Жас талаптардың жүрегіне жұпар сепкен ұстаз
...Жақсы менен жаманды айырмаған қалың жұртшылықтың көзінен ғапылдық пердесін дар айыратын ғалымдар қажет-ақ. Олар жол таппай адасқан елінің ұстайтын шырағына айналады. Әр нәрсеге болсын ақиқаттың көзілдірігімен қарауға шақырады. Сондай шындық деп шырқыраған пәруана пейіл, пәруаза кеуіл ерлердің бірі – профессор Болат Қорғанбек.
Дүниенің дидары құбылып тұр. Жаһанға жалғандықтың пердесін тұтып, ақиқаттың сәулесін түсірмеуге нақақ әрекеттер жасалып жатқанын көзбен көріп, көңілмен түйсініп келеміз. Ұлт танымына, тарихына, қала берді мемлекет тұтастығына зиян келтіретін ақпараттық соққылардың кернеуі күннен-күнге күшейіп барады. Сәйкесінше, қазақ халқының рухани ағзасында діни ұшқарылық, рулық жікшілдік сияқты кесапаттар арқылы түрлі қауіпті дерт-мерездер пайда болды. Осы тұста жақсы менен жаманды айырмаған қалың жұртшылықтың көзінен ғапылдық пердесін дар айыратын ғалымдар қажет-ақ. Олар жол таппай адасқан елінің ұстайтын шырағына айналады. Әр нәрсеге болсын ақиқаттың көзілдірігімен қарауға шақырады. Сондай шындық деп шырқыраған пәруана пейіл, пәруаза кеуіл ерлердің бірі – профессор Болат Қорғанбек.
Әуелі аз-кем шегініс жасайық. Жоғары оқу орнына алғаш келіп түскен сәтіміз. Бірер минуттан кейін негізгі пәніміз – әдебиеттануға кіріспе сабағы басталады. Көңілімізде алаң бар. Бір кезде оқытушы да кіріп келді. Аудитория жым-жырт бола қалды. Көзі өткір, жүзі сұсты көрінген ұстазымыздың алдында бәріміздің мысымыз басылды да қалды. Сабағын сабырлы, байсалды бастады. Бәрі тыңдасын деп дауысын көтермеді. Тиісінше, қырық баланың бәрі де артық сөзден сап тыйылып, ұстаздың дәрісін ыждаһатпен тыңдады. Оның алғашқы таныстығымыз осылай басталған еді.
Болат Қорғанбектің әрбір дәрісінен кейін әдебиеттің шын қызметін, қазақ фольклорының нақ маңызын көңілге түйе бердік. Күнделікті сөз қолданысымыздағы тіркестердің, мәтіндердің асылында үлкен рухани мұрамен байланысып жатқанын білгенде, қатты таңырқаушы едік. Осы арқылы қазақ тарихына, әдебиетіне, мәдениетіне жаңа көзқараспен қарап, ағайымыз білім қызынасын үңги берген сайын, біз де сүңги бердік. Ендігі жерде ұстазымыздың ұлағатын оқырман қауымға да насихаттамақ ыждаһатында оның ғалымдық, қайраткерлік болмысына танымдық барлау жасап, зейінмен зерделеп көруді мақсат тұтып отырмыз.
Ұстазымыздың ғылым кеңістігіндегі жарық сәулесінің бірі – «Шора батыр» эпосы: нұсқалары, генезисі, тарихилығы» атты көрнекті еңбек. Бастапқыда белгілі ғалым Рахманқұл Бердібайдың жетекшілігімен қорғалған диссертация кейін монографияға айналып, көлемді кітап болып жарық көрді. Татарстанның белгілі фольклортанушысы, профессор Лилия Мухамедзянованың айтуынша, Болат Қорғанбек «Шора батырға», кеңірек толғасақ түркі халықтарының эпикалық шығармашылығына өте дер кезінде мән берген. «Оның монографиясында тақырыптың және материалдың терең теориялық негізде игерілгені, құрылымдық жағынан жіті талданғаны көңіл қуантады. Түркі халықтарының «Шора батырын» осындай деңгейде зерттеу және оның нәтижесі ретінде кітаптың басылып шығуы қазақ халқының шығармашылығы үшін ғана емес, жалпы түркі халықтарының фольклортануында, эпос-дастандарды зерттеу саласында өте зор табыс», – деп баға береді ол.
