Жаңалықтар

Байсын жұртқа барғанда

ашық дереккөзі

Байсын жұртқа барғанда

«Бабаларымыздың қиялын тербеген құтты қоныс, мәйекті мекен – Жиделі Бай­сын қай жерде болды екен?» деген сауалға қазақтың жауап іздегеніне қай заман. Жау шапқанда, жұт келгенде, ашаршылық жайлағанда, қысқасы, ел басына күн туған не­ғайбыл замандарда елтұтқа жандар көш­тің басын солай қарай бұратын. Бірақ азып-тозған жұрт оны таба алмастан, әр жерде тарыдай шашылып қала беретін. Халық санасында әдемі утопияға айналып кеткен сол өлкенің елжіреткен, емексіткен елесін көп зерттеуші Өзбекстан Республика­сы­ның Сұрхандария уалаятымен байланыс­тыра­ды. Сондықтан мінген ұшағым бұл уа­лаят­тың орталық қаласы – Термездің әуе­жайы­на қа­лық­тай қонып, топырағына таба­ным алғаш ти­ген сәтте бөлекше күй кеш­кенім рас. Алып-ұшқан көңілім әуелде біраз пә­сейіп қалғандай болды. Өйткені өзбек мем­лекетінің ең оңтүстік шаһары сана­ла­тын Термездің кескін-келбеті біз көксеген Жи­делі Байсынға ұқсай қоймайды екен. Жел­деуіт, шаңдауыт көрінді. Ерте көктем­нің өзінде күн әжептәуір қызынып тұр. Шіл­денің аптап ыстығында термометр көр­сеткіші алпыс градустан төмен түс­пей­тіні айтылды. «Ал, мықты болсаң, шыдап көр... Жерұйық емес, тамұқ қой мынауың...». Табиғаты қабақ аштырмағанмен, бұл – ішіне талай ғасырлардың сы­рын бүккен, 2500 жылдық тарихы бар «кәрі тар­лан» өлке. Термезді Александар Ма­ке­донский, Шыңғысхан, Әмір Темір және мәш­һүрлігі олармен таласа алмаса да, пәр­мені күшті небір әміршілер кезек-кезек би­леген. Оны әріде Ахеменилер, Грек-Бакт­рия, Құшан патшалықтары, Түркі қағанаты, Араб халифаты, беріде саманилер, ғаз­на­уи­лар, қараханлылар, селжұқтар, хо­резм­шахтар, шейбанилер, аштарханлылар, маң­ғыт­тар құзырына қаратып, әрқайсысы өзін­ше із тастаған. Патшалық Ресей мен Кеңес дәуірі шежіресі – өз алдына. Бүгінге кел­сек, қаланы іргелей ағып жатқан Әму­да­рияны ұзына бойлап тартылған сым те­мірдің ар жағы – Ауғанстан екенінен-ақ жай-жапсарды пайымдай беріңіз. Сөйтіп жүргенде, шаһардың орталық көшелерінен «Бахшылар Отаны – Сұрхан Анам» («Baxshılar dıyorı – ona Surhanım») деген жазуы бар, өзбек тақиялы өнер­паздар бедерленген билборд наза­ры­мыз­ға бірден ілікті. Өйткені ғылыми са­пары­мыздың діттеген мақсаты сол – бах­шылардың шығармашылығын, Сұрхан еліндегі дастаншылық мектептің қазіргі хал-ахуалын зерттеп-зерделеу. Түбі бір сөз бол­ғанымен, өзбектің «бахшысы» мен қа­зақтың «бақсысы» екі түрлі мағынаға ие. Біздің бақсы – қобыз сарнатып, зікір салып, жын шақырып, бал ашатын, дерт қа­шы­ра­тын кәдуілгі шаман. Өзбектер «бахшы» деп жыраулары мен жыршыларын айтады. Бах­шылармен сұхбат құрмас бұрын Бай­сын­ға қарай бет түзеймін деу – жалаңқай тір­лік, құр далақпайлық. Оны да тез арада тү­сініп қалдым. Себебі билбордтағы сөздер бе­кер болмады – сұрхандықтардың бах­шы­лық өнерді айрықша бағалайтынына жә­не Байсынды киелі өңір тұтатынына кө­зім жетті. Мемлекет басшысы Ш.