ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАДА ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ

ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАДА ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ

ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАДА ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ
ашық дереккөзі

Тәуелсiздiк алғанымызға, мiне, аттай 16 жыл толады. Алайда, қазақ тiлiнiң жыры таусылар емес. Тiптi, бiтпес жырға айналғандай. Өз елiмiзде өткiзiлiп жатқан байқау да, шара да, жиi көтерiлiп жатқан мәселе де тек тiл жайында. Бiр қынжылтарлығы, жаңағыдай байқаулар көбiнесе қазақ балалары арасында өтедi де, арнайы жүлделi орынға ие болып жатады. Сонда ана тiлiнде тiлi бұрмаланып, шұбарлап сөйлейтiн бүгiнгi ұрпақты көрiп лажсыз жерге қарайсың. Ау, бiз туған тiл, дiн мен дiлiмiздi құрметтеген болсақ, мұндай шараларға қаржы бөлiп, оны ұйымдастырудың да керегi шамалы емес пе?!

Бiзде бәрi керiсiнше… Бәлкiм, сырттан келген адамға жат, таңсық көрiнер. Қазақтар неге өз тiлiн менсiнбейдi, нелiктен өз тiлiнде өз қарадомалақтарының арасында небiр байқаулар өткiзе бередi деп те ойлауы мүмкiн. Бiрақ оған бiздiң етiмiз үйренiп алған. Ұялмаймыз. Сөйте тұра, бiз ана тiлiмiздi бөгде тiлден кейiн қоямыз. Кезiнде ағылшын тiлi қолданысқа кеңiнен енгiзiле бастағанда-ақ оны тез меңгерiп алғандар көп болды. Ал қазақ тiлiн еш бiлмесе де, оны үйренуге ынта мен жiгер жетiспейдi. Егер мемлекеттiк тiлдi бiлу кәдiмгiдей зәрулiкке әкелсе, ендiгi iс-қағаздары да, орысша самсап тұрған жарнама да, керек болса мекеме атаулары да ұлттық атауға сәйкестендiрiлер едi… Тiптi, елiмiздегi орыстiлдi басылымдар мен теледидар көрсетiлiмдерi де қазақ тiлiне бет бұрар ма едi, кiм бiлсiн?! Бiр бiлетiнiмiз, орыстiлдi басылымдар мен телеарналарды әзiрге тiл мәселесi алаңдатпайды да. Өйткенi, олар қазақ тiлiнiң мүддесiн қорғамай, есесiне «өмiршеңдiгi» биiк болып тұрған орыс тiлiнiң қамын жеп әуре. Қазақстандағы «БАҚ туралы» және «Тiл туралы» заңдар бойынша, Қазақстандағы электронды бұқаралық ақпарат құралдарының меншiк нысанына қарамастан, мемлекеттiк тiлдегi хабарларының жиынтығы 50 пайыздан кем болмауы керек десек, ал 2005 жылы қабылданған №67 Қаулы бойынша электронды ақпарат құралдары өнiмдерiн 80 пайызға жеткiзуi тиiс. Алайда, кейбiр телеарналар керек болса, Қазақстан заңдарын мойындамайтындығын танытып-ақ жүр. Ал ұлт патриоттары қазақ тiлiнiң БАҚ-тағы заңды орнын анықтау үшiн сотқа жүгiнуiне тура келдi. Мәселен, «АиФ» газетiмен соттасқан Мақсұт Оразай мен «З1 арна», «КТК», «НТК» және «Первый канал Евразия» телеарналарына шағымданған Кенесары Қаптағаев та тiл үшiн оның ыстық-суығына күйiп-пiссе де, оң қараған ешбiр басшылық көрiнбедi. Сот шешiмi де көбiне орыстiлдi БАҚ-тың пайдасына шешiлдi. Бiрақ осыдан кейiн бiрқатар телеарна қазақ тiлiндегi көрсетiлiмдерiн әйтiп-бүйтiп 40 пайызға жеткiздi. Оның өзi көрермендi мезi қылған сауатсыз аудармалар мен күнiне екi-үш рет қайталап беретiн телесериалдардан тұрады. Дегенмен, жеткiлiксiз. Аз. Жақында Қытайдан келген оралман Шыңжанның өзiнде таза қазақ тiлiнде екi бiрдей телеарнаның хабар тарататынын және бiрнеше басылымның жарық көретiнiн айтқан-ды. Жетiстiгi сол, жарнамасына дейiн таза қазақ тiлiнде екен. «Ал Қазақстандағы кез келген БАҚ-ты алсаңыз, орыс тiлiнiң мүддесiн көздеп, солардың сойылын соғады» деген ол: «қап, әттеген-айға» салды. Шынында да, тiл жайында қанша жерден байбаламдасақ та, бәрi «бармақ басты көз қыстының» аясынан аса алмайтын халге жеткен жоқ па!

