Кітап оқуға құмар елорда тұрғындары көбейді

Бүгін, 15:45 / Túrkistan Gazeti
istockphoto

Бір кездері қазақ даласында кітап білімнің ғана емес, ұлттың рухани оянуының құралы болды. Абайдың қарасөзі, Ахметтің әліппесі, Әуезовтің эпопеясы тұтас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырды. Ал бүгін ақпарат тасқыны адам назарын секунд сайын сан тарапқа сүйреген заманда кітаптың қоғамдағы орны қандай? Миллионнан астам адамды біріктірген «Кітап оқитын ұлт» бастамасы шын мәнінде оқитын ұлт қалыптастыра ала ма? 

Миллион, миллион, милион оқырман 

Қазір әлемде адамның назарынан қым­бат ресурс жоқ. Әлеуметтік желілер мен цифр­лық платформалар сол назар үшін тәу­лік бойы таласып жатыр. Бір минуттық бей­не, бірнеше жолдық жазба, үздіксіз келе­тін хабарлама... Ақпарат көбейген сайын оны терең түсініп, байыппен қабылдауға бө­лінетін уақыт азайып барады.
Осындай кезеңде кітап оқу мәселесінің мем­лекеттік деңгейде көтерілуі кездейсоқ емес. Өйткені кітап – адамның ойлау жүйе­сін қалыптастыратын, тілдік қорын байы­та­тын, өмірге деген көзқарасын кеңейтетін ру­хани мектеп.

Қазақстанда 23 сәуірдің Ұлттық кітап кү­ні болып белгіленуі, «Кітап оқитын ұлт» тұ­жырымдамасының қолға алынуы – осы қа­жеттіліктен туған қадамдар. 

Reading-nation.kz платформасы ұсын­ған мәліметіне сүйенсек, бүгінде «Кітап оқи­тын ұлт» марафонына еліміздің түпкір-түп­кірінен 1 миллион 493 мың 882 адам тір­келген. Марафон 2027 жылдың сәуір айы­на дейін жалғасады. Бұл – елеулі көр­сеткіш. Миллионнан астам адамның бір идея төңірегіне топтасуы қоғамда кітапқа де­ген қызығушылықты оятуға мүмкіндік бар екенін аңғартады. Әсіресе, цифрлық ойын-сауық үстемдік құрған кезеңде мұн­дай бастаманың әлеуметтік мәні жоғары.

Марафонның аралық көрсеткіштері өңір­лердегі оқырман белсенділігінің әр­кел­кі екенін көрсетеді. Ал әлеуметтік желілерде оқыл­ған шығармалар жөнінде бейнепікір жа­риялау бойынша Астана қаласы көш бас­тап тұр. Елордада 3 мыңға жуық бей­не­жаз­ба жарияланған.
Бұл деректер кітап оқу мәдениетінің жаңа сипатқа ие бола бастағанын көрсетеді. Бұ­рын оқырман шығармадан алған әсерін күн­делігіне жазса немесе жақындарымен бө­ліссе, бүгінде оны бейнеформатта көп­шілік­ке ұсынады. Осылайша, кітап оқу жеке адам­ның рухани тәжірибесінен қоғамдық пі­кір алмасудың бір түріне айналып келеді.

Астана кофеханаларындағы кітап сөресі 

Елордада кітап оқу мәдениетін күн­де­лікті өмірге жақындатуға бағыттал­ған бастамалар көбейіп келеді. Астана қа­ласы әкімдігінің орталықтандырылған кі­тап­ханалар жүйесінің мәліметінше, мара­фон жарияланғаннан бері қалалық кітап­ха­наларда 12 мың 576-дан астам оқырман тіркеліп, қатысушыларға шамамен 31 мың 440 кітап берілген. Бұл көрсеткіш кітап­ха­на­­лардың ағартушылық кеңістік ретіндегі рө­лін айқындай түседі. Алайда қазіргі заман кі­тапханадан да жаңа тәсілдерді талап етеді. Өйткені оқырманды тек кітапханаға ша­қыру жеткіліксіз, кітаптың өзін адам күнде­лік­ті баратын ортаға жеткізу маңызды. 