Мирзиеевтың арнайы жарлығымен Термезде рес­публикалық дәрежедегі бахшылық өнер мек­тебі ашылған. Мектеп директоры Діл­мұ­рат Чориев, оның орынбасарлары Ұлық­бек Бекназаров, Атабек Дәулетов мені құ­шақ жая қарсы алып, өз жұмыстарымен ег­жей-тегжейлі таныстырды. Білім ор­да­сының жеке оқу ғимараты, төрт қабатты жай­лы жатақханасы бар. Елдің әр түк­пірінен іріктелген отызға жуық талантты шәкірт бахшылық өнерді игеріп жатыр. «Өз­бекстан Республикасының халық бах­шы­сы» атағы берілген Шодмон Қо­жам­бер­диев, Бахшықұл Тоғаев, «Дустлық», «Шух­рот» орденінің иегерлері Зұлхұмар Шер­на­зарова мен Бахтияр Артықов, рес­пуб­ли­ка­лық фестиваль жеңімпазы Майсара Ра­химова балаларға шеберлік сыныптарын жүр­гізеді. Әрқайсысына жағдай жасалып, же­ке-жеке дәрісхана бекітілген. Сұрхан­дық­тардың түсінігінде бахшылық – жай ғана үйреніп шығатын өнер емес, екінің бірі­не қона бермейтін сирек қабілет, бы­лай­ша айтқанда, тәңірдің сыйы. Сондықтан болар, шабытты «илаһи» деп атайды. Бах­шы­лық ұстаздан шәкіртке, атадан балаға ми­рас болып, ізін жоғалтпай келе жатқаны аян. Мысалы, Өзбекстанның тұңғыш халық бахшысы Шоберді Болтаевтың ұлы Ро­зықұл, жоғарыда айтылған Шодмон бах­шының ұлы Шерәлі – әрі бахшылар, әрі осы мектептің ұстаздары. Мектепте үлкен мен кі­шінің қарым-қатынасынан инабатты сый­ластық, жарасымды әріптестік аңға­ры­лады. Көпшілігі өздерін «мілләтіміз – өзбек, ұры­ғымыз – қоңырат» немесе «Байсын қоңыраттар еліненбіз» дейді. «Әкә-үкәмен» қа­тар, тілдік қорында «аға, іні» сөздері сақ­тал­ған. «Йоқ» дегеннің орнына кейде «жоқ» ес­тіліп жатады. Ара-тұра қазақша мақал-мә­тел айтып қалсаң, оның ұқсас баламасы та­была кетеді. Несін айтасың, Байсын десең – Бай­сын... жоқ, біздің қиялымыздағы Жи­делі Байсын. Біріне-бірі ұласқан ғажап тау көріністері. Сөзбен суреттеуге тек Ілияс Жан­сүгіровтың тілінің бояуы ғана жететін бо­лар. Расы, өз заманында соқыр Бекетбай ақын көзбен көргендей жырлапты ғой: «Асан Қайғы бастаған/ Жиделі Байсын жері бар/ Шаңырағына мың түйе,/ Жылына үш қоз­дайтын/ Қой біткен құтты елі бар,/ Қу­лы, нулы көлі бар./Өзеннің ұзын кені бар./Жал­ғыз түп қана шиінде/ Айғыр үйір жыл­қы ығар./Сондай шүйгін шөбі бар,/Көшудің со­ған жөні бар». Ерәлі мен Данияр жарыса сөйлеп келеді: «Бұл арада жеміс-жидектің түр-түрі өседі: жаңғақ, арша, шынар, тұт, ал­мұрт, алма, жүзім, анар...»; «Жақында газ­дың кені табылды, көмір мен тұз бұрыннан бар...»; «Қазір өзіміз баратын Аманхана қай­­­нарының суы барлық дертке шипа...»; «Осын­­дағы Тесік тас үңгірінен неандер­та­ль­дық сәбидің сүйегі