Өскеменде көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, құтқарушылар түтін басқан аймақтан 12 адамды эвакуациялады. Олардың сегізі – бала, деп хабарлайды turkystan.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт Бауыржан Момышұлы көшесіндегі тоғыз қабатты үйдің бесінші қабатында орналасқан пәтерден шыққан.
Пәтер ішінде жиналған заттар мен жиһаз жанған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар барлау және өртті сөндіру жұмыстарын жүргізді. Түтін басқан аумақтан тұрғындарды шығару үшін автосаты пайдаланылған.
"ТЖМ күштері оқиға орнына жедел жетті. Барлау және өртті сөндіру жұмыстары барысында құтқарушылар автосатының көмегімен түтін басқан аймақтан 12 адамды, оның ішінде 8 баланы құтқарды", – делінген министрлік хабарламасында.
Өрт қысқа уақыт ішінде сөндірілген.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
ТЖМ тұрғындарға тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды еске салды.