Әуезовтер әлемі
Осыдан тура 63 жыл бұрын 63 жасында Мәскеудің Кунцево ауруханасындағы операция столында ұлы Мұхтар Әуезов дүние салды. Бұл «мың өліп, мың тірілген» қазақ деген халықтың арғы-бергі дәуірлердегі көрмесек, басымыздан кешпесек дейтін ең ауыр қазаларының бірі болғаны анық. ХХ ғасыр басында саяси серкелерінен көз жазып қалған қазақ мемлекеттігінің ендігі жерде ертеңгі күнге деген үміті, болашақ алдындағы абырой-беделі М.Әуезов бастаған шығармашылық адамдарымен, ғылыми жетекшілермен тікелей байланысты еді. Ұлт театрының сахнасын керіп, ұлттық әдебиеттің әлеуетін әлемге паш еткен, іргелі ғылым мен жоғары білімнің арнасын салған осынау жасампаз буын өздеріне тарих жүктеген сол бір ауыр да абыройлы міндетті лайықты атқарып келе жатқандай болған. Міне, осындай бейнетті тірліктің зейнетін көрер кезінде, өзінің кемеліне келген шағында қазақ мәдениеті көшбасшысының кенеттен дүние салуы барша Қазақстан халқын бұрын-соңды болып көрмеген қайғы-қасіретке батырған еді. Бұл хақында сол бір қайғылы шақты, қаралы күндерді басынан кешірген кез келген жанның естеліктерінен анық сезінуге болар еді.
«1961 жылдың маусымының екінші жартысында «Москва» қонақүйіндегі номерімде кешқұрым телефон шырылдады. Телефон соққан тұрақты өкіл Бақытжан Ысқақов екен. Ол Мұқаңның қайтыс болғанын алғашқылардың бірі болып маған хабарлады. Мен дереу Сәтбаевпен сөйлестім. Қайғылы хабар республикаға тез тарады. Астанаға бірінші болып самолетпен жазушының дос-жарандары ұшып келді. Мұстафин, Мүсірепов пен Мұқановтың келгені есімде... Қырымда санаторийде жатқан жерінен Әбділда Тәжібаев ұшып келді. Сәбит қатты қайғырды. Бұл кісінің марқұм Мұхаңмен жиі шекісіп қала беретінін бәріміз де білетінбіз. Орны толмас қаза Сәбит ағаның жанын түршіктіріп, көзіне жас алдырды. Ол қатты қамығып, «Мұны күнілгері білсем етті!» деп қайта-қайта айта берді. Валентина Николаевна, Ләйла Мұхтарқызы, Мұрат Әуезовтер есімде қалыпты. Кіші ұлы Ернар кешігіп жатты... Жазушы ғұмырының соңғы сағаттарының егжей-тегжейі бірден белгілі болды. Оның асқазанындағы сүйелді кесіп тастайды. Бұл онша күрделі операция емес. Бірақ күтім жағына тікелей жауап беретін кісі тағайындалмайды, жанашыр жақындарынан да басы-қасында тірі жан болмайды. Мұхаң ұйқыдан оянбайды. Алматыға келгесін Александр Николаевич Сызганов: «Егер осы операцияны үйде жасаған болсақ, Мұхтар Омарханұлы тірі қалар еді», – дегенін ұмытқан жоқпын, – деп сол бір қилы сәттің басы-қасында болған академик Ш.Шөкин есіне алады (Шөкин Ш. Өмірдің төрт мезгілі. – Алматы: «Шабдар», 1994. – 518 бет. 436-437 беттер.) «Қылыштың үстінде – серт жүрмейді». Өмірдің түрлі жағдайында, шығармашылықта, ғылыми ұстанымда әртүрлі көзқарастарда болып келген ұлт зиялыларының бір-біріне деген қимас сезімдері, іштей құрметі мен шынайы ұстанымдары осындай жеме-жемде анық көрініп отырған. 27-маусым күні Мәскеуде көз жұмған М.Әуезовті 1-шілдеде Алматыдағы қазіргі Райымбек даңғылының бойындағы қалалық зиратқа апарып қояды. Сол бір қаралы жиын үстiндегi қоштасу сөзiнде Ғ.