Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов қазақстандық боксшыға ескерту жасады, деп хабарлады turkystan.kz.
«Боксшыларды өте жақсы танимыз. Барынша ақпараттық қолдау танытып жүрміз. Бірақ, артық кетіп бара жатса, сынап та алатыным бар. Бүгін ұлттық құрама өкілдері өзара бас қосып, көлікпен сауық құрған видео жарияланды. Әсіресе, Санжар Тәшкенбай тізгіндеген темір тұлпардың сағатына 174 шақырыммен кетіп бара жатқанын көріп шошыдым. Шошыдым әрі алаңдадым. Сонша қайда асықтыңдар және осындай видео жариялаудың қажеті қанша?!», деген сауал қойды ол.
Сондай-ақ автор спортшыларға кеңес бере кеткен.
«Жігіттер, иә чемпионсыңдар. Халық та соны бағалап, аузынан жырып барын беріп жатыр. Бірақ, сый-құрметті көтере білу керек. Қарапайым адамдар жылдамдықты жетпіске жеткізсе, айыппұл арқалап, төлей алмай қиналады. Ал, мына жерде - 174! Екіншіден, қауіпсіздік. Жолда небір жағдай болады. Құдай сақтасын, әрине. Өздеріңді де, өзгені де қауіпке тікпеңдер. Сәл жерге түсіңдер. Керісінше, көпке үлгі болуларың керек. Сәттілік!», — деп жазды А. Қаженов.