«Бәйтерек» халықаралық медиа орталығының директоры Жанар ЕДІЛБЕКҚЫЗЫ: АСТАНА ҚАЗАҚЫЛАНЫП КЕЛЕДІ

«Бәйтерек» халықаралық медиа орталығының директоры Жанар ЕДІЛБЕКҚЫЗЫ: АСТАНА ҚАЗАҚЫЛАНЫП КЕЛЕДІ

«Бәйтерек» халықаралық медиа орталығының директоры Жанар ЕДІЛБЕКҚЫЗЫ: АСТАНА ҚАЗАҚЫЛАНЫП КЕЛЕДІ
ашық дереккөзі

Мемлекеттік маңызы бар мерекені ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген адамдардың еңбегі көбіне назардан тыс қалады. Бұл жолы той үстінде осы мерейтойды ұйымдастыруға тікелей қатысы бар маманға бірнеше сұрақ қоюдың сәті түсті.

– Қала күні жыл сайын атап өтіледі. Астананың 15 жылдық мерейтойын тойлаудың қандай ерекшелігі бар? 

– Әр мерекенің өзіндік ерекшеліктері болады ғой. Осы он бес жылда Астана қандай деңгейге жетті деген мәселені саралап, бағамдап, осы уақытта дейін жіберген кемшіліктердің орнын толтыруға тырыстық. Осыдан он бес жыл бұрын елордадағы қазақтардың саны кемшін еді. Астананы ауыстыруға себеп болған жағдайдың бірі осы екені белгілі ғой. Осы жылдар ішінде қазақтың саны көбейгені қуантады. Қаламыз жылдан-жылға қазақыланып келеді. Жаңадан ашылып жатқан әлеуметтік нысандар: мектептер, бала бақшалар т.с.с. мекемелер мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді. Сол себепті он бес жылдықты ұйымдастыруда ұлттық мазмұнға, ұлттық сипат пен нақышқа баса мән берілді. Соның бірі – соңғы бес жылда халықтың ықыласына бөленген «Астана-Арқау» түркі музыкасының фестивалі. Одан бөлек «Астана төңірегіндегі мыңжылдықтар» атты көшпенділер өркениеті фестивалі бар. Үш күн қатарынан өткізілетін фестиваль кезінде мыңға жуық киіз үй тігіліп, оларда шығыс тәттілері ұсынылады, ұлттық ойындар, қазақ салт-дәстүрлерінен қойылымдар көрсетіледі. Бұл – ұлттық мәдениетке құрмет білдірудің жолы.

Жыл сайын «Қазақ елі» мо­нументінің алдында концерттік бағ­дарламалар ұйымдастырылатын. Ол бір күн ғана, белгілі бір уақыт аралығында өткізілетін еді. Биыл қала ішіндегі қала жобасы дүниеге келді. Ол «Шуақты қала» деп аталады. Қала тұрғындары мен астаналық қонақтар осы жерге келіп, ұлттық зергерлік бұйымдар жәрмеңкесіне қатысып, ұлттық ойын-сауықтық бағдарламаларды тамашалай алады, оларға тәттілер таратылады, кинолар көрсетіледі. Кино болғанда, шетелдік емес, қазақ көрерменінің көңілінен шыққан отандық кинолар көрсетіледі. Оның ішінде Астана туралы ескі де жаңа кинотуындылар бар. 

Астана мерейтойы қарсаңында Кәкімбек Салықов, Сауытбек Әбдірахманов сияқты белгілі қаламгерлердің елордамыз туралы туындылары кітап болып жарық көрген, осы кітаптардың тұсаукесерін де мерейтойлық шаралар кестесінен таба аласыздар. Оның үстіне, қала күнін тойлау жылдағыдай концерттік бағдарламалармен шектелмей, асық ату, көкпар, ат бәйгесі, балуан күрес сияқты ұлттық ойындармен де есте қалмақ. 

Жалпы, Астана күніне дайындық сәуір айында басталған. Шілденің 1-інде басталған шаралар мәресіне 8 шілдеде бір-ақ жетеді. Қала басшылығы той алдында үш жүздей аулада жөндеу, тазалау жұмыстарын жүргізді. Осы күндері әрбір аулада ойын-сауықтық бағдарламалары өткізіледі. Бұл жерде «Астана-шаттық» деген автокеруені туралы айтып өту керек. Әнші, әртістеріміз елорда маңайындағы ауылдарға арнайы соғып, өнер көрсетеді. Олар халыққа той дәмінен ауыз тигізіп, арнайы ұйымдастырылған қойылымдарды тамашалауға шақырады.

