Жаңалықтар

«Шайтан түртті. Масқара болдық»: Бұрынғы әйелі ұрды деп айыптаған «Меломен» әншісі өз шындығын айтты (ВИДЕО)

ашық дереккөзден

"Туысқандарымнан, әке-шешемнен ұят болды. Бұрынғы әйелімнің әке-шешесінен ұят болды. Масқара болдық."

Бұрынғы әйелі ұрды деп айып таққан «Меломен» тобының әншісі Ғабит Бибасыұлы жеке парақшасында  өзіне тағылған айыпқа қатысты мәлімдеме жасады. Әншінің бұрынғы әйелі желіде өткен аптада Ғабиттің оны көлік ішінде ұрған соң, мешітке кіріп кеткенін баяндап, видео жариялаған болатын.

Ғабит ол видеоға қатысты өз шындығын ортаға салды.

«Мен жалпы үш бала тәрбиелеп отырған адаммын. Үш қыз, бір ұлым бар. Бұрынғы әйеліммен осыдан екі жыл бұрын ажырасып кеткенбіз. Мен жалпы зорлық зомбылыққа қарсымын. Бүкіл ел, бүкіл әлем қарсы. Ажырастым деп айтуға ұялып жүрген адам едім, – дейді Ғабит.

Әнші видеодағы ұрыс болған күні бұрынғы әйеліне қолы тиіп кеткенін айтады.

«Көлікте екеуіміз ғана келе жатырмыз. Ұрыс басталып кетті, ол айқайлап шу шығарды. «Қой, тоқтат» дедім. Баяғы нәрсені қозғады. Осындай ғой әдеті. Ер адамбыз ғой енді. Мен ұрған жоқпын. "Қойшы болды, қой" деп размах кетті. Қолым тиіп кетті. Жұдырықпен емес, Құдай сақтасын. Осылай тиген соң, мұрны қанап кетті. Әдейі істеген жоқпын, ер адамсың ғой. Ашу келді. Мені шайтан түртті, оны да шайтан түртті деген секілді. Сосын көлікті тоқтатып, жанынан келіп, бәрі басылған соң сол жақын жергі мешітке кіріп кеттім. Күндізгі уақыт қой. Мен мешітке кіріп кеткен соң, ол видео түсіріп алыпты. Бұл – үш жарым жыл бұрынғы оқиға. Қыстың кезі», – дейді Ғабит Бибасыұлы.

Десе де ол бұрынғы әйелін еш жамандамайтынын, оны қорғап өтетінін тілге тиек етті.

«Бұрынғы келіншегім – менің балаларымның анасы. Мен оны бәрібір қорғаймын. Кім не десе, о десін. Біз қосылайық деп жатқан жоқпыз. Мен бәрібір оны қорғап өтемін. Туысқандарымнан, әке-шешемнен ұят болды. Бұрынғы әйелімнің әке-шешесінен ұят болды. Масқара болдық. Не істейміз енді, өмір. Мұның барлығы коуч, психологсымақтардың кесірінен болып жатыр», – дейді әнші.