Жаңалықтар

«Біреудің ақысына кірмеуіміз керек»: Тұрсынбектің әйелі тойға мобилограф ертіп апаратындарға өтініш айтты

Фото: https://www.instagram.com/moldir.mt

Той залында отырған басқа қонақтарға кедергі келтіріп, тұрып алып, сахнаны жаппасаңыздар екен.

Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі, продюсер, блогер Мөлдір Мұқан әлеуметтік желідегі жеке парақшасында той мәдениетін сөз етіп, онда мобилограф ертіп апаратындарға үндеу жолдады.

"Жаз айлары, қазақтың қазынасы-той маусымы ғой. Дәулет Мұқаев досымның қалтаңа қарай көсіліп той жаса деп үндеу жасап жүргенімен, балам қатарынан кем болмасын немесе біреудің тойының деңгейінен қалғымыз келмей үлкен қаржы жұмсар той жасаймыз. Қадірлі қонақтарымызды төрге шығарамыз, дастарханды дәмді тағамға толтырамыз, шоу-бағларламаны ұйымдастырып қонағының көңілін көтеруге барымызды саламыз ғой. Сәйкесінше, қонақтар да барынша әдеміленіп, сыйлығын алып, уақытын бөліп келеді.

Айтайын дегенім, мобилографтарымен баратын блогер қонақтар, немесе телефонға видеоға түсіретін қонақтар, ТОЙ ЗАЛЫНДА ОТЫРҒАН БАСҚА ДА ҚОНАҚТАРҒА КЕДЕРГІ КЕЛТІРІП, ТҰРЫП АЛЫП, сахна жақты ЖАППАСАҢЫЗДАР ЕКЕН. Әдемі әншіні, басқа да әдемі көріністерді қонақтар барлығы көріп, көңіл-күйлері жайлы болып отырғаны тамаша ғой", – дейді Мөлдір.

Сондай-ақ ол өзі де мобилографтың көмегіне жүгінетінін жасырмады.

"Түсінемін, менде де мобилограф бар, маған да әдемі кадрлар керек. Бірақ, біреудің ақысына кірмеуіміз керек", – дейді Мөлдір.

Сонымен қатар ол тойға баламен баратындар туралы да пікір білдірді. 

"Келесі ойым, тойға баламен бару. Балаға да бұл той қызық емес, өзіңізді де шаршатады, қонақтардың да мазасын алуы мүмкін, той иесіне де ыңғайсыздық тудырары шындық (есептеулі орыны жетпей қалуы мүмкін, ойнап жүрген бала бірдеңеге ұрынып қалмасын деп алаңдап та қалады т.с.с). Осыны барлығымыз білеміз, бірақ жалғыз мен емес қой деп ойлаймыз. Өзімізден бастайық дегім келеді", – дейді әзілкештің әйелі.