табылған...»; «Тау аң­ғарындағы даңқты Темір қақпа арқылы өте­тін керуен жолы Бұқара мен Самарқанды Үн­ді елімен жалғап жатқан...»; «Жартастарда таңбаланған ежелгі суреттерді көрсеңіз ғой..». Аңызы мен ақиқаты араласып кеткен әң­гімелер. Байсын тауының бір жықпы­лын­да Алпамыстың садағы жасырулы жа­тыр, оны тапқан адам бақытты болады-мыс. Даңқты саяхатшы Марко Полоның асыл қазынасы, Әмір Темірдің қылышы да қап­таған сансыз үңгірлердің бірінде көз­ден тасаланған. Тауып алсаң, байлыққа ке­­­нелесің. «Жиделісі қайда?..» демекші, мұн­дағы кісілерден естуімізше, бұрынғы кез­де әр үйдің иесі өз ауласына жиде аға­шын егіпті. Пиғылы бұзық әлдекім боса­ға­сы­нан аттаса, ол жарықтық бүкіл теріс энер­­­гияны өзіне тартып алып, көп ұзамай бұтақтары қурап қалады екен. Әлбетте, ар­хаикалық танымнан ажырамаған бұл Бай­сынға қандай әпсана да жарасып тұр. Оның 2001 жылы ЮНЕСКО-ның «Адам­зат­тың ауызша және материалдық емес мұра­сының жауһарлары» тізіміне енгізілгені бекер емес болды. Қайтарда, Моншақ қышлағының кіре бе­рісінде, көлігінің жанында бізді домбыра­сын қолына ұстаған күйі Орал бахшы Рах­и­мов күтіп тұрды. Тойдан босап қайт­қан беті екен. Бір байқағаным, қай бахшы да мейманды бірінші рет көрген бетінде қо­шығын (өлеңін) төгілте жөнеледі. Және кіріспе мадақ сөзін көбіне домбырасына ар­­­найды. Бұл әдеттен Орал бахшы да ай­ныған жоқ. «Аршалардың астынан аршып ал­ған домбырам,// Пістелердің астынан пі­шіп алған домбырам...// Домбыра сені ба­ғайын, //Мойныңа тұмар тағайын.//Сөй­ле, менің домбырам...//Қош келіпсіз Байсын қоңырат еліне!» – деп лекіте жырлап, біраз жер­ден қайырды... Өркениет өрісінде өзінің байырғы бі­тім-болмысын жоғалтпаған, жыл сайын көктемде өтетін «Байсын бахоры» фес­тиваліне Англиядан, Франциядан, Гер­ма­ниядан, Жапониядан, Оңтүстік Кореядан өнер­паздар ағылып келіп қатысатын Бай­сын жұртының ашылмаған тылсымы көп. Немістің танымал түркологі Карл Райхл осын­да айлап жатып, бахшылар өнерін ізер­леп зерттесе, француз өнертанушысы Жан Дюринг қадірменді бахшы Шоберді Бол­таев хақында толықметражды деректі фильм түсірген. Ал 1997 жылы ЮНЕСКО ма­мандары келіп, Сұрхандария мен Қаш­қа­дария алқабын қамтитын Шерабад дас­тан­шылық мектебінің негізін қалаған Шер­на бахшының әулетінен өрбіген атақ­ты Мардонақұлұлы Құшбақ бахшының аузы­нан «Алпамыс» дастанының бір нұс­қа­сын таспаға жазып алыпты. «Ұстаздардың ұстазы» атанып, Қызырық ауданының Азан қышлағында тұрып жатқан сексеннің сең­гірін­дегі қазыналы ақсақалдың шаңы­ра­ғы­на арнайы ат басын тіреп, шежірелі әңгі­ме­сін көкейге түйдік. Бәндіхон кентіне бар­ғаны­мызда, «Алпамыс» дастанын тоғыз сағат бойы тоқтамай жырлайтын Өзбек­стан­ның халық бахшысы Сафар Шойды­лов­тың шеберлігіне тәнті болдық.