Ұйқысыздықпен күресу үшін күрделі препараттар мен қымбат гаджеттер қажет емес болуы мүмкін. Психиатр Ишдип Наранг пен америкалық медбике Киара Девитттің айтуынша, көзді белгілі бір тәртіппен қозғалту ұйқыға тезірек кетуге көмектесуі ықтимал, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл әдісті алғаш рет хирург Кейтлин Тондо-Стил әлеуметтік желіде ұсынған. Ол өте қарапайым: көзді жұмып, алдымен оңға-солға, кейін жоғары-төмен, соңында сағат тілі бағытымен және оған қарсы шеңбер жасап қозғалту.
Ғылыми тұрғыдан бұл тәсіл әлі толық дәлелденбеген. Дегенмен мамандар оның ықтимал әсерін екі фактормен түсіндіреді. Біріншіден, мұндай қозғалыстар көздің ұйқының жылдам фазасындағы (REM) табиғи белсенділігін еске салады. Бұл миға «демалатын уақыт келді» деген сигнал беруі мүмкін. Екіншіден, монотонды әрі зейінді талап етпейтін әрекет мазасыз ойларды ығыстырып, ұйықтай алмау туралы уайымды әлсіретеді.
Сарапшылар бұл әдісті әмбебап шешім ретінде ұсынбайды, бірақ оның қауіпсіз әрі қарапайым екенін атап өтеді. Ұйқы мәселесінде бастысы – ағзаның жеке ерекшелігін ескеру. Бұған дейін дәрігерлер сегіз сағаттық ұйқы – барлығына ортақ норма деген түсініктің шартты екенін де еске салған.
Қысқасы, кейде ұйқыға апарар ең қысқа жол – көзді жұмып, артық ой ойламауға тырысу.