған жерiне тарихи көне Торғай атауы қайтарылып жатса, Әлiби атамыздың рухы, абырой-атағы төмендемейтiнi анық. Бұл әрi тарихи әдiлеттiлiк болар едi.
Өйткенi, ежелгi Торғайдың тарихи атауы, сол елден шыққан дарабоз ұлдарын асқақтап, барша жұртқа мәлiм болса, ал сол Торғайдан шыққан тарихи тұлғалардың ерекше қасиетке ие болып, даралануы, сол көне Торғайдың топырағының киесi болса керек! Осыншама таланттар мен алыптарды шығарған, ежелден келе жатқан көне тарихи атауды бiр есiмнiң шеңберiнде қалдыру тарих шежiресiне қиянат. Тарихи көне атауға қиянат жасамайық. Сондықтан да алдағы уақытта осы қасиеттi жердiң, киелi қоныстың тарихи көне Торғай атауын өзiне қайтарайық.
Қайдар БАЙДЕБЕКОВ