Мүсiрепов былайша толғайды: «Бүгiн бiз ауыр қайғының үстiндемiз... Айтпасыңа амал қайсы, бүгiн бiз, дүниежүзiлiк аты бар, еңбекшi момын елiмiздi дүниеге танытқан, әдебиетiмiз бен мәдениетiмiздiң әр саласында ортан қазығы болып келген атақты жазушымыз, мыңдаған шәкiртi бар ұстазымыз, iрi ғалым-педагог, белгiлi қоғам қайраткерi – Мұхтар Омарханұлы Әуезовке хош айтқалы келiп тұрмыз. Бiз үшiн бұдан артық ауыр сөз, бұдан артық айтпаса дерлiк сөз жоқ едi!.. Бүгiн қазақ әдебиетi жұтқа ұрынғандай. Басқа мадақтарын қоспай-ақ, «Мұхтар Әуезов» дегенде ғана аузымыз толмаушы ма едi? Ойымыз да лық толатын. БұлМұхтар жоқ ендi арамызда. Сағынар кезiмiз, iздер кезiмiз, жоқтар кезiмiз аз болмас, таба алмаспыз бiрақ. «Ат тұяғын тай басар» дейтiн ескi нақыл көркемөнер дүниесiне заң емес. Бiр жазушының орнын екiншi жазушы баса алмайды, әрбiр жазушы өз орнында бағалы. Бұдан былай қақ ортамызда ойылып қалған Мұхтардың орнын өзiнен қалған асыл мұрасы ғана толтырады. Мұхтар бiзге орнын қалдырған жоқ, Мұхтардай мол, құлашты еңбектер жазу борышын қалдырды, орнын жоқтатпау парызын қалдырды. Әдетке кiрген сөздi айтпасаң амал жоқ: қош бол, Мұхтар, баладай нәзiк жан, көркемөнердiң өзiндей қатал сыншы, әдiл жан! Үлкен аға! Еркелеткенiңiздi де сағынармыз, ұрысқаныңызды да сағынармыз. Бар бейнең көз алдымызда болар. Бетке ұстасақ – беделiң қандай едi, арқаға ұстасақ – панаң қандай едi! Оны ешкiм ұмыта алмас!... Өмiр – күнде той емес, өкпелеткен, ренжiткен кезiмiз болса, онымызды үлкен өкiнiшпен еске аламыз, еске алған сайын үлкен рухыңнан кешiрiм сұраймыз. Көркем сөздiң ұстасы, сенiмен қоштасу үшiн бұл ойлар таяз, бұл сөздер бояусыз, әрине. Бiрақ бiз сенiң жер қойнына тапсырылар тәнiңмен ғана қоштасып тұрмыз, жаның мен рухың бiзде қалады, ең қасиеттеп ұстар мұрамыз – сол, оған шаң жұқтырмаспыз. Ең қасиеттi борышымыз сол болар... Қош бол, ардақты аға, атақты сөз шеберi! Қош!..» (Ғ.Мүсiрепов М.Әуезов туралы сөз // М.Әуезов әлемi. – Алматы: «Жазушы», 1997. – 245-246 беттер). Осынау жүрекжарды сөз үлгісінен қазақ мәдениетi алыптарының кейiнгi ұрпаққа қалдырып отырған тағы да бiр тағылымды өнегесін, таланттардың бір-бірінің рухы алдындағы арыздасуын жазбай тануға болады. Қара жамылған қауымға осы бір қисынды сөздердің қалай әсер еткенін кейін қаламгер Т.Жангелдин былайша сипаттайды: «Мұхаңды жерлеу кезінде Ғабеңнің сөзі тыңдағандардың есінде мәңгілік сақталатын, кейін оқып танысқандарды таңдандыратын тамаша сөздер. Талайға үлгі боларлық ақылды сөздер. Ардақты Мұхаңа арнаған жылы сөздерді, жүректің төрінен шыққан тамаша лебіздерді тастап-тастап жіберді-ақ, шіркін! Ғабеңның сөзіне егілмеген, елжіремеген ешкім жоқ шығар» (Жангелдин Т. Әуезовпен кездесу. «Қазақ әдебиеті», 7.06.2013.). М.Әуезовтің дүниеден озуы сол тұстағы тұтастай Кеңестер Одағы халықтарын да бейжай қалдырмады. Барлық деңгейдегі басылымдар қазанама жариялап, Одақтың түпкір-түпкірінен мыңдаған көңіл айту жеделхаты келіп жатты. Осынау қаза туралы мұхиттың ар жағындағы «Нью Йорк таймс» газеті де 1961 жылғы 28 маусымдағы санында қазанама жариялайды. Бұл тосын жаңалықты алғаш биылғы жылдың 21 мамыры күні АҚШ-та ғылыми тәжірибеде жүрген жас ғалым Дүйсенәлі Әлімақын бөліскен еді. Ол хабарласып, М.