МҰНАЙ – МОЛ, БЕНЗИН – ТАПШЫ..

МҰНАЙ – МОЛ, БЕНЗИН – ТАПШЫ..

МҰНАЙ – МОЛ, БЕНЗИН – ТАПШЫ..
ашық дереккөзі

Әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы көтерiлiп келедi. Бiрақ Қазақстандағы бензин тапшылығы шешiмiн әзiр тапқан жоқ. Ресейден импортталатын өнiм бағасы iшкi нарықта мың құбылады. Алыпсатарлар мен монополистердiң қолдан жасаған қымбатшылығының зардабын тартқан – қарапайым халық.

Халықаралық энергетика жөнiндегi агенттiктiң болжамына сәйкес, үстiмiздегi жылдың соңына қарай әлемдiк нарықтағы мұнай шикiзатына деген сұраныс деңгейi көтерiлмек. Бұған дейiн әлемдiк экономиканың рецессияға ұшырауына байланысты «қара алтынның» нарықтағы құны айтарлықтай төмендеген болатын. Өткен аптада арнайы баяндама жасаған ХЭА сарапшылары көмiрсутегi қорларын белсендi тұтынуға көшкен Қытай, Сауд Аравиясы мен АҚШ-тың арқасында 2008 жылдың екiншi тоқсанынан берi бәсең тартқан тұтынушылық сұраныстың өсе бастағанын айтты. Алайда, егер сұраныспен қатар нарықтағы баға да бiрге өспесе, тұтынушылардың белсендiлiгi ұзаққа созылмайды. 2008 жылдың шiлдесiнде бiр баррелi 140 долларға бағаланған «қара алтын» рекордтық көрсеткiштердi көлденең тартқан едi. Бағаның бұрын-соңды мұнша шарықтағанын көрмеген кей сарапшы мен саясаткер көп ұзамай-ақ, көмiрсутегiлер қоры, әсiресе, мұнай 200 долларға (бiр баррелi) жетедi деген сенiмде жүрген. Алайда, мұнай бағасының күрт шарықтап кетуi бiрқатар экономикалық қиындықтарға әкеп соқты. Әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстың кесiрiнен керi кеткен әлемдiк экономика мұнай нарығындағы баға саясатына керi әсер еттi. Жер шары үкiметтерiнiң дағдарыс пен тығырықтан тiзе қоса отырып, бiрге шығуды көздеген iс-қимылдарының арқасында ғана экономикалық ахуал түзеле бастады. Әрине, жағдай түбегейлi жақсарды деуге әзiр ерте. Сол себептi, әлемдiк саяси сахна көсемдерi әлемдiк экономиканы қолдауды 2010 жылы да жалғастыруға келiстi. 2007 жылдың соңынан бастап жүзеге асырылып келе жатқан шаралардың арқасында үстiмiздегi жылдың қазанында мұнай құны баррелiне 82 долларға дейiн өстi.

Нарықтағы «қара алтын» қымбаттағанмен, мұнайға бай Қазақ елiндегi бензин тапшылығы бәсеңдеген жоқ. Премьер Мәсiмов отандық 3 мұнай өңдеу зауытын еуропалық стандартқа сай етiп жаңалау iшкi нарықтағы сұранысты 100 пайызға дейiн қанағаттандыруға мүмкiндiк беретiнiн айтады. Ол үшiн қыруар қаржы қажет. Мәселен, Павлодардағы мұнай өңдеу зауытын күрделi жөндеуден өткiзуге 500-600 млн. доллар көлемiнде қаражат керек. Үкiмет 2011 жылдан бастап құйылуы мүмкiн инвестиция легiнен үмiттенiп отыр. Ал Шымкенттегi зауытты жөндеу жұмыстары 2010 жылдың соңына қарай қолға алынбақ. Бүгiнде ауыл шаруашылығындағы ағайынға ауадай қажет жер майдың бiр литрi 62 теңге тұрады. Кей аймақтарда нарықтағы ахуалға байланысты екi-үш теңге айырмашылық бар. Баға тұрақтылығы сондай-ақ АИ-80-ге де тән. Бүгiнде құны қымбаттаған жанар май – Ресейден импортталатын iшкi нарықтағы 37 пайызға жуық жоғары октанды бензин. Апта басындағы үкiметтiк отырыста Мәсiмов министр Мыңбаевқа iшкi нарықта жанар-жағар май бағасын себепсiз қымбаттатқандарды заң жүзiнде қатаң жазаға тартуды бұйырды. Сонымен қатар ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлiгiнде облыстар бойынша жоғары октанды бензиннiң қайда және қанша мөлшерде жұмсалғанын бақылап отыратын карта әзiрленген.

