Биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл! Ұлы ғалымның еңбегі том-том кітап болып баспадан шығып жатыр. Алайда шоқантану ғылымы көңіл қуантаралықтай деңгейге жете қойған жоқ. Тек мерейтой қарсаңындағы ғылыми конференцияларда Шоқан жайлы аздаған баяндамалар жасалып, ғалымның еңбектерін қайталап баспадан шығарумен ғана шектеліп келеміз.
Биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл! Ұлы ғалымның еңбегі том-том кітап болып баспадан шығып жатыр. Алайда шоқантану ғылымы көңіл қуантаралықтай деңгейге жете қойған жоқ. Тек мерейтой қарсаңындағы ғылыми конференцияларда Шоқан жайлы аздаған баяндамалар жасалып, ғалымның еңбектерін қайталап баспадан шығарумен ғана шектеліп келеміз.
Шоқантанудың негізін академик Әлкей Марғұлан қалады. Одан кейінгі Шоқанды зерттеушілердің көбі академиктің ғылыми деректерін айналшықтаудан аса алған емес. Бұл кемшілікті кезінде аңғарған Ғабит Мүсірепов арнайы мақала жазып, бірнеше мәрте ғалымдарға ескертулер жасаған болатын. Шоқантану мәселесі ұлы ғалымның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында қайта қозғалып, нәтижелі істер атқарылған еді. Әсіресе, арамыздан тым ерте кеткен Сейсен Мұхтарұлының «Шоқан және өнер» атты кітабы шоқантанудың арнасын кеңейтті. Түсініктемеге негізделген иллюстрациялы ғылыми-публицистикалық еңбекте Шоқанның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың ойлар, жаңаша тұжырымдамалар жасалды. Ақын, жазушы Сейсен Мұхтарұлы (1946-1999) Шоқанды суретші, өнер зерттеушісі, өнер тарихшысы ретінде жаңа қырынан зерделеп, кітапқа енген 300-ден астам иллюстрациялық материалдар автордың тікелей атсалысуымен түпнұсқада жарияланды. Олардың көбі алғаш рет сол кітапта жарық көрді. Шоқантануға жаңа сүрлеу салған С.Мұхтарұлы тірі болса биыл 70 жасқа толар еді. Бүгінде шоқантанудың шалдыққан, баяулап қалған хәліне қайта мемлекеттік деңгейде көңіл аударып, ғылыми зерттеулерге серпін беретін кез келді. Сондай-ақ, шоқантануда өшпес із қалдырған С.Мұхтарұлының «Шоқан және өнер» атты еңбегі шоқантану ғылымында еленуі тиіс деп білеміз.
– Ғалым ретінде бұл кітаптың шоқантанудағы маңызы қандай деп ойлайсыз? – Шоқантануға, ұлы ғалымның ашылмаған сырларын ашуға келгенде Сейсен Мұхтарұлы қайталанбастай еңбек жасады. Бұл еңбекті зерттеп оқыған адам көп нәрсені байқайды. Әдеттегі адамдарға байқалмайтын, Шоқан айтып кеткен сөздердің астарында не бар екенін алғаш аңғарған да, тұжырымдай білген де марқұм Сейсен болды. Мысалы, Шоқан Уәлихановтың «Қарқара» атауы жайлы айтқан аңызына терең бойлап, оның ақиқатын ашуға көп ұмтылды. Тіптен, Шоқанның ізімен Қарқаралы өңіріне барып, зерттеу жасап, ескерткіштердің бүлініп, балбал тастардың әркімнің қорасында жатқан хәлін көріп, қынжылып қайтқан еді. Ол кісі «қарқара» атауының төңірегінде айтылған ойларды екшей келе, «қарақара» сөзінің Алтын адамның бас киіміне қадалған құс қауырсындары екендігін алғашқылардың бірі болып айтты. Бұдан бөлек, Алтын адамның бас киіміне қадалған құс қауырсындарының санына қарап, сарбаздың қанша түмен әскерді басқарғанын анықтауға болады деген ойды да Сейсен Мұхтарұлы айтқан болатын. Кейін суретші Қайролла Ахметжанов «Жараулы киім кигендер» деген тақырыппен қазақ әсери өнері, қару-жарақтары, қазақ әскери киімдері жайлы зерттеу жасап, кітап шығарды. Ол кісі де байырғы жауынгерлердің, әскер басылардың бас киіміне қадалған қауырсынды «қарақара» деп атайтындығын айтады. Міне, екі зерттеушінің де ойы бір жерден тоғысып тұр. Сейсен Мұхтарұлы қандай да бір зерттеуге қатысты ойын айтқысы келсе, салыстырмалы түрде зерделеп, ғылыми әдепті сақтай отырып пікір айтатын. Ол кісі ғылым жолына түсетін болса, үлкен ғалым болатын еді. Кез келген іске жауапкершілікпен қарайтын. – Бүгінгі шоқантануда Сейсен Мұхтарұлының еңбегі еленіп жүр ме? – Қазір шоқантанушы деп кімді айтамыз? Бар ма, өзі? Шоқанды қаузап, оны зерттеп жүрген адамды байқамадым. Сен жақсы сұрақ қойдың. Егер шоқантанушы болса, Сейсен міндетті түрде айтылар еді. Әрине, Шоқанның әдебиет туралы айтқан ойларын зерттеп жүрген ғалымдар бар шығар. Бірақ түбегейлі Шоқан болмысын, оның шығармашылығын, өнерге қосқан өлшеусіз қызметі жайлы айтып жатқан ешкім жоқ. Мүмкін біз көрмей жүрген шығармыз. Сейсен Мұхтарұлының кітабы 1985 жылы жарық көрді. Содан бері қайта басылған жоқ. Сейсен Мұхтарұлы Шоқанның салған суреттеріне қарап отырып, сол кездегі тарихты, этнографияны, тұрмыс салт-дәстүрін зерттеген. Шоқанның «Тезек төре» деген суретіне де өзіндік көзқарасын айтады. Табиғат суреттерін бөлек алып қарастырды. Әсіресе, Сейсен Шоқан салған портреттерге көп үңілді. Туындыдағы қарапайым адам болсын, тарихи тұлға болсын зерттеуші ретінде суреттің астарына үңіліп, характерлерін ашуға тырысты. Мысалы, Шоқан салған суреттердің бірінде қобыз тартып отырған шал бар. Сол қобыз тартып отырған адамды кітаптың сыртына шығарды. Мұны неге мұқаба сыртына шығардыңыз деп сұрақ қойдым. Сонда ол кісі: «Бұл қобызшы орындықта отыр. Егер көшпелі қазақтардың ортасында болса малдасын құрып, жерде отырар еді. Демек, бұл кісі Петерборда ма, әлде Орынборда ма екен? Әйтеуір, Шоқан оқыған қалалардың біріне арнайы шақыртумен келіп, қобыз тартып отырған жерінен салынған» деген тұжырым жасады. Міне, қобызшының суреттегі отырысына қарап талдау жасаған-ды. Шоқан салған суреттердің барлығына қарап талдау жасаған алғашқы азамат – Сейсен Мұхтарұлы. – Сейсен Мұхтарұлының тағы қандай еңбектері жарық көрді? – Ол кісі баспадан кеткеннен кейін архивте жұмыс істеді. Онда өткен ғасырдың бастапқы кезеңдеріндегі қазақ байларын кәмпескелеуге қатысты көптеген мәліметтерді қарастырды. Табанды, қажырлы қалпынан айнымай архивте қона-жастана отырып зерттеді. Тақырыпқа қатысты үлкен жоба жасап, көп сериалы «Кәмпеске» деген кітап шығарды. Бірақ кейін белгілі себептермен сол еңбектері жалғасын таппай қалды... Сондай-ақ, ол кісі «Суретші Қанапия Телжанов» деген кітап шығарды. Онда да сурет өнерін терең білетін, білімпаз, байыпты зерттеуші ретінде көзге түсті. Сейсен Мұхтарұлы ақын ретінде «Құм кескен керуен», «Саптағы сарбаз», «Тағы бір көктем», «Нұр тағысы» өлеңдер жинағын шығарған еді. Бұдан бөлек «500 сұраққа жауап» атты өнертану, зерттеу кітабын, халық суретшісі Қанапия Телжанов туралы тарихи-библиографиялық «Атамекен» повесі жарық көрді. Менің ойымша, еңбектерінің ішіндегі ең шоқтығы биігі «Шоқан және өнер» ғылыми-публицистикалық кітабы болды. Бұл еңбегі Шоқанмен бірге, уақытпен бірге мәңгі жасай береді.
Сұхбаттасқан Жәнібек ҒАЛЫМ