Тайқазан

«Даңқ» орденін екі рет алғанын білмей кеткен жауынгер-мұғалім

«Өкініштісі сол, әкем тірі кезінде сол сұрапыл шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Даңқ» орденін екі рет алғанын білмей кетті».

«Ақтөбе облысындағы ауыл мектептерінің бірінде талай жыл ұстаздық еткен мұғалім Ғайниден Өтешов тірі кезінде өзіне «Даңқ» ордені берілгенін білмей кетті». Бұл туралы бізге осыдан екі жыл бұрын Мәскеу болат және қорытпалар институтының профессоры, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақстандықтар туралы зерттеу жүргізіп жүрген Асылбек Төлешов айтқан еді. Бірнеше жылға жалғасатын, жауынгерлердің сүйегін іздестіру жұмысына белсенді қатысып, ізінше туыстарына хабарлайтын, осы жұмысы үшін «Жыл еріктісі» сыйлығын алған Асылбек Қуантайұлы сол әңгімесінде Әлия мен Мәншүктей ерлік көрсетсе де, елімізде елеусіз қалған батырлар бар екенін сөз еткен болатын.

Сұм соғыстан қайтпай қалған жауынгерлердің жерленген жерін іздестіру үшін көпшіліктің Асылбек Қуантайұлына хабарласып жатқанын байқап, «Машақаты көп бұл істі жалғыз өзіңіз атқарасыз ба?» деп сұрағанымызда, ол:

«Барлығын жұмыстан тыс уақытта өзім іздестіремін. Негізі, орыстар қолы қалт етсе қала сыртындағы саяжайға қарай «жүгіреді», ал бізде ондай мүмкіндік болмаған соң, бос уақытта пайдалы іспен айналысқанды жөн көремін. Бірақ бүкіл жұмысты бір өзім ат­қара­мын деп айта алмаймын. Ресейлік із­дес­тіруші топ ерлікпен қаза тапқан солдаттардың сүйе­гін тапқанда оларға тиесілі медальон, кас­ка, тіпті қасық пен саптыаяққа қашап жа­зыл­ған аты-жөндерін жария қылады. Я бол­ма­са олар табылған кейбір деректердің славян емес, азиаттарға тиесілі екенін анықтайды. Кейде шайқас болған, сарбаздар жерленген жерге өз қаражатыма барып, деректер іздестіремін. Со­дан кейін сол деректерді негізге ала отырып, ма­қала жазамын, артынша жан-жаққа тара­тамын», – дейді Асылбек Қуантайұлы бұл істі алда да жалғастыра беретінін айтып.

Асылбек Қуантайұлы сұрапыл соғыста қаза тапқандарды ғана емес, сонымен қатар елге оралғандардың арасында кім қандай медаль алғанын да зерттейтінін айтады. Сондай іздестіру жұмыстары кезінде ол Ақтөбедегі ауылдық мектептердің бірінде өмірінің соңына дейін ұстаздық қызмет еткен Ғайниден Өтешовтың «Даңқ» орденімен екі рет марапатталғанын анықтаған.

«Оның І және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталғанын тауып алдым. Оның алдында ондай деректер болмаған. Енді ғана көрсетіліп, кімнің қандай медаль алғаны белгілі болып жатыр. Ғайниден Өтешов соғыс кезінде бірнеше рет жарақат алған. Ең соңғы жарақаты ауыр болған соң, Алматыдағы госпитальге жатқызылып, ем-дом алған. Бір қызығы, өмір бойы мұғалім болып еңбек еткен ол мұндай орденмен марапатталғанын білмей, дүниеден өтті. Мен ол туралы Ақтөбенің бірнеше газетіне жаздым», – дейді ол батырдың есімін көпшілік білуге тиіс екенін бас айтып.

Ғайниден Өтешов Ақтөбе облысына қарасты Мұғалжар ауданы Саға елдімекенінде  1925 жылы 13  қыркүйекте туған. 1930-жылдары әке-шешесі қайтыс болған соң, апа-жездесі Түркіменстандағы Ташауыз облысына қарасты Ленин ауданындағы Сазанды ауылына алып кеткен. Ондағы Коммунист деген орта мектепті бітірген соң, 16 жасынан бастап сонда сабақ берген. Сосын 1943 жылдың ақпан айында әскерге шақырылып, майданға аттанған.

«Әкем 18-атқыштар дивизиясына пулеметші болып қабылданған, майданда алдыңғы шепте жүрген. Прибалтика, Беларусь қалаларын, сосын Латвияның Каунас қаласын азат ету ұрысына қатысқан. Соғыс кезінде екі рет жеңіл жарақат алған. Содан соң Неман өзені жағалауына бекінген жауды шабуылдау кезінде ауыр жарақат алса керек. Сол уақытта I дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған екен. Бірақ оны өзі білмеген. Алматы қаласындағы госпитальге әскери пойыз арқылы жеткізілген. Сөйтіп, ауыр жарақатына байланысты 1944 жылы әскер қатарынан босатылған», – дейді Ғайниден Өтешовтың үлкен ұлы Талғатқа хабарласқанымызда әкесінің жүріп өткен жолын баяндап.