Әзiрге «Тiл туралы», «БАҚ туралы» Заңдағы мемлекеттiк тiлге қатысты нормалардың үдесiнен шығып, шама-шарқынша орындап келетiн бiрден-бiр телеарна – «Қазақстан» ұлттық телеарнасы. Ұлттық арнаның басшылығы ауысуымен қатар, бағдарлама жүйесiне де бiршама өзгерiстер енгiзiлiптi. Қазақы бояуға тұнып тұрған жаңа, тың дүниелер әп-сәтте көрерменнiң көзайымына айналып келедi. Айталық, қыркүйек айынан бастап телеарнада салт-дәстүр, әдет-ғұрып, болмысымызды бейнелейтiн, аздап әзiлмен астасып жататын «Тойбастар», «Қымызхана», сондай-ақ, тiкелей эфирде берiлетiн нәзiк жандарға арналған «Сырға» және таңертеңгi ақпаратты-сауық «Көңiлашар» бағдарламасы өз аудиториясын таба бiлдi. Ал, танымал әндер тарихынан сыр шертетiн «Әлi есiмде» хабарының жастарға берер тәрбиесi көп-ақ. Бiр қуантарлығы, көптен қол үзiп қалған балаларға арналған хабардың қайта жанданғандығы. Жас достар бұдан былай «Еркетай» хабарын кешкi сағат 19.45-те үзбей көретiн жағдайға жеттi. Расында да, бұрын бүлдiршiндер ертегi әлемiне саяхатты тек «Қазақ радиосы» арқылы жасаған болса, ендi арман-қиялын ұлттық арнамен ұштастырары сөзсiз. Аптаның жексенбiсiнде тiкелей эфирден берiлетiн «Айтыс» Қазақстан чемпионаты да айтыс өнерiн жаңғыртумен қатар оның «Қайым айтыс», «Түре айтыс» секiлдi түрлерiн насихаттап, жыр сүйер қауымның құлақ құрышын қандырады. Әрине, тiкелей эфирден көрсетiлетiндiктен, техникалық ақаулары да жоқ емес. Кейде ақындарды ортаға шақырып, жұртпен таныстыру кезiнде диктордың микрофоны сөнiп қалып немесе уақытынан кеш сөйлеу сияқты қателiктер болып жатады. Бұл бiздiң теледидар жүйесiнде әлi де тiкелей эфирге дайын еместiгiмiздi аңғартып тұр ма дерсiң! Сондай-ақ талғамы биiк көрермен қауым бағдарламаға «Айтыс» Қазақстан чемпионаты» деген атау келмейдi деген ойын ашық бiлдiруде. Мұның да жөнi бар. Неге «…чемпионаты» деген сөздiң орнына қазақтың бай тiлiнен мағыналы сөз табылмады?! Ұлттық телеарна бағдарламасының атауы да ұлттық реңк пен ұлттық нақышқа тұнып тұруы керек емес пе!? «Көш жүре түзеледi» деген де бар. Бүгiн Қазақстан бойынша қазақ тiлiндегi хабар мен бағдарламаға көрермендi сусатып отырған да жалғыз осы ұлттық телеарна. Сондықтан да бiз қазақ тiлiндегi көрсетiлiмдердiң көбеюiн құптап, қолдаумен бiрге бұл басқа мемлекеттiк тiлдi менсiнбейтiн телеарналарға сабақ болса деймiз. Тек қана ұлт намысын жоғары қоятын, жастарға берер ұлағаты мол хабарлар жарық көре берсiн! Ендеше, көзге түрпiдей көрiнетiн кемшiлiктi тiзе бермей, бiр уақыт игi жаңалық пен тың талпынысқа да тәнтi болып, қуана бiлейiкшi, ағайын!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