20 минут жаттығу ұйқысыздықтың салдарын реттеуге көмектеседі

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

20 минут денені жаттықтыру ұзақ уақыт ұйықтамағаннан кейін жаңа ақпаратты есте сақтау қабілетін 90 минуттық күндізгі ұйқымен шамалас деңгейде сақтауға көмектесуі мүмкін. Бұл туралы Proceedings of the National Academy of Sciences (PNAS) журналында жарияланған зерттеуде айтылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар 53 дені сау жас ересекті зертхана жағдайында 30 сағат бойы ұйықтатпаған. Бұдан кейін қатысушылар үш топқа бөлінді. Бірінші топ 20 минут бойы велотренажерде орташа және жоғары қарқында жаттыққан, екінші топқа 90 минут ұйықтауға мүмкіндік берілген. Ал бақылау тобындағы қатысушылар велотренажерде 20 минут отырғанымен, жаттығу жасамаған.

Одан кейін қатысушыларға 150 түрлі сурет көрсетіліп, ми белсенділігі электроэнцефалография көмегімен бақыланды. Үш күннен соң оларға бұрын көрген және жаңа суреттер аралас беріліп, қайсысын танитыны тексерілген.

Нәтижесінде жаттығу жасағандар бұрын көрген суреттердің шамамен 56%-ын, 90 минут ұйықтағандар 57%-ын дұрыс таныған. Бақылау тобында бұл көрсеткіш шамамен 46% болған. Жалпы алғанда, жаттығу мен ұйқы топтарындағы есте сақтау нәтижесі бақылау тобымен салыстырғанда орта есеппен 22%-ға жоғары болған. Жаттығу мен ұйқы топтарының нәтижелері арасында елеулі айырмашылық анықталмаған.

Алайда ғалымдар екі тәсілдің миға әсер ету механизмі әртүрлі екенін анықтады. 90 минуттық ұйқы жүйке жүйесіндегі шаршау мен ұйқыға деген қысым белгілерін азайтып, миды жаңа ақпаратты қабылдауға қолайлы жағдайға келтірген.

Ал 20 минут жаттыққан адамдардың миында шаршау белгілері бірден жоғалмаған. Соған қарамастан, жаңа ақпарат пайда болған кезде олардың миы есте сақтау мен зейінге жауап беретін жүйелерді тиімдірек іске қосқан. Яғни жаттығу мидың шаршауын жоймағанымен, қолда бар ресурсты тиімді пайдалануға көмектескен.

Зерттеу авторлары бұл тәсілдер әсіресе түнгі ауысымда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері, жүргізушілер және басқа да ұйқы режимі жиі бұзылатын мамандар үшін маңызды болуы мүмкін деп есептейді.

Дегенмен зерттеу нәтижелерін барлық жағдайға тікелей қолдануға болмайды. Экспериментке небәрі 53 жас ересек қатысқан және олар бір реттік, 30 сағаттық толық ұйқысыздық жағдайында зерттелген. Сондықтан 20 минуттық жаттығу қалыпты ұйқының орнын басады деген қорытынды жасауға болмайды. Ғалымдар алдағы уақытта ұйқы мен жаттығуды бірге қолданудың әсерін және бұл тәсілдердің нақты жұмыс жағдайларындағы тиімділігін зерттеуді жоспарлап отыр.

Тэгтер:

жаттығу ұйқысыздық