Әуезов туралы «Нью Йорк таймс» газеті жариялаған ақпарат туралы біздің білетін-білмейтінімізді сұрады. Мен ондай ақпараттың бізге беймәлім екенін, мүмкіндік болса, соның көшірмесін жіберуін сұрадым. Ертеңіне ол NYT газетіндегі М.Әуезовтің суретімен жарияланған қазанаманың көшірмесін жіберді. Кейін осынау фотодеректі Диар Асқарұлына көрсеткенімде, ондай деректің біздегі музей-үйдің архивінде жоқ екенін айтты. ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы халықаралық жағдайдың ушыққан тұсында мұндай ақпараттың батыстық беделді басылымда жарық көруі таңданарлық құбылыс еді. Дейтұрғанмен, бұл 1960 жылдың 17 ақпаны мен 17 наурызы аралығында бір ай бойы Америка Құрама Штаттарында болып, М.Әуезовтің жазушы, ғалым, тұлға ретінде сол жақтағы қауымның ерекше қызығушылығын тудырғанынан да болса керек. Осы күндері М.Әуезовтің «Америка әсерлерін» қайыра оқып отырып, оның осынау әлемдік гегемонияға ұмтылған алып мемлекеттің бүкіл болмысын көрегендікпен тап басқанын, артық һәм кемшін тұстарын қалайша дәл бағамдағанын, жетістіктерімен қатар ондаған жылдан кейін көрінетін ішкі қайшылықтарын да анық көре білгеніне таңғаласың. Осы сапардағы күнделігіне: «Кешке сағат 7.30-да Артур Миллер дейтін үлкен драматургте болдық. Әйелі атақты кинозвезда Мэрилин Монро» (Әуезов М. Америка әсерлері. – Алматы, 2021. 318 бет. 88 бет) – деп жазады. Бұл қырғи-қабақ соғыс жағдайында айдың арғы бетіне барып қайтып, ешкім көріп-білмеген құпияны қолмен ұстап қайтқандай ерекше құбылыс еді. М.Әуезовтің кіндігінен өрген перзенттері – Мұғамила, Шоқан, Мағрипа, Зере, Елдес, Ләйла, Елдар, Мұрат, Ернар. Солардың ішінде балиғатқа жетіп, ересек ғұмыр кешкендері: Мұғамила, Ләйла, Мұрат, Ернар. Қалған бес баласы қуғын-сүргін, аштық пен жоқшылықтың құрбаны болды. Еркін өмірдегі жандар аштықтан қырылып жатқан 1930-1932 жылдар аралығында М.Әуезов екі жылға жуық түрмеде отырды. Жиырма екі жасынан қырық төрт жасқа дейін бірінен кейін бірі бес баласын жер қойнына тапсырып келген М.Әуезовтей сезімтал жанның сол жылдары жан дүниесінде нендей құбылыстардың болып жатқанын шамалаудың өзі қорқынышты еді... Осындай қиямет-қайымда әрі жасампаз жылдарда Райхан, Кәмила, Валя, Фатималар өмірлік серік болды. Үлкен қызы Мұғамила апайды да көрдік. «Біз «Еңлік-Кебек» екеуміз 1917 жылғымыз, әкеміздің тұңғышымыз ғой!» дегенді жиі айтып жүруші еді. Өмірден озарынан бірнеше жыл бұрын өз күмбезін тұрғызып қойған апай: «Қазіргі тұрып жатқаным уақытша мекенім (времянка) ғой, мәңгілік үйімнің суреті мынау!» деп Кеңсайдағы болашақ зиратының фотосын көрсетіп, көпшілікті аң-таң қылушы еді. Бүкіл ғұмырын әке өмірін насихаттауға, шығармашылығын зерттеуге, рухын асқақтатуға арнаған ғылым докторы, үлкен әулеттің келіні Ләйла Әуезова да тура 63 жасында, операция столының үстінде қаза болады. Атақты орнитолог, биология ғылымдарының кандидаты Ернар Мұхтарұлы 1943 жылдың қарашасында туып, 1995 жылдың мамыр айында дүниеден озды. 1961 жылдың 24-тамызындағы күнделігінде Фатима Ғабитова былай деп жазады: «Мұрат ағасының киімдерін әкелді. Бұл киімдер ішінде Мұхтардың ең соңғы рет біздің үйге киіп келген жасыл костюмі бар