Бүгiнде жанар-жағармай нарығындағы қылмыстар қатары артқан. Жыл басынан берi «көлеңкелi» бизнестiң кесiрiнен мемлекеттiк бюджет 72 миллиард теңгеден қағылыпты. Мысалы, Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнiндегi агенттiк (қаржы полициясы) тарапынан жүргiзiлген тексеру жұмыстарының нәтижесiнде, қазақ кәсiпкерлерiнiң арасында ең кең тараған пайда табу жолы лицензиясы жоқ мұнай шикiзаттарын сату және сақтау болып табылады. Қаржы полициясы 2009 жылдың алғашқы тоғыз айында осыған қатысты 167 қылмыстық iс қозғап, оның 95-iн сотқа жолдаған. Оның iшiнде, жымқырудың арқасында 24,5 млн. теңге заңсыз пайда тапқан оңтүстiкқазақстандық бiр азамат (Зуфров) 2 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал 61 млн. теңге заңсыз кiрiс кiргiзген Камалов деген бiр кәсiпкерге iрi көлемде айыппұл салынған. Мұндай келеңсiздiктер елiмiздiң түкпiр-түкпiрiне тән. Сорақысы сол, салықтан жалтарғандарды қылмыстық жауапқа дейiн тартуға барған қазақстандық құқық қорғау органдарының қызметкерлерi аталған соманың әлi де бiрнеше есеге дейiн өсуi мүмкiндiгiн ескертедi.

Оңай олжаға құныққандар мұнай құбырларының арқасында да ақшаны күректеп табуға әдеттенген. Мәселен, Қаржы полициясының өкiлдерi мұнай құбырлары орналасқан шаруашылық нысандарының қожайындары өз жерiн қолында мұнай шикiзатын тасымалдауға лицензиясы жоқ адамдарға жалға беру арқылы заң бұзушылықтарға жол бергенiн анықтаған. Магистральдық мұнай-газ құбырын заңсыз пайдалана отырып, 21 млрд. теңгенi жымқырған Молдавия азаматы Корнегурцтiң («Казполмұнай» ЖШС Бас директоры) дүние-мүлкi тәркiленiп, 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Соттың шешiмi бойынша, қылмыскерден айыппұл ретiнде өндiрiлген қаржы мемлекет меншiгiне қайтарылыпты. Сондай-ақ, мұнай құбырларының арқасында 125 млрд. теңге пайда көрген «Толқыннефтегаз» ЖШС басшылары құқық қорғау органдарының қызметкерлерi есiктерiн қақпай тұрып, iздерiн суытып үлгерiптi. Бүгiнде олардың сыртынан айып тағылып, тұтқынға алу туралы үкiм шығарылған. Өкiнiшке қарай, мұнай нарығында қылмыскерлермен бiрлесе әрекет ететiн шенеунiктер де табылып қалады. Ақтөбе облысындағы бiр кеденшi «КНПЗ-Трейд» ЖШС-ның 3 басшысымен бiрге жарты миллиард теңгеге бағаланған мұнайды жасырын сатумен айналысқан. 2009 жылдың басынан берi мұнай шикiзатын заңсыз саудалаған контрабандалық топтар мемлекетке 2 млрд. теңге көлемiнде шығын келтiрген.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