Осы тұрғыдан алғанда, осы жылдың қ­а­зан айында Астана қаласының Тілдерді да­мыту және архив ісі басқармасының бас­тамасымен жүзеге асырылған «Сөз сөресі» жо­басының мәні ерекше. Жоба аясында елор­дадағы 30-дан астам кофеханаға қазақ ті­ліндегі мыңға жуық кітап таратылған. Ар­найы сөрелерге қазақ әдебиетінің таң­дау­лы шығармалары, қазақ тіліне ауда­рыл­ған әлемдік бестселлерлер мен жергілікті қа­ламгерлердің туындылары қойылған.

Бұл шағын ғана мәдени бастама секілді бо­лып көрінгенімен оның астарында маңыз­ды қоғамдық идея жатыр. Кофеханада тынығып, кофе ішкен жандар енді кітап оқып, уақытын тиімді өткізе алады. Демек, кі­тапты тек арнайы мекемеден іздейтін уа­қыттың орнына кітап адамның күнделікті тір­шілігімен қабысатын кезең келді деуге бо­лады. Кофе күтіп отырған адамның қо­лына телефон емес, кітап ілінсе, соның өзі оқу мәдениетін қалыптастырудың алғашқы қадамы болуы мүмкін.

Әсіресе, бұл бастаманың қазақ тілін­дегі әдебиетті насихаттауға бағыт­талуы маңызды. Себебі тілдің қоғамдық кеңіс­тіктегі қолданысын кеңейту тек ресми құ­жаттармен немесе жарнамалық жазулар­мен шектелмеуі керек. Қазақ тілі демалыс­тың, интел­лек­туал­дық әңгімелесудің, за­ма­науи мәдени тұ­тыну­дың да тіліне ай­налуға тиіс.
Бұл ретте елорда автобустары мен аял­дамаларында белгілі тұлғалар туралы қыс­қа­ша аудиоматериалдардың ұсынылуы да ағар­тушылық мазмұнды қоғамдық кеңіс­тік­ке шығарудың бір жолы десек қателес­песпіз.

– Елорда тұрғындары қашанда кітап оқуға құмар десем, қателеспеймін. Өйткені біздің кітапханалардан адам үзілмейді. Десе де, соңғы айларда жаңа оқырмандар көбейді. Бірнеше айдың ішінде 12 мыңнан астам адам оқырман ретінде тіркеліпті. Олардың көбі «Кітап оқитын ұлт» жобасына енген кітаптарды оқу үшін кітапханаға келгендерін айтады. Тіпті, кітапхана табалдырығын алғаш аттап, кітапхананың жайлы аурасына тамсанып, бос уақытында үзбей келуді дағдыға айналдырғандар да бар. Бұл осы марафонның арқасы дер едім. Марафон басталған соң кітапханаларға 12 мыңнан астам адам оқырман ретінде тіркеліпті. 

Осы марафон аясында елордалық кітапханалар көптеген іс-шара өткізді. Белгілі қаламгерлермен кездесу ұйымдастырып, жаңа кітаптардың таныстыруын жасап, «Кітапхана түнін» өткіздік. Әр іс-шараға қатысатын оқырмандардың саны көбейіп келеді, – деді Астана қалалық "Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі" мекемесінің диеректоры Гүлбадан Мәдібаева. 

Елорда оқырмандарының белсенділігі жоғары

Астана қаласында өскелең ұрпақтың кі­тап оқуға қызығушылығын арттыру, оқыр­мандық мәдениетті қалыптастыру жә­не кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бө­лігіне айналдыру бағытында жүйелі жұ­мыс­тар жүргізілуде. Елордадағы білім беру ұйым­дары кітап оқуды насихаттайтын рес­публикалық және қалалық жобаларға бел­сенді қатысып, балалар мен жастардың ру­хани және зияткерлік дамуына қолайлы ор­та қалыптастыруда.

