Қорықтағы көлден заңсыз балық аулаған Қосшы тұрғындары ұсталды

Бүгін, 11:23 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ер адамдар балық аулау үшін Астана мен Қосшы қалаларынан Біржан сал ауданына келген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдары ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан Жүкей көлінде балықты заңсыз аулау дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Құқық бұзушылар балық аулайтын ау қолданған және жалпы салмағы 33 келі балық аулап үлгерген. Олар балық аулау үшін қайықтар мен балық аулайтын ауларды пайдаланған.

— Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Балық ресурстарын заңсыз аулағаны үшін ер адамдарға 6 000 АЕК-ке дейін (25 950 000 теңге — автор ескертпесі) айыппұл салынуы, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартылуы, сондай-ақ үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не одан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Полицейлер балықты заңсыз аулау, оның ішінде тыйым салынған аулау құралдарын пайдалану заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

Тэгтер:

Балық аулау Қосшы ау көл қорық