Елімізде квест-құмарлардың қатары артып келеді

Бұл – қараңғы бөлмелерде әртүрлі құбыжықтармен бетпе-бет келетін демалыс түрі. Ең қызығы, осындай сынақтан өту үшін әуесқойлар жүйкесін де, ақшасын да аямайды. Осыны уақытылы ұққан қалталы азаматтар қазір әр жерден квест орталықтарын ашып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қорқытудың өзі пайданың көзіне айналды. Елімізде бірінен соң бірі квест бөлмелер ашылып жатыр. Астананың өзінде осындай 6 орын бар екен. Ал оған келем деушілердің қатары көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Өйткені күнделікті әлемде небір қорқынышты фильмдер шығып жатыр. Оны тұрақты көретіндер кейін дәл сондай жағдайды сезінгісі де келеді.

«Қазір бұл бағыт кеңінен етек жайып келеді. Әсіресе, адамдар ауыр жұмыс күнінен кейін осылай демалуды әдетке айналдырған. Иә, қорқынышты. Квесттің негізгі ерекшелігі де осында», – дейді квестті ұйымдастырушы Әлихан Құрманбаев.

Квестті ұйымдастыру деген бөлмені алақ-жұлақ безендіріп, жарығын сөндіре салу емес. Ондағы актерлардың түр-сипаты мен ойнау шеберлігі де үлкен рөл атақарады. Тіпті олардың әрекетінен кейін денсаулығы сыр беріп жататындар бар екен. Сондықтан келушілермен алдын ала келісім жасалады.

Back to top button