Ғалымның тағы бір іргелі еңбегі – «Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметі» және қазақ фольклоры» атты монографиясы. Әзіреті Сұлтан есімі – күллі түркі дүниесі үшін қастерлі де қасиетті ұғым. Ол – Мұхаммед пайғамбардың мүбәрак ілімін көшпелілер рухына сай қалыптаған реформатор һәм дәуір феномені. Заманында-ақ Ахмет Ясауидің «хәл ілімі» түркі жұртының рухани темірқазығына айналды. Ақиқатты біліммен емес, іліммен яки ақылмен емес, жүрекпен ұғу керек екенін дана бабаларымыз терең түсінді. Себебі мұның астарында Ахмет Ясауидің «қал ғылымын оқыңдар, хәл ілімін етіңдер» деген хикметі жатыр. Әзіреті Сұлтан жүрек ілімін көздемей, құрғақ ақпарат қана іздеген жандарды «қырық есек жүгін арқалаған надандар» деп сынайды. Бұл тұжырым Құранның «Жұма» сүресіндегі «олар кітап артқан есек секілді» деген аятынан тамыр алып отырғаны белгілі. Асылында, Ахмет Ясауи өз хикметтерін Құран рухының жалғасы деп бағалайды. «Менің хикметтерім – пәрман, сұбхан, оқып білгенге бар мағынасы – Құран», – дейді әулие. Осылайша, аталған ілім қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымына жұпар болып жұқты. Мақал-мәтел, ертегі-әпсана, аңыз-қиссалардың денінде осы идея көрініс тапқан. Болат Қорғанбектің жоғарыда айтқан монографиясында фольклордағы Ахмет Ясауи іздері айдан анық, күннен жарық көрсетілген. Қазір қоғам нақты жауап ала алмай жүрген әруақ, медет тілеу мәселелері де түсіндіріліп берілген. Бұл да – заманның сұранысына сай туған көлемді еңбек. Жалпы, ғалымдық нысанасына қоғамның ең дертті тұсын таңдап алуы – Болат Қорғанбектің ел жағдайына бейжай қарамайтын отанпәруарлығының белгісі деп айтуға болады. «Ақылға ерсең жарандарға қызмет қылғыл» деп Ясауи жырлағандай, оның бойындағы осы қасиет-күш оны қоғамдық мәселеге білек сыбана кірісуге алып келді.
Қазір ел ішінде рулық трайбализмнің қатты өршіп тұрған кезі. Қарапайым азаматтардан бастап, мемлекет қайраткерлеріне дейін шарпыған жалын ұлт руханиятының дамуына үлкен кедергі болып отыр. Ешқандай тарихи таңбасы, бедері жоқ тұлғаларды қолдан жасап, бір рудың рәмізіне таңу – халқымыздың обырлы індеті болып тұр. Бір ғана Бұқар жыраудың «ұстазы» қылып берген Қожаберген жырауды қайда қоямыз? Бұл кімнің пайдасына жасалып жатқан әрекет? Бүгінгі заманның тіл қолданысымен судыратып жазылып шыққан оның «мұрасымен» кімді иландырмақшы? Ақын Есенғали Раушановтың осы тұрғыда айтқан сөзі еске түседі. «Мен қазақ әдебиетінде басы артық тағы бір жыраудың болғанын жек көрмеймін. Қожаберген деген кісі болса, болған шығар. Әйтсе де, оның осыншалық нашар ақын болғанына сенгім келмейді» деген рәуіште сөз айтып еді қаламгер. Осындай жалған әрекеттерді әшкере етіп, ғылым биігінен дәлелдеп жүрген де осы – Болат Қорғанбек.