Астана қаласы Білім басқармасы Әдісте­ме­лік орталығының басшысы Сындар Мұ­рат­­қызының мәліметінше, бүгінде елор­да­ның білім беру ұйымдары «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасына төрт бағыт бойынша қатысуда. Марафонға жалпы саны 85 022 адам тіркелген. Оның ішінде «Кітап оқитын мектеп» бағыты бойынша – 50 661, «Кітап оқитын колледж» – 20 650, «Кітап оқи­тын педагог» – 10 490, ал «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша 3 221 қатысушы қам­тылған. Бұл көрсеткіштер елорда тұр­ғын­­дарының, әсіресе білім беру қауым­дас­ты­ғының кітап оқуға құмарлығының жо­ға­ры екенін аңғартады.
Оқырман мәдениетін қалыптастыру жұ­­мыстары мектепке дейінгі білім беру ұйым­­дарынан бастау алады. Қала балабақ­ша­ларында бүлдіршіндердің кітаппен ерте жастан танысуына ерекше мән берілген. Әр топта кітап бұрыштары жасақталып, жатын бөлмелерде балалардың жас ерекше­лік­те­рі­не сәйкес ертегі кітаптары орналас­ты­рыл­ған арнайы сөрелер қойылған. Сонымен қа­тар балабақшаларда шағын кітапханалар мен коворкинг аймақтарын ашу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазір 11 балабақшада жеке кітапхана, 16 балабақ­ша­да BookCrossing кітап алмасу алаңы жұ­мыс істейді. Тәрбиешілер балалардың қы­зы­ғу­шылығына сай ертегілер оқып, олар­дың маз­мұнын бірге талқылау арқылы бүл­дір­шін­дердің ойлау, тыңдау және сөйлеу дағ­дыларын дамытуға ықпал етуде.

Мектептерде де кітап оқуға қолайлы заманауи кеңістік қалыптастыруға ба­сымдық берілген. Елордадағы 122 жалпы орта білім беру ұйымының 98-інде кітап­ха­на жанынан коворкинг аймақтары ашыл­ған. 101 мектепте BookCrossing кітап алмасу алаңдары құрылып, осынша білім беру ұйы­мында автоматтандырылған жүйе енгі­зіл­ген. Сондай-ақ 75 мектептің кітапханасы жөн­­деуден өткізіліп, заманауи үлгіде жаңар­­­тылған. Бүгінде мектеп кітап­хана­лары­ның қорында 3,7 миллионнан астам оқулық пен 1,5 миллионнан астам көркем әдебиет жинақталған. Бұл оқушылардың бі­лім алуына ғана емес, олардың бос уақы­тын тиімді өткізіп, әдеби талғамын дамы­туына да мүмкіндік береді.

Кітап оқу мәдениетін дамыту ісіне тех­ни­калық және кәсіптік білім беру ұйымдары да белсенді атсалысуда. Қаладағы 33 кол­ледж­­де кітап оқу клубтары жұмыс істейді. Ал 28 колледжде электронды оқу залдары мен BookCrossing алаңдары ұйым­дас­ты­рыл­ған. Мұндай бастамалар студенттердің көр­­­кем әдебиетке қызығушылығын арт­ты­рып, өзара пікір алмасуына және оқырман орта­сының қалыптасуына жағдай жасайды.

Сонымен қатар елорданың білім беру ұйым­дарында «Кітап оқитын ұлт», «Балалар кітап­ханасы», «8 минуттық оқу» және «12 ай – 12 кітап» жобалары жүйелі түрде жүзе­ге асырылуда. Аталған бастамалар кітап оқуды бір реттік іс-шара деңгейінде қалдыр­май, күнделікті дағдыға айналдыруды, ба­лалар мен жастардың әдебиетке қызы­ғу­шы­лы­ғын арттыруды көздейді.

Түйін.

Жалпы кітап оқудың психологиялық және танымдық әсері туралы ғылыми зерттеулер аз емес. Оқу барысында адам назарын бір арнаға бағыттап, мәтіндегі оқиғаларды ойша елестетеді, бұрынғы білімімен салыстырады және жаңа ақпаратты есте сақтауға тырысады. Кітап оқудың күйзеліске әсері туралы жиі айтылатын қызықты дерек бар. Небәрі алты минут кітап оқу адамның күйзеліс деңгейін 68 пайызға төмендетуі мүмкін. Салыстыру үшін келтірілетін көрсеткіштерде музыка тыңдау күйзелісті 61 пайызға, шай немесе кофе ішу 54 пайызға, серуендеу 42 пайызға азайтқаны айтылады.

Иә, бір нәрсе анық, кітап адамға күнделікті ақпарат ағынынан уақытша алыстап, өз ойымен оңаша қалуға мүмкіндік береді. Ал үздіксіз хабарлама мен асығыс шешім үстемдік құрған заманда бұл мүмкіндіктің өзі құнды.

Тэгтер:

кітап