екен» (Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. – Алматы: «Атамұра», 2023. – 296 бет. 173 бет). Бұл әкесін соңғы сапарға аттандырғаннан кейінгі Мәскеуде оқитын Мұраттың өз үйіне алғаш оралған сәті еді. Әуезов, Сүлеев, Жансүгіров сынды әулеттердің ортақ перзентіне, барлығының да бауырына айналған Мұрат Мұхтарұлының да тағдыр-талайын бірер сөзбен сипаттау мүмкін болмас еді. Ол дүниеге келмес бұрын-ақ Мұхтар Әуезов өмірге ұл баланың келетінін және оның тағдыры да сан қатпарлы болатынын алдын-ала сезген бе деген ойға қаласың... Мұрат туардан жиырма күн бұрын, 1942 жылдың 4-желтоқсанында Фатимаға М.Әуезов былай деп хат жазады: «Балаң есен сау болса екен деп үлкен үміт-тілек етем. Ертең бала болса атын қарапайым, қазақша қоймай, өз атымдай кітапша қой. Менше: Хайдар қой деп ем. Кешікпеген болсам, ертең бала болса, осы атты қой. Жақсылап өсір. Біз жас қыз бен жігіт емеспіз, қалған ұят адрә қалсын. Аяулы, қайратты, мейірбан ана бол» (Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. – Алматы: «Атамұра», 2023. – 296 бет. 211 бет). Онан кейінгі жылдары да баласын сағынудан, қылығына сүйсінуден жалықпаған Мұхаң оның өмірдегі әрбір қадамын қызықтап, сырттай бақылап отырыпты. «Мұратай туралы жазғандарыңа қатты разымын. Көп қызығып, қайта-қайта оқыдым. Менің Мұратым, жақсы балам болады деген зор сенімдемін. Мен туралы ойлайтыны, сөйлеп жүретіні қандай жақсы», – деп толғанады 1947 жылдың 24-мамырында Фатимаға жазған хатында. Ширек ғасырдан аса «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында еңбек ете жүріп, Мұрат ағамызбен жиі араласудың сәті түсті. Әрбір әрекетін, әрбір сөзін ойлап сөйлейтін Мұрат ағамыз 2001 жылы әкесі М.Әуезовтің қайтыс болғанына қырық жыл толуына орай берілген ас үстінде: «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» деуші еді, сол қырық жылым өтті... ендігі жерде маған өз арбамды өзім сүйреуге тура келеді», – деген сыңайда екіұшты сөз айтқан болатын. Соның алдында ғана Мұхаңның рухына арнап өзіне ғана тән қайталанбас баяу үнімен «Аятул-Күрсүні» оқыған Талғат аға сабырлы қалпын бұзбастан: «Мұхаң бәріміздің де әкеміз ғой... ондай данышпан жанның дұға-тілегі бір халыққа мәңгілікке жараса керек-ті», – дегенді нық сеніммен айтып, үнсіз қалды. Ақтық дем алып жатқан соңғы күндерінде хал-жайын білуге барған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановқа Мұрат ағамыздың айтқан ең соңғы әрі сауалы, әрі жауабы: «Қазақшам қалай!?» деген сөз болыпты. Иә, әулеттің көне Құран кітабын құшақтап, фәниден бақиға бет бұрған жанның бұл тосын сөздері «Менің әкемнің рухына деген адалдығым қандай? Қазақ халқының алдындағы борышымды өтей алдым ба!?» дегенімен бірдей естілген еді. Бірнеше жыл бойы қатерлі дертпен алысқан Мұрат Мұхтарұлының жағдайы соңғы бірнеше айда күрт нашарлай бастады. Бірер апта қалғанда жиені Диар Қонаев бізге нендей жағдайға болса да дайын болу керегін ескерткен-ді. Сол күн маусымның 14-іне сәйкес келді. Осылайша, Мұхтар Әуезовтің дүниеден озғанына 63 жыл толу қарсаңында ұлы Мұрат та қайтыс болып, Райымбек даңғылы бойындағы әкесінің жанына қойылды.
Мамай АХЕТОВ, филология ғылымдарының кандидаты