Фатима Молдашова: Америкада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейткім келеді
Фатима Молдашова: Америкада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейткім келеді
Фатима Молдашова әлемдегі ең беделді университеттердің бірі Стэнфорд университетінде қазақ тілін үйренемін деушілерге сабақ береді. Оған дейін ол Индиана университетінде интенсивті қазақ тілінен дәріс берген. Лос-Анджелес мектептеріндегі ІТ жүйесіне қазақ тілін енгізуге септігін тигізген Фатима Америкада алдағы уақытта бізді жеке ұлт ретінде қарастыруға бар күшін салатынын айтады. Қазақ мәдениетін қайтсем де дәріптеймін деп жүрген Фатимаға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Ең алдымен, кезінде Индиана университетінде қазақ тілінен сабақ беруге қалай шақырту алғаныңызды білгім келіп отыр. Еуропа университеттерінде өзіңіз секілді қазақ тілін үйретіп жүрген мамандар ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын оқығанымен, шетелдіктерге қазақ тілін оқыту мақсаты бәрінен биік тұрғанын айтады. Сізде де солай болды ма?
– Иә. Әңгімені арыдан бастасам, мен Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылында дүниеге келгенмін. 13 жасымда шалғайда орналасқан ол ауылдан облыс орталығына келіп, ондағы Ж.Досмұхамбетов атындағы техникалық лицейге оқуға түстім. Қазақ тілі мен әдебиетіне осыншалық әуес болуыма ауылымдағы білікті ұстаздарым себепші болды. Техникалық лицей болса да, ондағылар мені қазақ тілінен өтетін олимпиадаларға жиі қатыстыратын. Ол кезде өлең шығарып, шығарманы «бұрқыратып» жазатынмын. Қазір Америкада тұрып жатқаныма он үш жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде қазақ тілін ұмытпауыма ауылдағы ұстаздарым қалап берген іргетас септігін тигізсе керек. Лицейді бітірген соң, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша білім алдым. Оны тәмамдаған соң, сонда оқытушы қызметін атқардым. Бірде университет қабырғасында ілулі тұрған хабарландырудан Американың Индиана университетіне барып, қазақ тілінен сабақ беріп, оған қоса, лингвистика мамандығын меңгеріп шығуға мүмкіндік беретін бағдарламаға конкурс жарияланғанын білдім. Ол бағдарлама Индиана университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеуші ғалым, қазақ тілінің жанашыры Уильям Фирманның мұрындық болуымен ашылған. Республика бойынша 150 үміткер қатысқан сол конкурстан мүдірмей өтіп, Америкада қазақ тілін оқыту мүмкіндігін иелендім. Бір қызығы, жеңімпазға лайық деп саналған күннің ертесі-ақ жолға дайындалуға тура келді. Барлығы аяқ астынан болды. Тіпті, үйдегілермен де қоштасып үлгермедім. Жұма күні сонда ұшып келіп, үш күннен соң интенсивті қазақ тілінен сабақ жүргізуім керек болды. Еш дайындықсыз бардым. Университеттің жүйесімен де таныс емеспін, тіпті, корпустарын шатастырып, адасып жүргенім есімде қалып қойыпты. Ол уақытта қазақ тілін үйрететін оқулық жоқтың қасы, оқулықты айтпағанда шетелдіктерге арналған материал жоқ. Өзім елден апарған 2-3 кітапқа сүйене отырып, түрлі материалдар әзірледім. Төрт сағат сабақ беремін, үйге келе сала келесі сабаққа қызық материалдар әзірлеп, жаздыгүні бос уақытымды соған жұмсайтынмын. Сосын күзде бағдарлама ережесіне сәйкес қолданбалы лингвистика мамандығы бойынша оқуым басталды. Онда екі жыл оқып, тиісінше екі жыл қазақ тілінен сабақ бердім.
– Онда қазақ тілінен сабақ бұрыннан жүргізілетін бе еді, әлде сіз барғасын жаңадан ашылды ма?
