АСТАНА ГҮЛСТАНҒА АЙНАЛАДЫ

АСТАНА ГҮЛСТАНҒА АЙНАЛАДЫ

АСТАНА  ГҮЛСТАНҒА  АЙНАЛАДЫ
ашық дереккөзі

Көктеммен бірге елорда көркейіп, жасыл желекке оранбақ. Астананы жасылдандыру үшін биылғы маусымда 6906 түп ағаш және 8 миллион гүл отырғызылмақ. Астана қаласы әкімшілігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жасыл желек отырғызу жұмысы басталып та кетті.

Елорданы көгалдандыру мен көркей­тудің жай-жапсары 2007-2030 жылдарға арналған «Астананы жасылдандыру тұжы­рымдамасында» жоспарланып, бекітілген. 

Биылғы науқан кезінде отырғы­зы­ла­тын ағаштың жартысынан астамы Алматы ауданында. Осы көктемде мұнда 3801 түп жасыл желек жайқалмақшы. Есіл ауданында 2,5 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылса, Сарыарқа ауданындағы ағаштар саны 543-ке көбеймек. Оған қоса қала ішінде 2728 шаршы метр аумақта жасыл желекті алқап отырғызылып, 145 мың шаршы метрде 7,9 миллион түп гүл жайқалатын болады.  

Астананы көгалдандыруда түрлі тың технологиялар пайдаланылады. Жаз бойы елордада тігінен өсірілген өсімдіктерден құралған 750 нысан орнатылмақ. Кашпо, сөре, шар тәріздес түрлі пішінде жасалатын композияцияға гүлдер мен декоративті өсімдіктер қолданылады.

«Астана-Жасылқұрылыс» АҚ мамандары Астананы гүлмен көмкерілген, жасыл желекке оранған экологиялық қалаға айналдырмақ. Қала ішінде қолдан отырғызылған жасыл желек қаладан шығатын жол бойындағы ағаштарға жалғасып, саябақтарға ұласып, бірыңғай көркем көрініс беруі тиіс.

Биыл Есіл өзенінің бойымен жалғасқан саябақтың құрылысы толық аяқталуы керек. Жоба сызбасына сәйкес, 190 гектарлық аумақты алатын ол елорданың оң және сол жағалауында бірдей орналасады. Астаналық ең ірі саябақ толықтай пайдалануға берілген кезде, елорда тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналары сөзсіз.

Көлбай ЖЕҢІС

Астана