Тізе берсек, ұлттық мазмұндағы шараларымыз өте көп. Соның бірі – ақындар айтысы. Тағы бірі – «Астанаға тарту» атты дәстүрлі ән мектебінің үздік орындаушыларының концерті. Балаларға арналған «Аялаған Астана» атты фестивальға жыл басынан республиканың шет-шетінде жатқан елді мекендерден іріктелген өнерлі өрімдер қатысады. Олар маусым айында елордаға келіп, хореограф, вокал мамандарынан тәлім-тәрбие алды, сахна шеберліктерін шыңдады. Алдағы үш күнде олар өз өнерлерін ел алдында, тікелей эфирде паш етпек.

Биылғы мерейтойдың тағы бір ерекшелігі – театр апталығының өткізілуі. Жер-жердегі қазақ театрлары елорданың төріне келіп, астаналықтарға өнер көрсетіп жатыр. Жеті облыстан келген театр труппалары мейрам  күндері бір апта бойы тегін сахналық қойылымдар көрсетеді. Он бес жылдыққа орайластырылған репертуарды Қ.Қуанышбеков атындағы тетар мен М.Горький атындағы театр ғимаратында күні бойы тамашалауға мүмкіндік бар.  

6 шілдеде гала-концерті жоспарланған «Ән жүрегім – Астана!» атты байқау үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Байқау барысында іріктелген әншілердің ішінде Семей, Өскенмен, Қарағанды, Павлодар дейсіз бе – әр өңірдің өнер жұлдыздары бар. 

Меніңше, биылғы жылдың басты ерекшелігі – Астана тек өз өнерімен тәнті етіп қана қоймай, еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер шеберлерінің басын қосып, республикалық деңгейде мерекелік шаралар ұйымдастыра алуы дер едім. Олардың бәрін рес­публика жұртшылығы теледидар арқылы тамашалуға мүмкіндік алады. Президенттің қатысуымен өтетін бас­ты концерттік бағдарламалар тікелей эфирде көрсетілсе, басқа концерттер бір-екі күн ішінде монтаждалып, телеарна көрермендерінің назарына ұсынылмақ. Басқаша айтқанда, барша қазақстандықтардың Астана мерейто­йын тамашалауына барынша мүмкіндік жасалып отыр. 

– Он бес жылдыққа арналған іс-шаралар қанша қонақты қамтуы мүмкін?

– Биылғы мерекелік шараларды насихаттауға тіркелген журналистердің саны 1300-ге жетті. Оның ішінде 250-і – шетелдік тілшілер. Біздің жоспарымыз бо­йынша, қала күніне сырттан 200 000-дай қонақ келуі мүмкін. Мұны мейманханалардағы алдын ала тіркелу жазбалары арқылы жобалап отырмыз. Олардан бөлек, осы жердегі туған-туыстары мен таныстарына алыс­тан ат сабылтып қонаққа келетін отандастар да бар. Бұған Астана тұрғындарының санын қоссақ, шамасы 1 миллионға жуық халық осы мерекеге атсалысады деген сөз.  

– Мерекелік шараларды ұйымдастыруда жергілікті тұр­ғындардың өзіндік менталитеті, типтік бет-бейнесі ескерілген болар. Олай болса, «астаналықтардың» жиынтық портреті қандай?

– Қаламыз енді ғана астана болғанда көшеде қаракөздерді кездестіру қиын еді. Он бес жылда Астана әбден қазақыланды. Оның бір нәтижесі, биылғы мерекелік бағдарламалардың тоқсан пайызы – мемлекеттік тілде. Оның ішінде ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық концерті, Тұрсынбек Қабатовтың әзіл-сықақ кеші т.б. көптеген концерттердің тоқсан пайызы қазақ көрермендеріне лайықталып ұйымдастырылды. Ал аулаларда, алаңқайларда ұйымдастырылатын концерттік бағдарламалардың барлығы ұлттық мазмұнда жоспарланған. «Астана төңірегіндегі мыңжылдықтар» атты көшпенділер өркениеті фестивалінде қазақтың мыңжылдық салт-дәстүрлері, ұлттық ойын түрлері көрсетіледі. Асфальтта өсіп келе жатқан жас ұрпақ ұлттық дәстүр үлгілерін көріп, болашақта ұлттық тарихты зерттеуге зейін қояды деген үмітпен ұйымдастырып отырмыз. Астанаға алыстан келген шетелдік қонақтарды біз қалай таң қалдырамыз? Оларды өзіміздің төл мәдениетімізбен, ұлттық өнерімізбен, қайталанбас мұрамызбен мойындата аламыз. 

