Жаңалықтар

Мемлекет басшысы: Пандемия ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін

ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы: Пандемия ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін

Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды. Тіпті ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін. Төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.  Президенттің айтуынша, әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы ортайған.  «Жер-жерде протекционизмнің күшеюі белең алуда. Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр. 400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр. Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын айтқым келеді. Бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас. Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керектігін білеміз. Ең бастысы, барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Азаматтардың табысын арттыру. Бизнесті қолдау және оны дамыту. Білім және ғылым жүйесін жетілдіру», - деді Мемлекет басшысы. Айта кетейік, бұған дейін Президент банктерде проблемалық қарызы бар азаматтардың мәселесін шешуді тапсырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы еліміздегі тұрғын үй мәселесін шешу үшін Үкіметке «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды жүктеді. Бұдан бөлек, елімізде жыл соңына дейін «Тұрғын үй жинақ банкі» негізінде тұрғын үйді бөліп беріп отыру, есеп жүргізу жұмыстарын орталықтандыратын толыққанды даму және қолдау институты - «Отбасы банк» құрылатын болды.