Шетелдегі қандастарымызды шеберлігімен таңғалдырған зергерлер
Шетелдегі қандастарымызды шеберлігімен таңғалдырған зергерлер
«Күмбір сырғаң ақ моншақ, Шолпыларың, шашбаулым», «Сыңғыр шолпы шашбауың, Жарасады таққаның». Бұл өлең жолдары қазақта сәнді әшекей, сыңғырлаған шолпы-шашпау тақпайтын қыз-келіншектер некен-саяқ болғанын білдіреді. Ал, осы әсемдіктің артында он саусағынан өнер тамған зергерлердің үлкен еңбегі жатыр. Жаһандану заманының иіріміне бойлап бара жатқан қазіргі уақытта ұлттық өнерді дамытып отырған жандар аз да болса, кездеседі. Соның бірі – Бейнеу ауданында тұратын Өміровтер әулеті. Жеті атасынан бері алтын мен күмістен түрлі зергерлік бұйымдар жасайтын шеберлер елімізбен қоса, шетелдегі қандастарымызға тапсырыспен әшекей бұйымдар жасап жүр.
Төлеген Өтепқалиұлы – Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. 2015 жылдан бері зергерлік бұйым жасаумен кәсіби түрде айналысады. Алғашқы тапсырысын жоғары курста оқып жүргенде алған екен.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, бұл өнерді әкем үйретті. Ол – хас шебер, зергер және суретші. Жарық дүниеге келген сәттен бастап ең алғаш көргенім осы зергерлік шеберхана. Әкем інім екеумізді осы салада әмбебап маман ретінде дайындады. Қазір шеберханамызда әкем Өтепқали, інім Төремұрат үшеуміз жұмыс істейміз», – дейді ол.
«Зерлеу, сіркелеу технологиясын, алтын жалату, гравюра тәсілін қолданамыз. Ұлттық әшекей бұйымдарды жасауға түрлі бағалы тастар мен қымбат металдарды пайдаланамыз. Баға өнімнің сапасына, композициясына, сондай-ақ жасалған уақытына байланысты қойылады. Көп тапсырыс алсаң, көп пайдаға кенелесің», – дейді зергер.
«Зергерлік – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін, сенімді адамдарға ғана үйрететін саф өнер. Өзіне тән әдіс-тәсілдері, құпиясы бар. Мұнда жетістікке жету үшін төзім мен шыдам керек, мұқияттылықты талап етеді», – дейді Төлеген Өтепқалиұлы.
«Зергерлікке қажетті алтын, күміс, гауһар тастарды алуға қаражат керек. Әкеміз осы мектепті біз үшін қалыптастырғаннан кейін, аса қиналмадық. Құрал-сайманымыз, бар білгенін үйрететін шебер бар. Ал оқуды бітірген жас маманның ертең шеберхана ашып, оған шетелден сапалы құралдар алдыруға қаражаты болуы тиіс», – дейді ол.