Аңдаған адамға кеше ғана тұсауы кесілген спорттық теларнаның ұлттық нақышта бейнеленуінің өзінде нышан бар. Он бес жылдыққа орайластырылған тақырыптық телеарна – әрі мерейтойға арналған сый-тарту әрі ұлттық сипаттағы шаралардың бірі.

– Бұған дейін қалыптасқан бір әдетке сай мемлекеттік деңгейдегі маңызды мерейтойлық шараларға, халықаралық жарыстардың ашылу салтанатына арысы Америкадан, берісі Ресейден әнші, шоумендер шақырылатын. Астананың он бес жылдығында өзіміздің өнер жұлдыздарының мерейі үстем болатын сияқты…

– Бұл жолы шетелдік әншінің қатысуымен бір ғана бағдарлама өтеді: түнгі би кеші түрінде «Асқақтай бер, Астана!» атты Хэдлайнер Николь Шерзингердің концерті. Ал концерттік бағдарламалардың басым көпшілігі отандық әншілердің күшімен өткізіледі. Әрине, шетелдік өнер жұлдыздары қазақ астанасына келіп, бір концерт өткізіп, қыруар қаржы жинап кетеді деген сыни ескертпелерді біз де естіп жүрміз, бұл жолы соның қарымтасы болар деп ойлаймын.

Бірақ мәселенің екінші жағы да бар: бұған дейін елордамызға келіп, қала күніне орай өнер көрсетіп жүрген шетелдік әртістердің концертінен түскен қаржы шын мәнінде қайырымдылық шараларына жұмсалып келді. Олардың концерттеріне сатылған билеттердің ақшасы бір тиыны қалмастан есептеліп, ауыр науқасына байланысты шетелде күрделі ота жасатуға мұқтаж, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға сертификат түрінде табысталады. Ал сырттан келген әншінің жол шығыны мен еңбекақысы жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі арқасында төленетін. Белгілі бір әншіні шақырмас бұрын біз оның жол шығыны мен еңбекақысын төлейтін демеуші тауып аламыз, одан соң концерт ақшасын қайырымдылық шараға жұмсау жөнінде келісім-шарт жасаймыз.

Шетелден келетін әншілердің концерті еш уақытта бюджет қаржысына өткізілген емес. Олар тек демеушілердің ақшасына ұйымдастырылады. Ал қазіргі қаржылық дағдарыстың салдарынан биыл мұндай қайырымдылық көрсететін демеушілер аз. Сондықтан да науқас балаларға көрсетер көмегіміз де шектеулі деген сөз. Мысалы, былтыр осындай қайырымдылық концерттерден 30 миллион теңге жиналды, осы қаржыға 25 балаға шетелде ота жасатуға сертификат берілді. Қазір біздің тізімде осындай демеушілік қаржыға қарап отырған жүз шақты бала бар. Бірақ шетелдік әншілердің аз шақырылуы себепті, биыл жиналатын қаражат аздау болады.

Мерекелік шаралардың көпшілігі халық үшін тегін ұйымдастырылып отыр. Мұның жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары үшін тиімді екені анық, алайда қайырымдылық концерттерден түсетін қаржының аздығынан балаларға көмек көрсету қиындайды. Сондықтан бұл мәселенің екі жағы бар екенін үнемі есте ұстағанымыз жөн.

– Мерейтойды ұйымдастыруға жалпы шамасы қанша қаржы жұмсалды? 

