Қазақстанда 23 сәуір – ұлттық кітап күні ретінде белгіленген. Бүгін, ұлттық кітап күні қарсаңында, «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында SocioExpertClub диалог алаңында жазушы, саяси сарапшы Ерлан Ахмедидің «ОЙЛАН, ҚАЗАҚ» романының ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған шығарма биылғы MECENAT.KZ әдеби сыйлығының 5-маусымының финалына жолдама алған. Осы маусымда 33 үміткер бақ сынап, нәтижесінде 6 роман (үшеуі қазақ тілінде, үшеуі орыс тілінде) финалға өткен болатын.
Бүгінгі іс-шараға Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, Сенат депутаты Наталья Дементьева, мәдениет қайраткері Есен Елеукен, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, кітапсүйер жастар қатысты.
«ОЙЛАН, ҚАЗАҚ» романы ұлттық тәрбие, тарихи сабақтастық, әділеттілік пен адалдық, әке мен бала арасындағы байланыс сынды рухани тақырыптарды қозғайды. Сонымен қатар туындыда экзистенциялық дағдарыс, тұлғаның ішкі екіге жарылуы мәселелері көркемдік тұрғыда ашылған. Автор XXI ғасыр үрдістерін де назардан тыс қалдырмай, шығармада жасанды интеллект пен виртуалды уақыт мәшинесі идеяларын ұштастырған.
«Романда ұлттық тәрбие, тарихи сабақтастық, әке мен бала арасындағы түсініспеушілік, көзқарас қайшылығы, психология мәселелері қамтылған. Адам жасы келе «Мен кіммін? Қайдан келдім? Қайда бара жатырмын?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздейді. Экзистенциялық дағдарыс мәселесі. Қазақ қуыс кеуде дейді. Бір тұлға, бір кейіпкердің осындай қиналған сәтін суреттеу арқылы ұлтымыздың қазіргі күйін, қоғамдағы ахуалды суреттеуге тырыстым. Мұнда қозғалған тағы бір психологиялық мәселе – диссоциативті бұзылыс. Яғни адамның жан-дүниесінің екіге жарылуы. Бұл жайлы Төлен Әбдік ағамыз «Парасат майданы» повесінде, Мұхтар Мағауин «Жармақ» романында жазған. Мен осы классик аталарымыз салған жолды жалғастырып, тұлғаның екіге бөлінуі емес, үшке бөлінуін жаздым. Адамның күнделікті қалыптасқан образы бар. Ал ішінде «басқаша өмір сүрсеңші» дейтін неше түрлі дауыс болуы мүмкін. Шығарманың басты кейіпкері – елу жастағы Әділжан. Әділ, адал, таза адам. Бірақ осы жасқа келіп аса бір жетістікке жетпеген, өзіне, өз өміріне көңілі толмайтын, өмірден түңілген, өз-өзін ішінен жеп жүрген жан», – дейді ол.
Іс-шараға қатысқан айтыскер ақын Аманжол Әлтай авторға ағалық тілегін білдірді.
«Президентіміздің кітап оқу мәдениетін көтеру бағытындағы үлкен бастамасы бүгінгі таңда қоғамда жалғасын тауып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда біз хакім Абай армандаған ақылы нұрлы, қайраты ыстық, жүрегі жылы, толық адам қалыптастырғымыз келсе, ең алдымен қоғамдағы кітап оқу мәдениетін көтеруіміз керек. Осы бағытта «Ойлан, қазақ» оқырманның жүрегіне жол табады деп ойлаймын. Романда Мұхтар Мағауин секілді классик жазушыларымыздың модернистік бағытта жазылған шығармаларында көтерілген проблемалар көрініс тапқаны айтылды. Міндетті түрде оқимыз. Оқып қоймаймыз, талдап, саралап оқимыз, көңіл таразысына саламыз. Әдебиеттің қоғамдық сананың, әр адамның санасының сәулеленуінде атқаратын рөлі зор. Сондықтан да бұл шығарма оқыған әр оқырман, оның ішінде жас оқырман өзін тығырыққа тіреп жүрген сұрақтарына жауап алады, тұлғасының қалыптасуына септігі тиеді деп ойлаймын. Әдебиет әлемінде оқырман жүрегіне жол табар туындының бірі болуын тілеймін», – деді ақын.