– Жоқ, ол бағдарлама Индиана университетіндегі Орталық Азия зерттеулері факультетінде 1986 жылдан бастап жүргізіліп келген. Профессор, қазір зейнетке шыққан Алма Құнанбаева сабақ берген. Негізі, мен Америкаға сол жерде қаламын деп барған адам емеспін. Оқу аяқталған соң елге оралып, бар үйренгенімді студенттерге үйретуге асықтым. Сол кезде ҚБТУ-дан ұсыныс түсті. Сөйтіп, ондағы оқу десе ішер асын жерге қоятын, амбициясы мықты балаларды маман етіп әзірлеп шығаруға күш салдым. Сол жерде шетел азаматымен көңіл жарастырып, отбасылы болдым. Үлкен ұлым Себастьян Алматыда дүниеге келді. Сосын Индиана университетіндегі әлгі бағдарламаны жүргізуге жауапты кісілер мені жазда тағы жұмысқа шақырды. Ол кезде түбі бір оқулық әзірлеп шығаруды көздеп жүрген мен оны жазуды бастап кеткен едім. Әңгіме басында айтып өткендей, оқулық жоқ болғандықтан, есіл-дертім сол оқулық жазуда болды. Ел ішін аралап, материалдар жинап жүрген кезім болатын. Десе де, қайтадан Америкаға барып, Индианадағы қазақ тілі сабағын тағы жүргізуге келістім. Алайда кейіннен қаржылық қолдау көрсетілмеуі себебінен ол бағдарлама тоқтап қалды.
– Лос-Анджелес мектептеріндегі білім беру бағдарламасының ІТ жүйесіне бізді жеке ұлт ретінде қарастыру үшін көп уақыт жүгіріпсіз. Барлығы неден басталды?
– Балам екі жыл бұрын мектеп ауыстырды. Онда оқитын балалармен әңгімелесіп, арасында қазақша сөйлесе, үзіліс кезінде барлығын бақылап жүретін супервайзері оған келіп ағылшыннан өзге шет тілде сөйлеуге тыйым салынғанын айтқан. Оны естіген мен «Неге сөйлемейді екенбіз? Өмір бойы сол тілде сөйлеп келе жатырмыз. Ол неге олай айтады?» деп ашуға булықтым. Негізі, мұнда жаңа мектепке ауысқан соң, шу шығармай, балаларды қабылдағаны үшін алғыстан басқа айтарың болмауы керек. Ал мен ана жайттан соң директормен кездесу уақытын белгілеп, мектепке жеткенше өрекпіп, ойымды жеткізуге асықтым. Сол кездесуде «Осы жердегі университетте мұғаліммін әрі лингвиспін. Баламның тілі ағылшыннан бұрын қазақша шыққан. Қазақша жетік біледі. Ол тілде сөйлеуге болмайтынын айтқан әлгі супервайзер Калифорнияның тіл туралы заңын білмейді» деп сол заңда жазылған ережелерді тізіп шықтым. Аң-таң болған директор шет тілде сөйлеуге ешкім тыйым салмайтынын айтты.
Лос-Анджелесте қазақ көп тұрады. Олардан балаларын мектепке қалай тіркейтінін, қай ұлттар тобына жатқызатынын сұрасам, бірі ақ нәсіл, енді бірі азиялық топты таңдайтынын айтады. Сосын ол жүйеге қазақ дегенді енгізу мақсатында петиция жинадым, бірақ аз қол жинадым. Содан соң осындағы қазақтардың балалары қай мектепке баратынын біліп, білім басқармасына хабарласып, көп уақыт бойы олардың қыр соңынан қалмай жүгірдім. Олар оған аса мән бермеген соң, ақырында Zoom арқылы кездесу өткізіп, «Осында тұратын қазақ деген ұлт бар. Олар орыс не қытайлық емес. Шығыс Азия тобына да кірмейді. Біз басқамыз. Бөлек қарастырылуымыз қажет» деп түсіндірдім. Көп ұзамай олар хабарласып, 19 шілдеден бастап балалар мектепке тіркелгенде ана тілі ретінде қазақ тілін көрсете алатынын, қазақ тілінің ІТ жүйеге енгізілгенін айтты. Білім басқармасының басшысы «Негізі, біз басқа тілдерді енгізгелі жатқан едік, бірақ сіз ешкімге дес бермей, көп уақыт жүгірген соң, қазақ тілін бірінші қылып енгізіп отырмыз» дейді. Осылайша, барлық оқушы өзінің ұлты – қазақ екенін ІТ жүйесінде растай алатын болды. Негізі, мен бұл келесі жылы жүзеге асар деп ойлаған едім, шілде айында іске асқанына қуаныштымын. Алдағы уақытта тұтастай Калифорния штатының ІТ жүйесіне де енгізіледі деді.