Кіндігі ашық қызға сәукеле кигізген кімдер?

Кіндігі ашық қызға сәукеле кигізген кімдер?

Кіндігі ашық қызға сәукеле кигізген кімдер?
ашық дереккөзі

Кеше елімізде ғашықтар күні мерекесі тойланғаны белгілі. Бұрын Әулие Валентин күнін тойлап жүрген жастар үшін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні үлкен мерекеге айналғаны жасырын емес. Кеше, 15 сәуір күні аталмыш мерекеге орай Алматы қаласында «Су перісі» субұрқағы ашылған болатын. Гоголь мен Бұзырбаев көшелерінің қиылысында, Орталық демалыс саябағының жанында орналасқан бұл ескерткіштің авторы – Бауыржан Жуасбаев. Ескерткіштің ашылу рәсіміне біршама танымал тұлғалар да қатысқан болатын. Әрине, бұл күнді мерекеге айналдырғандары дұрыс-ақ. Бірақ, бүгін әлеуметтік желілерде аталмыш субұрқақтың ортасында орналасқан ескерткіштің суреті әлеуметтік желілерді жаулап алды. Ескерткіште бейнеленген су перісіне қазақтың сәукелесін кигізген авторды жазғырғандар қатары көбейді. Аталмыш ескерткішке қатысты сыни пікірін алғаш боп білдіргендердің бірі әнші, ұлт жанашыры Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: «Бояушы, бояушы деген сайын сақалына дейін бояп тастаптының» кері келген екен. Мынау не «фантазиясы» тағы?! Алматының көрнекті орындарының біріне орнатқан Баян-сұлу ескерткіші-мыс. Сәукеле киіп, кіндігін ашқан су перісі. Сұмдық-ай!». Көпшіліктің сынына іліккен бұл ескерткішке қатысты әзірге ешқандай түсініктеме жарияланған жоқ.