Ұйымдастырушылар азаматтарға пайызсыз баспана мен автокөлік алып беруге уәде еткен. Алайда салдарынан 44 адам 111 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Астанада Buyers Union қаржы пирамидасын құрып, ұйымдастырған бес адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты хабарлады.
Сот мәліметінше, қаржы пирамидасы 2024 жылдың маусымынан 2025 жылдың ақпанына дейін жұмыс істеген. Ұйымдастырушылар азаматтардың ақшасын тартып, оларға пайызсыз баспана мен автокөлік алып беруге көмектесетіндерін уәде еткен.
«Ақша тарту мақсатында салымшыларға пайызсыз баспана мен автокөлік сатып алу ұсынылған. Осы сылтаумен олардан қаражат қабылданған», – делінген сот хабарламасында.
Нәтижесінде 44 адам 111 миллион теңгеден астам шығынға батқан. Бес сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, өздерінің мойындаулары, хат алмасулар, тексеру хаттамалары және қылмыстық істің басқа да материалдары арқылы дәлелденген.
Бұған дейін сотталған бес адамның барлығына 2026 жылғы 27 ақпанда осы іс бойынша үкім шығарылған. Қазіргі сот талқылауы барысында олар кінәларын мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін жеткізген.
Сот Ш. есімді ұйымдастырушыға түпкілікті 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. И. 6 жыл 6 айға, ал А., Х. және К. есімді сотталушылар 5 жыл 6 айға сотталды.
Сонымен қатар сотталғандардың барлығына азаматтардың ақшасы мен инвестициясын тартуға байланысты қызметпен айналысуға 8 жыл мерзімге тыйым салынды.
Сот шешімімен олардан 44 жәбірленушінің пайдасына келтірілген шығынды өтеу үшін ортақ тәртіппен 111 миллион 168 мың теңге, сондай-ақ өкілдік шығындарына 700 мың теңге өндіріп алу көзделген.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.