– Оны есептеп, нақты қаражат санын айту қиын, өйткені бұл жерде көптеген мекемелердің тегін көмегі, маңдай тері бар. Қала күнін тойлау екі бөліктен тұрады. Біріншісі – қаланы тазалау, абаттандыру, астаналық мәртебесіне сай сәндеу. Екіншісі – концерттік шаралар өткізу. Аулаларды абаттандыру, жөндеу жұмыстары қалалық бюджеттен  қаржыландырылады. Ал концерттік бағдарламаларды, халықтық ойын-сауық шараларын ұйымдастыру шығындарын жабуға бюджеттің де, демеушілердің де қаржысы жұмсалады. Оның үстіне, әр сала бойынша мекемелер өз қал-қадірінше тегін көмек жасап, қала күнін өткізуге атсалысады. Егер олардың бәрінің еңбегін есепке алсақ, орасан қаржы жұмсалар еді. Тіпті концерттік залдардың өзі осы күндері тегін жалға беруге тырысады. Жол қауіпсіздігі қызметкерлерінің де жұмысы қызады, биыл қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге 2000 полиция қызметкері атсалысады. Олар мереке кезінде күнделікті мөлшерден артық жұмыс істесе де, оған қосымша ақы талап етпейді, керісінше, мұның бәрін Астана күніне тартылған сый, қосқан үлес деп біледі. Мамыр айы­нан бастап он бес жылдықты насихаттау жөнінде медиа-штаб құрылды: біз халыққа ақпарат тарату,  баннер ілу, жарнама жасау, түрлі ұйымдастыру жұмыстарын өз күшімізбен ұйымдастырамыз. 

– Бес жылдан бері қала күнін өткізуге атсалысып келесіз. Жылдан-жылға Астана мерекесін өткізудің қандай өзгешелігі бар? Бір мерекеден екіншісіне дейін қандай өзгерістерді байқап жүрсіз?

– Мерекенің өткізілу деңгейі өсіп келеді. Ұйымдастыру барысындағы кемшіліктерді ескеріп, келесі жолы олардың алдын алуға тырысамыз. Қонақтарды арнайы шақырғаннан кейін олардың жағдайын жасау керек қой. Бұдан бес-алты жыл бұрын мейманхана, көлік мәселесі қиындау болатын. Қазір бұл мәселелер біртіндеп оңалып, түзеліп келеді. Заманауи сипаттағы қонақүйлер салынды, қызмет көрсету сапасы артты. Осы саладағы астаналық мамандарды оқытумен айналысатын мекемелеріміз де бар. Шетелдіктермен жұмыс істейтін аудармашылар легі дайындалды.

Оның үстіне, 4-6 шілде ара­лығында аспан астында өтетін көп­теген шараларға байланысты қалада кейбір көшелер жабылады. 3000-4000 адам қатысатын мерекелік шеру бірнеше көшенің бойын басып өтеді. Сондықтан қай көше қашан жабылатындығы жайлы толық ақпаратты дер кезінде халыққа тарату жұмыстарын жолға қойдық. Бұл мәселеге орай арнайы баспасөз мәслихаты өткізіліп, қалта телефондар арқылы хабарлама жіберуді де қолға алдық. Жалпы, Астана күніне орай барлық ақпаратты бір жерге топтастырып, www.astanaday.kz атты арнайы сайт аштық. Бұл сайттан қажетті ақпаратты тегін жүктеп алуға болады. Бұдан басқа 55-65-55 нөмірі арқылы тегін ақпарат алу орталығын аштық. Осы орталыққа телефон соғып, қай жерде қандай концерт болып жатқанын білуге болады. Осылайша, халықты жаппай ақпараттандыру мәселесі шешілді. 

– Астананың осы он бес жылдағы ең басты жетістігі не деп ойлайсыз?

– Қала ғимараттарымен, көшелерімен емес, адамдарымен бай. Былтыр қала әкімінің мұрындық болуымен жақсы бастама қолға алынған еді: қала күніне орай жеті бірдей мамандықтың үздік иегері анықталды. Биыл да екі аптаға созылған дауыс беру нәтижесі бойынша үздік педагог, үздік құрылысшы, үздік жолшы, үздік энергетик, үздік дәргер, үздік инспектор, үздік көлік жүргізушісі анықталды. Апта басында олар қала әкімінің қабылдауында болса, Астана күні жеңімпаздарды Елбасы қабылдайды. Оларға бағалы сыйлықтар беріп, сый-құрметке бөленеді. Мұнымен де шектелмей, қала күнінен кейін олардың портретін үлкен баннер етіп, қала көшелеріне іліп қоямыз. Бұл – халық өз қаһармандарын көрсін, білсін, жас өскелең ұрпақ үлгі-өнеге алсын, үздік шеберлер Астанаға келсін деген ниетпен ұйымдастырылып отырған шара. Астана адамдарымен бай, оның интеллектуалды, білімді, өнерлі  тұрғындары қала өмірін байыта түспек. Сондықтан мұндай байқаулар қала тұрғындарының патриоттық сана-сезімін арттырады деп ойлаймын. 


Астана