Ғалымның педагогикадағы әдіснамалық ерекшелігіне тоқталғым келіп отыр. Ол кезде қолымызға домбыра ұстап, айтысқа қатысып жүргеннен кейін кей сабақтарға онша мән бере қоймадық. Концертте жүрген соң конспектіні де құнттай қоймайсың. Ондай сәттерде бұрынғы «тәжірибемізге» сүйеніп, әдебиетке қатысы жоқ сабақ болса да, поэзия, прозадан мысал келтіріп, үй тапсырмасын айтып шығатынбыз. Түні бойы еңбектеніп, жазып, жаттап, ақыр аяғы бізбен бірдей баға алатын қыздар ғана болмаса, оқытушылардан бастап барлығы дән риза болатын. Тек Болат Қорғанбек емес.
Әуел бастан бізді нақтылыққа тәрбиеледі ол кісі. Алыстан сермеп, жүректен тербеп айтқан жауапсымақтарымыз профессордың көңілін мүлде толтырмайтын. Сарапқа салмай санадағы сөзді салп еткізетін бізге пікірді жүйелеуді, ойды бір ізге түсіруді үйретті. Ондайда ол «Ойланбайсыңдар ма? Қазақта «Ойлан. Ойланбағанның түбі – ойран» деген. «Саналарыңа осы сөзді сақтап алыңдар» деп жиі-жиі айтатын. Рас. Асылында, осы бір-ақ ауыз сөздің тінінде күллі рухани дерт-мерездің алдын алатын иммунитет бар. Кітап бетін парықсыз парақтай бергеннен, оңашада ой кешудің әлдеқайда сауаптырақ екенін біз сол кезде түсіне бастадық.
Ұстазымыз қазақтың әрбір этнографиялық ұғымдарының жайдан-жай емес, руханияттың күрделі кернеуінен туғанын үнемі айтып отырады. Айталық, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Ханда қырық кісінің ақылы бар», «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген күнделікті қолданыстағы сөздердің астыртын мәні бар екенін айтқанда, таңғалысымызды жасыра алмайтынбыз. Айтқанда да, тақырып мазмұнын түгел оқушының алдына сарқып салмайды. Сәулесін ғана көрсетіп қойып, студентті өзіндік ізденіске шақырады. Бұл – жаңа оқыту методикасында да насихатталып жүрген әдіс. Сондай ізденістердің бірінде ұстазымыз талантты жандарды неліктен «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтінін айтып қалды. Оны ислам архитектурасында жиі кездесетін екі ромбтың өзара кірігуінен жасалатын ою арқылы түсіндіре келіп, сегіз қыр дегеніміз адамның бойынан табылу керек Құдайдың сегіз сипаты деген кезде санамыз сапырылып түсті. Бірақ соның алты сипатын ғана айтты. Қалған екеуі не нәрсе? Әлгі бір «сырымыз» не болды? «Әрі қарай не деп аталады?» деп білгіміз келіп сұрап бара жатырмыз. Ол кісі болса «барлығын мен айта беремін бе? Өздерің де ізденіңдер», деп бізді ойға қалдырып қойды. Артынша өз бетімше зерттедім. Кейін сол зерттеуім Egemen Qazaqstan газетінде мақала болып жарық көрді. Міне, ағайдың педагогикасының сыры осында жатыр.
Профессор Болат Қорғанбек қазір әлі де бірнеше студент, магистр, докторанттарды дайындауда. Алматыда оқу бітірген қаламгерлер КазГУ-ды қалай жырласа, Астана қаласының студенті болған біз де Еуразия ұлттық университетін солай жақсы көреміз. Әсіресе, филология факультетінің түлектері үшін бұл оқу ордасының орны бөлек. Себебі оқушыларды алыстағы ағасындай құшағына басып, қанатының астына алып, жүрегіне біліммен қоса тәрбиенің дәнін еге білген ұстаздар бар осында. Сондай ардақты ұстаздардың бірі – Болат Қорғанбек деп анық айта аламын. Оның кесек болмысы, салмақты мінезі, ордалы ойы, сәулелі сөзі қаншама жас талаптардың жүрегіне жұпар болып жұғып жатыр. Ұстаздың ұлағатымен тәрбиеленген сол жұпарлы жүректер де бүгінде қазақ қоғамына алғаусыз қызмет етіп келеді.
Абзал МАҚАШ, ақын