Жаңалықтар

Лицензиялау балабақша мәселесін шеше ме?

ашық дереккөзі

Лицензиялау балабақша мәселесін шеше ме?

2024 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдары лицензиялаудан өтеді. Оқу-ағарту министрлігі бұл бастама бөбекжайлардағы оқыс оқиғалардың алдын алып, білім сапасын арттыру мақсатында қолға алынғанын жеткізген болатын. Алайда жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары бұл бастаманы сынға алды. Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселенің мәніне үңілу үшін turkystan.kz тілшісі жекеменшік балабақша иелерімен тілдесті. Кәсіпкер Аслан Қаженовтің бүгінде екі балабақшасы бар. Алғашқысын 2016 жылы ашқан. Алайда қолға алған жұмысы бірден жүріп кетпеді. «Астанаға келгенде кішкентайымыз болды. Орналастыратын жер таппадық» дейді ол. Бірақ жігері тасып тұрған жас «айлыққа жұмыс істеп жүре бермей, кәсіп ашайын» деп ойлайды. Сөйтіп, алдымен дайын балабақшаны жалға алып, үш жыл жұмыс істеп көреді. Бұл іс қолынан келетін болған соң 2019 жылы өзі жүз пайыз қаражат салып, елорданың сол жағалауынан балабақша ашады. Биыл кәсібін кеңейтіп жатыр. «Тәрбиешінің қадірі жоқ, айлығы төмен, жүктемесі үлкен. Балабақшаға мемлекеттік дотация алғанбыз. Өзінің талаптары бар. Тәрбиешілер, тәрбиешінің көмекшісі бар 300 мыңға дейін алады. Педагогтердің айлығы көтеріліп жатыр ғой. Сол сияқты тәрбиешілердің де айлығы кезең-кезеңмен өсуі керек. Осы талаптармен жұмыс істейміз. Қазір тәжірибелі мамандарды жоғары айлықпен ғана ұстай аласың. Балабақшамыздың бағасы арзан емес. Сапасы да соған сай болуы керек деп есептейміз. Қызмет, тамақ жағынан”. «Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, барлық балабақшада түрлі жағдай болады. Мемлекеттік балабақшада сондай жағдай болса, шу шығармайды. Ал жекеменшік балабақшадағы жағдайды көрсетеді. Мұның бәрін лицензиялау үшін істеп жатыр. Негізі, бұрын лицензиялау жұмысы болған. Одан өткенбіз. Елімізде балабақша жетіспей жатты. Сол кезде лицензияны алып тастады.  Коттеджден, бірінші қабаттан балабақша ашуға рұқсат берді. Балабақшаны көбіне қалталы кәсіпкерлер емес, орташа табысы бар адамдар ашады. Адамдар кезінде кәсібін дамыту үшін мемлекетке сеніп, несие алды. Әупірімдеп аяқтан тұрғанда лицензияны қайтадан енгізіп жатыр. Енді олар жабылып қалатын болды», – дейді ол. Алысқа бармай-ақ, елорданы алайық. Бұл – жастардың қаласы. Мұнда мемлекеттік қызметкерлер, жас отбасылар көп. Олар баласын 100-150 мың төлейтін балабақшаға бере алмайды. Одан 35-40 мың төлеп, коттедждегі балабақшаға апарған ыңғайлы. Әрине, бағасына сапасы сай жекеменшік балабақшалар да жетерлік. Бірақ әркім көрпесіне қарай көсіледі емес пе?! «Құжаттардың бәрін жинап апарамыз, лицензиядан өтті немесе өтпеді деген хабар келеді. «Лицензия жағдайды өзгерте ме?» деген ой ғой. Жауапты міндетті алып отырған тәрбиешілердің мәртебесі қалай көтеріледі? Тығылып жұмыс істеп отырған балабақшалар лицензия бар екен деп жүгіре ме? Мемлекеттен осының бәріне көмек болуы керек. Баланы ұрады, бір бөлмеде қаншама бала отырады, дұрыс тамақтандырмайды деп жатады. Неге мәселенің мәніне үңілмейміз. «Неге мұндай жағдайда отырсың?» деп сұрамаймыз. «Саған қандай көмек керек?» деп аяғынан тұруға көмектессе ғой. Бәрі өзі туралы жариялап, «Мен лицензия аламын, осы деңгейге көтерілемін» деп ұмтылар еді. Бізде, керісінше, жерге ұра береміз. «Жағдайың болмай тұр екен, қандай көмек керек» дейтін адам жоқ. Мысалы, менде жұмыс істейтін тәрбиешінің көмекшісі 100 мың теңге айлық алады. Бір күні қарасам, айлығын алып, ойланып отыр. «Не болды?» десем, «Несиемді төлейін бе, балаларымды қыдыртайын ба, әлде үйге тыныш қана қайта берейін бе деп отырмын”, - дейді. Қиын жағдай», – деді «Зерде» балабақшасының меңгерушісі Бану Әлкенова. Оқу-ағарту министрлігі білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова Oqu-ağartu LIVE жобасына берген сұхбатында бүгінде еліміз бойынша балабақшамен қамту көрсеткіші 99 пайыз екенін айтқан еді. «Енді жаңа талап енгізілсе, бұл көрсеткіш азайып қалмай ма?» деген сұрақ туындайды. Елімізде 2020 жылы  425,6 мың, ал 2021 жылы 446 491 сәби өмірге келгенін ескерсек, балабақшаның көбейгені әрі сапаға мән беріп жұмыс істегені маңызды емес пе?

Фото: @laiyqty_balabaqsha