Талғат Ғайниденұлы әкесінің госпитальден шыққан бетте өзі майданға аттанған ауыл – Түркіменстандағы Сазанды ауылына барып, ұстаздық қызметін жалғастырғанын айтады. Кейін 1946 жылы туған ауылы – Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданына қарасты Саға ауылына қоныс аударған. Ондағы мектепте мұғалім әрі интернат меңгеруші болып, табаны күректей елу жыл еңбек еткен жауынгер-ұстаз 1995 жылы жетпіс жасына қараған шағында дүниеден озған.

«Мен әкемнің ондай жоғары марапатқа лайық деп танылғанын білмейді екенмін. Әкемде Жеңістің 40 жылдығына берген бір ғана ордені болды. Өкініштісі сол, әкем тірі кезінде сол сұрапыл шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Даңқ» орденін екі рет алғанын білмей кетті. Үйде бір сап-сары, ескі қағаз жататын еді. Онда «Наградаға ұсынылған» деп жазулы тұр. Бірақ қандай екені жазылмаған. Сөйтсек, оған Неман өзені бойындағы шайқасы кезінде ерлік көрсеткені және кейін ауыр жарақат алғаны үшін мемлекеттік деңгейдегі осы екі орден ұсынылған екен ғой. Мәскеуде тұратын Асылбек тауып алған соң, барлық құжатты көтеріп, Орталық архивке хат жазған. Содан соң екі жыл бұрын Оралдағы Ресейдің бас консулдығы мені шақырып, салтанатты түрде орденнің дубликаты мен сыртында «КСРО мемлекеттік марапатының төлқұжаты» деп жазылған құжатты ұсынды», – дейді Талғат Ғайниденұлы әкесі тірі кезде екі марапаттың жетпей қалғанына әлі де өкінетінін айтып.

Бүгінде Ғайниден Өтешов елу жылға жуық еңбек еткен мектепке естелік тақтайша орнатылған. Талғат аға аудан әкімінің облыстық газеттен әкесі туралы оқып-білген соң, бастама көтеріп, жауынгер-ұстаз есімін ұлықтап, мәңгіге қалдыру үшін арнайы тақтайша орнатқанына риза екенін айтады. Алайда сөз арасында оның бір ғана өкініші бар екенін байқадық. Ол әкесі туып-өскен, кейін көп жыл қатарынан шәкірт тәрбиелеген ауылдағы көшелердің біріне мемлекеттік марапаты бар екені анықталған соң, әкесінің есімі берілмегеніне қынжыламын дейді. Бұл іс бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатса керек.

«2020 жылы ауыл тұрғындары клубта жиналыс өткізіп, көше атауына лайық деп танып, кейін туған жерінде көше атауы берілсін деп облыстық тілдер бөліміне қарасты ономастикалық комиссияға екі рет ұсыныс жасадық. Нәтиже жоқ. Менің ең басты өкінішім сол. Хаттама бойынша аудандық газетке хабарлама шығару керек екен. Оны да істедік. Комиссия «Уақытында тапсырылған жоқ», «Қазір мораторий жарияланған» деп сан түрлі желеу айтты. Сосын былтыр тағы да клубта жиналыс өткіздік. Ресми құжат бермей, құр сөзбен мүмкін емес екенін айтып шығарып салады. Енді не істеу керек екенін білмеймін», – дейді ол ауыл тұрғындарының оны қолдап отырғанын айтып.

Үш жыл бұрын Талғат Ғайниденұлының бастамасы бойынша, әкесі, өзі-туып өскен ауылдағы саябақтың ортасына осы өлкеден сұрапыл соғысқа аттанған 120-ға жуық жауынгердің аты-жөні, марапаты, шені жазылған стела орнатылған.

«Қазіргінің жастары бұл ерлік туралы көп біле бермейді. Шынын айту керек, бұл мектепте де жиі айтылмайды. Сондықтан көпшілік білсін, көрсін деген оймен осындай стела орнаттық. Біз отбасында сегіз бала тәрбиеленіп-өстік: 4 ұл, 4 қыз. Әкемнің 17 немересі бар, 9 шөбересі бар. Болашақ ұрпақ оның сол майданда қарша жауған оқ пен снарядтың арасында жүріп, ашық аспанымыз, бейбіт заманымыз үшін барын салғанын біліп жүрсе екен дейсің. Әрі жоғарыда айтып өткендей, әкемнің есімімен өз ауылында көше атауы берілсе екен деген тілегім бар. Маған басқа ештеңенің керегі де жоқ», – дейді ол сөз соңында.

 

Әзірлеген Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Суреттер Асылбек Төлешов пен Талған Ғайниденұлының жеке қорынан алынды.